2016-04-15 (0) (13913)

Пайғамбар (с.а.с) қалай киінген?

Пайғамбар (с.а.с) қалай киінген?

 

Адам баласы өзінің әуретті жерлерін жасырып, тартымды көріну үшін түрлі киім үлгілерін киеді. Бұл – адамның ойлап тапқаны емес, әлемдердің Раббысының бұйрығы. Құранда: «Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі (Ибн Касир мұны ізгі амалдар деп түсіндіріледі) – қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен» («Аъраф» сүресі, 26-аят) немесе «Ей, адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті (киімдеріңді) киіңдер. Жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Ақиқатында, ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Аъраф», 31-аят),-делінеді. Хадисте Алланың сұлу екені және сұлулықты жақсы көретіні де аталады. Сүннетке сай әдемі киіну – тәкәппар болу емес, тәкәппарлық – шындық пен әділетті жоққа шығару, өзгеге жеккөрінішпен қарау.

Сүйікті түсі мен киімдері

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сұлу кісі болатын және оның істері де көркем еді. Барлық ісі, тіпті, киім кию әдебі де күні бүгінге дейін барша адамзатқа үлгі болып келеді. Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүйікті түсі ақ және жасыл болатын. Ол қызыл және жасыл түс қатысқан киімдерді де киетін. Оған толықтай қызыл немесе сары киініп алатын ерлер ұнамайтын. Қара түсті де құп көрген. Қызыл түсті жамылғыларды, қалпағы бар киімдерді де кие беретін. Басына сәлде, қалпақ, тақия киетін және ең ұнататын киімі ұзын көйлектер болды.

Қатада (Алла оған разы болсын) айтады: «Біз Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісіне (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  қандай киім көбірек ұнайтын?» – деп (сұрағанымызда), ол: «Хибара» (зығырдан немесе мақтадан тоқылған өрнектелген киім), – деп жауап берді». (Муслим).

Киімге байланысты дұғалар

 Ол киімді кигенде Алла Тағалаға мақтау-мадақ айтып, оң жағынан бастайтын, шалбардың да оң балағын бірінші киетін. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) киім кигенде мына дұғаны оқитын: «Мен өзім күш пен қуатқа ие болмасам да (яғни осы киімді өзім табуыма жеткілікті күш пен қулыққа ие болмасам да), маған бұл киімді кигізген әрі оны маған нәсіп еткен Аллаға мақтау-мадақтар болсын!». (Әбу Дауд).

Өзі жаңа киім кигенде Алладан пана тілейтін: «Я, Алла! Саған мақтау- мадақтар болсын! Сен маған (осы киімді) кигіздің. Мен Сенен оның игілігін және ол қандай жақсылыққа арналған болса, соның игілігін сұраймын, әрі оның жамандығынан және ол қандай жамандыққа арналған болса, соның жамандығынан өзіңе сиынамын». (Әбу Дауд).

Жаңа киім киген адамға: «Жаңа киім ки, сыйлы өмір сүр...!», -деп дұға жасайтын. (Ибн Мәжаһ).

Киім тазалығы

Мұсылманның киімі таза болу керек. Алла Тағала сүйікті құлына: «Әрі киіміңді тазала!» («Муддәссир» сүресі, 4-аят),-деп бұйырды. Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) лас киімді мұсылманды көргенде, риза еместігін байқатып: «Ол сонда өзінің киімін жуа алмай ма?»,-деген екен. Келесі хадисте: Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  киілген, тозығы жеткен киімді адам келеді. Әлгіден: «Сенің тұрмысың жақсы ма?»,-деп сұрайды. –«Иә». Сонда Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Алла саған байлық бергендіктен, Оның мейірімі мен жомарттығының жемісін өзіңнің бойыңнан көрсет!» (ан-Наси), -деп насихат айтты.

Келесі бір хадисте: «Әрбір жұма сайын мешітке және жиналысқа барарда ғұсылданыңдар, әдемі киімдеріңді киіңдер және хош иісті пайдаланыңдар»,-деп келеді.

Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетінде жаңа киімді алғанда, ескісін міскіндерге таратып беру бар. Біздің сөре толы киім жинауымыз сүннетке жат нәрсе. Оның өте аз киімі болатын, кейде сахабалармен алмасып киетін болған. Оның әдебінде тек қолда бар киімді ғана кию болды, не кисем болады деген ойға ешқашан берілмейтін. Жәбир ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Бір көрпе – ер адам үшін, бір көрпе – әйелі үшін, үшіншісі – қонақ үшін, ал төртіншісі – шайтан үшін», -деп айтқанын жеткізеді. (Муслим).

Киімге байланысты тыйымдар

Тәкәппарлық. Ол барлық жағынан, тіпті киім киюде де қарапайым болатын, тәкәппарлыққа жол берушілерді қайтаратын. Хадисте былай келеді: «Егер кімде-кім дүниеде атаққа жету үшін киім киетін болса, Алла оны Қиямет күні қорлайды» (Ибн Маджах). Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Бір кісі иығына түскен шашына және екі шекпеніне сүйсініп келе жатқан кезде оны жер жұтып кеткен. Енді ол Қиямет болғанға дейін жерге тереңдеп бата береді», – деп айтқан. (Муслим).

Жібек киім. Сүннетте әйелдер мен ерлердің киімдерінің түсінде, пішінінде ұқсастықтары болмауы қатты қадағаланады. Басқалай болған жағдайда, періштелер лағынет айтатын болады. Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ер адамдарға жібек киюге тыйым салды. Омар ибн әл-Хаттаб жеткізеді (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Жібек кимеңдер, өйткені оны бұл дүниеде киген адам Ақыретте кимейді», – деп айтқанын естідім». Керісінше, әйел затына жібек пен алтын рұқсат берілген. (Муслим).

Суретті киім. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бейнелері бар киімдерді киюден қайтарды. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізеді: «Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Періштелер мүсіндер немесе суреттер бар үйге кірмейді» деді». (Муслим).

Аяқ киім әдебі

Жәбир ибн Абдуллаһтан (Оған Алла разы болсын): «Бір жорыққа шыққанымызда Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Аяқ киімдердің санын көбейтіңдер, өйткені ер кісі аяқ киіммен жүргенінде аттылы (тәрізді) болады» деп айтқанын естідім», – деген. (Муслим).

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын): Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Әлдекім кебіс кисе, оң аяғынан бастасын, ал шешсе, сол аяғынан бастасын және (сыңар кебіспен жүрмей) не екеуін де киіп алсын, не екеуін де шешіп тастасын», – деген. (Муслим).

Әшекейлер

Ибн Омардан (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) күмістен жүзік жасатып алды. Оны қолына тағып жүретін. Содан соң ол Әбу Бәкірдің қолында болды. Одан кейін Омардың қолында болды. Одан кейін (Османның қолынан) Арис құдығына түсіп кеткенге дейін Османның қолында болды. Оның «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі» деген нақышы бар еді», – деп айтқан. (Муслим).

Алайда дәл осындай жазулы жүзік тағуға тыйым салынады.

Әнәс ибн Мәлик (оған Алла разы болсын): «Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жүзігі мына (саусағында) болатын», – деп, сол қолының шынашағын көрсеткен (Муслим). Сондай-ақ, Алла Елшісінің қолынан айна, тарақ, мисуак түспейтін.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ісіне, сөзіне ілесер болсақ, Алла Тағала жоғарыдағы аятта айтылғандай, ең қайырлы киім–тақуалықты нәсіп етеді деп сенім білдіреміз. Екінші жағынан, бұл біздің Жаратушыға, Оның Елшісіне деген махаббатымызды көрсетеді. Алла Тағала Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді...» («Әли-Имран» сүресі, 31-аят) делінген. Ал Құдіретті Алла уәдесінде тұрушы...

 

 

13913 рет оқылды