Сағынып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы,
Даламның иісі бұрқырап
Қарттарым аман-сау жүрші.
Иә, қазыналы қарттардың орны қашанда бөлек қой. Бізді бала кезімізден ата-ананы құрметтеуге, тыңдауға тәрбиеледі. Аллаға шүкір, одан жаман болып жатқан қазақты көрген жоқпын. Келіні күлімсіреп шәй құйып бергендегі, төбелері көкке жетердей қуанып, Аллаға шүкір айтып отыратын әке-шешемнің жүздерін көру – мені перзенттік бақытқа бөлейді. Алла қаласа, ертең ұл-қызымнан осындай құрмет күтемін. Басында шақалақ, одан зіңгіттей жігіт, бүгін еңгезердей еркек болғанша қолындағы барын аузыма тосқан үйдегі қара шал мен ақ жаулықты кемпірге өмір бойы борыштармын. Мұны айтуыма себеп – жақында куәгері болған бір оқиға еді.
Өзім бір мекеменің басшысымын. Келіншегім үйде әке-шешеме қарап, балаларымды бағумен айналысады. Аллаға шүкір, ата-әжесінің тәрбиесін көрген ұл-қызым иманды болып өсіп келеді. Пенде болған соң асқақтап кететін, шүкірімізді ұмытатын кездер де болады. Сонда әкем: "Балам ішерге тамақ, киерге киім таппай отырғандар мен баққан бала-шағасы өзінен безген қарттардың хәлін біліп жүр" деп ескерту жасап отырады. Мұнысы өзінен төмендерді көріп, тәубесіне келсін дегені ғой деп түсінем. Әкемнің кезекті ақылынан кейін қаламыздағы қарттар үйіне бас сұққанмын. Танысып-біліскеннен кейін аналарымыз бен аталарымызға әңгіме айтып, шәй ішіп отырғанбыз, бір қария көзіме оттай басылды. Барып қолын алдым. Мұқият байыптасам, мен жиырма жыл бұрын мектеп бітіргенде сол оқу орнын басқарып отырған директор ағайым екен. Ұмытпасам, біз қатарлы екі ұлы болатын. Мән-жайды сұрағанымда ағайым:
– Еее, балам, несін сұрайсың... Бақ баста мәңгі тұрады дейсің бе?! Сенің де мектеп бітіргеніңе жиырма жыл, саған дейін де, сендерден кейін де талай бала түлеп ұшты қолымыздан. Бір аймақтың бүкіл баласына тәрбие мен білім беретін ошақты басқарып отырып, өз отбасыма көңіл бөле алмаппын ғой. Сол қателігімнің зардабын тартып отырған күйім мынау... (күрсінді). Зейнет жасына жетіп, жұмыстан шыққанда екі ұлымның мен үшін тапқан шешімі осы қарттар үйі болды. Кезінде, әке-шешем ауылда тұратын. Қалада тұрғандықтан, жылына бір рет қана балаларымды ертіп барып, жұмысты сылтауратып аз күн болып қайтып кететінбіз. «Ең болмаса оқудан демалғанда немерелерімді жіберіп тұрсаңшы» деген сөздеріне де мән бермеген екенмін. Сәби санасына бұл нәрсе әсер ететінін неге байқамадым десеңші?! Кіші ұлымның осында әкелгендегі маған айтқаны: "Әке кезінде сіздің әке-шешеңіз сізден бөлек тұрды, оларға көмек бергеніңізді көрген емеспіз. Әйеліңізбен жеке тұрып, жақсы өмір сүрдіңіз. Енді біз де сіз сияқты өмір сүргіміз келеді" болды.
Балаға сөзіңмен емес, ісіңмен ғана үлгі болады екенсің ғой. Әйтпесе, ата-ананы құрметте деп айтудан кенде болған емеспін, әттең, өзім құрметтей алма
ған екенмін,-деп көзіне жас алды.
Қазақ халқы ежелден қасиет тұтып, қадірлейтін ұғымдардың бірі – ата-ана. Дана халқымыздың «ауылыңда қарияң болса, жазылып қойған хатпен тең» дегеніндей, қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды құрметтеуді, қажеттілік туындағанда қызметінде болуды, қай кезде де көзіміздің қарашығындай бағалай білуімізді бізге асыл дініміз ислам мен халқымыздың озық салты бұйырады. Соның бірі қасиетті Құрандағы: "Әрі Раббың Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға жақсылықты ықыласпен жасауларыңды бұйырды. Егер сенің қасыңда олардың біреуіне не екеуіне де кәрілік жетсе, оларға "уһ" деме /көңіл толмаушылық білдірме/ әрі оларға зекіме және оларға жылы сөз сөйле. Әрі оларға, мейіріммен кішірейе қанатыңды иіп: "Раббым! Мені кішкентайдан бағып, тәрбиелеп өсіргендеріндей оларға мейірім ет" де" - деп Жаратқанға олар үшін дұға жасауды бұйыруы. ("Исра" сүресі, 23-24-аяттар).Ата-бабаларымыз да «Қартыңды ардақтап өтсең, құрметтесең, қартайғанда сені де етер ізет»деген екен. Демек, қарияларға құрмет көрсетуіміз – қартайған шағымыздағы өзімізге көрсеткен құрметіміз болмақ. Он жерден қарттар үйі пана болғанымен, бауыр еті баласының орнын алмастыра алмасы анық.