Әдебиет 2019-09-16 (0) (6914)

"МЕН ДЕ СОРЛАП ҚАЛДЫМ ҒОЙ"

 (Күлән мен Тәнтінің оқиғасы)

 

Күлән бұл туралы ешкімге айтпауға бекінді. Ойша кіммен ақылдасу керегін салмақтап көргені рас. Құрбыларының ешбіріне бұл мәселеде сенім білдіре алмасына көзі жетті. Әйелдің аты әйел, ертең сәл сөз шықса, қамысқа тиген өрттей қаулап жөнелер. Одан да алдымен Тәнтінің тамырын басып көрсін, арғы жағы бірдеңе бола жатар.

Күлән Тәнтіні қатты аяйды. Мына заманда алты баламен жесір қалуды Алла ешкімнің басына бермесін. Тәнті жыл жарым аралатып, құрсағы құрғамай бала көтеріп, айналасы он-он бір жылдың ішінде алты баланың анасы атанып шыға келген. Ері Әудембек те азаматтың азаматы, ердің ері еді. Тәнті екеуі шаңырақ көтергенде үрерге иті, сығарға биті жоқ-ты. Екеуінің ел қатарына ілігіп, кәдімгідей жұрт үлгі тұтар отбасы атала бастағаны да соңғы жылдар болатын. Әудембекке кесел кенет жабысты. Кейінгі бір жылда екі иығымен есіктің жақтауын сындырып кірердей азаматтың құр сүйегі қалған. Ақыры ауру алып тынды. Алты баласымен аңырап Тәнті қала берді.

Алғашқыда Күлән жиірек барып, Тәнтінің көңілін аулап отырушы еді. Тәнті тез босайды, Әудембектің аты аталмақ тұрсын, ол ұстаған заттың ретсіз жатқанын көрсе де көз жасына ерік береді. Бала балалығын істемей тұра ма, бірде ортаншы ұл Ахмет Әудембектің шалғысымен қалақай шаппақ болып, абайсызда сағасын сындырып алыпты. Шалғының бөлек жатқан басына бір, сабына бір қарап, Тәнті ал кеп егілсін. Солқ-солқ етіп, иегі кемсеңдеп ұзақ жылады. Күлән жұбатпақ болып еді, көрші кемпір «ішін босатып алсын» деп ерік бермеді.

Алты баланы киіндіріп-ішіндіру Тәнтіге оңай болған жоқ. Тәнті колхоз тарағанша сонда бас есепші болды, тараған соң мектепке ауысты. Оның есеп-қисапқа тастай екенін бүкіл ауыл біледі. Мұғалімдердің жалақысын ауданнан уақтылы әкеліп, у-шусыз, соңғы тиынына дейін түгендеп, шып-шырғасын шығармай ұстататын. Аудандағылар да Тәнтінің ұқыптылығын білетін, ол келгенде: «Таубұлақтың Күлмесханы келіпті, оны бірінші жіберейік», — десіп, Тәнтінің қағаздарына тез-тез қол қойып, мөр басып жіберетін. Жұрт сыртынан түрлі ат қойып, пыш-пыш сөз айтса да, Тәнті сол сабырлы қалпынан өзгерген жоқ. Тек бұрынғысынан гөрі тұйық, бұрынғысынан гөрі бұйығы. Әудембек қайтқанына екі жыл өткенде ғана тойға барды. Ауыл Тәнтіні әнші деп білуші еді, енді тіпті қолқалап ән айтқыза алмайтын болды.

Құрдастар арасындағы түрлі отырыстарға Тәнті ұдайы балаларының біреуін ертіп әкеледі. Отырыс бітіп, келiншектер күйеулерінің киімін іздеп, біреулері қызып қалғандарды сүйемелдеп, әбігерге түсіп жатқанда, Тәнті сол үйдің балаларының ортасында ұйықтап қалған өз баласын оятып жүргені. Ондайда Тәнтінің әлде Рахметі, әлде Ахметі, әлде Дәуірбегі түкке түсінбей, тыныштығын анасының кенет бұзғанына ренжіп, пәлтесінің жеңін таппай, біраз әуреге салады.

Колхоз тарағалы бұрынғыдай тегін келіп жатқан дүние жоқ, жұрт алды-алдына жанбағыс үшін жанталасып кетті. Сол кезде Тәнті қиналудай қиналды-ақ. Жүгіріп жүріп, ауылға таяу жерден шабындық жер алды. Егістік бәрібір қашық. Өзі болса жұмысын тастай алмайды, тастаған күнде де Әудембегі барда шалғы ұстап, не болмаса тракторшының артынан «әке-көкелеп» жүріп жер жыртқызып, егін еккізіп көріп пе? Бар салмақ ересектеу Тәуірбек пен Рахметке түсті. Анасы үшеуі көктем шыға егіске, жаз орталана шабындыққа, күз туа ораққа жүгіретін болды. Күлән бір-екі рет Тәнтінің шалғы тартып жүргенін көрген. Бүкшең-бүкшең етіп, аяғы артқа, кеудесі алға кетіп, қара сорпа тері шығады екен. Шалғысын түзу тартқаннан, басын жерге қадап алатыны жиі. Ондайда Тәуірбек пен Рахмет өздерінше намыстанып:

— Апа, сіз шай қайнатып отырсаңыз болды емес пе? Тіпті жұмыс істегіңіз келіп шыдамай бара жатсаңыз, кепкен боразданы қоғамдап, шөмеле салуға ыңғайлай берсеңізші, — деп қояды.

Осының бәрін көре жүріп, Күлән бір ойға бекіген. Өздерімен құрдас есепті, бірер жас қана үлкен Сағынбектің әйелі қайтыс болғалы бес жыл. Оның екі баласы да студент, қаладан анда-санда ғана келеді. Әйелі қайтқалы Сағынбектен де күй кеткен. Киімдері сауыс-сауыс болып, уақтылы ыстық ас ішпей, жайы келмей жүргені аңғарылған. Өзі бір ақкөңіл жігіт. Колхоздан еңбегіне тиген «Газикті» күні-түні салдырлата айдап, біреудің шөбін, біреудің отынын түсіріп беріп, енді біреуді көшірісіп, қолы еш тимейді. Көктем мен күзде, ауылдағы жалғыз комбайнның иесі болған соң, егін егіп, оны орудан босамайды. Ауылдастары егін орғызу үшін Сағынбектің комбайнына кезекке жазылады. Күйеуімен құрдастығын пайдаланып, ол Күләннің қитығына тигенді жақсы көреді. Күлән Тәнтіні осы Сағынбекке таныстырмақ. Бір ауылда тұрғасын, бұрыннан-ақ таниды ғой. Екеуі неге жарасып кетпеске? Қартайып тұрған жоқ, бірі — елуге енді келеді, бірі — қырықтан жаңа асты.

Күлән мен Тәнті аудан орталығының шеткі көшесінде көлік күтіп тұрғанда, Күлән өз ойындағысын тағы бір пысықтап алды. Олардың ауылына енді көлік жүре қоюы екіталай. Тәнті кешкі автобусқа бір-ақ шықпақ болғанда, мана Күлән қоймай осында ертіп әкелген. Таңертең Сағынбектің «Газигімен» орталыққа тартқанын көрген, әне-міне ол ауылға қайтуға тиіс. Кабинасында бөтен ешкім болмаса деңіз. Көше басынан қылт етіп көрініп, зорая берген көліктің Сағынбектікі екенін танығанда Күлән іштей қуанып кетті. Қасында да ешкім жоқ екен. Сағынбек газды ойбайлата басып жақындады да, Күлән мен Тәнтіні тани кетіп, шиқылдата тоқтады. Оң жақтағы есікті шалқасынан ашып жіберіп:

— Біздің ауылдың сұлулары, қалай, жұмыстарың біттi ме? Кеттік! — деп қуана дауыстады ол.

Күлән табанының балшығын сүрткенсіп әдейі аялдап қалды. «Тәнті Сағынбектің қасына отырсын» дегені. Қасақана әуреленіп, Тәнтіге көз тастап еді, ол қалшиып тұр екен.

— Әй, әй! Менің «Газигім» «Тойота» емес міндетті түрде аяқ тазалап кіретін. Кәне отырыңдар! Қайта ауыздарыңды басып, бастарыңды тұмшалап отырмасаңдар, шаңға көмілесіңдер, — дейді Сағынбек. Ойында ештеңе жоқ. Тәнтінің бәрібір қозғалмасына көзі жеткесін ғана Күлән бірінші болып көлікке аяқ артты. Ауылға жеткенше Тәнті олардың әңгімесіне араласқан жоқ, терезеге телміріп отырды да қойды.

Бұдан кейін де Күлән Тәнті мен Сағынбекті «күтпеген жерден» бір-біріне бірнеше рет жолықтырған. Тәнті іш бермеді. Бергеніңіз не, бірте-бірте Күлән ойын оқып қойғандай, жақын құрбысынан бой тарта бастағаны да сезілген. Бірдеңеге кіріссе, нәтиже шығармай тоқтамайтын Күлән сонда да қыңған жоқ, өз жоспарын бәрібір іске асырмай тынбауға бекінді. Сағынбектің өзі ештеңе сезер емес. Бірдеңе ғып білдірейін десе, май-май шәпкісін қыса ұстап, отырыстарда жұрттың соңын ала асықпай орнынан тұрады. Тәнті баласын ертіп, жұрт орнынан қозғалғанда-ақ шығып кетеді.

Ақыры Күлән шыдай алмады. Кеште күйеуі Жақсыбайға шәй құйып отырып өзінің Тәнтіні Сағынбекке телігісі келіп жүргенін, бірақ Тәнті тіпті мойын бұрмайтынын айтып салды. Жақсыбай әйеліне жақтырмай, алара қарады.

— Сенде өзі тауықтың миындай ми бар ма өзі? — деді аз-кем үнсіздіктен соң.

— Е, неғыппын? Жазығым — екі жартыны бір бүтін етуге тырысқаным ба? — деп бұл да шап ете қалған.

— Басқа басқа, Тәнті мен Әудембектің қандай жарасымды ғұмыр кешкенін сен білсең етті! Тәнті... ол... баяғыда жанын, иә, жан-дүниесін, жоқ... кеудесіндегі сезімдi... Әудембекпен бірге жөнелтіп қойған. Оның ендігі бар қызығы — балалары ғой. Қалайша түсінбейсің сен? — деді сосын. Сөз осымен тәмам болды.

Бірде кешкілік Тәнті Күләнді үйіне шақырды. Ауладан кіре бере қора жақтан бері тау боп үйіліп жатқан шөпті көрді. Шарбақтың сыртында Сағынбектің «Газигі» тұр. Есіктің алдында Рахмет Сағынбектің қолына су құйып жатты. Күләннің іші жылып қалды. Өз ниеті іске асуға бет алғандай, үйге жайраңдай күліп кірді. Дастарқан жайнап тұр екен. Шөп басысқан екі-үш бала жігіт Күләнді көріп, орындарынан қарғып тұрып амандасты.

Ас үстінде Күлән ұрланып Тәнті мен Сағынбекке бірнеше рет көз тастап қойды. Сағынбектің ойында түк жоқ, Тәуірбектің шабысы қияда екенін, мәшинені аса шебер тізгіндемесе, шөптің оп-оңай ауып кететінін айтып қояр емес. Ал Тәнті Күләннің тіміскі көзіне бір рет аса суық қарады. Күләннің денесі тітіркеніп кетті. Қонақтарды шығарып салғасын Тәнті Күләнді оңаша алып қалды. Бірдеңе айтқысы бар.

— Күлән, — деді жай ғана. — Күләнтай, сенің не нәрсеге талап қып жүргеніңді сеземін. Менікін бір өмірзая көретін шығарсың. Мейлі. Мен... мен... Әудембекті...

Тәнті жылап жіберді. Жалын ата күрсініп:

— Мені бәрібір түсінбейсің ғой сен... — деді өксік араластырып.

Күлән үйіне бей-жай болып қайтты. Түсінбесе түсінбейтін шығар... Құрсыншы, әркім өзімен-өзі болсыншы. «Менің ниетім адал еді ғой» деді күбірлеп.

***

Дүние кенет аунап түсті.

Бәсе, бағана тұла бойының жер тартуы жаман еді. Көрші ауылдан химик-мұғалима екеуі жаяу қайтқан. Жол бойы бұл қайта-қайта демалып, өз-өзінен демігіп, әрбір адымын қинала аттап, тоқтай берді. Әншейінде 20 минутта таусылатын үш шақырымдық жол тіпті ұзарып кеткендей. Бірнеше рет соқпақ шетіне отырып демалды. Бірде тіпті көк майсаға керіле жатып аяқ суытқан. Химик-мұғалима жастау еді, не кете алмай, не асықтыра алмай, ол да мұнымен бірге отырып-тұрып берекесі кеткен. Күләннің сол көзі маңдайын солқылдата тартты да тұрды.

Үйіне таяғанда қарақұрым елді көрді. Дауыс салып кіріп жатыр. Күләннің жүрек тұсы шым ете қалып, жер таянып қайта тұрды. Қайнысы Атшыбай астындағы атының тізгінін қоя беріп, бода-бодасы шыға жылап, үйге қарай ат қойып келеді екен.

— Бауыр-е-ем! Қанат-е-ем! Ұялас-е-ем! — деп өкіре келіп, аттан секіре түсіп, үйге жүгіре кірді. Күлән талып қалды...

...Жақсыбай қан қысымы күрт көтеріліп қайтыс болыпты. Түскі асқа үйіне келе жатқанда қасындағы көрші Талғатқа бірдеңе демек болып бұрыла беріпті де, аузы-мұрынан қан саулай құлапты. Соңғы сөзін де айтып үлгермепті марқұм.

Күлән қайта-қайта тала берді. Кім келіп көңіл айтып, кім басын сүйеп шәй ішкізіп жатқанын да сезген жоқ. «Жақсыбайдың денесі жер қойнына ертең беріледі» деген түні ептеп есін жиып, қосағының жүзін көріп қалуға тәуекел етті. Жақсыбайдың ерні көгіс тартып, күлімсіреп жатыр екен. Маңдайы, бар денесі сұп-суық.

Ертеңіне жаназа шығарылып, жұрт сүйекті алып кеткенде Күлән тағы талып қалды. Есін жұрт зираттан оралғанда бір-ақ жиды. Дауыс шығарып жоқтау айтуға да шамасы жоқ, іштей егіліп, ыңырсыды да отырды.

Көзін бір ашып, мұнарланған жанарын сейілтіп, айналасына үңіле қарағанда аузына ыстық шәй тосып тұрған Тәнтіні көрді. Екі-ақ күнде аруақтай арып қалған қолын соза түсіп, Тәнтіні бауырына тартты.

— Мен де сорлы болып қалдым ғой, Тәнті, — деді қыстыға жылап. Тәнті қосыла жылады.

 

Есей Жеңісұлы

6914 рет оқылды