2016-03-31 (0) (12714)

«Менің түбіме жеткен – осы!»

«Менің түбіме жеткен – осы!»

«Менің түбіме жеткен – осы!»

«Күмәнсіз, бұл Құран – имандылар үшін жолбасшы әрі мейірім» («Нәмл» сүресі, 77-аят). Шынында да солай екен. Намазды жаңадан бастаған кезім еді. Бір күні Құранды ашып отырып «Инфитар» сүресінің 10, 11, 12- аяттарына көзім түсті: «Шын мәнінде, сендердің үстеріңнен күзетіп тұрушылар бар. Құрметті жазушылар. Олар не істеп жатқандарыңды анық біледі...».  Сенесіз бе, сол күннен бастап осы үш аят менің тәрбиеме, жүріс-тұрысыма, сөз саптау, өзімді ұстау, тіпті, бүкіл өміріме әсер еткен  нұсқаушыға айналды. Есі бар адамды еңіретпей қоймайтын аяттар деп бағаладым өз басым.

 

Дүниежүзіндегі түрмеге лайық бірден-бір зат

Иә, адам не демесін, оның алдынан аңдушы, бақылаушы дайын. Сол себепті де, жаны ізгілікке құмартып, жақсылықта жарысатын, күнәдан бойын барынша аулақ ұстауға тырысатын сахабалар артық сөз айтып, опық жеп қалмаулары үшін ауыздарына тас салып жүруге дейін де барған. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) тілін қолымен ұстап тұрып: «Менің түбіме жеткен – осы!» - десе, Абдуллаһ ибн Мәсъуд (оған Алла разы болсын): «Алламен ант етейін! Дүние жүзінде тілден артық ештеңе түрмеге лайықты болған емес» деген екен. Себебі, Алла Тағала Құранда мұсылмандарды: «Олар бос сөзден аулақ болады» («Муминун» сүресі, 3-аят), - деп сипаттаған. Құранда айтылған бұл бос сөздер дегеніміз не? Олар – өсек, өтірік, ғайбат, біреуге жала жабу мақсатында айтылған сөздер.

 

Бес дұшпан

Өсек дегеніміз – екі адамның арасын араздастыру үшін айтылатын опасыз сөз. Қазақ «Әңгіме бұзау емізеді, ал бұзау таяқ жегізеді» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын халқымыз:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз (Абай), -

деп, өсек айтуды дұшпанына, қас-жауына балаған. Ал Хузәйфадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өсекші жәннатқа кірмейді» деген (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Ойлардан (күмәнді ойлардан) сақ болыңдар! Расында ой (яғни, оймен долбарлап айту)– әңгіменің ең жалғаны», – делінген (Бұхари). Құраннан дәлел іздейтін болсаңыз, Алла Тағала «Һумәзә» сүресінің 1-аятында: «Әрбір жамандаушы мен жәбірлеушіге қандай өкініш!» деп өзгелерге тілімен зарар беретіндерге қатаң ескерту жасаған. Қазақ өсек айтуды ең жек көрінішті, жаман әдетке жатқызған. Оған дәлел ретінде жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы  қолынан гөрі аузы көп қимылдайтын Судыр Ахмет пен Қарақатын дейтін кейіпкерлердің ең бір жағымсыз, ұнамсыз образда сомдалуын айтуға болады. «Өтірік пен өсекті жүндей сабаған» бұл екеуі адамның азып-тозуы қайдан, неден басталатынын көрсететін типтік образ ретінде оқырман жадында мәңгілікке сақталып қалған.

 

Қолдарында мыс тырнақтары бар адамдар...

 

Бос сөздің тағы бір түрі «ғайбат» деп аталады. Ғайбат – өзіңнің мұсылман бауырыңды ол ұнатпайтын нәрсемен еске алу. Қоғамдағы бауырмалдықтың маңызын ұққан және Құдайдан шынайы қорқатын иманы кәміл адам ғайбаттан барынша аулақ болуға тырысады. Себебі, Есеп берілетін күні адамның бүкіл дене мүшелері өз істегендері үшін жауап беретіні анық. Ғайбат – лап етіп жанып, сауаптарды жаулайтын от, сондықтан ол - тәубені қажет ететін амал. Ғайбат денеге біткен жара сынды, қасыған сайын қышуы өршіп, қаны шығады. Сондықтан да «Хужурат» сүресінің 12-аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар және аңдымаңдар. Сендерден біреу өлген бауырының етін жеуді ұната ма? Әрине, сендер оны жек көресіңдер. Олай болса, Алладан (оның жазасынан) қорқып, сақтаныңдар», - делінген. Ал  Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, онымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. «Уа, Жебірейіл! Бұлар кімдер?» – деп сұрағанымда ол: «Бұлар – адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деп жауап берді» - делінген (Ахмад, Әбу Дәуіт).

 

 

Сауаптарыңды маған бер!

 

Кезінде тәбиғиндердің үлкен ғалымдарының бірі болған Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма жіберіп, «сауаптарыңды маған беріп, оның орнына күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет», - деп алғысын айтқан екен. Ендеше, ғайбат – қасықтап жиғаныңызды шелектеп төгетін абыройсыз амал. Осыны меңзеген ақын Серік Қалиев «Инелік-иман» деп аталатын өлеңінде:

 

Өзгенің қорықпаймын өсегінен,

Біреу мені  «бүлдіргі» десе,  күлем.

Бәлкім барып қалармын жәннатқа да,

Ғайбаты көп жандардың есебінен, -

деп жырлапты.

 

Ғайбатты әйбат қып көрсететін...

Иә, ғайбатты әйбат қып көрсетуші – Алланың оған лағнеті болғыр, шайтан ғана. Тіпті, XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулар да осыны білгендіктен, өз халқын үнемі сөзге сақтықпен қарауға шақырған. Мәселен, Майлықожа ақын:

Жаманнан шығар шірік сөз –

Шәк ұрып шаян шаққандай, -

десе, Шортанбай ақын:

          ... Сырттан ғайбат қылғанша

        Айт көзі мен өзіне.

        Құдайдан қорыққан мұсылман

        Қарауыл қояр сөзіне, -  

деп әрдайым көп сөйлегеннің емес, дөп сөйлегеннің ұтатынын ескерткен. Ал XX ғасыр ақыны Жұмекен Нәжімеденов ағамыз:

      Мен көлденең тұрар едім тас болсам,

      Ауыздарға өсек, ғайбат түтеген, -

деп өсек пен ғайбатты жек көре жырына қосады.

 

Ғайбаттан қалай құтыламыз?

Сонымен, біреу туралы сөз қозғап, өсек пен ғайбат айту – күнә, құпталмаған амалдардың қатарына жатады екен. Ендеше, бұдан қалай құтыламыз? Ғайбаттан арылудың жолдары бар ма?

1.     Дүниеде не болса да жалғыз Алланың қалауымен болатыны анық. «Алла қалаған адамын адастырады, қалағанын тура жолға салады» («Ибраһим» сүресі, 4-аят). Ал дұға – мұсылманның қалқаны. Олай болса, күнәдан сақтанып, үнемі Аллаға дұға жасап жүру керек.

2.     Кезінде Ибн Махмұд деген ғалым өзін ғайбат айтып қоюдан сақтандыру мақсатында ғайбат айтқан сайын ораза ұстап тұруға өз-өзіне уәде береді. Алайда, уақыт өте келе бұл ісі әдетке айналып, ғайбаттан тыйыла алмаған соң, ол күнәдан тыйылудың жаңа әдісіне көшеді. Өз-өзіне ғайбат айтқан сайын қалтамдағы ақшамды, яғни мал-мұлкімді садақа етіп тұрамын деп сөз береді. Содан бастап ол ғайбаттан мүлде тыйылған екен.

3.   «Дүниеде бір пенде басқа бір пенденің айыбын жасырса, Алла қиямет күні оның айыбын жасырады» (Муслим).

4.     «Жүрегімді байқасам –

Инедейін таза емес...» - деген Абай. Ғайбаттан арылудың тағы бір жолы – өзгенің емес, өз кемшіліктеріңді теріп, өз-өзіңнен есеп алу.

5.     Ең соңғысы әрі маңыздысы – Ақыреттегі азапты еске алу. Себебі, «Алланың аят-белгілеріне қарсы келгендерге қатты азап бар» («Әли Имран» сүресі, 4-аят).

 

 

Ғайбат айтуға рұқсат жағдайлар да бар!

 

Дегенмен, ғайбат айтудың 6 жағдайда рұқсат етілгендігін де ескерте кеткеніміз жөн. Олар:

1.  Біреу біреуден қатты зұлымдық көрсе, сол қиянат пен зәбірді тоқтату, қайтару мақсатында айтуға болады. Оның өзінде көрінген адамға емес, қиянат жасаған адамға сөзі өтетін беделді, қолында билігі бар адамға айту.

2.     Шариғатқа қарсы келетін істі, жамандықты қайтару үшін ғайбат айтуға болады. Мәселен, досыңның дұрыс жолда жүрмегенін көрсең, бұның соңы жақсылықпен аяқталмайтынын білсең, бұл жағдайды оның әкесіне, ағасына, т.б жақын адамдарына ескерту.

3.     Ақыл сұрағанда. Мәселен, жақын көршіңіздің бір ісі тыныштық бермей ойыңызды мазалап жүрсе, осы саладан хабары бар білім иесінен барып оның ісінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу. Мұнда да сол адамның атын айтып әшкере қылмай, мейлінше жасырып қалу басты назарға алынады.

4. Біреуден келетін жамандық пен қауіп-қатерден өзгелерді сақтандыру үшін ескерту жасау.

5.  Егер адам сол атпен ел арасына танылған болса. Мәселен, «Ұзын Мұрат», «қара Серік», т.б. Тек бұл аттар ол адамды кекету, кемсіту, қорлау мақсатында айтылмауы керек.

6.     Өз күнәсін өзі анық, ашық түрде жариялап жүрген адам болса, оның жағдайын да ашық айта беруге болады. Себебі, сіз айтпасаңыз да, ол адам туралы жайды жұрттың бәрі біледі.

Міне, осы 6 жағдайда ғана ғайбат айтуға, біреудің сыртынан сөз қозғауға рұқсат етіледі. Қалған жағдайда сөз тасудың бәрі де тесік ыдысқа су құйғандай сауаптарыңызды далаға кетіретінін есте ұстағаныңыз абзал. Кешегі бабаларымыз:

             Есті көрсең кем деме,

            Бәрі тұйғын табылмас.

            Қарындасыңды жамандап

            Өзіңе туған табылмас, -

деп, тату-тәтті өмір сүруді басты ұстанымдарына айналдырған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жақсы сөзге ғана орын берген де қазақ халқы еді.

Ендеше, «Болар елдің баласы – бірін-бірі батыр дер» деп үнемі ымырада жүруді өсиет еткен қазақты Алла ешқашан тіл мен жағынан сүріндіріп, артық сөзге жүгіндірмесе екен дейміз...

 


12714 рет оқылды