10:35 | Ем болсын
10:45 | Жұма уағызы
Отбасы 2016-02-17 (0) (10209)

Сіңілім-ау, дегенмен «мен намазхан» іс бітпейді...

Сіңілім-ау, дегенмен «мен намазхан» іс бітпейді...

 

Мен он жеті жасымда намазға тұрдым. Ол кезде мектеп қабырғасында едім. Алғашқы намаздың ләззатын айтып жеткізу мүмкін емес. Намазға тұрғанда кеудем кеңіп, жаным көкте жүргендей болатын.  Тәтті бір тыныштықтан тұла бойым шымырлап, бақыттан  басым айналғандай айрықша әсерге бөленетінмін...

         Он бірінші сыныпты бітіріп, жоғарғы оқу орнына түстім. Еліміздің әр түкпірінен  жиылған студенттердің арасында алабөтен айырмам жоқ, сабаққа келіп жүрдім. Зейнетімді жасыратын, кеудемді жабатын шариғат шәлісі туралы әлі ойлана қоймаған кезім... Өзгелерден киім тұрғысынан ерекшелігім болмаса да, ауылдан алып келген намазым мені қатарластарыма сыйлы қылды. Сол намазымның өзі дәрежемді сондай көтеретін. «Әр сәждемен бір дәреже көтерілетіні» туралы ілім ол кезде менде болмаған соң, мұның мәнісін де түсіне қоймағам...

Бес уақыт намазым түгел болғанымен шашымды жабатын шариғат шәлісінің болмауы мені көптеген қиындықтарға жолықтырды. Ең бірінші қиындық – көп жағдайда намазымның өз дәрежесінде, өз уақытында өтелмей қалуы. «Құлшылық киіміңнен» жырақта жүргеніңде намаз уақытына сай келсең, киімің сай келмей, намаз оқып алуға орын табылса, басыңа салуға орамал табылмай берекең қашады. Үйіңе сүрініп-қабынып жетем дегенше, намаз уақытынан шығып кететін. Мұның бәріне жүрегің сыздайды. Өз кемшілігің себепті Алланың кеңшілігін пайдалана алмау – қасірет еді. Намаз оқып алудың екі сағат мүмкіндігін бір метр шүберек үшін жіберіп алған кездеріңде жүрегің қайғыға бөленіп, өте ауыр сезімді бастан кешіресің. Әсіресе, екінті намазы қарбалас кезде көп қалып қояды.

Бір күні, көбіне қаза боп қалатын бұл намаздың қадірі туралы: «Екінті намазын өткізіп алатын (адам)отбасы мен мал-дүниесінен айырылғандай (болады)» деген хадисті оқып қалып, тіптен уайымым күшейген. (хадис Ибн Омардан, Алла әкесі екеуіне разы болсын. Муслим)

Сондай-ақ, ашық жүрген көп қыздардан еш айырмашылығың да, намаз оқитының маңдайыңда жазылып тұрған да жоқ. Артыңнан қарап кімнің не ойлап тұрғанын білмейсің. Өйткені, көрікті қыздан көзін тыятын иманы кәміл жігіт кем де кем. Біреудің көзіне түсіп, сөзіне ілігер болсаң, соған себеп болғаның үшін өзіңнен басқа кімді жазғырар едің? Осының бәрі шаршататын, иманды да әлсірететін. Ашық, «ыңғайлы» киімде өзіңді сырттай еркін сезінгенмен, бірақ іштей рахат жоқ еді.

...Орамал таққан қыздарды көргенде «Әссәләумағалейкум!» деп амандасқым келетін. Бірақ, өзімді оған лайық сезінбей, сәлем сөзім көмейімде қалып қояды. Орамалды қыздарды көрсем, ерекше құрметім оянатын еді. Бір жағы қызығатынмын...

Бір күні Халифа Алтайдың авторлығымен шыққан «Құранның мағыналық аудармасын» ашып отырып, мына аяттарға кез болдым: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік (жараттық). Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар – Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер.  

Әй, адам баласы! Шайтан ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, Жәннаттан шығарғаны сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық» деген. («Ағраф» сүресі, 26,27-аяттар)

Бұл аяттың әсері ерекше болды. Ой салды. Осыдан кейін, намаздарымнан соң алақанымды жайып: «Я, Раббым! Маған тақуалық киімін нәсіп етші!» деп сұрайтын болдым.

 Алла бұл жолы да жайылған алқанымды бос қайтармады. Маған «тақуалық киімін» нәсіп етті. Ешкімнің де көзқарасына, сөзіне қарамай, Алла Тағаланың «иманды әйелдерге» арнайы түсірген аятына амал етіп, орамал тағу бақытан ие болдым.

Аллаға сансыз мақтау болсын! «Намаз – арсыздық пен жамандықтан тыяды» деп аятта айтылғандай, расында намаз орамал тағуға, негізіме қайтуға алып келді. Алланың әміріне бойұсынуым – сынақ алаңындағы иманымның жеңісіндей, намазымның жемісіндей еді.

Орамал таққанымнан соң ішкі әлемімде тыныштық орнағанымен, сыртқы әлемде сынақтар да аз болмады. 

         Бірде қоғамдық көлік ішінде дәл желке тұсымнан: «Бұлар сығандар ғой...» деп мені еш жақтырмастан күңкілдескен екеудің әңгімесін естідім. Тағы бірде алыс туысымның: «Қарасам, бір кемпір келе жатыр. Сөйтсем сен екенсің ғой?» деген мазағын да құлағым шалды. Ауылыма барғанымда: «Сен де осындай боп қалғансың ба?!» деп аузы ашылып, маған аңтарыла қарап,  «жаны ашыған» бір дәрігер көршімнің таңғалысына куә болдым. Сондай-ақ, көп таныстар «бақабист болып кетіпті» деп жатты. Енді бірде: «Сүметіліп, өй, осылардың несі екен?» деген секілді түрлі сөздерге түйрелетін едім. 

Айналамда маған демеу беретін, қолдау көрсететін ешкім қалмаған, сынаққа толы болған сондай қиын кезде Құранды аштым. Ашқан сәтте Раббымның мына Сөздері мені жұбатты: «Расында күнәһарлар иман келтіргендерге күлетін еді. Олар жандарынан өткенде, ымдасатын еді. Олар үйлеріне қайтып барған кезде, күңкілдесетін еді. Қашан олар мұсылмандарды көрсе: «Сөз жоқ, адасқандар» дейтін еді. Олар, мұсылмандарға бақылаушы етіліп жіберілмеді. Ал, енді, бұл /Қиямет/ күні мүміндер кәпірлерге күледі. Сәнді перделі сәкілерден қарап. Кәпірлер істегендерінің пайдасын көрді ме?»деген. («Мутаффифун» сүресі, 29-36-аяттар).

Жоғарыдағы аяттарды оқып әбден жылағаным есімде. Иә, Раббымның Сөзі – ең ұлы демеу еді. Бұдан артық жаныма медеу таппас едім. Осы кезде жалғыз емес екенімді, бәрінен жоғары Қамқоршымның бар екенін сезініп, иманым тағы күшейген... 

Менің сонда, орамал таққанға, әуретті толық жапқанға дейінгі иман мен әуретті толық жапқаннан кейінгі иманның айырмасы жер мен көктей болатынына көзім жетті. Ашық-шашық киім егесінің иманы да солқылдақ келеді екен. Әйелдің жаулықсыз жүруі намазға жауапсыз қарауына, көшедегінің көздері мен сөздері арқылы кейітілуіне, ар-абыройының төмендетілуіне себеп болатынын ұқтым...

Ал, Құрандағы Алла Тағаланың: «Әрі иманды әйелдерге айт, ...көрініп тұрғаннан /сыртқы киімдерінен/ басқа көріктерін көрсетпесін. Жаулықтарын көкіректеріне түсіріп жапсын және көріктерін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят) деп бұйырған әмірін орындар болсаң, бар жамандықтан Алланың Өзі қорғайды. Сырт көзге өзін шектеп тастаған, еркіндігін тұсаулаған шарасыздай көрінгенмен, асылында нағыз еркіндік пен рахаттың, құлшылық ләззатының дәмін сол кезде татасың. Істеріңді де Алла Тағаланың Өзі реттеп, берекелендіріп қояды...

10209 рет оқылды