«Ұл бала есін біле бастаған кезден-ақ «балам, төсегіңді жинап, бөлмеңді тап-тинақтай етіп ұста. Өзіңнің бөлмеңді жинай алмасаң, ертең өзгенің қажетіне қалай жарайсың?! Анау киіміңді бүлдірме, аяқ киіміңді тазалап ұста. Мына қарындасыңа ие бол, сөмкесін көтеріс, қараңғыда жалғыз қалдырма, бауырларыңның аяқ-киімін сүртіп қой. Әпке-қарындастарыңа қарамасаң, ертең әйел-бала-шағаңа қалай қамқор боласың? Бауырларыңа жаның ашымаса, отбасыңды қалай асырайсың? Сен еркек емессің бе? Бүкіл жан-жануардың еркегі өзінің үйіріне, қол астындағы нәзік жыныстыларға қамқор болып, қорғап, жағдайын жасайды. Еркек болып тірлік жасаудың орнына ез болып жатысың не? Үйдің үлкені болғандықтан бауырларыңа жауапты екеніңді ұмытпағайсың. Сен еркексің, ертең үйдің иесі боласың, сол арқылы еліңнің сүйеуі боласың, мойныңда маңызды жауапкершіліктер бар» деген сынды сөздерді сіңіре беруіміз керек.
Міне, біз балаларымызға кішкентайынан осы жауапкершіліктерді үйретіп, көрсетіп, құлағына құйып отырсақ, ертең ол баладан інісіне қамқор, бауырмал, қарындасына мейірімді әрі өз ісіне жауапты адам шығады. Әке бала-шағасының керексіз кесек болмай, отанының бір қажетіне жарайтын перзент болып өсуіне бастайтын тәрбие беретін болса, ол перзент мектепте де, университетте де, жұмыс орнында да аманатқа қиянат жасамайтын, әркімнің жанын тындырып, жүрегіне шуақ шашатын тұлғаға айналады».