Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Исламға шақыруды алдымен өзінің жақын адамдарынан, отбасы мүшелері мен дос-жарандарынан, Алланы шын жақсы көретін кісілерден бастады. Олардың арасынан бір топ адам Исламға кірді. Себебі, олар Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтірік айтпайтын, шыншыл екенін өте жақсы білетін. Ең бірінші ақиқатты түсінген бұл адамдар Ислам тарихында «алғашқы озушылар» деп аталды. Олардың төртеуі Исламды дағуат жасаған алғашқы күнде-ақ қабылдаған. Олар:
1. Хадиша (р.а)
2. Зәйд (р.а)
3. Әли ибн Әбу Талиб (р.а)
4. Әбу Бәкір (р.а)
1. Хадиша (р.а) – барлық мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын адамдарының бірі. Күйеуіне пайғамбарлық міндет жүктелгеннен бастап-ақ барлық оқиғалардың бел ортасында жүрген, оны үнемі демеп, қолдаған, оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жай-күйін бәрінен артық түсінген, жанына медеу болған адал жары.
2. Зәйд – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) азат еткен құлы. Зәйд Исламға дейін тұтқынға түсіп, құлдыққа жегілген еді. Зәйдтің қайда жүргенін білген әкесі мен көкесі Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оның құнын төлеп, өздерімен бірге алып кетулерін өтінеді. Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Зәйдке жақындарымен еріп кетуіне не өзімен қалуына болатындығын айтып, таңдау еркін оның өзіне береді. Зәйд Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалатын болып шешеді. Содан кейін Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арабтардың салтына сай, оны өзіне бала етіп алады. Сонан соң жұрт оны Зәйд ибн Мұхаммед деп атайтын болады. Бұл Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық жүктелмес бұрын болған жайт еді, алайда кейін шариғаттың үкімі бойынша біреуді бала етіп алуға тыйым салынғандықтан, жұрт оны өз әкесіне теліп, Зәйд ибн Хариса деуге көшкен. Зәйд Мута деген жорыққа мұсылмандардың әскерін бастап барып, сол шайқаста қаза тапқан.
3. Әли ибн Әбу Тәліп – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі Әбу Тәліптің ұлы. Ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолында тұрып, қамқорлығында өсіп жатқан жасөспірім болатын.
4. Әбу Бәкір әс-Сыддық – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жан досы. Әбу Бәкір Исламды қабылдағаннан кейін Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оң қолы болып, Исламды белсенді түрде уағыздай бастады. Әбу Бәкір тумысынан мінез-құлқы жақсы, қайырымды, адамдардың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген, жұмсақтығымен, жайсаңдығымен, кеңпейілдігімен дараланған, сауданың қыр-сырын жақсы білетін кісі еді. Көркем мәмілелі Әбу Бәкірмен әркім-ақ әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасқысы келіп тұратын.
Ақиқатты түсінген Әбу Бәкір де (р.а) жақындары мен тайпаластарын иманға шақыра бастаған. Оның шақыруын қабыл алғандар Исламның алғашқы қарлығаштары болды. Олар:
Осман ибн Аффан
Зубәйр ибн Аууам
Абдур-Рахман ибн Ауф
Сағд ибн Әбу Уаққас
Талха ибн Ғұбайдуллаһ әт-Тәймилер еді.
Олардан кейін де көптеген ерлер мен әйелдер Алланың дініне кіріп, Меккеде Исламның аты жайылып, жұрт адамдардың жаңа дінді қабылдап жатқанын әңгіме ете бастады. Бұл адамдардың барлығы Исламды жасырын түрде қабылдады. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы мұсылмандармен астыртын бас қосып, оларға дінді түсіндіретін. Өйткені Алладан дінді ашық уағыздау жайлы бұйрық әлі түскен жоқ еді.
«Муддәссир» сүресінің алғашқы аяттары түскеннен кейін уахи бірінен соң бірі үздіксіз келіп жатты. Осы уақыт аралығында түскен аяттар мен сүрелердің бөліктері сол кездегі ахуалға сәйкес келетін қысқа аяттар еді. Бұл аяттардың терең мағыналары адамдардың жүрегін баурап, оларды рухани дамытты, жан дүниелеріне тыныштық сыйлап, ойларын тазартты.
Міне, сол кезден бастап-ақ Алланың қалауымен ақиқатты түсінгендердің саны күн санап артқан үстіне арта берді. Исламды берік жіпке балап, одан жабысып ұстанған мұсылмандар соңғы демдері қалғанша ақиқат үшін күресті, түрлі қиындықтар мен сынақтарға төтеп беріп, айналасына Исламның кемелдігін, жарық нұрын шаша білді. Алла оларға разы болсын!