23:20 | Жас қари
23:45 | Парламент тынысы
Руханият 2019-11-08 (0) (21904)

ҚҰРАНДА АТАЛҒАН ЖЕМІСТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ

ҚҰРАНДА АТАЛҒАН ЖЕМІСТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ

 

Заманауи медицина мен ғылым Құранда аталған барлық жемістердің адам ағзасына тигізер мол пайдасы мен көптеген сырқаттардың шипасы болатындығын толықтай дәлелдеп шықты. Мұнда ойланғанға мол ғибрат бар...

 Әсіресе, олардың пісіп-жетілуі, бойындағы бай минерал мен дәрумен қоры таңғалдырмай қоймайды. Барлық тіршілік атаулыға ортақ болған бір ғана топырақтан алуан ағаш көктеп шығады, содан кейін түрлі жемістер пайда болады, ал олардың иістері, дәмдері, түстері, адам ағзасына әсері де алуан түрлі... Бәрі де сондай ғажап, мінсіз жүйемен орайластырылған, көз қуантар кейіпте, сана жетпес пішінде өсірілген: «Әрі Ол аспаннан су түсірген. Біз ол арқылы әртүрлі өсімдіктерді шығардық.Одан көк шығарып, ал одан шоғырланған дән шығарамыз. Құрманың түйінінен иілген жемісті шақтар шығарамыз. Сондай-ақ, жүзімнен бақтар және бір-біріне ұқсайтын, ұқсамайтын зәйтүн мен анар шығарамыз. Олардың жеміс салған және жемісі пісіп жетілген кезіне назар салыңдар. Ақиқатында, мұнда имандылар (мүміндер) үшін белгі-дәлел бар» («Әнғам», 99-аят).

Сіз осы белгі-дәлелдер туралы ой жүгірте тұрыңыз, ал біз Алланың Кітабынан орын алу мәртебесі бұйырған жемістер мен олардың сіздің денсаулығыңызға пайдасы туралы аз-кем сөз қозғап көрмекпіз.

Құрма

44d17f2d098634a468b25872e066604a.jpg

«Құрманың діңін өзіңе қарай сілкі. Саған жаңа піскен құрма түседі. /Құрмадан/ же, су іш әрі тыныштыққа бөлен!» («Мәриям» сүресі, 25-26) (толғағы келген Мәриям анамызға Алланың бұйрығы).

Құрманың құрамдас бөлігін 15-ке жуық тұз және минералды заттар: мыс, темір, магний, мырыш, марганец, фосфор, натрий, алюминий, кадмий, кобальт, күкірт, бор т.б. құрайды. Жемістің құрамында: алмада, бананда, апельсинде жоқ 23 аминқышқылдары бар. Құрамында: А, В1, В2, В3, В6, PP дәрумендері бар.

Жүктілік кезеңінде әйел ағзасындағы  В9 (Фолиевая кислота) дәруменіне деген сұраныс екі есеге дейін артады. Сонымен қатар, В9 фолиев қышқылы – жасушалардың бөлінуі мен генетикалық құрылымының қалыптасу процесі кезінде маңызды рөл атқарады. Міне, сондықтан да құрсақтағы баланың дамуы барысында ананың ағзасы бұл дәруменге жиі мұқтаждықты сезінеді. Ал, құрма дәл осы, В9 фолиев қышқылының көзі болып табылады. Ғылыми тәжірибелер, жүктіліктің соңғы айларында құрманың жатыр бұлшық еттерін күшейтетін ынталандырушы қасиетке ие екенін дәлелдеген.

Құрманың құрамында кездесетін химиялық зат – окситоцин, медицинада жүкті әйелдің босануын жеңілдетуші препарат ретінде қолданылады. Окситоцин – дұрысында, ми гипофизасының артқы бөлігінен бөлінетін, толғақты бастаушы, жатыр мен жамбас бұлшық еттерінің жиырылуын шақыратын гормон. Ана ағзасындағы босанар алды барлық дайындық, осы гормонның ықпалымен жүзеге асады. Босану барысының сәтті өтуі үшін, жатыр бұлшық еттерінің дұрыс жиырылуы өте маңызды. Окситоцин жатыр бұлшық еттерінің жылдам жиырылуына әсер етеді. Босану процесі аяқталған соң да окситоцин ағзадағы өз жұмысын жалғастырады. Яғни, дүниеге жаңа келген сәби үшін ең маңызды саналатын ана сүтінің сүт бездерінен бөлінуін қамтамасыз етіп, механизм іспетті қызмет атқарады. Құрманың медицина саласы үшін ашылған бұл үлкен жаңалығына қол жеткізу, тек ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері арқылы ғана мүмкін болған. Ал, бұл осыдан он төрт ғасыр бұрын Құранда, Мәриям анамызға қатысты аяттарда баян етілген...

Сондай-ақ, құрма – қатерлі ісік (рак) ауруларына қарсы заттарға бай. Адамның жүйке жүйесіне игі әсер беріп, тыныштандырады. Бауыр, ішек құрт инвазия ауруларына, терінің құрғауы, еріннің тілінуі, шаштың түсуі, тырнақтың сынғыштығы секілді жағдайларда өте пайдалы. Ол – сүйек пен тістің саулығына өте қажетті фосфорға бай. Құрамында А витаминінің көп болуы жүйке жүйесінің, қалқанша безі мен өкпе қызметінің жақсаруына үлес қосып, күш-қуатты көтереді және терінің жаңарып отыруын қамтамасыз етеді. Құрма қан құрамындағы холестериннің деңгейін төмендетеді. Ішек қызметін қалыпқа келтіреді (іштің қатуы кезінде өте пайдалы),  көз ылғалдылығының сақталуына көмектесіп, түнде көргіштігін жақсартады...

Інжір 

ИНЖИР.jpg

«Ант етемін інжір және зәйтүнмен» («Тин», 1-аят).

Інжір де өз тарапынан түрлі дәруменге бай. Атап айтсақ құрамында  C, B1, B2 дәрумендерімен қатар каротин, кальций, калий, фосфор, қант, пектин заты бар.

Інжірдің құрамындағы эфир майы қан құрамын жүйелендіріп, оның қоюланып кетуіне жол бермейді. Ыстықты қайтаратын дәріні ішудің қажеті жоқ. Оның орнына күніне бір інжір жеп тұрсаңыз болады. 

Інжір мен зәйтүн тағамдық және фармацевтикалық құндылыққа ие болғандықтан, адам денсаулығында ерекше рөл атқарады. Інжір қақырық себебінен болатын құрғақтықты кетіріп, әсіресе тамақта толық шықпай қалған қақырықты  түсіреді, тамақ,  кеуде, суық  тию, тұмау ауруларына өте пайдалы. Жөтелі күшейген адам үшін таптырмас ем. Зәрді көбейтеді. Тәбеті нашар болған кісі үшін аш қарынға жаңғақ немесе бадана дәнімен қосып жесе тәбеті ашылады. Әрі суық тиюге қарсы антисептик саналады. Гемморой, қан тамырлары ауруына інжірдің пайдасы мол. Бүйрек тасын түсіріп, қуықты тазалайды. Улануға қарсы күресу қасиетіне ие. Кептірілген інжір де өте пайдалы. Мәселен, сүт немесе сумен қайнатып ішсе, қызылша,  қышыма  ауруларына, ыстық-суықтан пайда болған қызаруларға пайдалы. Жүйке жүйесін тыныштандыру қасиетіне ие. Суға  қайнатып ауыз қуысын шайса, етжиек жараларына ауыз қуыс жараларына ем. Інжірдің жүкті немесе бала емізетін аналар үшін орасан зор пайдалары бар.

Жүрекке, сүйектердің мықтылығына, ас қорыту жүйесіне көмектеседі. Қанды, ішекті тазартады.

Зәйтүн

 ОЛИВКИ.jpg

 «...Сондай-ақ, жүзімнен бақтар және бір-біріне ұқсайтын, ұқсамайтын зәйтүн мен анар шығарамыз. Олардың жеміс салған және жемісі пісіп жетілген кезіне назар салыңдар...» («Әнғам», 99).

Құрамындағы A, B, C, D, E, F, K витаминдері тотығу арқылы адам ағзасына қауіп төндіретін еркін радикалдармен күреседі.  Сондай-ақ бойдағы сүйек пен бұлшық ет тіндерін қатайтып, асқазан, ішек жұмысын жақсартады. Басқа майларға қарағанда зәйтүн майында көп кездесетін линолей қышқылы денедегі холестеринді азайтады, жаралардың тез жазылуын қамтамасыз етіп, көздің өткірлігін күшейтеді. Өз кезегінде фенолдар иммунитетті көтеріп, кәрілікті баяулатады.

Зәйтүнді пайдалы ететін оның моноқанықпаған майлары. Оны тағамды қуыруға да, табиғи күйінде де қорықпастан пайдалануға болады. Сіздің ағзаңыз өзіне керектіні алып, артығын қабылдамайды.

Зәйтүннің тағы да бір тамаша қасиеті қатерлі ісік ауруына душар болу қаупін сейілтетіндігінде және мұның бәрі де ғылыми түрде дәлелденген.

Дәрігерлер зәйтүн майын тамақпен бірге күніне кем дегенде бір рет қолдану – әйелдердің омырау безі обырының алдын алып, онкологиялық аурулармен күресетінін айтады. Себебі, зәйтүн омырау безі обырының пайда болуына себеп болатын HER-2/neu онкогеніне қарсы тұрады. Басқа майларға қарағанда оңай сіңіріледі, сондықтан кез-келген қан тобындағы адам пайдалана алады.

Диабет ауруын емдеудегі зәйтүн майының ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Соңғы зерттеулер бұл майдың диабетті қадағалап тұра алатындығын көрсетті. Сондай-ақ, күн сайын аш қарынға қабылданатын 1 қасық зәйтүн майы, иммунитетіңізді күшейтуге, артық салмақтан арылуға және ас қорыту мәселелерін шешуге көмектеседі.

Зәйтүн майын қырынуға арналған кремнің орнына қолдануға болады. Теріңізді қырып қана қоймай, сондай-ақ  ісініп қызарудан сақтайды және ылғалдандырады.

Зәйтүннің Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көріп, күнделікті қолданатын майы болғандығын да айта кету керек. Хадистерде майды бет күтіміне, шаш, қас күтіміне пайдалану керектігі айтылады.

Шашыңыз құрғақ болса, ал бас теріңіз қабықтанса, зәйтүн майын қолданып, шашқа арналған шипалы кондиционер дайындауға болады. Ол үшін жарты кесе ысытылған майды шашыңызға жағып, басыңызға арнайы телпек тағып, оның үстіне сүлгі орап, сол күйде 45 минут отыру қажет. Уақыт өткен соң, шашыңызды су сабынмен жақсылап жуу керек. Бұл әдіс шашыңыздың әдемілігін қайтару үшін өте тиімді.

Банан

cac860a106be97562c2e79f3b3fee356.jpg

«...Және жемістері шоғырланған банан ағаштары арасында» («Уақиға», 29).

Банан – дәмді әрі жеңіл жеміс. Ағзада тез қорытылып қана қоймайды, денсаулыққа әкелер пайдасы мол. Бананның 100 граммында - 376 мг калий бар, бұл шамадан артық сұйықтықты ағзадан шығару үшін жеткілікті. 100 грамм бананда 2,3 грамм жасұнық (клетчатка) болады. Ол қан құрамындағы холестериннің шамасын төмендетіп, жүректі аурулардан сақтайды.

Ауыр жұмыс күнінен кейін тынығып дем алуға банан сусыны көмектеседі. Банан және басқа да сүйікті жемістеріңізді (манго, ананас) блендерде үгітіп, йогурт, бал, апельсин шырынын қосыңыз.Банан - мықты афродизиак. Калий, А дәрумені, табиғи қанттар күтпеген сезімдердің бастамасы бола алады.Қаны аздар үшін банан таптырмайтын тағам. Оның жұмсақ затындағы темір мөлшері айтарлықтай көп болуы, анемиясы бар адамдардың тағам рационына қосуға бірден бір себеп болып табылады.  Банан құрамындағы көп калий қан тамырлардың жағдайын жақсартып, инфаркт және инсульт пайда болу жиілігін азайтады. Гипертонияға ем. Бананда бар антиоксиданттар және аминқышқылдар ағзаны қолайсыз факторлардан қорғап, қорғаныштық қасиеттін, яғни иммунитетті жоғарылатады. Банан бүйрекке оң әсер көрсете алады. Пайдалы заттар, микроэлементтер бүйрек қызметіне көмектесіп, құм мен тастардан арылуға көмегін тигізеді. Банан жүрек айну немесе жүктілер токсикозы кезінде көмектесетін ғажап тағамдардың бірі.

Банан қабығы жәндіктер шаққаннан кейін пайда болатын қышуға жақсы көмектеседі. Қабығын ішкі жағынан шаққан жерге біраз уақыт қойса, нәтижесі бірден байқалады.

Анар

78c9fb26451210dd8b75bbd3c04ce860.jpg

«Ол екеуінде жемістер, құрма және анар бар» («Рахман», 68).

Анар жидегінің құрамында А,В,С,Е дәрумендері мен калий, йод, темір, кремний, кальций сияқты минералды заттар бар. Ал анар шырынында шарап немесе көк шәйға қарағанда антиоксиданттардың мөлшері өте көп.

Анар құрамындағы С дәрумені ағзаны сыртқы орта әсерінен қорғайды. Ауыз қуысы, тері, тамақ, тіс, инфекциялық аурулардың алдын алады. Салқын күндері тұмау мен суық тиюден сақтайды. Анар адам ағзасындағы кез келген дерттен айығуға жол ашады. Қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, иммунитетті күшейтеді.Анар жидегі немесе оның шырыны, әсіресе, мектеп оқушылары мен сынақ тапсырғалы жатқан студенттерге аса пайдалы. Оның құрамындағы минералды заттар мен жеміс-жидек қанты ми жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады.Гастрит, асқазан жарасы т.с.с түрлі асқазан ауруларымен зардап шегетін жандардың анар шырынын қайнаған сумен араластырып, пайдаланғаны жөн. Себебі, шырын құрамындағы әр түрлі қышқылдар асқазан ауруларын асқындырып алуы мүмкін.

Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия, қан тамыр аурулары асқынған кезде көмекке келеді. Сондай-ақ, анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі, анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.

Жүзім

diet-with-grapes.jpg

«Әрі онда құрма бақтары және жүзімдіктер жасадық және онда бастаулар ағыздық» («Йа син», 34).

Жүзімнің құрамында Р, С, В1, В2, В6, Д, Е, РР дәрумендері, калий, магний, кальций, фосфор, кобальт, никель, титан, бор, алюминий, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтер болса, піскен жүзімнің 100 грамында 154 грамм карбондық гидрат, 1 грамм протеин, 1 грамм май, 21 грамм фосфор, 0,6 мг темір, аз-аздан болса да басқа да элементтер, түрлі дәрумендер, су кездеседі екен.

Жүзім құрамындағы магний адам денесіне де, мидың да тынығуына да ерекше әсер етеді. Ол бауыр ауруларын, қан аздықты (анемия) емдеуде көп қолданылады. Құрамындағы жеміс қышқылдары(тартарик, малик, суксиник, фумарик, пирувик, гликолик қышқылдары) бүйрек пен ішек жүйесінің жұмысын реттеуде, қанның тазаруы мен майдың еруіне көмектеседі. Дененің вирустарға қарсы тұруын да күшейтеді. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың алдын алады, жүрекке жақсы әсер етеді, тамырларды қатайтады, қан ұюының алдын алады. Жүзімді қаны қою адамдарға ұсынған жөн. Өйткені, ол аспирин секілді қанды таратып, жүрек жұмысын жеңілдетеді. Жүзім асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттейді, қант диабетін емдеуде қолданылады, астмасы бар адамдар үшін пайдалы, адам терісін балғын әрі жас болуына ықпал етеді.

Жүзім қартаю процесіне қарсы. Яғни, ағзаны жасартады. Жүзім шырынын ағзадағы шлактардан арылу үшін пайдаланады. Жүзімнің қабығында орналасқан пигменттер иммунитетті нығайтады. Сол себепті, қою түсті жүзім пайдалырақ болып есептеледі. Қазіргі таңда жүзім косметология саласында бет терісіне арналған кремдер жасау үшін және целлюлитке қарсы өнімдер үшін қолданылып жүр.Жүзімнің еркектерге белсіздіктен арылуға көмектесетіндігі де дәлелденген.

21904 рет оқылды