Өкінішке орай, бүгінгі таңда «Уақыт өткізейікші!» дейтін сөзді жиі еститін болып жүрміз. Бұл – қиянат сөз. Ойланған жанға адам баласында босқа өткізетін уақыт жоқ. Мәселен, қонаққа бардың делік. Бұны уақытым босқа өтті деп түсінбеуің керек. Себебі, қонақ – туыстарды жарастыратын, ағайынның арасын түзетіп, жақындастыратын орын. Дәл сол секілді кино көрсең де оны тек уақыт өткізу үшін ғана емес, тәлім-тәрбиеме, өмірге деген көзқарасыма, рухани баюыма ықпалы тисе екен деген ниетпен көру керек. Қазіргі жастарға ең керек нәрсе – жастық шақты барынша өзіңе ыңғайлы, қолайлы болған бір өнердің үстінде еңбектену арқылы өткізу. Мейлі, ол айтыс болсын, спорт болсын, кәсіп, инженерлік мамандық немесе есепшілік болсын – қазақ мұны бір ауыз сөзбен «өнер» деген. «Өнер тап, өнер бақ» - деген. Қазір айналаңызға көз салып қарап отырсаңыз, жасы ұлғайған егде адамдардың көп екенін аңғарасыз. Бірақ жөн айтып, жол сілтейтіні, ажырасайын деп жүрген екі жастың басын қосып, ағайынның арасына түскен кірбіңнің, алауыздықтың тігісін жазатыны аз. Неге?
Түйгенім, 40-50 жасында қоғамға пайдасы тиіп, белгілі бір нәтижеге жеткен кісілердің барлығы – жастық шағының әр күнін ізденіспен, талпыныспен, білім мен еңбекке ұмтылумен өткізгендер. Жасында өз жүгін өзі көтермеген, қырықтан асқанда да қылжақтап, елуінде де ерге тән іс тындыра алмаған адам алпысқа аяқ артқанда кенеттен ақылы дария, көңілі кеніш, дана қартқа айналып кете салмайтыны анық. Жастық шағы бекер өткен адамның негізі, тамыры әлсіз болғандықтан, қартайған сайын қадірі де қаша береді, қартайған сайын жұрт одан алыс болуға, ұзақ жасаған пайдасыз өсімдік секілді құтылуға асығады.
Ал жастық шағын өкінбестей өткізген жан қартайған сайын тұлғалана береді екен. Яғни «отызында орда бұзған жігіт, қырықта қамал алады». Елуде ел ағасына айналады. Алпыста ақсақалдық абыройға ие болып, берісі – әулетінің, арысы – алаштың абызына айналады. Жас кезінде жүйелі білім алып, дүйім ел қамындағы азаматтармен үзеңгілес болған, көпті көрген, оны лайықты қорытқан адам жасы ұлғайғанда айналасындағылар айырылғысы келмейтін аяулы адам болады. Жемісті болу үшін – сабыр, жету үшін – уақыт, жеңіс үшін – ауызбіршілік керек...
Біз ата-әжелеріміздің аузынан «Бала болып жарытпадық, балалық шағымызды соғыс ұрлап кетті» - дегенді жиі естіп өстік. Ал, менің замандастарымда алаңсыз балалық шақ болды. Тұрмыс төмендігі, отбасы қиындықтары кездескен шығар. Бірақ, тыныш заманда бала болып асыр салуымызға ешкім кедергі жасаған жоқ. Мұны бағалай білгеніміз жөн. Сондықтан, бейбіт аспан астында ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі жастар, мектеп түлектері білімге ұмтылса, өнерге, спортқа, пайдалы нәрсеге талпынса, ата дінге сіңген тәрбиені терең меңгере түссе деген тілегім бар...
(Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан ТАЗАБЕКТІҢ Қазақстан-Тараз телеарнасындағы "Сыр-перне" бағдарламасына берген сұхбатынан).