Біршама уақыттан бері санамды мазалап жүрген бір тақырып бар. Сірә, тақырып деген тым шектеулі сөз болар, бұл – бүтін бір қоғамның, үмбеттің проблемасы дегенім әлдеқайда дұрысырақ. Мұсылмандарға айтылатын наз, тағылатын айып, алып-қашпа сөз, қолмен шұқушылардың көбеюі көп толғандырады. Соңғы ғасырда ғылым мен техниканың дамуы Алланың дінін, кітабын, пайғамбарларын таныстыруға мүмкіндік беруде. Алайда, қасықтап жинағанымызды бақыраштап төгіп жатқан секілді емеспіз бе? Мұсылман деген атауға шошып қараушылар бір бөлек, осы бір асқақ лауазымның қадірі қалмай бара жатқанын көремін. Асылында, өзге адамдар біздің Құранымызды, хадисімізді емес, мінез-құлқымызды, жүріс-тұрысымызды «оқиды».
Иә, иә, таптыңыз, менің қозғамақ болған басты тақырыбым – мұсылманның мінез-құлқы. Және мақсат – біреуді айыптау, сөгу емес. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Бір-бірімізге «таза» айна болсақ екен деген ниет қана...
Сіз бен бізге жетіспейтін бір нәрсе...
Мәселен белгілі бір компания халыққа өнімін ұсынар болса, оның басшысы немесе тікелей компанияға қатысты көзқарас сол өнім арқылы қалыптасады. Сол секілді, Алла Тағала мен Оның дінін таныстыратын – мұсылмандар. Мұсылмандардың мінсіз бола алмайтыны анық, алайда ислам – идеал дін. Сол кемелдікке талпыну арқылы исламды таныстыра алмақпыз, себебі, сырты сұлу емес нәрсенің ішіне үңілетіндер қатары тым аз. Кезінде Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалғыз өзі дінді қалай таратты деп ойлайсыз? Оның ең алдымен ісі, мінезі көркем еді. Құранда Алла Тағала оның бұл мінездерін бірнеше жерде мақтайды. Сол көркем мінездің, көркем қарым-қатынастың нәтижесінде сахабалардай абзал буын қалыптасты. Кейде сахабалар секілді құлшылық жасай алмайтынымызды айтып өкінеміз-ау. Шындығында, олардың жасағандарын қайталай алмайтындығымыз үшін емес, олардың жасамағандарын жасап жүргеніміз үшін қам жегеніміз дұрыс секілді. Олар мұсылман деген атқа, діндеріне кір келтірмес үшін өз қалауларынан бас тарта білетін адамдар еді...
Жақында танымал тұлғалардың бірінің әлеуметтік парақшасынан: «Қазақстандық мұсылмандарға жетіспейтін басты нәрсе – көркем мінез-құлық», «Бір-бірін (Ирак, Сирия) қырып жатқан, «ақырзаман» мұсылмандарын көргенде, «құмырсқаны басуға» қимайтын сахабаларды ерекше сағынады екенсің» дегенді оқыдым. Ой жүгірттім. Іштей келістім. Өзімді сөктім. Ұялдым...
Әлі есімде, Алланың қалауымен ең алғаш жаулық таққан күні бір бауырымыз: «Қарындасым, сен бүгіннен бастап «исламды таныстырушы» деген үлкен қызметке кірістің. Сен – үнсіз уағызсың. Енді сен нәпсіңнің, көңіліңнің қалауына еруден тыйылу керексің, әйтпегенде, дініңе зияныңды тигізесің. Әрбір жүрісің, тұрысың, сөзің, көзқарасың исламға кір келтірмейтін болсын!» деп өсиет айтқан болатын. Алайда, білу – бір бөлек, білгеніңе сай амал жасау – мүлде басқа нәрсе екен. Кез келген ыдыс лық толғанда ғана тасиды емес пе, сыртқы әрекеттеріміз әдемі көріну үшін ішкі тәрбиені қолға алу маңыздырақ дер едім. Маған дәл қазір жан, болмыс, мінез тәрбиесі ауадай қажет. Мұндай жақсы қасиетті әрбір мұсылманға тілеймін.
Келісесіз ғой, аузымыздан шыққан сөз қанша керемет болса да, өзгелер ісімізге қарап қана баға береді, қабылдайды, әсер алады. Сөзіңді өткізу үшін көңілін көркем мінезіңмен жаулап алуға тиіссің.
Мұсылманның мұсылманға деген көркем қарым-қатынасы
Ібіліс Жәннаттан иманының жоқтығынан емес, мінезінің нашарлығынан қуылды. Және таразыда ең ауыр болатын нәрселердің қатарында – көркем мінез-құлық бар. Ғұламалар:«Ислам үш нәрседен құралады. Олар: иман, шариғат және көркем мінез» деген екен. Көп адамда көл-көсір білім болмаса да, дін туралы түсінік бар. Алайда, исламның сұлулығын көрсететін мінез-құлық жоқ. Бұл қатарда мен де бармын. Сондықтан, аталған тақырыпта насихат айтуға лайықсызбын.
Тек адамдарға да бір сәт көңіл бөлуді, оларға да көркем қарым-қатынас жасауды естен шығармасақ екен деген ой тастағым келеді. Мұсылман бауыры үшін жақсылық жасаудан бұрын, дұға жасауға ерінетін адамдар арамызда бар. Негізінде, мұсылманның мұсылманға деген махаббаты өзгенің исламға деген махаббатын оятуы мүмкін. Махаббат пен сыйластық көп нәрсені құтқарады. Мұсылманның бір-біріндегі міндеті, хақысы туралы жақсы білеміз, тек амалға шығара алмағандығымыздан шалыс басудамыз. Жазылып жатқан, айтылып жатқан хадистер - мұражайға қойылып, адамдар оған қызықтап қарап кететiн ескiнiң көзi болып қалатын күннен сақтасыншы Алла! Ал оқығанымыз, естігеніміз компьютер жадындағы ақпарат секілді сақталып қана қалатын күнге жеткізбесінші Алла! Дін дегеніміз – Аллаға жасалатын құлшылық, адамдарға жасалатын жақсылық демей ме? Жаратқанның хақын беріп, жаратылғанның да алдында міндетіміз барын ұмытып қалатынымыз өкінішті...
Сөз түйіні...
Көркем мінез, жауапкершілік, азаматтық деген қасиетке әрбір мұсылман зәру. Реті келсе, үкіметті, қоғамды айыптауға шебер-ақпыз. Ақиқатында, қоғам – жеке адамнан құралады. Биліктің де тамыры халықта жатыр. Халықтың қандай кемшілігі не артықшылығы болса – билік те сондай адамдардан құралады. Ендеше, өзіміз өмір сүретін қоғам қаншалықты жақсы болсын, ислам мен мұсылмандар мәртебесі қаншалықты мерейлі болсын десек, өзіміз де соншалықты лайықты болу керек екендігімізді ескерсек екен. Барлық игілік өзімізді түзеуден басталады...
Кәусәр АбдулХаким