08:30 | Өнегелі өмір
Руханият 2014-12-10 (0) (25764)

Ең жақсы көрші болғың келсе...

Ең жақсы көрші болғың келсе...

КӨРШІ деген кім?

Көрші деген сөз – құлшылық етушіге де, пасыққа да, досқа да, жауға да, бөтен жерден келгенге және жергіліктіге де, пайдалыға да, зарар тигізушіге де, жақынға да, бөтенге де, үй жағынан жақын тұрғанға да, алыс тұрғанға да қатысты. Сондай-ақ, оның бірі-бірінен асып түсетін мәртебелері бар.

«Үй сатып алма, көрші сатып ал»

Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, ислам діні көршімен қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөледі. 

Сүннетте көршің жақсы десе, жақсы, жаман десе, жаман боласың деген түсінік қалыптасқан. Көршіңіз аштықтан бұратылып жатқанда, сіздің тоқ жатуыңыз мұсылмандыққа лайық емес. Мұның бәрін ерте кезден түсініп, көршінің парызы мен қарызына жауапкершілікпен қараған қазақ «көршіні Құдай қосады», «адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды», «көршім саңырау деме, құлағына шалынар», «көршінің итін ұрғаның өзін ұрғанмен тең» деп айтатын болған. Сондай-ақ, «сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деген бабаларымыз жаңа мекен, қоныс таңдағанда, болашақ көршілерінің қандай адамдар екендігіне немқұрайлы қарамаған. Өйткені, болашақ өмірдің көп қызығы мен шыжығы нақ сол көршілердің инабаттылықтарына, адамгершілік болмыстарына, тәлім-тәрбиесі мен рухани-мәдени өрісіне байланысты болатын қарым-қатынас сипаттарынан туындайды ғой! Ауыл-үйдің берекесін кетіретін орынсыз дау-дамайдан, жазықсыз жанды жаралайтын жалған жала, күндеуден, көрсеқызар іштарлық, қызғаныштан немесе кемсіту, көзге ілмеуден, тоң-торыс суық қабақтан жапа шекпеу үшін, өзіңнің опалы көрші бола білуің ғана емес, болашақ көршіңді таңдай, тани білудің де маңызы зор.

«Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деген тағы бір мәнді сөз бар. Мұндағы олжа – материалдық табыс емес, сенім, құрмет, сүйеніш, сыйластық, ауызбірлік – тіршіліктің бір ғанибеті дегенді нұсқайды. Расымен де, бұлар байлыққа сатып ала алмайтын игіліктер емес пе?

 

 

Көршілік қатынастың жанды өзегін – өзара сыйластық, мияттастық, тілектестік, қамқорлық, бір-бірін сүйеніш көрушілік, қалтықсыз сенім мен адалдық құрайды.

КӨРШІНІҢ 2 ТҮРІ

Алла Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршілерге, бөгде көршілерге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен, Алла тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят) дейді. Байқағаныңыздай, аятта Аллаға ғана құлшылық ету, ата-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді исі мұсылман баласына тиесілі жоғары міндеттердің қатарында көршінің аталуында үлкен мән жатыр.

Аятта аталған жақын көршінің екі ақысы бар: жақындық және көршілік. Ал алыс көршінің ақысы – көршілік ақы. Екеуіне де құрмет көрсетіліп, жақсылық жасалынады. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) хадисі осыны құптайды. Ол Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) маған көрші жайында өсиет айтқан болатын, мен оны мұра етпекші деп те ойлап қалдым» деп айтқанын жеткізеді. (Бұхари).

КӨРШІГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ӘДІСТЕРІ

Ғалым Әбу Мұхаммед ибн Әбу Жамра: «Көршіге жақсылық ету жайында өсиет етуге бойсұну оған шамасы келгенінше жақсылықтың бірнеше түрін жасау. Мысалы, бір нәрсені сыйға тарту, сәлем беру, кездескенде бетіне қарау, жағдайын сұрау, қажет болып тұрған нәрсесіне көмек көрсету және т.с.с. Сонымен қатар, әр түрлі мағыналық немесе сезімдік болса да, оған зиян келтіретін нәрселердің себептеріне жол бермеу» деген («Фатх әл-Бари» 10/456). Абдуллаһ ибн Амрдан (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: ««Алла есебінде достардың ең жақсысы – досыңа ең қайырлы, пайдалы болғаны. Алла есебінде көршілердің ең жақсысы – көршілеріңе ең қайырлы болғаны»  (Тирмизи).

 

ЕҢ ЖАҚЫН КӨРШІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ХАҚЫСЫ

Ең жақын көршінің алыс көршінікінен басқа өзіндік ақысы бар. Бұл үкім Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) сұрағынан алынады: «Уа, Алланың елшісі! Менің екі көршім бар. Қайсысына сыйлық беремін?—деп сұрадым. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Екеуінің ішіндегі есігі жақынына сыйлық бересің,—деді» (Бұхари, Ахмад). Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алыс көршіге емес, жақын көршіге сыйлық беруді арнайы бұйырғанынан оның ақысы алыс көршінің ақысынан артық екені байқалады. Оның хикметтерінің бірі: жақын көрші алыс көршіге қарағанда, көршісінің үйіне кіріп жатқан сыйлықты көріп тұрады әрі оны алуға асығады. Сонымен қатар, жақын көрші керек уақытында ертерек көмекке келеді. Әсіресе, ес шығып жатқан уақыттарда («Фатх әл-Бари» 10/461). Адамдардың көпшілігі осылай істейді. Олар жақын көршілеріне көбірек көңіл бөліп, онымен жақсырақ түсіністікке келеді. Ал алыс көрші ондай көңілге мен түсіністікке ие бола алмайды.

Көрші хақыларының бірі – көрші көршісінің дуалына ағаш қағуға немесе бөлме соғу үшін дуал қоюына тыйым салмау керек. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Ешбіреуіңіз көршіңізге өз дуалына ағаш қағуға тыйым салмаңыз» (Бұхари, Муслим). Бірақ, мына нәрселерді ескеруі керек:

·         Құрылыс соғуы дуалына зарар келтірмеу керек;

·         Дуалға ағаш қағып жатқан көрші сол ісіне мұқтаж болуы тиіс;

·         Көршісінің дуалына сүйенуден басқа соғу жолы болмауы керек;

Егер осы ескертулердің бірі немесе кейбіреулері ескерілмесе, құрылыс тұрғызып жатқан көршіге көршісінің дуалына негізделіп құрылысын жалғастыруға болмайды. Өйткені, ондай жағдайда шариғат қайтарған зарар келтіру болады: «Зиян келтіру де, зиян келтіруші де болмау керек» (Ибн Мажаһ).

Көршіңіз сіздің Ақыреттегі жағдайыңыздың өлшемі

Иман келтірген адамның көршісіне кез келген зиянның түрін тигізуі дұрыс болмайды. Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) хадисінде көршісіне зиян тигізгенге қатаң тыйым салынған. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға және Қиямет күніне иман келтіру мен көршісіне зиян тигізуді салыстырған. Бұл зиян тигізудің ұлықтылығын көрсетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, көршісіне зиян тигізбесін»,—деген (Бұхари). Ал Әбу Шурайхтың (Алла оған разы болсын) хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алламен ант етемін иман келтірмейді. Алламен ант етемін иман келтірмейді. Алламен ант етемін иман келтірмейді». Сонда Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Кім иман келтірмейді?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көршісі оның жамандығынан аман болмаған кісі»,—деді (Бұхари). Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) риуаятында: «Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімнің көршісі оның жамандығынан аман болмаса, ол Жәннатқа кірмейді» (Муслим).

Әбу Шурайхтың (Алла оған разы болсын) хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршісі оның жамандығынан аман болмаған кісінің иманы жоқ болатынына үш рет қасам ішеді. Оның мағынасы – жамандықтарынан көршілері аман болмайтын кісінің иманы толық болмайды. Өйткені, ол кісі өзінің зұлымдығымен және жамандығымен өзінің иманын кемітеді.

Ал Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) хадисінде Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жамандықтарынан көршілері аман болмайтын көрші Жәннатқа кірмейтінін хабарлады. Мағынасы: (Дұрысын Алла біледі) Ол кісі алғашқы кезінде ғана Жәннатқа кірмейді. Өйткені, хадистердің барлығының мағыналары – Алланы жалғыз деп білген адам алдында азапталса да, кейіннен Жәннатқа кіреді. Ол хадистің мағынасы –көршілері жамандықтарынан аман болмаған адам кәпір болып өледі.

КӨРШІГЕ ЗИЯН ТИГІЗУ – ҮЛКЕН КҮНӘЛАРДАН

Көршіге зиян тигізу кейде әртүрлі болады. Олардың кейбіреулері басқаларына қарағанда айырмашылығы аз болады, ал кейбіреулері үлкен болады. Көршіге тиетін ең үлкен зиян – жанұясының зардап шегуі. Ол Алланың алдында ең үлкен күнәлардың бірі болып саналады. Абдуллаһ ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын): «Мен Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдында күнәлардың ең үлкені қайсысы?»—деп сұрағанымда, ол: «Сені жаратқан Аллаға ортақ қосуың»,—деді. Мен: «Иә», ол үлкен күнә. Одан кейін ше?»—деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзіңмен бірге тамақтануынан қорқып, балаңды өлтіруің»,—деді. «Одан кейін ше?»—деп сұрадым. Ол: «Көршіңнің әйелімен зинақорлыққа баруың»,—деді (Бұхари, Муслим).

Пайдасы: Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, көршісіне шағымданды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бар да, сабыр ет»,—деді. Сонда ол кісі екі немесе үш рет қайтып келді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Бар да, заттарыңды жолға шығарып таста»,—деді. Содан кейін ол кісі заттарын жолға шығарып тастады. Сонда адамдар одан не істеп жатқан сұрай бастады. Ол адамдарға болған жағдайды айтып берді. Сөйтіп, адамдар оның көршісіне: «Алла оны мынадай жаза берсін...» т.с.с. лағынет етті. Кейін көршісі келіп: «Үйіңізге қайтыңыз. Енді менен жаман көретін нәрсеңізді көрмейсіз»,—деді» (Әбу Дәуд).

Сондықтан, балаларды жасынан көршіні құрметтеуге, ашық та, жасырын да қиянат жасамауға, жабықтан, саңылаудан сығалап, бақыламауға, жылт еткенін көріп, іші күйіп, қызғанбауға, күндемеуге, қажет болғанда, қарайласып, селбесіп, жәрдем қолын созып отыруға, сәлемін беріп, құрметін көрсетуге, кекетіп-мұқатпауға, әлдеқандай қиындыққа ұшырап, қырсыққа тап болса, табалап, қуанбаға, ішкі істеріне араласпауға тәрбиелеу керек. Ал тәрбиенің ең жақсысы – өзіміз іспен көрсететін тәрбие. Кейінгі ұрпақ көршімен болған татулықтың отбасының болашақ береке-бақыты үшін екендігін, олармен қарым-қатынастың Алла разы болатын, сауап жазылатын құлшылық екендігін жастайынан сіңіргені абзал...

25764 рет оқылды