13:40 | Құран уақыты
Руханият 2016-08-08 (0) (11767)

Сізді ЖӘННАТҚА кіргізетін амал

Сізді  ЖӘННАТҚА кіргізетін амал

 

Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – қазақтың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз

Сен демек қиын емес пе,

Бұрынғы туған үлкенге? - (Шортанбай Қанайұлы)

деп кейінгі ұрпаққа қашанда «сіз», «біз» деп сыйласып жүруді өсиет еткен. «Сіз деген – әдеп, біз деген - көмек». Осыны меңзеген Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген», - деп жырлайды. Ұрпағының ұлағатты, ұлт қамын ойлар ұлтжанды болуын көздеген қазақтың бауыр еті баласына ең алдымен үйрететіні де осы үлкенді сыйлау жайы екен. Аналар айтатын бесік жырындағы «Қолымыздан іс алып, мойыныңа күш алып, бізді бағар ма екенсің?» деп келетін өлең жолдары соны айғақтаса керек. Ардақты Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес» (Тирмизи), - делінген. Иә, қазақ үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – жазылмаған заңдылық. Бұл - еш жерге жазылмай, еш заңға бағынбай атадан балаға мирас боп келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Кезінде үш жүздің басын қосқан атақты Абылай ханға ақыл айтып, жөн сілтеген Бұхар жыраудың өзі:

Тоғызыншы тілек тілеңіз,

Тоқсандағы қарт бабаң

Топқа жаяу бармасқа, -

деп, қазыналы қарты үшін алаңдап, ол үшін дұға жасап, тілек тілеуге шақырған. Себебі қазақ елі – ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үлкендер арасында алға шығып сөз сөйлеуді ерсі көрген халық. Ұлдардың дастархан басына келгенде сабырсыздау болатындығынан ба, әлде қарнының ашып, мазасының қашатынынан ба, әйтеуір бір жолы үйдегі ағамның әкем келмей тұрып тамақты бастап кеткені үшін қатты сөгіс естігені бар. Бұл да болса үлкенге, ата-анаға деген сый-құрметтің отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеден бастау алатындығын көрсетсе керек.

        

«Қарғыс алма, алғыс ал!»

 

«Балалы үй - базар». Қазақ ауылының қай үйіне қонақ боп түспесеңіз де алдыңыздан кем дегенде үш-төрт баланың асыр сап жүгіріп шығатыны анық. Қанша жерден қызық қуған есі жоқ ойын балалары ғой десеңіз де, сол балалардың ауылға үлкен келсе, алдынан шығып, амандасып жатқанын, кей жерлерде киімін алып, қолына су құйып беріп, т.б қызметтеріне жарап жатқанын көресіз. Мұның барлығы қариясын ақыл-ойдың дариясына балап, оның батасын алып, көгеруді көздеген қазақтың баласына үйреткен тағылымды тәрбиесі, өнегесі екені анық. Атақты «Абай жолы» романындағы мына бір жай, шағын үзінді үлкенге көрсетілер құрметтің жарқын үлгісі десек те болатындай:

«Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

- Ассалаумағалайкүм!..- деп сәлем берді.

Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем... Атының басын тежей беріп:

-         Уағалайкүмәссәләм, балам!..- деп тоқырай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:

     - Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе?- деді.

     - Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:

- Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. - деді».

Жасқа аға, ақылға сақа Бөжей мен балғын жас Абай арасындағы осы бір диалог үлкенді сыйлаудың орны мен маңызын, үлкеннің батасын алып, алғысына кенелудің өзі Жаратқанның разылығын табудың жолы екендігін анық аңғартады. Қазақ үлкенді сыйлағанға сый көрсетіп, оны тәрбиелі, көргенді азаматтардың қатарына қосқан.

 

«Бала ұрысса әкеге жараса ма?»

Иә, дана Абайдың «Әке ұрысса балаға – ол да достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» дейтін осы бір сөзі кез келген есі бар адамды ойландырмай қоймайтыны анық. Кейде аңдаусызда «а» деп ақырып, әкемізге кейіп, анамызға қабақ шытып қалатын сәттеріміздің болатыны жасырын емес. Бірақ Жаратушымыз тек өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырғаннан кейін бірден әке-шешеге жақсылық жасауды бұйырғанын, жәннат аналардың табанының астында екенін, анаңыздың «тоғыз ай, он күн көтеріп, аязды күні айналып, бұлтты күні толғанғанын» есіңізге ала қалсаңыз, бұл қылығыңыздың бәрінің бекер болғанын анық түсінесіз. Әке – өмірде ешкім теңесіп, дәрежесіне жете алмайтын алып тұлға. Баланың басына түскен әр қиындық, тіпті, қолына кірген тікеннің ауруы да әкенің жүрегінен өтеді. Тек сыртқа шығарып, өбектеп жатпайды. Ата-ананың перзентіне деген махаббатын, ұрпағына берер тәрбиесі мен өнегесін ешбір институт, ешбір университет бере алмайды. Бірде сахаба Әбу Һурайра (одан Алла разы болсын) жолда кетіп бара жатып соңынан бір кісі ертіп келе жатқан Әбу Ғассанды жолықтырады. Кейін ол еріп келе жатқан адамның Әбу Ғассанның әкесі екенін білген Әбу Һурайра дереу: «Бұл ісің жөн емес, сүннетті ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артында жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тос. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып сен отырма! Әкең ұйықтамай жатып сен жастыққа бас қойма!» (әт-Табарани, әл-Хаким) деп ескертеді. Байқап отырсаңыз, қалаға оқуға кеткен баласын сағынып, жол тосып елеңдеп жүрген Ұлжан ана ауылға Абай келгенде, өз бойындағы сағынышты жиып қойып, баласына ең алдымен «Әкеңе бар!» деп ескерту жасауының астарында да осындай ұлағатты тәрбиенің жатқанын аңғару қиын емес. Әке орны, баласының табанына кірген шөгір маңдайма кірсе екен деп тілейтін ананың орны  қазақ үшін қай уақытта да биікте болған. Осыны меңзеген Шал ақын да:

Мекке менен Мәдина – жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші, -

деп ата-анаға тірісінде қамқор боп, мейірім танытуды өсиет еткен. 

Иә, «кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана» деп Махамбет ақын жырлағандай, елді жөнге сап, ақыл айтар, көш бастап, жол сілтер, тәжірибесі, көргені мен түйгені мол үлкендердің қоғамдағы орны ерекше. Қазақ «Қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді»  деген. Үлкендерге лайықты түрде сый-құрмет жасап, көңілін көтеру, қарғысына емес, алғысына бөлену – адамның өз көргенділігінің, тектілігінің көрінісі әрі әр баланың адамдық, перзенттік парызы. Олай болса, ашуланып тұрсаңыз да, ата-анаңызға «түһ» деп те дауыс көтеріп, қабақ шытпаңыз. Олардың алдында даусыңызды бәсеңдетіңіз. Ата, әжеңізге, ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, керегіне жараңыз. Алдын кесіп, сөзін бөлмеңіз. Сіздің әр сөзіңіз, ісіңіз тәрбиелі екендігіңізді паш етіп тұратындай болсын. Біліңіз! Осы амалыңызбен сіз жәннатқа кіріп кетуіңіз бек мүмкін! ЖӘННАТҚА...

 

 

11767 рет оқылды