07:50 | Құран құндылықтары
Бизнес 2014-12-10 (0) (8711)

Қолдағы байлықты сақтап қалудың бір жолы

Қолдағы байлықты сақтап қалудың бір жолы

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алып жатқан Сағд есімді сахабаның жанынан өтіп бара жатып: «Уа, Сағд, бұл не деген ысырапшылдық?» дейді. Ол: «Сонда дәрет алу кезінде де үнемшілдікке орын беріле ме?» деп сұрады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, тіпті сен өзен жағасында тұрсаң да» деген екен. (Ахмад, Мәжаһ).
Адам баласы ағып жатқан өзен жанында бола тұра үнемдеуге бұйырылса, кейбір өзімізге де, өзгеге де пайдасы жоқ шығындарымыз үшін уайымдауымыз абаз амал.

Өйткені, ысырап – шүкірлікке қайшы келетін ұғым екен. Шүкірлік етуші пенде өзіне келген нығметтердің Иесі Алла екендігін түсініп, артынан болатын есепті ойлап тұрады. Алла Тағала «Исра» сүресінің 26-27-аяттарында: «Сондай-ақ жақындарға, кедейлерге және (жолда қалған) жолаушыға хақысын бер, бірақ тым шашылма, негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал, шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды» дейді.

Сондай-ақ, қазақта «обал, сауап» деген мәні терең ұғым бар. Ал обал – ысырап жасалғанда айтылатын сөз және обалдың адамға міндетті түрде кері әсері болады. Алла Тағала Құранда шүкір етуші пенделерге несібесін арттыра беретіндігіне уәде берді. Осыған байланысты ғалымдар қолда бар нығметтерді сақтап қалудың ең басты жолы – дер кезінде шүкір ете білу деген.

Алла ысырап етушілерді сүймейді

 

Жоқ, шариғатымыз, адамды киінуден, ішуден, жеуден, жақсы өмір сүруден тоспайды. Керісінше, Алла Тағала Өзі берген нығметтерді бойынан көрсете білетін құлдарын жақсы көреді. Бірақ, бұл да белгілі бір өлшеммен болуы керек екен: «Ей, Адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті киініңдер. Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді». («Аъраф» сүресі, 31-аят). Яғни, сіз Алланың берген нығметін өз бойыңыздан көрсету мақсатында әдемі әрі таза киінсеңіз, құлшылық жасауға қуат алу үшін тамақтансаңыз – мұның өзі құлшылық болмақ. Ысырап ұғымы тек дәулетке, байлыққа ғана емес, білімге, уақытқа,  денсаулыққа, сөзге қатысты да қолданылады. Әбубәкір Кердері бабамыздың: «Ізгілік етсең сөйлеме, Ысырап болар қалғаның» деген даналық ойы осы тұста айтылатындай...

 

Ысырап жасамау – Алла берген нығметтерді шектеу деген сөз емес, бұл – өзіне қажет мөлшерден артық жұмсамау, мұқтаждықты ғана өтеу, мақтангершілікке, «елкөрсінге» ұрынбау, қысқасы, шектен шықпау. Алла Тағала Құранда мақтаған құлдардың бір сипаты: «Әрі олар (дүниелерін) жұмсағандарында ысырап та қылмай және сараңдық та етпей, осының арасында тура болатындар» («Фұрқан» сүресі, 67-аят). Яғни, олар зекет не ерікті садақа бергеннің өзінде ысырап та, сараңдық та жасамайды. Өз дүниелерін игі жұмыстарға лайықты түрде жұмсайды. 

8711 рет оқылды