Патриоттық 2018-12-14 (0) (17984)

Тұтастық, татулық, тыныштық тұғыры – Тәуелсіздік кепілі

Тұтастық, татулық, тыныштық тұғыры – Тәуелсіздік кепілі

 

 

Қазақ қаракөзімнің ертеңі үшін Алладан ел, жеріме күндіз-түні тыныштық тілеп,  бейбітшілікті сұраған алаңдаулы анамын. Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады. Тыныштықтың қадірін үй ішінде отырып, бесігін тербеткен, сәбиін иіскеп, перзентінің ертеңін ойлаған анадан артық сезінер адам жоқ шығар. Баламның табанына батқан шөңге, менің маңдайыма батсын деп, ұрпағымның тынымын артық көрген аналық жүрегім тыныштықты көксейді...

 

Нығметтің түрі көп, ал тыныштық – ең үлкен нығмет

 

Қайғысыз, бейбіт өмір сүру үшін өзектінің бәріне қажет нәрсе – тыныштық. Тыныштықта жеген қатқан нан мен қайғысыз жұтқан қара судың өзі – бақыт. Тегінде адам затының жаратылысы сол тыныштыққа мұқтаж. Ірі ғұламалардан болған белгілі сахаба ибн Масғұд: «Ең үлкен нығмет – қауіпсіздік пен денсаулық», деген. Қауіпсіздік осы тыныштық пен бейбітшілікті қамтиды. Сондай-ақ, ғаламдағы, замандағы, далаңдағы,  санаңдағы тыныштықтың бәрі осы қауіпсіздікке мұқтаж.

         «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қалатұғыны қалай?» деп ақын Абай таң қалғандай, расымен бір мазасыз пенделерміз.

Қарап отырсаңыз, Ғалам тыныш: Күннің айға жетуі мүмкін емес. Түн де күндізден озбайды. Ғарыштағы денелердің барлығы өз орбиталарында, кеңістіктегі белгіленген айналу жолында ұлы заңның Иесі бекіткен тәртіппен жүзеді.

Заман тыныш: Күн сол орнынан шығады, сол орнына батады. Аспан сол құрылған күйі орнында. Ай да сол, нұрымен бөліседі, жерімізге серік болып, шығады, батады. Әрине, Алланың әмірі (Қиямет сағаты) келгенге дейін!

«Жатқаным мынау үстінде, доп-домалақ қара жер.

Кең жиһанның ішінде, ноқаттай орын алмайды.

 Шеккісіне ғаламның, тозаңдай салмақ салмайды.

Мысалы бейне жер-тозаң...» деп, Ғұмар бабамыз жыр еткендей, мұнда, тынышы кеткен планета, бұл  Жер. Анығы, жерге тыныштық бермей жатқан, соның үстіндегі ел. Жауһар жырының жалғасында Ғұмар бабамыз:

 «...Жүрмін, жанмын десе де,

 Адам да сондай бір тозаң.

 Тозаңдай сол адамның

 Жер үстінде ғұмыры

 Көз кірпігін қаққандай.

 Адам жүрер сонда да

 Мәңгі суын татқандай» деп төккеніндей, бір тамшы судан жаратылған бұл адамдар тозаңдай халі жоқ болса да билікке таласады, байлыққа таласады, бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды, қара жердің мазасын алып, қара халықтың назасын алып, жаңалығын сынап көреді, үстемдікке тырысады, намысқа тырысады, тіршілікке тырмысады, бітпейтін күрес...

 

Жаратқаннан жарлық келмейінше, жаратылғаннан қорлық келмейді

 

Күштілер басынып, әлсіздер жаншылатын әлемдік саясат буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермеген мемлекетіміз үшін «қайда барсаң Қорқыттың көрі» болды. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» болған соң, орыстың осылдыруынан, қытайдың «қауқарынан» қаймығып-ақ, үрейленіп, даурығып, оларға кеткен есеміздің орнын өзімізді-өзіміз жұлып жеумен толтырып бітетін болдық. Әлі ештеңе болмай жатып, кесіп, тон пішіп, «Орысқұл», пәленқұл, түгіленқұлмен айдар тағысып, Алладан басқаның бәріне құлдық жариялап, бәріміз білгіш болып алыппыз.

 Біз, қазақ, мұсылман емеспіз бе? Неге біз орыстан я болмаса басқадан қорқамыз да Құдайдан қорықпаймыз? Расымен қазаққа қауіп тек орыстан ба? Жамандық, жәбірдің бәрі бізге тек сол алып көршілерден келе ме екен?

 Жо-жооқ! Жамандық тек өзімізден, ағайындар! Жұтылатын ел орыссыз да жұтылып, қырылатын ел қытайсыз да қырылып жатыр. Олардың да қауқиған құр сырттары болмаса, ішіндегі іріп-шірулері өз бастарына жетерлік. Бір қауым екінші бір қауымға Алла қаламайынша, тырнағының ұшын да батыра алмайды. Одан да сіз мынаған қараңыз. Алла Тағала:

 «Адамдар өз қолдарымен жасағандарының /күнә, қылмыстарының/ себебінен құрлықта және теңізде бүліншілік (апаттар: зілзәлә, су басу т.б., аштық, аурулар, эпидемиялар, тағы басқа да жамандықтар) пайда болды. /Бұл/ олардың істеген күнәларының кейбірінің жазасын тартуы үшін әрі олардың /күнәлардан/ қайтулары үшін» деп ескерткен. 

 Әрі осы аятты тәпсірлеген ғалымдар: «Жердегі түрлі бақытсыздықтар және қиыншылықтар адамдардың жаман істеріне берілген жаза. Бұл бақытсыздықтар жазаның дүниедегі бір бөлігі ғана. Сөйтіп, осы арқылы олар күнәдан Аллаға бойұсынуға қайтып, тура жолға түсулері үшін. Бұл – барлық кемшіліктен пәк Алланың құлдарына деген мейірімі» деп түсіндіреді.

Ал енді маған қарсы қару кезесеңіз де бұған қарсы дау айта алмайсыз. Жамандықтың бәрі өзімізден. Жаратқаннан жарлық келмейінше, жаратылғаннан қорлық келмейді. Бақытсыздық пен қорлыққа адамдар өз қолекі істеген күнәларымен лайық болады. Хасан әл-Басри: «Олар (күнәһарлар) Алланың алдында құрметсіздікке ұшырады, сол үшін оған күнә жасалды. Егер олар Алланың алдында құрметке ие болса, Алла оларды күнәлардан қорғайтын еді. Егер пенде Алланың алдында қор болса, оны ешкім құрметтемейді», – деп айтыпты.

         Себебі: «Алла кімді қор етсе, онда оны құрметтеуші болмайды»

 

Өз мүлкіңе ие бол, көршіңді ұры тұтпа

 

Адамдардың күнәлары тек өздерінің қара бастарына ғана тиіп қоймай, жер бетіндегі жан-жануар, жәндіктерге де кесірін тигізеді. Белгілі тәпсірші ғалым Жарид: «Егер жерге тамшы тамбай қуаңшылық орнаса, онда жан-жануарлар адамдардың күнәларына лағнет (қарғыс) айта бастайды. Олар: «Бұл жұт Адам баласының күнәсінің кесапатынан», – дейді», – деген. Және атақты табиғиндердің бірегейі болған Икрима: «Жердегi барша тiршiлiк етушi жануарлар мен жәндiктер, құрт-құмырсқалар, қоңыздар мен өрмекшi-шаяндар адам баласының күнәсi үшiн жаңбырсыз, сусыз қалдық», – дейдi», – деп айтқан-ды.

  Бұрынырақта ізгі кісілер әлдебір үйдің берекесі кетсе: «Намазы бұзылған», ‒ деп, намазына көңіл бөлуді, құлшылығына мұқият болуды өсиеттейді екен. Бұл дегеніңіз, Құдайы ұмыт болған жердің өзі де құрып тынатынын еске салады. 

 Қожанасыр: «Өз мүлкіңе ие бол, көршіңді ұры тұтпа», ‒ деген екен. Біреуді бекер қаралағанша, иманыңа бекем, ғибадатыңа мұқият, отбасыңа, балаларыңа, өзіңе-өзің ықтиятты болсаң, құдіретті Алланың жауға да, дауға да алдырмайтыны - Оның Уәдесі.

 

«Бақ, қайда барасың? Ынтымаққа барамын»

 

Елірем деп елдігіне жете алмай қалған, тақтағыдан талап етем деп тыныштығына зар болып қалған елдерді көз алдымызда күнде көріп отырмыз. Сонан ғибраттанып, еліміздің ертеңі үшін елдікке, бірлікке, тыныштыққа шақырған өз ұлтымыздың ұлдарын жау көрмейікші, ағайындар! Қайсар ерлердің шын сырын түсінгеніміз жөн. Бірде Сырым шешенге:

 ‒ Батыр, қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау?! ‒ деген сөз айтылыпты. Сонда Сырым:

 ‒ Тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, ‒ деген екен. Тасығанынан емес, жасығанынан емес, шын жаны ашығанынан елінің қамын жеген ерлеріміз сөз айтса, бір қажетін біліп айтады. Мұны дұшпандық көрмейік, достықпен қабыл көрейік.

 Кейде қарапайым халыққа ұнамаса да басшы шешкен бір істе қайыр болады. Өйткені, халыққа тәуелсіздікті сыйлайтын да, басшысын сайлайтын да Алла Тағала. Бір адамның басшы болуын қалаған Алла сол адамға артықша қабілет пен білімді қоса береді. Алладан артық Өз пенделеріне ненің пайдалы, ненің қайырлы болатынын білуші жоқ. Сондықтан басшымыздан бір іс ұнамаса да бағыну ‒ Алла пен Оның пайғамбары (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған міндетіміз. Олар өздеріне тапсырылғанға жауап береді, ал біз өзімізге тапсырылғанға жауап береміз. «Бір құдайдың құлымын, Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетімін», ‒ дейтін қазақпыз ғой. Саясат, заңнамалар күнде өзгереді. Ал Хақ бекіткен заң өзгермек емес. Сол үшін бір Аллаға бағынып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «үмбетім!» деп айтқан өсиеттеріне құлақ асайық. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Басы (қара) мейізге ұқсаған эфиопиялық құл сендерге басшы болса да оны тыңдап, бағыныңдар»;«Кедейлікте де, байлықта да, саған ұнайтында да, ұнамайтында да және сені құр қалдырса да басшыңды тыңдап, оған бағынуға тиістісің», – деген. Өйткені, бір басшыға құлақ асылып, оған бағынған елде бірлік болады, береке орнайды, бақ ол елден сырт айналмайды.

 Барлық адамнан ақиқатты артығырақ білетін Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басшыға мойынсұнуды бұйыруындағы даналық – ауызбіршілікті сақтап, бөлінуге жол бермеуде жатыр. 

   Әли Ибн әбу Талиб (Алла одан разы болсын): «Тақуа болсын, күнәһар болсын, билік басындағыдан басқа ешкім адамдардың жағдайын тәртіпке келтіре алмайды...» – деп айтқан. Өйткені, мұсылмандардың өз басшыларына бағынбауы және бет-беттерімен кетуі – оларды әлсіретіп, күш-қуаттарын кемітеді. Бұның бәрі көптеген қайшылықтар мен бүліктердің пайда болуына жағдай жасайды. 

 

 

Теңіздің қасиеті тамшыдан танылады

 

Бір ұлттың беріктігі, сол ұлттың ішіндегі бірлік пен татулықтың беріктігіне байланысты. Қазақ ұлтымызды теңізге баласақ, оның тамшысы – сіз бен біз. Ал сол сіз бен біздің дұшпанды сескендірер сиқымыз қандай? Қасқайып қарсы тұрғаныңда қабырғаларыңнан Исламның рухы, иманның нұры жау бетін қаймықтырып шағылысып тұрмаса, несіне кіжінесің. Қыздарымыздың қылығы қырсық шалдырып, ұлдарымыз ұрымтал тұстан ұрындырып жатса, кемел келешек қол сілтеп, бізден ұзап кете береді. Бір қазақ екінші бір қазақты жұлып жеп, интернет ішінде екі қазақ бір-бірінің итін шығарып, өзгелерге өз-өзінің артын ашып, өз бауырын ғайбаттап, өз ұлының етін жеп, «бірін-бірі қатын» деп, бірі шыққан биікті екіншісі көре алмай, күндеп жатса, бір-бірімізге болыспай, керісінше өзімізді-өзіміз түтіп жатсақ, онда бұл қазаққа өзге жаудан келер қауіпті уайымдаудың қажеті шамалы. Өйткені, «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» (Абай) 

Бір-бірімізге жақсылық жасап, жарылқай алмасақ та жамандық жасамай көмек көрсету қолымыздан келеді. Осындайда Халифа Алтай атамыздың сөзі еріксіз еске түседі: «Жақсылық жасау қолыңнан келмесе де, жамандық жасамау қолыңнан келеді ғой!»

Ел намысын күзеткісі келіп жүргендер мен жердің жайын түзеткісі келіп жүргендердің мұнысы, рас солай ма? Нағыз ұлты үшін туған ұл мен елі үшін қам жеген ер қандай болады?

Мұхтар Әуезовтің айтқан бір нақыл сөзі бар: «Жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет»

Алла Тағала: «Ей, иманға келгендер! Сендер өздеріңді-өздерің /қолға алып/ түзелтіңдер. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқандар сендерге зиян тигізе алмайды. Барлығың Аллаға қайтарыласыңдар. Сонда Ол сендерге не істегендеріңнің хабарын береді», – деген.

         Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу ъаләйһи уә сәлләм): «Алла кімге игілік қаласа, оған дінді терең түсіндіреді. Расында, мен – тек үлестірушімін, ал, Алла береді.Бұл үммет қашанда Алланың әмірін орындауда болса, оларға Алланың әмірі келгенге дейін, қарсы келушілердің зияны тимейді» , – деп, көзі ашықтың көкірегіне ой салмай қоймайтын ақиқат сөздің асылын қалдырған!

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

 Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

 Құбылаға бет алып, қол қусырып,

 Сәждеге бас қоятын қайда күнім? – деп ақын ұлың Мұқағали аңсаған жүрек тыныштығын қазақтың әр перзенті аңсамайынша, ел елдігі түзелмесе керек-ті.

Ал жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табады. Міне, сол тыныштық – шын тыныштық, шын бақыт. Жүрек тыншымаған соң, «аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» дейсің лажсыз...

 

 

17984 рет оқылды