22:30 | Тәтті Time

Жаңа ешнәрсе жоқ

Жаңа ешнәрсе жоқ

 

Жасы сексеннен асып, қартайған бір ата бар еді. Сол кісі аяқ астынан зәр шығара алмай қатты қиналды. Балалары дереу жедел-жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізді. Тәжірибелі дәрігер ойланбастан іске кірісті. Сәлден соң жан қинаған зәр сыртқа шығып, атаның хәлі бірден жеңілдеп сала берді. Балалары дәрігерді жан-жағынан қаумалап, алғыстарын жаудырып, мақтап жатты. Сосын әкелеріне назар аударып еді, ол кісі егіл-тегіл жылап жатыр екен. Олар әкелерінің көңілін аулап: «Бәрі жақсы болды, бәрі артта қалды, енді неге жылап жатырсыз?» - деп сұрасты. Сонда ата жылауын тоқтатып былай деді: «Мына дәрігер бала маған бір рет көмек көрсетіп еді, оған алғыс жаудырып, құрметке бөледік. Оның қадірі мен орнын түсініп қалдық. Ал Алла Тағаланың маған сексен жыл бойы жеңілдік жасап келгеніне ойланбаппын. Осыншама уақыт бойы Өзінің жомарттығы мен кеңшілігіне сай, ешқандай операцияға мұқтаж қылмай, өз қажетімді өтеуге мүмкіндік беріп келіпті. Алланың қадірін осы уақытқа дейін сезінбей келіппін» - деді.

     Расында, Алланың нығметтеріне бойымыз үйреніп кеткені соншалықты, егер бізден біреу халымызды сұрай қалса: «Жаңа ешнәрсе жоқ», - деп жауап қатамыз. Нығметтерді үздіксіз пайдалана отыра есен-саулықтың жаңарып отыратынын сезінбейді екенбіз.

      Я, Раббымыз! Саған ауырмаған күндеріміздің баршасы үшін, есепсіз нығметтерің үшін шүкірлік әрі мақтау-мадақ арнаймыз. 

4773 рет оқылды