22:30 | Емен-жарқын
Руханият 2017-06-13 (0) (32820)

Намаздың пайдасы

Намаздың пайдасы

 

Жаратушы Иеміз о бастан-ақ барша құлшылықты ұлы даналықтармен міндеттеген. Адамдарға қиындық келтіріп, еркіндіктерін шектеу Алланың хикметіне мүлде жат нәрсе. Құлшылықтың адам үшін пайдасы кейде көзге анық көрініп тұрса, кейде жасырын тұратыны белгілі. Пенденің жанын тазалау, жақсылыққа бойын дағдыландыру, кемшілігі мен күнәсі үшін кешірім алу, нәпсіқұмарлықтың құлдығынан азат ету, адами кемелдікке жеткізіп, Иесіне жақындату – құлшылықтардың негізгі даналығы дер едік. Сол секілді, намаз да екі дүние жақсылығының бәрін бойына қамтыған, қысқа ғана жеңіл амал.  

«Намаз жеке адам баласына түсетін салық та емес, төлейтін айыппұл да емес. Ол Иесі саған сақтауға, аманатқа қойған, күніне бес рет келіп көріп тұратын асыл да қымбат зат секілді. Қиянат қылмасаң саған шыншыл, аманатшыл, адал, сенімді деген асыл қасиеттердің қожайыны ретінде қарап, еңбегіңді бағалап, ақысын еселеп қайтарады». Асыл тастай қымбат құлшылықты аялап, қадіріне жету үшін оның бойындағы игіліктер мен құндылықтарды жақсы білуіміз керек-ақ. Төменде намаздың 16 пайдасы топтастырылды.

 

     1. КҮНӘЛАРДЫ ТӨГЕДІ

 

Намазға ниет етіп, дәрет алған адамның  күнәлары төгіледі. «Алланың иманды құлы, дәрет алып бетін жуған кезде, оның бетінен судың соңғы тамшысымен көзімен көрген күнәлары түседі, ал қолын жуған кезде, сумен бірге, оның қолымен ұстаған күнәлары түседі, ал аяғын жуған кезде, сумен бірге оның аяғымен барған күнәлары түседі, осылай барлық күнәларынан арылғанша жалғасады», «Күнделікті орындалған бес уақыт намаз, әрбір жұма намазына қатысу, Рамазан сайын ұсталған ораза, осы аралықта, үлкен күнәдан басқа жасалған кіші күнәлардың бәрінің кешірілуіне себеп болады» делінген хадисте (Муслим).

Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса және оған күн сайын бес уақыт жуынатын болсаңдар, бойларыңда қандайда бір кір қала ма?» Адамдар: «Жоқ, Алла Елшісі! Ешбір кір қалмаушы еді» деді. Сонда ол: «Бұл Алла Тағала күнәларды жуатын бес уақыт намаздың мысалы секілді» деген екен. (Бұхари, Муслим). Осылайша Алла Тағала намаз бен намаздың арасында кеткен қателіктерді кешіріп отырады.

   

 2. ТІЛЕК ТІЛЕУДІҢ КӨПІРІ

 

 

Алла  Тағала Құранда: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» деу арқылы қажетін сұрағысы келген адам мен Раббысы алдындағы негізгі көпірдің намаз екендігін айқын көрсетті. («Бақара» сүресі, 153 аят).

Намаз – діннің тірегі, имандылардың жарық нұры және құлдың өз Иесімен байланысу, жүгіну жолы. Егер адам намаз талаптарын толық ұстанып, Раббысының алдында жан-тәнімен бойсұна және өзінің Иесі алдында тұрғанын сезініп, сөздері мен қимыл-әрекетін саналы түрде орындап, шын беріле жалбарынатын болса, онда оның намазы оған діннің барлық қалған міндеттерін, үкімдерін орындауға міндетті түрде көмектеседі. Өйткені, намаз бұзық және жазғырылатын іс-әрекеттерден тосады. Ал, намаз үстіндегі Аллаға берілу (Раббысының алдында Өзінің ештеңе еместігін әрі Оның ұлылығын сезіне) берілу адам жүрегінде Раббысының бұйырғандарын орындап әрі Оның тыйымдарын бұзбауға үндейтін бір ерекше сипатты пайда етеді. Мұсылмандарға міне, осындай намаз арқылы жәрдем тілеу бұйырылған.

     

3. БЕРЕКЕ МЕН РИЗЫҚ КӨЗІ

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың сөзін жеткізіп: «Ей, адам, маған құлшылық етуге уақыт бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал егер бұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын» деген (Тирмизи). Ал, намаз – құлшылықтың ұлығы. Естідің бе?! Алла Тағала мен Оның Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан жалған айтпайды. Шын мәнінде, ризық беруші  – ол Алла. Ақша мен байлықты Өзі қалай берсе, тура солай алып та қоя алады.

     

4. АЛЛАҒА ЕҢ ЖАҚЫН БОЛАТЫН СӘТ – НАМАЗДА!

 

Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пердені түргенде, адамдар Әбу Бәкірдің артында сап түзеп тұр еді. (Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Ей, адамдар, расында, пайғамбарлықтың қуанышты хабарларынан мұсылман көретін не оған көрсетілетін игі түстен басқа (еш нәрсе) қалмады. Естеріңде болсын, расында маған рукуғ не сәжде жағдайында Құран оқуға тыйым салынды.  Сондықтан рукуғта аса құдіретті әрі ұлы Раббыны ұлықтаңдар. Ал сәждеде дұға жасауға күш салыңдар, ол сендерге жауап қайтарылуына лайықты (кез)», – деп айтты» деген (479/207). Келесі хадисте «Құл Раббысында (намаздағы) сәжде уақытында ең жақын саналады. Сондықтан сәждеде дұғаны жиірек жасаңдар» делінген (Муслим).

5. СӘЖДЕМЕН ДӘРЕЖЕЛЕР КӨТЕРІЛЕДІ!

Алла Тағала сәжде жасаған құлының дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді. (Муслим). Сондай-ақ, адам баласы сәждеде рух ләззатын артығырақ алмақ.  Сәжде жасаған маңдай – Тозақ отына харам етілген. Алла Тағала Құранда Елшісіне ергендерді былай деп сипаттайды: «Оларды рукуғ жасаған (намазда иілген), сәжде еткен, Алладан кеңшілік әрі ризалық іздеген түрде көресің. Олардың жүздерінде сәжделерінің ізінің дерегі бар...». («Фатх» сүресі, 29-аят). Иә, маңдайында сәжде ізі болған адам қандай бақытты!

Рабиа ибн Қағыб әл-Әслами (оған Алла разы болсын) жеткізуде:
«Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет суын жеткізіп беріп, басқа да қолғабыстар жасайтынмын. Бір күні: «Тілегің болса, маған айт» деді. «Сізге Жәннатта жақын болғым келеді» дедім. Ол: «Осыны ғана сұрайсың ба?» деді. Мен тек осыны ғана қалайтынымды айттым. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда өзің үшін көп сәжде жасап, маған көмектес» деді». (Муслим).

 

6. ИМАНЫҢДЫ ӨЛШЕЙДІ

 

Намаз – адам иманының дәрежесінің көрсеткіші. Әркім исламнан өз үлесін алады және бұл үлес намаз дәрежесімен өлшенеді. Адам өзінің дініне деген махаббатын білгісі келсе, жүрегінің намазға деген сезімін тексеруі қажет. Ал ислам ғұламалары: «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, мына дүниеде не істетіп қойғанына қара» деген. Иманның әлсіздігі я күштілігі және Алланы, Ақыретті немесе дүниені көп ойлайтындығымыз – намазға деген қарым-қатынаспен анықталады.

 

7. ЖӘННАТТАН ҮЙ СЫЙЛАЙДЫ

 

Адамның құлшылық үшін жаратылғанан білеміз, ал намаз – құлшылықтың ең үлкені. Бір намаздың бойында еселеген сауаптар бар. «Кімде-кім  құптан намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, ол түннің жарымын намазбен өткізгендей болады және кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, түнді түгел намазбен өткізгендей болады». (Муслим). Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан 27 есе артық. Сахих хадистерде таң намазы мен құптан намазының сауабын білсеңдер, мешітке еңбектеп болса да, келер едіңдер. Таң намазындағы екі рәкат – бүкіл дүние мен оның ішіндегі барлық жақсылықтан артық делінеді. Ал кім парыз намаздардан бөлек, 12 рәкат намаз оқитын болса, оған жәннаттан бір үй соғылады. (Муслим).

 

8. ДІННІҢ ТІРЕГІ

 

«Киіз үй ұғымы» көпшілікке жақсы таныс. Сол киіз үйдің шаңырағын көтеру үшін уық деген құрал қойылады. Уық алынып тасталған жағдайда, шаңырақ  бірден құлайды. Намаз да – дәл осындай діннің тірегі. Намаз кетсе, дінім ойран болды дей беріңіз. Тіректің мығым болғандығына не жетсін?! «Намазсыз адам – теңізге қайықсыз тасталғанмен бірдей». (Әбу Бәкір).

 

9. БІР КҮНДЕ 50 НАМАЗДЫҢ САУАБЫН ЖИНАЙСЫҢ

 

Намаз – Құдіреттің бұйрығы, құлшылықтың ұлығы, амалдардың абзалы. Өзге құлшылықтардың барлығы да Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) арқылы жер бетінде бұйырылса, намаз – аспан әлемінде періштенің қатысуынсыз парыз етілген ғибадат. О баста Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне 50 рәкәт намаз парыз етіледі. Адамдардың қиынсынуын уайымдаған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше рет Алла Тағаланың алдына барып, азайтуды өтінгенде, намаз 5 уақытқа қысқартылып, балиғат жасына толған әрбір адамға парыз етілді. (Бұхари). Алайда, Алланың кеңшілігімен 5 уақыт намаз үшін 50 бас намаздың сауабы берілетін болады.

 

10. НАМАЗ – НҰР

 

«Тазалық – діннің жартысы, «Әлхәмду ли-Лләһи» деген сөз Таразыны толтырады, «Субхәнә-Ллаһи уәл-хәмду ли-Лләһи» деген сөз көк пен жердің арасын толтырады, намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарқырау, ал Құран – сен үшін жақтаушы не қаралаушы дәлел. Барлық адамдар таңертең үйлерінен жандарын жақсылыққа, не қапасқа сату үшін шығады» (Муслим).

Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде менің үмметім Қиямет күні есеп беруге шақырылады. Ал олардың жүздері, қолдары және аяқтарында дәреттің ізі қалып, жарқырап тұрады» деген. Сонда Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) сөзін жалғап: «Осы нұрды көбейтуге кімнің шамасы келсе солай жасасын» деді (Бұхари, Муслим). Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте: «Менің сүйікті досым: «Мүминнің Жәннаттағы әшекейі (нұры) оның дәрет алғандағы су жеткен жеріне дейін болады», - дегенін естідім» дейді (Муслим). Басқа хадисте, керісінше, намаз оқымаған адам буынсыз бір сүйекке айналып, Алланың алдында сәжде жасай алмайды және азапталады делінген.

 

11. ПАЙҒАМБАРДЫҢ   СҮЙІКТІСІ

Дүниеде әрбір адамның белгілі бір нәрсеге деген ерекше қызығушылығы, айрықша жақсы көретіні болады. Біріміз шоколадты ұнатсақ, екінші біріміз жан-жануарды, үшіншіміз сәбилермен сөйлескеннен ләззат алуымыз мүмкін. Адамдардың абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл дүниеді нені жақсы көрген екен? Өзгелерге өмірде жолаушыдай болып жүруді өсиет еткен және өзі де ең жақсы сапарды бастан өткерген жанның дүниелік қызығушылығы кім-кімге де қызық болар. Ендеше, назар аударыңыз! Ахмадтан және Нәсаидан жеткен хадисте: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді етілді: хош иісті сулар, жақсы әйел, әсіресе, намаз көзімнің қарашығындай болды» делінген. Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүюдің бір сипаты – ол сүйгенді сүю екендігі тағы бар.

 

12. ЖАННЫҢ РАХАТЫ

«Сарқырап аққан судағы құмырсқа құрғаққа шыққанда қандай халде болса, намазбен қауышып, Раббысының тыныштығын тапқан пенде сондай күйде болады». Иман күшейгенде намазға тұрып, бой жібіп, Алланың ұлықтығын танып, тіліңізбен Құранды оқып, маңдайды сәждеге қойып, «Я, Раббым» деп сырыңызды шерткендегі рақатқа жететін нәрсе жоқ. Сол кезде бойдағы барша уайым өздігінен жоғала бастайды. Сондықтан да, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Біләл! Біздің жанымызды рахаттандыр!» дейтін болған. Ал ең абзал буын өкілдері болған сахабалар намаз біткенде қимастықпен жылайды екен. Ақыретте намаз жоқ. Мұны білген сахабалардың көздерінен жас төгіліп: «Уа, Раббым, о дүниеде бір адамға намаз оқу мүмкіндігін берсең, сол мен болайыншы» деп дұға жасайтын.

 

13. ШЫҒЫНҒА ҰШЫРАУДАН ҚҰТҚАРАДЫ

Қасиетті хадистердің бірінде: «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны - намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады» (Тирмизи) делінсе, келесі бір нұсқасында: «Шын мәнінде Ұлы Қиямет күні мұсылман құлдың сұралатын ең бірінші нәрсесі – намаз. Өзіне айқын бола тұра, Құдіретті Ұлы Алла Тағала өз періштелеріне: «Құлымның намазы толық, толық еместігін қарап көріңдерші», - дейді. Егер де толық болса, онда толық деп жазылады. Ал егер де кемістігі бар болса, онда Алла: «Құлымның қосымша оқыған намаздары бар ма екен, байқап қараңдар»,-деп айтады. Егер де оның оқыған қосымша намаздары бар болса, Алла Тағала: «Парыз етілген намаздарды қосымша намаздармен толықтырыңдар» деп бұйырады. Осыдан кейін басқа істері үшін де осылай есеп айырысу жүргізіледі» деп айтылады (Әбу Дәуд).

 

14. ШҮКІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Әдетте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық аяқтары жарылып кететін. Бірде мен одан: «Я, Алла Елшісі, сен неліктен сонша құлшылық етесің, сенің өткен әрі алдағы күнәләріңінің бәрін Алла кешпеп пе еді?» дедім. Ол маған: «Мен Аллаға ризашылығын білдіретін құл болуым керек емес пе?» деп жауап берді» (Бұхари, Муслим). Осылайша, адамзаттың ең абзал тұлғасы, ниеті ең түзу адам Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнімен, тіпті аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын еді.

 15. АРСЫЗДЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚТАН ТӘРБИЕЛЕЙДІ

 Намаз өміріңнің ағымын өзгертіп, өмір салтыңды дұрыстайды. Құран            аяттары бұл туралы былай дейді: «Анығында, намаз жеккөрінішті (бұзық) істерден және қайтарылған нәрселерден тыяды» («Ъәнкәбут» сүресі, 45-аят). Иә, адам баласы аса ұлы Алланы ықыласпен еске алып, намазын берілген түрде ұдайы және өз уақытында мұқият орындаса, онда жүрек тазарып, иман күшейеді әрі адам күнәлардан алыс болады. Адам намазда аса ұлы Алланы жанымен, тілімен және денесімен еске алады, ал бұл – өте ұлы еске алу.

Сондай-ақ, Алла Тағала намаз оқушыларды былай деп мақтайды:«Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар (мұндай) емес» («Мағариж» сүресі, 19-22 аяттар).  Сол үшін де, намаз оқиық, кел бірге. Жүрегіңде қуаныш ұялап, ләззат пен тыныштық орнағанын байқайсың.

 

16.  ТӘННІҢ ШИПАСЫ

Ислам ғұламалары: «Намаздың тән және жан саулығына таңғаларлықтай әсері бар, сондай-ақ, күш-қуатты сақтап, зиянды әсерлерден сақтайды. Ауру немесе қиын проблемаларға тап болған екі адамды салыстырып қарайтын болсаңыз, намаз оқып жүрген адамның ауыртпалығы әрдайым төмен болады. Намаз оқушының соңғы нәтижесі міндетті түрде жақсы болмақ» деген. Бұхари мен Муслим келтіретін хадисте былай делінген: «Ұйқы алдында шайтан әрбіріңіздің желкеңізге үш түйін түйеді де: «Сенің алдыңда ұзақ түн, осылай ұйықтай бер» дейді. Егер адам оянып, Алланы есіне алса, бірінші түйін шешіледі, дәрет алғанда, екінші түйін шешіледі, намаз оқи бастағанда, үшінші түйін шешіледі және адам күнді сергек қарсы алады. Егер мұны жасамайтын болса, күнді нашар көңіл күймен және жалқаулықпен қарсы алады» деген.

Таяуда Иордания кардиологтарының Ассоциациясы күнделікті таңғы намаз жүрек ауруының алдын алып, артериосклероздан сақтайды деген тұжырым айтты. Иордания дәрігерлерінің айтуы бойынша, жүрек қан тамырлары ауруларының басты себебі тым ұзақ ұйқы (8 сағаттан артық) болып табылады. Ұйқы кезінде адам жүрегі минутына 50 соғысқа дейін азаятын көрінеді (қалыпты жағдайда минутына 60-70 соғады), ал жүрек соғысының баяулауы өз кезегінде қан айналымды қиындатып, қан тамырлардың бітелуіне, жүрек бұлшықетінің әлсіреуіне әкеп соғады. Нәтижесінде инсульт пен инфаркт пайда болады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ұйқы уақытының аралығында үзіліс жасап тұрған жөн. Төрт сағаттық ұйқыдан соң тым болмаса 15 минутқа оянып, қандай да бір қозғалыстар жасаған дұрыс. Ал оны қамтамасыз ететін – таңғы намаз (qazaquni.kz). Сондай-ақ, сәжде жасаудың бастағы қан айналымына, әрбір қимылдың буындарға, көзге, ас қорытуға оң әсерін беретіндігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жүр. Күніне 22 ракат намаз оқыған адам әр ракатта 4 қимылдан жасайды. Бұл сөзсіз тән саулығына жақсы әсерін тигізбей қоймайды.

Мақаламызды ақын Серік Қалиевтің «Сен әуелі өзіңді тануды ойласаң» атты өлеңімен тәмәмдағымыз келеді.

Бауырым!

Сен әуелі өзіңді-өзің айнытпай тануды ойласаң,

Екі дүниеде де бақытты болуды ойласаң,

Өзіңді болмашы судан көркем етіп жаратқан

Раббыңның разылығын алуды ойласаң,

Қартайған шақта төсектен қарғып тұрып,

Жастармен жарыса шабуды ойласаң –

Онда, намаз оқы!

 

Адамзат көріп-білмеген аруды ойласаң,

Жетпіс хор қызын алуды ойласаң,

Ақыры болмайтын Ақырет жұртында

Жас болып мәңгі қалуды ойласаң,

Біліп-білмей жасаған күннен арылып,

Дертіңе шипа табуды ойласаң –

Онда, сен намаз оқы!

 

Өмірден басқа мән іздеп лағуды ойласаң,

Алла емес, адамдарға жағуды ойласаң,

Нәпсіңді ғана қанағаттандырып,

Жаныңды  күтіп бағуды ойласаң,

Шыңғыруға толы шыңыраудағы отта

Шыжғырылып мәңгі жануды ойласаң –

Намаз оқымауға сылтау тап!

 

Сөз соңында назарларыңызға намазды бастауды жеңілдететін 14 кеңесті ұсынамыз:

http://asylarna.kz/maqala/maqalainfo/49

32820 рет оқылды