22:30 | Емен-жарқын
Отбасы 2019-09-18 (0) (25272)

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ ?

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ ?

 

I БӨЛІМ

«Мына бала сабақ оқымайды. Білмеймін не істерімді?» - деген сөздерді қыркүйек басталғалы жиі естиміз. Егер сіз де «Балама қайтсем сабақ оқытамын? Білімге ынтасын қалай ашамын?» - деп уайымдап жүрген болсаңыз, «Іздегенге - сұраған», бұл мақаланы міндетті  түрде оқып шығуға кеңес береміз.

Білесіз бе, бала сабақ оқуға деген ең үлкен мотивацияны әуелі ата-анадан алады екен.

АТА-АНА МОТИВАЦИЯСЫ

Өмір тәжірибемізде кішкентай балалардың ата-анасынан басқа адамдарға бармай, жатырқап жылайтынын, ал бір болмашы жетістікке жетсе, «Мен мынаны жасадым!» - деп, бірінші соларға келіп мақтанатынын жиі кездестіреміз. Өйткені, балаңыз көзін ашқаннан аялы алақанында бар мейірімін төгіп, жығылса тұрғызып, қателік жасаса байыппен түзейтін әке мен шешені өз санасында ең биік тұлға ретінде қалыптастырып үлгерген. Басқа адамдар сіздің жасаған жақсылығыңызды тез ұмытып кетуі мүмкін, ал балалар өзіне көрсетілген құрмет пен махаббатты ешқашан ұмытпайды. Сол себепті, барлық күш-жігерін сізді қуантуға, мақтау мен жылы сөзіңізді естуге жұмсайды. Бұл бала санасына «Ата-анамды қуанту үшін бәрін жасап жатырмын!» - деп қабылданады. Ал еңбек бағалануы тиіс емес пе?!

 

Балаңыз екілік  алған кезде ұрысқаныңыздай, «5» алған кезде де бағалай біліңіз. Тіпті оның төмен баға алып келуіне сіз кінәлі болуыңыз әбден мүмкін.

1. Құрметті ата-ана, ұлыңыздың немесе қызыңыздың мектепте нашар оқығанын қаламайтыныңыз белгілі. Кейде, немесе, күнде балаңыз «2» деген нашар баға алса, онда оған ренжисіз, сөгесіз, тіпті тілдеп те жібересіз. Бірақ, балаңыз сол кемшілігін жөндеп «5» деген жақсы баға алып келсе, тиісінше, басынан сипап мақтамайсыз, «Жарайсың, балам!» демейсіз.

2. Баланың аты бала ғой. Кеше оның бір теріс қылығына бола ұрсып, тәртіпке салдыңыз. Ол да өз қателігін түсініп, «Ата-анамды ренжітіп алдым-ау, келесі жолы қайталамаймын» - деп, жүрегі ауырып ұйықтады. Енді сіз таңертең ештеңе болмағандай күлімсіреп оятуыңыз керек. Сіздің биязы үніңіз бен күлкіңізді естігенде барлық уайым-қайғысы сейіліп, «қателікті қайталамаймын» деген уәдесі шын мәнінде орындалады. Кешегі ісін есіне салып, жүрегін ауыртпаңыз. Тамағын ішпей жатып ұрыс-керіс шығармаңыз.


3. Егер балаңыз сабаққа кешігетіндей болып жатса, онда «Бол да болдың» астына алып айғайламаңыз. Оны ертерек оятпаған өзіңіз кінәлісіз. Балаңыздың көңіліне орынсыз "Мұғалімім ұрсатын болды",- деген алаңдаушылық, қорқыныш сезімін саласыз. Үрейленген баланың барлық оқыған сабағы лезде естен шығып кететінін ескеріңіз.

4. Қарны қатты ашқан бала мен шамадан тыс тоқ баланың басына сабақ қонбайды. Сол себепті балаңыздың тамақтану уақытын жіті қадағалаңыз. Сабаққа (әсіресе таңертең) ашқұрсақ жібермеңіз. «Қарны ашса, жейді ғой» деу, дұрыс нәтиже бермейді. Бала болғасын шамадан тыс артық тамақ жеп қоюы мүмкін немесе керісінше.


5. «Бұзық болма!», «Қисалаңдамай тыныш жүр!», «Бүгін «2» алсаң құртамын!» деген ескертулерді жиі айта бермеңіз. Керісінше, «Мен саған сенемін!», «Мен сені жақсы көремін!», «Бұл - сенің жауапкершілігің, бұған сен жауаптысың», «Сен мұны істей аласың, бұл сенің қолыңнан келеді!» - деген сөздермен жылу сыйлап, жақсы баға алып келуіне тілектестік білдіріңіз.

6. Есіктен кірмей жатып, «Бүгін қандай баға алдың?» деп бас салып балаңызды сұрақтың астына алмаңыз. Мектептен келген балаңызды көңілді қарсы алыңыз, оның сабақтан шаршап келгенін ескеріп, тынығып алуына мүмкіндік беріңіз.

Егер бала әлденеге ренжіп келсе, бірдеңені айтпақшы болса, «Сені тыңдауға уақытым жоқ. Одан да сабағыңды оқы» демей, арнайы  «Иә, балам, мен сені тыңдап тұрмын, айта ғой» деп айтып, мұқият көңіл бөліңіз.

7. Бала бірдеңеге ашуланып жүрсе, «Менің жұмысымды бітіріп берген жоқсың, мінезіңді көрсетпе маған» демеңіз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзі-ақ айтады.

8. Балаңыздың тәртібі үшін мұғалім сізді шақыртса, «Әні, сен мені жерге қараттың!», «Сен үшін мен неге ұрыс естуім керек?!» деп айтуды ойыңызға да алмаңыз. Қателік әркімде де болады. Сол себепті, айтылған олқылықтардың орнын «Жүр, балам, екеуіміз бірге істейік» деу арқылы толтыра аласыз. 

9. Мектептен келе сала баланы отырғызып қойып сабаққа дайындалтпаңыз. Олар да 2-3 сағат ойнап, демалған жөн. Түсте ұйықтап тынықсын. Бесін мезгілі (түс ауа) сабаққа әзірленудің сәтті кезі. Егер балаңыз түстен кейін оқитын болса, кешкі астан кейін қиындау бір не екі сабағын орындап қойғаны абзал. Ал тапсырманың барлығын таңғы уақытқа қалдырсаңыз, түстен кейінгі жаңа сабақтарын қабылдау қиынға соғады.

10. Бір мезгілде «Барлық сабақты оқып бітір» деп талап қоймаңыз. Әр сабаққа әзірленгеннен кейін «Балам, далаға 5 минутқа шығып қайтайық» деп үзіліс жасау дұрыс.

11. Сабаққа әзірленіп жатқан баланың желкесінен төніп тұрмаңыз. Жанында кітап не газет оқып, арасында тексеріп отырыңыз (тек ұялы телефон ұстамағаныңыз жөн). Өз уақытыңызды үнемдеу үшін тапсырмасын орындап бермеңіз. Бала өзі ойланып, шешімін табуы тиіс. Ал қателесіп кетсе, дөрекі сөйлемеңіз. Тапсырма қиын болса ғана жөн сілтеңіз, онда да жауабын айтып беруге болмайды.

12. «Егер сен осы сабақты орындамасаң!» деп басталатын тәртіпке шақыру баланың жүйкесіне әсер етеді. Тіпті «Сабақ» деген сөзді естісе, көңіл-күйі түсіп, мазасы қашатын балалар да бар. Сол себепті, өзіңіз кірісіп, жайлап бастап беріңіз.

13.Күнде жарты сағат ештеңеге алаңдамай, балаларыңызбен емін-еркін, жақын тартып әңгімелесіп тұрыңыз.

14.Балаңыздың көңіл-күйі нашар болса, онда бірден назар аударыңыз. Ол сабақтан зорығуы мүмкін. Оған демеу болып, қолдау білдіріңіз. Демалыс күні балаңызды демалыс орындарына (паркке, қонаққа, туыстардың үйіне) апаратыныңызды айтып мотивациялаңыз.

15.Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, ұстазымен кеңесіңіз. Оның мектептегі тәртібінен үнемі хабардар болып отырыңыз.

16. Балаңыз жаман баға алып келгенде ренжігеніңіздей,  жақсы баға алып келгенде қуанғаныңызды білдіріп марапаттаңыз. Кішкентай болса, балмұздақ алып беріп, жоғары сыныптарда оқыса қыдыртатын жерге апарыңыз. Оған арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ.  Мысалы, сіз ата-ана ретінде балаңызға онсыз да уақыт бөлуге міндеттісіз, солай ғой?! Дәл сол уақытты балаңыздың жақсы баға алып келгендігі үшін деп атасаңыз, балаңыздан бақытты адам таппайсыз.

Иә, түсінеміз, ата-ананың бір күндік шаруасы онсыз да бастан асады. Бірақ баланы қадағалауды сондай маңызды шарулардың қатарында қоса ала жүру керек. Егер ата-ана жастайынан баласының не істеп жүргеніне мән бермей, сабағын қадағаламай, оны қараусыз әрі елеусіз қалдырса, мұның арты баланың өзіне сенімсіз, жауапкершілігі жоқ, білімсіз болып өсуіне әкеп соғары түсінікті. Баланың кішкентай кезінде алып жатқан тәрбиесі, білімі ертең өзіне азық боларын ойлауға өресі жетпейді. Сондықтан бала ес біліп, жұмысқа бейімделіп, білім алудың керек екендігін түйсініп, өзімен-өзі болғанша оның әр ісін қадағалауда ұстап, мотивациялап отыру керек. Бұл істі жауапты әрі салмақты санаған әке-шеше баласының болашағынан зор үміт күте алады.

 

P/S:  Құрметті оқырмандар, жоғарыдағы кеңестердің барлығын дерлік дұрыс орындап жүрген ата-аналар да жоқ емес. Сол себепті, балаға мотивация берудің басқа да жолдарын мақаламыздың II бөлімінде қарастырдық.

 

25272 рет оқылды