Сұхбат 2019-11-01 (0) (8459)

Нұржан КЕРМЕНБАЕВ: "ЖҮРЕК ТЫНЫШТЫҒЫН ТАПТЫМ"

Нұржан КЕРМЕНБАЕВ:

Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы әнші Нұржан Керменбаев. Ол да ерке бала, бір үйдің отағасы, екі баланың әкесі. Сұхбат барысында қазақтың "қара баласының" атына заты сай қарапайым да, жайсаң мінезін байқадық.

Асыл арна: - Қазақта "Балаша қуану" деген тіркес бар ғой. Соңғы рет қашан бұлай қуандыңыз? Не себеп болды?

Нұржан Керменбаев: - Ассалаумағалейкум! Өте жақсы сұрақ екен (күлді). Иә, қазақта балаша қуану деген тіркес бар. Ойлап отырсам, Аллаға шүкір, түрлі себептермен балаша қуанған сәттерім өте көп болыпты. Соның ең есімнен кетпейтіні ұлдарым дүниеге келген сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Одан бөлек, әрдайым қолдап жүретін ағаларым барын білгенде айрықша қуанам. Айта берсем, біраз бар. Бастысы, осылай көп қуануды бұйыртқан Аллаға шүкір етуді ұмытпасақ болғаны.

 

Асыл арна: - Сіздің өміріңіздегі достықтың рөлі?

Нұржан Керменбаев: - Жалпы, қазақ айтады ғой «досы көпті жау алмайды» деп. Достықтың ең бір жақсы дүниесі - сырласа алатын, мұңдаса алатын адамыңның болуы ғой. Сол достық жайлы сөз қозғағанда, ең бірінші ата-анамды айту керек деп білемін. Сыр мен мұңыңды нағыз шынайы түсінетін жанның бірі, тіпті, біріншісі осы кісілер. Кейде, кез-келген мәселе жайлы ақылдасу керек болғанда ең алдымен анамның ойын тыңдаймын (Ағамыздың әкесі өмірден өткен екен. Арты хайырлы болсын!). Себебі мен үшін достықтың бастауы - солар. Одан кейін өз ретімен, шынайы бауырларға жол тартамын. Аллаға шүкір, өмірдегі де, өнердегі да достарым өте көп. Мұны мақтанышпен де айта алам (күлді). Жалғыздық тек Құдайға жарасады. Алла біз бен сізді жалғыздықтан сақтасын.

 

АНАМ МЕН ЖАРЫМ ҰҚСАЙДЫ

 

Асыл арна: - Шаңырақтың берекесін ұстап тұратын ұйытқы не?

Нұржан Керменбаев: - Шаңырақтың ұйытқысы, әрине, әйел. Біз көбіне түзде жүргеннен кейін, әйел адамдар шаңыраққа ие боп, үйдің берекесін келтіріп отырады. Сондықтан, анам мен балаларымның анасы аман болсын (күлді).

Асыл арна: - "Үнемі анамның ақ батасын алып жүремін" деп жазғаныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңыздан оқыған едім. Артыңыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарыңызға ананы қадірлеудің маңыздылығы туралы бірер сөз айтсаңыз.

Нұржан Керменбаев: - Иә, ол рас. Мейлінше, осы қағидадан ауытқымауға тырысамын. Өзгелерге де осы формуланы ұсынар едім. Әр істе жетістікке жетіп, жолыңыздың оңынан болуын қалайсыз ба? Ол оп-оңай. Сізді осы күнге жеткізіп, бағып-қаққан ата-анаңыздың ақ батасын алыңыз, оларды разы қылыңыз. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен «Алла тағала ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасын кері қайтармайды» деген хадис бар. Сол себепті, қазіргі жастарға әр нәрсені уақытында қадірлей біліңіздер дегім келеді. Ата-анаға көбірек уақыт бөліп, жақсылықтарды аямай, ең болмағанда, күлімдеп қарап, жылы сөйлеп көңілін аулаңыз. Жағдай келіп тұрса, барша қалауларын орындап, шетелге болмаса да, демалыс орындарына жіберіңіз. Еркеліктерін көтеріңіз Ол кісілер де жасы келген сайын кішкентай бала сияқты көңілшек болады. Барынша көңіл бөліп, шалғайда болсаң көбірек қоңырау шалып, жанында болсаң аяқ-қолын уқалап мәз қылып қойсаң, одан артық не бақыт керек?

 

Асыл арна: - "Келін - ененің топырағынан" деп жатамыз. Асыл жарыңыздың анаңызға ұқсайтын қасиеттері бар ма?

Нұржан Керменбаев: - Әрине, бар. Онсыз бола ма?! Мінез жағынан  ұяңдығы, биязылығы қатты ұқсайды. Жалпы, сырт келбеті жағынан да ұқсастықтары бар. Анамның жас кезіндегі суреттерін қарап отырып, келіншегім Назеркенің анама қатты ұқсайтынын байқаймын. Өзім бұрын да армандаушы едім, анам мен болашақ келіншегім екеуі жақын құрбыдай сырлас болса екен, әрбір істе ойлары бір жерден шығып, демалыс күндері де дүкенге бірге барып, мәз-мейрам боп жүрсе деп... Аллаға сансыз шүкір, қазір сол қиялымдағының  бәрі шынайы өміріме айналды.

Асыл арна: - Қандай әкесіз?

Нұржан Керменбаев: - Бауыр ет баламыз болған соң барынша көңіл бөлуге тырысамыз. Жаңа айтып өткенімдей, көп жағдайда сыртта, іс сапарда жүріп қаламын. Бірақ қазір техниканың дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз ғой, ұялы телефон бар, түрлі видеоқоңыраулар бар, ватсап бар дегендей. Сағынған кезде, осылай хабарласып, жағдай білісіп отырамын. Мысалы, қазір іс сапардамын. Алла қаласа, оларға бір айдан соң ғана бара алам. Үйде болған кезімде барынша уақытымды бөліп, бірге ойнаймыз. Тренировкаға барсам, басқа да себептермен сыртқа шықсам үнемі жаныма ерте жүрем. Жалпы, ұлдарым менімен жүргенді жақсы көреді. Кейде, үйде жылап қалатын сәттері да бар (күлді). Көбіне қаладағы кішігірім кездесулерге үлкен ұлымды ертемін. Өкінішке орай, олар да бала-бақшаға барулары керек қой, сол үшін кейде әжесі, анасы менімен бірге жібермей алып қалып жатады. Бірақ ұлым «мені неге алып кетпеді?» деп ренжиді, жылайды (күлді). Кеше де қоңырау шалып, «Әкешім, сені сағындым» деп жатыр. Мұндай сөздерін естігенде, әрине, жүрегің елжірейді, жандарында болып, иіскеп, маңдайларынан сүйгің келеді. Аллаға шүкір деймін, бізге осындай балапандарды сыйлап, әке болу бақытын сезіндірген... Ал, жалпы, қандай әке екеніме келсек, оны өзім айта алмайтын сияқтымын. Мұны анамнан немесе келіншегімнен сұрау керек-ау. Сырт көз жақсырақ біледі.

 

"АСЫЛ АРНАНЫ" ОТБАСЫМЫЗБЕН ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ"

Асыл арна: - Сізге не нәрсе мотивация береді?

Нұржан Керменбаев: - Бірінші орында, менің ең үлкен қозғаушы күшім - отбасым. Балапандарымның өсіп келе жатқанын, олардың болашағын, өмірімнің өтіп бара жатқанын ойлаймын. Сол үшін барынша жұмыс жасауым керек деймін. Қазіргі тіршілігімнің, жұмысымның бәрі отбасымның қамы ғой. Солардың қарны тоқ болса, көйлектері көк болса, мен үшін ең үлкен мотивация сол. Енді, одан бөлек те түрткі болатын себептер жоқ емес. Өз басым, еріншектікпен күресетін жандардың бірімін. Әр нәрсені уақытында істегенді жақсы көремін. Өз-өзіме көңіл бөлгенді жақсы көрем. Осының бәрі мені қозғаушы күш. Тіпті, кейде танымал тұлғалардың видео сабақтарын, қызықты оқиғаларын қараймын, Мұхамеджан Тазабек сынды ағаларымыздың уағыз-насихаттарын тыңдаймын. Асыл арнаның директоры болған соң айтып жатыр деп ойламаңыз (күлді). Ол кісі менің екінші ұлым Омардың тұсауын кескен болатын. Отбасымызбен ағамызды құрметтейміз, жалпы, Асыл арна телеарнасын жақсы көреміз. Алла сіздерге күш-қуат берсін, тіл-көзден аман қылсын. Тілекші тілеулес жандардың бірі Менмін.

Асыл арна: - Әмин, айтқаныңыз келсін! Келесі сұрағымызға ойыссақ. Бір сұхбатыңыздан "Намаз оқылған үйде береке міндетті түрде болады екен" дегеніңізді естіп едім. Жалпы намазға қалай келдіңіз?

Нұржан Керменбаев: - Намазға келуім, әрине, тек Алланың қалауымен болды. Маған осы нығметті нәсіп еткен ең бірінші Аллаға шүкір деймін. Соған сай етіп түрлі-түрлі сыртқы себептерді жіберді. Жақсы достар, ілімді ұстаздармен жолықтырды. Өнердегі Медет Көжекбаев атты бауырым бар, кезіндегі экс «Арай» тобының солисті. Ең алғаш осы бауырымның намаз бастағаны маған қатты әсер етті, қызықтым. Одан кейін «Намаз оқып үйренейік» деген кішігірім ғана жасыл кітап бар болатын. Соны оқыдым, дұғаларды, сүрелерді жаттадым. Жалпы, ішкі рухани дайындықты қосқанда жарты жыл ішінде намаз бастадым. Оған дейін «Мен не үшін жаралдым, кім жаратты?», «Құстар неге ұшады, адамдар неге ұшпайды?»  деген сынды сан қилы сұрақтарым бар еді. Міне, осының бәрінің жауабын Ислам дінінен, Қасиетті Құранның ақиқаттарынан алдым. Осы Құранды сыйлап, иманымды бекіткен үйдегі Ханшайымым, келіншегім - Назерке. Екеуміз үйленгеннен кейінгі бірінші жылы туған күнімде Құранның аудармасын сыйлады. Соны оқып, көптеген сұрақтарыма жауап таптым. Аллаға шүкір, еш нәрсеге өкінбеймін. Сонымен қатар барша жанға Құранның арабшасын оқуға мүмкіндік  болмаса, қазақша аудармасын оқыңыздар деп кеңес берер едім. Өйткені, Құранды оқып шыққан жан Аллаға белгілі бір деңгейде тағы да жақындай түседі. Сондықтан да Құран оқылған, Намаз оқылған үйде береке мен бірлік болады.

Асыл арна: - Сіз үнемі сұрайтын бір дұға?

Нұржан Керменбаев: - Ең бірінші сұрайтын дұғам «Бізге осы өмірде және ақыретте тек қана жақсылық бер, бізді тозақ отынан сақта». Одан кейінгі ең сүйікті дұғаларімнің бірі «Ақыретімді қайырлы ет» және қасиетті Құраннан алынған «ата-анамыз бізді кішкентайымызда мейірім-қамқорлығына бөлегеніндей, Сен де оларды мейірім-қамқорлығыңда ұста» дұғасы. Бұдан бөлек те көп қой: істеріміздің берекесін сұраймыз, екі дүниенің абыройын сұраймыз, еліміздің тыныштығын сұраймыз т.б.

 

Асыл арна: - Қазіргі қоғамда адамдар үлкен екі топқа бөліне бастады: бақытты болып көрінгісі келетіндер және шынайы бақытты жандар. Бұл туралы ойыңыз қандай?

Нұржан Керменбаев: - Расымен өте орынды сұрақ. Бай-бақуатты адамды бақытты деп білу қате. Нағыз бақытты жан - жүрек тыныштығын тапқан жан. Ал жүрек тыныштығын кім табады? Әрине, ол - Жаратушысын таныған, мойындаған әрі Онымен үнемі байланыста болатын адам. Міне, нағыз бақытты адам солар. Жалпы, әрбір тірі жан бақытты болуға лайықты ғой. Біз көбіне бақытты сәттерді бағалай алуды үйренуіміз керек. Сонда ғана өзіміздің шынайы бақытты жан екенімізді сезінеміз. Мысалы, сіз жиырма төрт сағат бойы бақытты болып жүре алмайсыз ғой. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда «Сендерді түрлі-түрлі  сезімдерге бөлейміз» деген мағынағы аяттарды түсіреді. Сондықтан, бірде қуанышты, бірде болмашы нәрсе үшін көңіл-күйің түсетін сәттер болады. Алла баршамызға осындай бақытты сәттерді бағалай білетіндей, шүкір ете алатындай Иман нәсіп етсін.

 

Асыл арна: - Әмин Нұржан аға, айтқаныңыз келсін. Сұхбатыңызға көп рахмет! Амандықта жүздесейік!

Сұхбаттасқан:

Үміт ҚОНЫСБЕК

8459 рет оқылды