22:30 | Емен-жарқын
Дәстүр 2020-02-26 (0) (7712)

ТАМАҚТАНАР АЛДЫНДАҒЫ 7 ӘДЕП

ТАМАҚТАНАР АЛДЫНДАҒЫ 7 ӘДЕП

-1-

АСТЫҢ АДАЛДЫҒЫ

Ішкен асымыздың халал болуымен қатар, сүннет пен тақуалыққа сай адал жолмен табылған болуы керек. Яғни мәкруһ (ұнамсыз әрекет), күмәнді жолдармен келмеген болуы керек (Ұрланған, тартып алынған, т.б). Өйткені Алла Тағала таза нәрсені, яғни халалды жеуді әмір етті. "Әй, Пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер және ізгі амалдар жасаңдар..." ("Мүминун" сүресі, 51-аят). "Әй, мүміндер, өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді" ("Ниса" сүресі, 29-аят) деп, тыйым салған кезде арам жолмен жеуді кісі өлтіруден бұрын атап өтті. Бұл арам істің зияны мен адал істің берекесінің мол екендігін көрсетеді.

Демек, тамақтанудағы негізгі қағида - оның адал болуы.

-2-

ҚОЛДЫ ЖУУ

Ата-анамыз кішкентай кезімізден "тамақ ішер алдында қолыңды жу, ауру боласың!" - деп қатаң ескертетін еді ғой. Расымен де, күнделікті тіршілік барысында қол кірлемей тұрмайды. Сондықтан ас ішер алдында қолды тазалап жуу керек. Бұл, біріншіден, тазалық болса, екіншіден, денсаулық кепілі.

-3-

ДАСТАРҚАНҒА ҚОЮ

Тамақты жерге жайылған дастарқан үстіне қою. Үстел үстіне қойылғаннан гөрі осылай жасау - Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ісіне жақынырақ. "Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ас келген кезде жерге қоятын" (Ахмад ибн Ханбал). Жерге қоюға келмесе дастарқан үстінде желінеді. Бұл жолаушылықты еске салады. Ал, жолаушылық адамның ақырет жолаушылығы мен тақуалық азығына мұқтаждығын еске салады. Әнәс ибн Мәлик (р.а) айтады: " Расулалла (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үстел үстінде де, сукуржамен (сукуржа - тәрелке түрі) де тамақ жемеген" (Бұхари). Сонда одан "Олай болса, ненің үстінде жеуші едіңдер?" деп сұрағанда ол: "Жерге жайылған дастарқан үстінде" деп жауап берген.

-4-

ДАСТАРҚАН БАСЫНДА ӘДЕП САҚТАУ

Тамақ ішіп бастағаннан соңына дейін дұрыстап отыру қажет. "Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейде тізерлеп екі аяғының үстіне отыратын, кейде оң аяғын тіктеп, сол аяғының үстіне отыратын және "Жантайып жатып тамақ ішпейтін. Мен құлмын. Құл сияқты жеймін, Құл сияқты отырамын" дейтін. (Бұхари)

Жантайып жатып су ішу, жатып тамақ жеу де мәкруһ (ұнамсыз әрекет). Асқазанға зиянын тигізеді.

-5-

ЖАҚСЫЛЫҚҚА НИЕТ ЕТУ

Тамақ жеу арқылы Аллаға құлшылық етуге күш жинап, ғибадатшыл болуға ниет ету. Тамақ жеуден ләззат алу немесе дүние қызығына қануды мақсат етпеу керек. Ибрахим ибн Шайбан: "Сексен жылдан бері нәпсімнің құмарлығы үшін ештеңе жеген емеспін" деген. Сөйте тұра, одан да аз жеуге тырысады екен. Себебі, ғибадат жасауға күш жинау үшін тамақтанған адам тоймай жеген жағдайда ғана ниетін растай алады. Ал тоқтық ғибадатқа қуат бермейді, керісінше кедергі болады. Сондықтан нәпсіні тыйып, қанағатты молшылықтан жоғары қою қажет. Расулалла (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Адам баласы өз қарнынан жаманырақ ешбір ыдыс толтырмаған. Адам баласына белін тіктеп жүруіне жарайтын бірнеше жұтым тамақ жеткілікті. Егер олай істей алмаса, онда үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, үштен бірі дем алуға қалдырсын" деген. (Тирмизи)  

Осы ниеттің шартты нәтижесі бойынша адам қарны ашпайынша тағамға қол созбауы керек болады. Тамақ жеуге ниеттенбес бұрын қарынның ашуы қажет. Әрі тамаққа отырғанда тоймай тұрып тоқтауы тиіс. Кімде-кім осы әдепті сақтайтын болса, денсаулығы жақсы болады.

-6-

БАРҒА ҚАНАҒАТ ЕТУ

Бар несібеге, алдындағы тамаққа разы болып, молшылықты және одан артығын іздеуге тырыспау, қосып жейтін дәмдеуіштер дәметіп, күтпеу. Негізінде, нанға құрмет дегеніміз - оған қосып жейтін қатықты күтпеу. Нанды құрметтеу жайында бұйрық бар (Бәззар, Табарани). Демек, адамға әл  беретін, ғибадат үшін қуаттандыратын әрбір нәрседе оны қорлауға болмайтындай көптеген қайыр бар.

-7-

КӨППЕН БІРГЕ ЖЕУ

Асын көпшілікпен жеуге тырысу (Өз әйел, бала-шағасымен бірге болса да). Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Тамақтанғанда бірігіңдер! Сонда астарыңа береке дариды" деген. (Хайрайти)

Әнәс (р.а): "Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Ең жақсы тамақ - үстінде қолдар көп болған тамақ" деген.

P.S: Осымен мақаламыз да өз мәресіне жетті. Алла нәсіп етсе, алдағы уақытта тамақтану кезіндегі әдептерге де бір мақала арнау ойымызда бар. Алла Тағала алдымыздағы асымызды адалынан еткей!

 

7712 рет оқылды