2016-08-10 (0) (87335)

Шешім қабылдардың алдында не істеу қажет?

Шешім қабылдардың алдында не істеу қажет?

 

Мен жігіт, он бес-отыз арасында,

Бұл жаста көп бересі, аласым да.

Алдымда толған мақсат, толған таңдау,

Алайын анасын ба, мынасын ба?

 

Бір кездері С.Торайғыров та өстіп толғанған екен. Ақынды ойландырған осы бір сұрақ бәрімізді де айналып өтпейтіні анық. Мектеп бітірген соң оқуға түсу керек. Оқуға түскен соң, мамандық таңдау керек. Одан кейін оқу орны, жар таңдау, жұмысқа тұру... Осы секілді маңызды қадамдардың бәрі де кейде адамның санасын санға, ойын онға бөледі. Ал құлына ауырлықты емес, тек жеңілдікті қалайтын Мейірімді Алла Тағала адам баласына осындай сәтте де тығырықтан шығар жолды көрсетіп берген. Алла Тағала Бақара сүресінің 216-аятында: «...Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер», - деген. Шынында да өзі жаратқан пендесіне  ненің қайырлы, ненің қайырсыз болатынын оны жаратқан Жаратушысынан артық кім біле алсын?

 

Истихара деген не?

 

«Истихара» сөзі жақсылықты жеңілдетуді талап ету, сұрау деген мағыналарды береді. Истихара намазы – Алладан бір істің қайырлысын не бірнеше істің жақсырағын сұрап оқылатын екі ракағаттан тұратын нәпіл намаз (яғни парыздан бөлек қосымша құлшылық, сүннет).

 

Истихара намазы не үшін оқылады?

Истихара дұғасы қандай?

 

Истихара намазы  адам харам емес бір іске кірісер алдында, сол істің жақсылығын сұрап немесе екі істің біріне таңдау жасауға шешім қабылдай алмай, екіойлы, екіұшты болып тұрған  сәтте, Алладан ең қайырлысын сұрау мақсатында оқылады. Егер мұсылман харам емес бір амалды істегісі келсе, бірақ ол істің өзіне пайда не зиян екендігіне көзі анық жетпесе, онда екі бас  истихара намазын оқып, Алладан жәрдем күткені абзал. Бұған дәлел Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге барлық жағдайда оқылатын истихараны Құранның бір сүресін үйреткендей үйретіп: «Сендердің біреуің бір істі істегісі келсе, парыздан бөлек екі рәкағат намаз оқысын және: «Аллаһуммә инни әстахирукә биъилмикә, уәс-тақдирука биқудратикә, уә әс-әлукә мин фадликәл-ъазыйм, фә-иннака тақдиру уә лә әқдир, уә тәъләму уә лә әъләму, уә әнтә ъалләмул-ғуйюб.

Аллаһуммә ин кунта тәъләму әннә һәзәл-әмра хайрун ли фи дини уә маъаши уә ъақибәти әмри (фи ъажилиһи уә әжилиһи), фәқдурһу ли уә яссирһу ли суммә бәрик ли фиһ. Уә ин кунтә таъләму әннә һәзәл-әмра шаррун ли фи дини уә маъаши уә ъақибати әмри (фи ъажилиһи уә әжилиһи) фәсрифһу ъанни уәсрифни ъанһу уәқдур лил-хайра хайсу кәнә суммә ардини биһ», – деп, дұға оқысын», – деді», – делінеді (Бұхари).

Мағынасы: Уа, Алла! Сенің іліміңе сеніп, Өзіңнен маған осы істің қайырлысын білдіруіңді сұраймын. Және құдіретіңе сүйеніп, Өзіңнен күш және тағат тілеймін және Сенің ұлы кеңшілігіңнен сұраймын. Өйткені Сенің құдіретің әр нәрсеге жетеді, менің күшім жетпейді, Сен білесің, ал мен білмеймін, сондай-ақ Сен ғайып нәрселерді білесің.

Уа, Алла! Егер осы істің (не іс екенін айту керек) менің дініме, өмір сүруіме және (жақын арада және келешекте) болатын істерімнің соңына (яғни Ақыретіме) қайырлы екенін білсең, оны маған нәсіп ет, оны жеңілдет және оның берекесін бер. Ал егер осы істің менің дініме, өмір сүруіме және (жақын арада және келешекте) болатын істерімнің соңына зиянды екенін білсең, оны менен, мені одан аулақ қыла гөр әрі оның орнына одан қайырлысын нәсіп ет және сонымен мені разы қыла гөр.

 

 

Истихара намазы қалай оқылады?

 

Истихара намазы парыз және сүннет намаздардан бөлек таң намазының сүннеті секілді екі рәкағат етіліп оқылады және ол нәпіл намазды оқу тыйым етілген уақытқа сәйкес келіп қалмауы керек (таң намазынан күн шыққанға дейінгі уақытта; күн тас төбеде тұрған кезде; екінті мен ақшам уақыттарының арасында).

Екі рәкағат намазды оқып болғаннан кейін сәлем берген соң құбылаға қолды жайып жоғарыдағы хадисте келтірілген дұға оқылады (қазақша мағыналық аудармасын оқысаңыз да болады).

 

Истихара намазын қандай жағдайларда оқимыз?

 

   1.     Парыз амалды атқарудың жолын таңдау үшін (мәселен, қажылыққа бару үшін бірнеше компаниялардың біреуін таңдау мақсатында немесе зекетті кімге бергенім қайырлырақ деген сұраққа жауап іздегенде, т.с.с);

    2.     Сауапты амалдардың сауабы көбірегін таңдау мақсатында;

    3.     Күнделікті тұрмысқа, тіршілікке қажетті істерді жүзеге асыру үшін (мысалы, үй алу, көлік алу, үйлену, сапарға шығу, оқуға түсу, т.б).

 

Истихара намазын оқығаннан кейін...

 

Истихара намазын оқығаннан кейін 3 жағдай орын алады:

 

1.     Сол істі атқаруға көңіліңіз ауады, ісіңіз оңай шешіледі.

2.     Керісінше, зауқыңыз соқпай, іштей жаратпай тұрасыз немесе әртүрлі қиындықтар, кедергілер пайда болады.

Бұл екеуі – Алланың сізге берген нұсқауы.

3.  Жоғарыда көрсетілген жағдайлардың екеуі де болмайды. Мұндай жағдайда истихараны қайта оқу керек. Бірнеше рет қайталап оқуға болады.

Сүннет бойынша, истихараны оқығаннан кейін тәжірибесі мол үлкендермен, әр істің өз маманымен ақылдасқан жөн. Себебі Алла Тағала Әли-Имран сүресінің 159-аятында: «Іс жөнінде олармен (үлкендермен) кеңес ет, сонымен қашан орындауға шешім берсең, Аллаға тәуекел ет», - деген.

 

Истихараның нәтижесі

 

Біліңіз! Истихара намазының жауабы міндетті түрде болады! Себебі, Алла Тағала Құранда «Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін» («Бақара сүресі, 186-аят), - деген. Ал ардақты Пайғамбарымыздан  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Истихара оқыған адам ұтылмайды, ақылдасқан адам өкінбейді, үнемдеген адам тарықпайды», - делінген (Табарани, 6/365).

 

Ендеше, Жаратушы Алла бәрімізге амалдың тек қайырлысын, берекелісін нәсіп етіп, сонымен бізді разы қылсын!

87335 рет оқылды