12:30 | Ем болсын
12:35 | Сүбелі сөз
Дәстүр 2014-12-10 (0) (9954)

«Қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол!»

«Қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол!»

         Біздің ауыл аса үлкен болмаса да кешкісін жапсарласа орналасқан төрт-бес үйдің балалары ауланың шаңын бастарына көтеріп, азан-қазан боп жатады. Бір қызығы, сол балалардың бәрі де бір ауыздан келісіп алғандай ымырт жабыла бере үйді-үйлеріне тарқасады. Біреуі анасына сиырдың басын байлап береді, біреуі сүт тартады. Кейде кешкі абыр-сабырда у-шудан еленбей қалып қойған көрші үйдің қызыл ала сиыры, ақ тауығы біздің қораны паналап қалатын кездері де болады. Мұндайда үлкендер «әйтеуір осы ауылдың малы ғой, іздеушісі табылар» деп жем-шөбін беріп, малға да мейірім танытып жатады. Кейде сиыр сауып отырған апаларымыз кешкі асқа көршілерді де шақыра келеді. Үйелмелі-сүйелмелі ойын балаларына бұдан асқан қуаныш бар ма? Жымың-жымың етіп бір ыдыстағы асты бөлісіп жеп мәз-мейрам болысып қалушы едік.

Иә, алыстағы ағайынынан жақындағы көршісін артық көрген халқымыз қоңсыласына осылайша аса зор құрметпен қарап, қадіріне жете білген. Сойған малдың сүйегіне дейін бірге мүжіп, адам түгілі, иттері де араласып кететін дәл осындай ынтымағы ұйыған елге қарап қалай ғана сүйсінбессің, қалай ғана риза болмассың деп таңырқаймын кейде...

 

Көрші тату болса...

 

Егер бір сәт өткен өміріңізге көз жүгіртіп, балалық шағыңызға саяхат жасай қалсаңыз, есіңізге ең алдымен, бірге ойнап, бір жүрген көрші үйдің балалары, достарыңыз түсетіні анық. Себебі қазақ қашаннан «жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» - деп көршісін туғанындай жақын тартып, жақсы көрген. Басыңа қиын іс түссе де, я болмаса қызық-қуанышқа кенеліп думандатып жатсаң да бәрінен бұрын ең алдымен хабардар боп отыратын осы көршілер. Жырақтағы жақының талай шақырымды артқа тастап, құстай ұшып жетем дегенше, ауладағы көршілерің істің бәрін тындырып, тұрмысыңды түзей қояды. Жетпегенін жеткізеді. Қазақтың қай ауылында болмасын, бір үйге қонақ келсе, ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай бәрі де соның қызметінде жүреді. Жас балалар екі үйдің арасында үстел тасып шапқылайды, ересектер ыдыс-аяқ, дастархан тасиды. Біреуі тойдың бауырсағын пісірсе, екіншісі еттің қамына кіріседі. Осылайша көп болып жұмылып жүріп талай тойды бірге атқарады. Қонақ кетіп, ес-ақылы жиылған үй иесі араға көп уақыт салмай қысылғанда екі аяғынан тік тұрып көмек қолын созған аяулы көршілерін шақырып арнайы шай береді. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі де пейілі кең, иманы кәміл қазақтың өз дінінен, салт-сана, болмысынан алыстамағандығының көрінісі екен. Себебі, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінде ата-ана, туыс-туған, міскін, жетімдермен бірге көрші-қолаңға да зарар тигізбей, жақсылық жасау бұйырылған. Көрші хақысы жайында ардақты Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) жеткен хадистер де жоқ емес. Дінді білмегеннің дымды білмейтінін ұққан қазақ сол себепті де «қоңсы тату болса – құт, қату болса – жұт» деп түсініп, дәмдес, табақтас ағайынынан ешнәрсесін аямаған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін әдемі ғұрып, даладай дархандық халқымыздың шариғаттың шеңберінен шықпаған осындай даналығын көрсетсе керек. Тіпті, қазақтың қай көркем шығармасын алып қарамаңыз, бәрінде де күзде күздеуге, қыста қыстауға көшіп, мезгіл сайын жер ауыстырып отыратын қазақтың дүркірей көшкенде, қасындағы қоңсы ауылдарымен қатар көшетінін көресіз. Атақты «Абай жолындағы» Тобықты мен қалың Жігітектің бірге қоныс аударып, қоңсы ауылдар үйлерін бір төбенің басына тігетіні – осыған дәлел.

Қазақтың «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» - дейтін мақалының астарында да көршімен қату емес, тату болу адамның жақсы я жаман мінезіне байланысты екендігі айтылған.

 

«Ерулік» берудің мақсаты – елдестіру

 

Көрші ақысын Тәңір ақысы деп түсінген қазақ бұдан бөлек мына жайды да ұмыт қалдырмаған. Ауылға жаңа үй көшіп келсе ауыл тұрғындары жаңадан келген көршілеріне «ерулік» беретін болған. Көршілер арасындағы сыйластықты, татулықты, жан аямас қимастықты арттыру мақсатында берілетін бұл табақ тартулардың бәрінің де астарында көрші ақысын жемеу, сауап табу дейтін ұлы ұғымдар жатыр. Дәл осыны меңзеген Майлықожа ақын кейінгі ұрпаққа:

Қоғамды бол қоңсыңа,

Жыландай шағып ысқырма, -

деп насихат айтқан.

 

Қоныс алма, қоңсы ал!

 

Қазақ елі қашаннан «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін ұрпақ қайдан болсын?» деп бала тәрбиесіне, ұлт тағдырына аса қатты мән берген. «Жаман көрші асыңды бағалар, жақсы көрші басыңды бағалар» дегендей, жастарға жөн сілтеп, жол көрсетер жандардың қара басы қай кезде де алтыннан да қадірлі болатыны белгілі. Азаматының арлы, ұрпағының ұлтжанды болып өсуін көздеген халқымыз сол себепті де өз отауын елге сыйлы, сөзі пәтуалы жандардың арасына тігуді көздеген. «Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» - дейтін қазақ мақалы осындайдан қалса керек.

       

Қарап отырсаңыз, жоғарыда келтірілген мәліметтердің барлығы да халқымыздың көрші ақысына аса зор құрметпен қарап, елдік пен бірлікті ту етіп ұстаған ұйымшыл халық болғандығын көрсетеді. Осы тұста әркімді-ақ «Көршіммен қалай тату тұрамын?», «Көрші ақысын қалай өтеймін?», «Көршіммен қатынаста нені басшылыққа алуым керек?» деген сынды сұрақтардың мазалап отырғаны анық. Ендеше, көршісімен қату емес, тату болуды көздеп, шын ықылас, ниет білдіріп отырған оқырмандарымызға мынадай шағын кеңестер айтамыз:

1.    Көршіңізге жылы жүзбен сәлем беріп жүруді әдетіңізге айналдырыңыз (Бауырына күлімдеп қарау да садақа, алғашқы боп сәлем берген адам сауапты бұрын алады);

2.    Көршіңіздің жағдайы үнемі қаперіңізде, назарыңызда болсын. Қуанышына ортақтасып, қайғысын бірге арқалаңыз;

3.    Ойламаған жерден азғантай сый жасап, көңілін көтеріңіз;

4.    «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Тұрмысына көмектесіп, ісін жеңілдетіңіз.

5.    «Иманды адам (аш отырған) көршісін (ұмытып) тоя тамақ жемейді» (Ахмад). Пісірген асыңыздың (нан, тоқаш, т.б) жарты бөлігін көршіңізге ұсына жүріңіз.

Ал, ең бастысы, құрметті оқырман, осы істердің артында Алланың разылығы, уәде еткен жәннаты тұрғанын есіңізден шығармаңыз! Алланың разылығын тапқан адам екі дүниеде де ұтылмайтыны анық.

         Кезінде Қаблиса жырау «Бақыт, қайдан келесің?» деп сұрағанға:

          Сыйламаған көршісін,

          Ұрыспен алған еншісін,

          Сұмдардан қашып келемін, -

дей келіп, «Бақыт, қайда барасың?» деген сұраққа:

          Көршімен болған бірлігі,

          Тағат, ғибадат тірлігі

          Ұйымшыл елге барамын, -

деп жауап берген екен. Иә, бір-бірінен көңілдері суыспай, қатар қонған екі отбасы туыстай боп көршілердің әрдайым татулықта, достықта жүруі қай қоғам үшін де үлкен олжа екені анық. Ендеше, бақытты болу, басына береке ұя салып, ырыс тұрақтаған бақ-құтты болу – әркімнің-ақ өз қолында.

 

 

9954 рет оқылды