( МАХМҰД ҚАШҚАРИ )
1915 жылы Түркияның Стамбул қаласында Ахмед Рифат баспасында басылған үш томдық «Диуани луғатит түрк» кiтабы жарыққа шығысымен-ақ, Махмұд Қашқари және оның бұл атақты еңбегi туралы хабар бүкiл дүниенi аралап кеттi. Түркi халықтары өкiлiнiң ХІ ғасырда аса жоғары ғылыми дәрежеде жазған атақты еңбегi бүкiл дүние жүзi ғылымында күтпеген үлкен жаңалық болды. Жаңалық болатыны бұған дейiнгi белгiлi мұралардың бәрi де арнайы филологиялық немесе тарихи этнографиялық зерттеулер болмай, дидактикалық сарында жазылатынды. Бiр себептен, ол дәуiрде филологиялық немесе этнографиялық зерттеулер жазуды күтудiң өзi тарихи жағдайлармен есептеспегендiк тәрiздi болып көрiнетiн едi. Күтпеген жаңалық болатын тағы бiр себебi түркi халықтарының өкiлi сол дәуiрде осыншалық бiлiмдар болады дегенге ресми батыс ғылымы сенбейтiн, өйткенi, олардың ойынша: түркi халықтары тек көшпендiлер, сондықтан олардың арасында ғылымға бейiмдiлiк болу мүмкiн емес. Оларды өркениетпен таныстырып, сауаттылық iзiн салған тек қана батыс деп есептелетiн. Сөйтiп, «Диуани луғатит түрктiң» жарыққа шығуы ғылым дүниесiнде аса үлкен оқиға болып бағаланды. Осылай болғанымен «Диуани луғатит түрк» туралы мәлiметтер бұған дейiн де болғанға ұқсайды. Мысалы, Мысыр елiнiң көрнектi тарихшысы Б. Айни Еуропа, Сирия, Үндi тарихына арналған бiр еңбегiнде қашқарлық ғалым ибн Махмұдтың еңбегiнен үзiндiлер берiп, оғуз руларының таңбалары, түркi тiлдерi мен ұйғыр жазуы жайында, түркiмен тiлiнiң кейбiр сөздерi туралы мәлiметтер берген. Сол сияқты, Қашқари мен оның еңбегi туралы Еуропаға алғаш хабар берген Венгер Ғылым академиясы. 1904 жылы жариялаған «Лингвистикалық энциклопедия» деп қарау мақұл сияқты. Энциклопедияда араб-түрк тiлiнде жазылған мұралардың ең ертедегiсi «Диуани луғатит түрк» делiнедi. Бұл, әрине, Махмұд Қашқари еңбегi екенiне күмән жоқ.
«Диуани луғатит түрк» һижра есебiмен 464 жылдың бесiншi айының алғашқы күнi (қазiргi жыл санау бойынша 1072 жылдың қаңтарында) жазыла бастаған, 466 жылдың алтыншы айының 10 күнi (1074 жылдың 10 ақпанында) аяқталған. Осыдан екi ғасыр өткен соң 1266 жылдың тамыз айында «Диуани луғатит түрктi» түпнұсқасынан бiр сириялық кiсi көшiрiп алады. Көшiрушi былай деп жазады: «Әуелi Сауа, кейiн Шам (Дамаск) қаласының тұрғыны Мұхаммед бин Әбу Бәкiр ибн Әбiлфатих, оны тәңiр жарылқасын, осы кiтапты түпнұсқасынан көшiрiп, 664 жылы оныншы айдың жиырма жетiншi жексенбi күнi бiтiрдi».
«Бұл кiтап менi өлiмге бiр табан жақындатты»
Махмұдтың өмiрбаянына қатысты мәлiметтер өте мардымсыз. Оның өмiрi жайындағы мәлiмет өз кiтабында айтқан азын-аулақ хабардан әрi аса қоймайды. Махмұдтың толық аты-жөнi—Махмұд абы Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари. Оның әкесi Қашқарда туып-өскен. Әкесi Қашқарда туып-өсiп, соның тұрғыны болғанымен, өмiрiнiң көп кезеңiн Баласағұн қаласында кешкен. Атақты ғалым осы Баласағұн қаласында (Қырғыстанның қазiргi Тоқмақ қаласы) туған. Балалық және жастық шағының көп мезгiлiн Ыстықкөл маңындағы қыстақтарда өткiзедi. Өзiнiң айтуынша, оның әкесi қараханидтер тұсындағы әмiршiлердiң бiрi Насыр ибн Әлидiң нәсiлiне жатады. Махмұд алғашқы бiлiмдi Қашқар қаласында алады да, кейiн Орта Азия мен Иранның бiраз қалаларын аралауға сапар шегедi. Сапарының негiзгi мақсаты өзiнiң бiлiмiн толықтырып, жетiлдiру еді. Ол сол заманғы араб мәдениетi мен ғылымының көрнектi орталығы Бағдат қаласында да бiраз уақыт тұрған.
Махмұд Қашқари арабша жоғары бiлiм алған, өз заманының аса көрнектi ғалымы болған. Араб филологиясын жетiк бiлген және өз бiлiмiн туған халқының тiлi мен әдебиетi, тарихы мен этнографиясы, географиясы жайында зерттеулер жүргiзуге жұмсаған. Махмұд Қашқаридың дәл қай жылы туып, қанша жыл өмiр сүргендiгi әзiрше белгiсiз. Бұл жөнiндегi жалғыз дерек оның өзi айтқаны ғана. Кiтабының аяғында ол «бұл кiтап менi өлiмге бiр табан жақындатты» деп жазады. Бұл бiр жағынан, автор өзiнiң бұл тарихи еңбегiн жазуға ұзақ жылдар бойы еңбек еткенiн дәлелдесе, екiншi жағынан оның бiраз жасқа келгендiгiн де көрсетедi. Олай болса Махмұдтың туған кезi сол ХІ ғасырдың басы болса керек. Өйткенi кiтаптың өзi 1072-74 жылдары жазылған. «Диуани луғатит түрк» автордың соңғы еңбегi болса керек. Өзiнiң айтуынша ол бұл кiтаптан бұрын да түркi тiлдерiнiң синтаксистiк жүйесi жайында «Джауахир ан-нахуи фи-л-лафуи түрк» - «Түрк тiлiнiң синтаксистiк жүйесiнiң негiзi» деген ғылыми трактат жазған. Алайда оның бұл еңбегi сақталмаған болуы керек, сондықтан осыдан басқа еш мәлiмет жоқ.
"Кітапты жазу барысында қанша жер араладым"
Махмұд Қашқаридың атын бiзге, бiздiң заманымызға жеткiзген оның ұлы мұрасы «Диуани луғатит түрк». Сондықтан М. Қашқари жайындағы, оның тарихи ғылымдық ерлiгi жайындағы мәселенi сол еңбегi, оның мәнi мен маңызы, онда сөз болған, шешуiн тапқан ғылымдық мәселелерден бөлектеп қарауға болмайды. Осы екеуiн бiрлiкте алып, жарыстыра әңгiмелегенде ғана бұдан 900 жылдай бұрын өмiр сүрiп, еңбек еткен ұлы ғалымның нағыз бейнесiн көз алдымызға әкеле аламыз.
М. Қашқари «Диуани луғатит түрк» - «Түрк тiлдерi сөздерiнiң сөздiгiн» жинап жазу үшiн қаншама күш-жiгер жұмсағаны жайында былай деп жазады: «Мен қырғыздардың қалаларын, қыстаулары мен жайлауларын көп жылдар бойында аралап шықтым, сөздерiн жинап, түрлi-түрлi сөз қисындарын үйренiп, айқындап отырдым. Мен бұл iсiмдi тiл бiлмегендiгiмен жасаған жоқпын, сол тiлдердегi сөздердiң көп байқалмайтын мәселелерiн айқындап, аңғару үшiн жасадым. Әйтпесе мен тiлге олардың ең жетiк, ең бiлiмдар, жүйрiк, ұрыста найзагерлерiнен, ең ескi тайпадан едiм. Оларға осынша назар аударған себебiм, түрiктер, түрiкмендер, оғыздар, чығылдар, яғмалар мен қырғыз тайпаларының тiлдерi бүтiндей көңiлiме орнады. Оларды бiр жүйеге келтiрiп, тәртiпке салдым.
Бұл шығарманы мәңгi ескерткiш болсын деп, Құдайға сыйынып, кiтапты жаздым. Кiтап «Диуани луғатит түрк» деп аталады. Атақты ғалым өз еңбегiнiң қанша күшке түскендiгiн, мақсатын осылайша баяндайды.
М. Қашқари еңбегi негiзiнен сол дәуiрдегi түркi тайпаларының тiлдiк құрылыстарын жүйе-жүйемен баяндауға арналған. Бiрақ кiтаптың берер мәлiметi онымен ғана шектелмейдi. Қашқари еңбегiн қазiргi заманда тек қана тiл мамандары оқып, зерттеп қоймай, сонымен қатар, әдебиетшi, тарихшы, этнографтар мен географтардың да үңiле қарап, жете зерттеп жүргенi кездейсоқ жай емес. Қашқари еңбегiнiң әдеби маңызы жайлы немiс оқымыстысы М. Хартман: «Диуани луғатит түрк» халықтық әдебиеттiң үлгiсi, соның негiзiнде құрылған» дейдi де, осыдан екi-ақ жыл бұрын жазылған «Құдатқу бiлiгтi» («Бақыттылық жайлы iлiм») сарай әдебиетiнiң нұсқасы деп табады. Бұл «Диуа-ни луғатит түрк» түркi халықтарының ескi әдебиетiнiң тарихында аса сирек кездесетiн әдебиет үлгiсi екендiгiн анық таныған ғалымның пiкiрi.
М. Қашқари еңбегiнде жоғарыда көрсетiлгендей, сол заманғы түркi тайпалары жайында мәлiмет берiледi. Ол мәлiметтер қай халықтың қандай тiлде сөйлейтiнi жайында ғана емес, орналасу тәртiбi, қай тайпаның қайдан келгендiгi, қандай территорияны мекендейтiнi, әдет-ғұрыптық ерекшелiктерi және т.б. болып келедi. Осыған байланысты М. Қашқари өмiр сүрген дәуiрдiң кейбiр тарихи жағдайларын еске түсiре кеткен мақұл. Махмұд Қашқари ХІ ғасырда өмiр сүрiп, еңбек еттi. Бұл дәуiр тарихта қараханидтер мемлекетi деген атпен белгiлi. М. Қашқаридың өзi де осы қараханид патшалығы әмiршiлерiнiң бiрiне туыстық жақындығы барын айтады. Х ғасырда басқа тайпалар арасында үстемдiк алған Қарлұқ тайпалары одағы Жетiсу өңiрiнде негiзi түрiк халықтарынан шыққан қараханидтер, яғни Илекхан династиясының бастауымен өздерiнiң қуатты мемлекетiн құрады. Қараханидтер мемлекетi тарихта түрiк халықтары арасындағы алғашқы мұсылман династияларының бiрi едi. Мемлекеттiң орталығы әуелi Баласағұнда (Қырғызстанның Тоқмақ қаласы) болады, кейiн Қашқар қаласына ауысады. Қараханидтер мемлекетiнiң нағыз дәуiрлеген кезi Х—ХІ ғасырлар болса керек.
"Түркология тарихындағы алғашқы классификация"
Махмұд Қашқари филолог және оның еңбегi де осы филологиялық тұрғыдан жазылған. Еңбектiң құрылысының жинақы, жүйелiлiгi, ондағы мәселелердiң ғылыми тұрғыдан аса маңыздылығы мен дәлдiгi авторды өз заманының аса iрi оқымыстысы есебiнде танытады.
«Түрiк тiлдерi сөздерiнiң сөздiгi» ең алдымен лексикографиялық мұра есебiнде көңiл аударады. Қашқари сөздердi реттеп беруде өзiне тән тәсiл қолданады. Ол ең әуелi аз әрiптерден құралатын сөздердi бередi де, одан әрi әрiптiң санына қарай дамытып отырады. Онда антоним мен синоним сөздер, омоним сөздер мен метафоралар, диалектiлiк сөздер бас-басына ажыратылып түсiндiрiлiп отырады. Ал мұндай жүйеге келтiру, байқампаздық Қашқари заманындағы лингвистика үшiн аса бiр iрi табыс едi. Автор ескiрген сөздердi, шеттен келген сөздердi сөздiкке енгiзбедiм деп мәлiмдейдi.
М. Қашқаридiң маңызды ғылыми пiкiрi жаңа сөздер мен сөздердiң жаңа мағыналарының пайда болуы жайында айтқандары. Оның айтуынша жаңа сөздер мынадай тәсiлдер арқылы пайда болады:
Жаңа сөздер бұрыннан қолданылатын түбiрге қосымша жалғану арқылы ғана пайда болмайды. Жаңа сөздер сонымен қатар бұрыннан белгiсiз қолданылу ыңғайында да, сөздердi қарсы мәнде қолдану арқылы да пайда болады.
Махмұд Қашқаридiң айтуынша жаңа сөз жасалудың екiншi бiр жолы сөз мағынасының тарылып, кеңеюi болатын тәрiздi. Бұрын бүтiннiң бiр бөлшегiн ғана бiлдiретiн сөздер келе-келе бүтiннiң өзiн бiлдiрсе, бүтiндi бiлдiретiн сөздер кейде сол бүтiн заттың бөлшегiн ғана бiлдiретiн болып қалыптасады. Ал, кейде сөздер өздерi бiлдiретiн заттар мен құбылыстардың ерекшелiгiне байланысты да жаңа мән алып, жаңа сөз есебiнде қалыптасады дейдi.
Махмұд Қашқари еңбегiнiң мазмұнына зер сала отырып, оның тек жетiк лексикограф қана болмай, түрiк тiлдерiнiң фонетикалық заңдылықтарын да жетiк бiлгендiгiн байқаймыз. Ол өз сөздiгiнде фонетикаға арнайы тоқтамайды. Бiрақ, жеке сөздерiнiң ерекшелiгiне, тайпа тiлдерiнiң бiр-бiрiнен дыбыстық айырмашылықтарына байланысты фонетикалық заңдылықтарды да қамтып отырады.
Грамматикалық құрылысты баяндауда Махмұд Қашқари өзi зерттеп отырған тiлдер жүйесiн барынша терең бiлетiндiгiн, тiлдiк құбылыс атаулының бәрiнiң де заңдылығын терең бiлетiндiгiн байқатады. Ол түбiр, туынды түбiрлердi ажыратып түсiндiредi. Сөздердi грамматикалық және семантикалық мәнiне қарай екi үлкен топқа бөледi: есiмдер, етiстiктер. Есiмдердiң байырғы, түбiр түрлерiн, сондай-ақ етiстiктiң қосымша арқылы жасалған түрлерiн айырып көрсетедi.
Махмұд Қашқари еңбегiнiң түркология үшiн маңызы тек осы айтылғандармен бiтпейдi. «Диуани луғатит түрк» түркi тiлдерiнiң тарихи диалектологиясының алғашқы негiздерi салынған еңбек. Махмұд Қашқари түркi тiлiнде сөйлейтiн тайпалар тiлiнiң бiр-бiрiнен дыбыстық ерекшелiктерiн белгiлi бiр тайпа тiлiндегi бiр дыбыстың екiншi бiр тайпа тiлiндегi қай дыбысқа сәйкестiгiн де айта отырады.
Сонымен қатар Махмұд Қашқари бұл еңбегiнде түркi тiлдерiнiң алғашқы классификациясын бередi. Түрiк тайпаларын екi топқа (солтүстiк және оңтүстiк) бөлiп қарауы түркология тарихындағы алғашқы классификация едi. Бұл классификацияда Қашқари географиялық (орналасу орнына қарай) принцип қолданады. Алғаш рет Қашқари қолданған географиялық принцип бiздiң заманымыздағы басқа да классификацияларда қолдау тапты. Сондай-ақ, Қашқари көрсетiп кеткен кейбiр диалектiлiк айырмашылықтар да кейiн түркi тiлдерiн топқа бөлуде басты принцип болып қалды.
Махмұд Қашқари және «Диуани луғатит түрк» жайындағы қысқаша мәлiмет осындай. Мақалада оның еңбегiнiң басты-басты мәселелерi ғана атап көрсетiлдi. «Диуани луғатит түрк» әлi жете зерттелген емес. Оның бер жағында, «Диуани луғатит түрктiң» белгiлi бiр тiлге қатысы жайындағы мәселе әлi қолға алынған емес. Соның өзiнде бұл еңбектiң тiлiн бiр ғана халық тiлiне телуге болмайды. Онда осы күнгi Орта Азия жерiн мекендейтiн барлық түркi халықтары тiлiнiң элементтерi бар. «Ди-уани луғатит түрк» кiтабы тiлiнiң сөздiк қорында болса да, грамматикалық құрылысында болса да қазiргi қазақ тiлi материалдарымен сай түсiп, кейбiр фонетикалық, грамматикалық өзгерiстерiне қарамай, мәндес болып отыратын фактiлердi жиi кездестiруге болады. Мұның өзi Қашқари еңбегiн қазақ тiлiне жақындығы тұрғысынан зерттеу жұмыстарын жүргiзудiң аса қажет екендiгiн дәлелдейдi.
Махмұд Қашқари өз заманының аса бiлiмдар перзентi болған. Оның ғылыми мұрасы «Диуани луғатит түрк» соның айқын куәсi.