Мақаламыздың кіріспесін мына әңгімемен бастауды жөн көрдік. Ертеде бір мал ұрлайтын кісі қылмыс үстінде ұсталыпты. Елге тигізген зиянын есептей келе, оны өлім жазасына кесуді ұйғарған екен. Сөйтіп, не керек, белгіленген үкімнің де орындалар сәті келді. Көпшіліктің көзі жаза алаңында. Бірі, бәлкім, кешіріп қалар деген үмітпен қараса, екіншісі бұл іс қашан бітер екен деп тағатсызданып тұр. Төреші ұрыдан соңғы тілегін сұрап еді, ол анасын көргісі келетінін айтты. Бұл жағдайды естіген анасы құстай ұшып келген беті сол еді, баласы оның тілін қыршып тұрып жұлып алды. Жиналғандар: "Туған анасына бұлай жасағаны қалай?", "Бұл не істегенің?", "Неткен қатігездік?!", "Өлім жазасына кесілгенің дұрыс болды"- деп, шулай жөнелді. Бірақ ұры еш саспастан анасына қарап тұрып: "Анашым, есіңізде ме?! Мен алты жасымда көршіден тауықтың жұмыртқасын ұрлап келгенімде үндеместен қуырып беріп едіңіз ғой. Сол кезде "қой" деп, істің бұрыстығын түсіндіргеніңізде бүгін өлім жазасына кесілмеген болар едім" - деген екен.
Иә, дер кезінде дауаланбаған аурудың соңы ӨКІНІШ. Баланың да тәрбиесі дәл сондай. Егер бүгін алты жасар баламызға уақыт бөліп, оның шалалығына сабыр ете алмасақ, кейін оның түрмеге түсуіне немесе әңгімедегідей НӘТИЖЕГЕ сабыр етуіміз керек болады. Кейде жас екендігін алға тартып, өзі түсінер деп жатамыз. Бірақ сізге өз балаңыз отызда болса да, бала болып көрінеді. Осындайда "отызында орда бұзбаған, қырығында қамал алмайды",- деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі.
ТЕЛЕФОН БЕРІП ТЫНЫШТАНДЫРУ
Шыны керек, қазір көбіміз баламызға уақыт бөлмейміз. Мазасы қашып жылаған баланы жұбатып, оған не қажет екенін сұрағаннан, телефонды бере салып "Сен тимесең, мен тиме, мына мультфильмді көресің бе?" деп жайына қалдыру ата-ана үшін әлдеқайда жеңіл болып кетті. Бұл тәсіл өте тиімді-ақ. Бала мазаламайды, жұмыс біткен, қонақ күтілген, жүйке де тыныш. Бірақ балаңыз не көріп жатыр? Не үйренді? Қандай тәрбие алды?
Жо-жоқ, бұған сізді кінәлаудан аулақпыз. Қайнаған қоғам, жаһандану дегендей... Егер адам ұйықтау, жұмыс істеу, тамақтану, демалу мерзімін күнделікті нақтылы бір уақыт белгілеп, сол сағатта тапжылмай қайталап отырса, оның өмірінде бұл дәстүрлі әдетке айналып кетеді. Соған орай ағзасы да бейімделеді. Күндік режимді дұрыс ұйымдастыра білу баланың өмірге бейімділігін арттырып, жұмысқа қабілетін күшейтеді, денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Психологтар бала күн тәртібін сақтаған жағдайда еш қиындықсыз жүйке жүйесінің қуатын ұйқыдан сергектікке, демалыстан кейін жұмыс істеуге, жұмыстан кейін әртүрлі ойындарға ауыстыра алатынын айтады. Күн тәртібін ұйымдастырудың бала тәрбиесі тұрғысынан өте пайдалы екенін ескере отырып, кәдеңізге жарар деген ниетпен "Бала тәрбиелеудің бір күндік жоспарын" ұсынамыз!
1. ҰЙҚЫДАН ТҰРУ УАҚЫТЫ
Кім баласын жалқау, тілазар болып өссін дейді?! Әрине, ешкім. Ал балаңыз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол, уақытын тиімді пайлана алатын жан болып өссін десеңіз, бала кезінен бастап-ақ ерте тұруға әдеттендіріңіз. Себебі, қазақ айтқандай "Ерте тұрған еркектің ырысы артық". Таңғы уақытты тиімді пайдалану асыл дінімізде де құпталған амал. Тіпті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла, таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер», - деп дұға еткен.
Байқайсыздар ма, бүгінде үлкен кісілердің барлығы дерлік "бұрынғыдай емес, уақыт қысқарған" деп жатады. Бұл - күннің шығу уақыты ұзарып не қысқарып кетті деген сөз емес, уақытты дұрыс пайдалана алмағандығымыздан. Түске дейін ұйықтасақ, не жұмыс өнбей, не басымыз ауырады да тұрады. Осы орайда, ерте тұрудың бірнеше пайдасын жаза кетсек.
Ерте тұрған адам - денесі ширақ болады. Күні бойы сергек жүреді.
Ерте тұрған адам - бір күнде атқаратын істерін толықтай орындап шығуға уақыт табады.
Ерте тұрған адам - жұмысқа кешікпейтін, тиянақты, жауапты тұлға болып қалыптасады.
Ерте тұрған адам - тапсырмаларды уақытымен орындап жүреді.
Ерте тұрған адам - әр күнін керемет көңіл-күймен бастайды.
2. СПОРТ УАҚЫТЫ
Қай ата-ана өз ұл-қызының бойы ұзын, қарулы да, сымбатты әрі ажарлы болғанын қаламайды?! Ондай ата-ана жоқ та шығар, иә?! Олай болса, балаңыз ұйқысынан тұрғаннан кейін өзіңіз қосылып кемі 15 минут бірге жаттығу жасатыңыз. Балаға "жаса" деп қана айту жеткіліксіз болады. Сол себепті балаңызға өзіңіз мотиватор болыңыз. Бұл жаттығулар балаңыздың күні бойы сергек жүруіне, қан айналымының жақсарып, денсаулығының мықты болуына әсер етеді. Сонымен қатар, бүкіләлемдік зерттеулердің нәтижесі таңертеңгі аш қарынға жасаған жаттығулардың адамға энергия беріп, төзімділігін арттыратынын анықтаған.
3. ТАЗАЛЫҚ УАҚЫТЫ
"Тазалық - иманның жартысы" дейді қазақта. Өз бойын таза ұстап үйренген бала барлық істе қабілетті, ширақ келеді. Оған өмірімізден де көптеген дәлелдер бар. Тіпті таза жүретін бала ауырмайды. (Бірақ, бұл топырақпен, құммен ойнамасын деген сөз емес. Қайта ол балаңыздың денсаулығына жақсы әсер етеді). Сол себепті, балаңыз ұйқысынан тұра салысымен беті-қолын жуып, тісін тазалауына өте қатты көңіл бөліңіз. Бізге көрінбегенмен, ауыз қуысында көптеген бактериялар жиналады. Осы орайда, артық болмас деп бір кеңес айта кетсек. Бала, мейлі үлкен адам болсын, ауыз қуысын аптасына кемі бір рет тұз не сода қосылған жылы сумен шайқап тұру керек. Бұл - көп ауырудың алдын алатын таптырмас тәсіл! Ол балаңызға жұмыс емес, әдетке айналуы тиіс.
4. ТАМАҚ ІШУ УАҚЫТЫ
- Таңғы ас уақыты
Иә, таңғы астың уақытында көбіміздің тәбетіміз бола бермейтіні рас. Бірақ таңғы астың біздің өмірімізде алар орны орасан зор. «Таңғы асыңды өзің іш, Түскі асыңды досыңмен бөліс, Кешкі асыңды жауыңа бер» дейтіні содан. Мамандардың кеңесіне сүйенсек, таңғы асты ішпес бұрын асқазанды тазарту керек. Таза 1 стакан су ішу немесе 1 дана банан жеу керек. 15 минуттан кейін таңғы асқа отыруға болады.
Сондай-ақ, таңғы асқа сүт өнімдерін пайдаланған жөн. Қышқыл сүт өнімдері, сүзбе, ірімшік және жұмыртқа адамның күні бойы көңіл күйінің көтеріңкі болуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте америкалық ғалымдар да ақуыздың таңғы асқа пайдалы екенін дәлелдеген.
- Түскі ас уақыты
Түскі асты адам тойып ішеді, бірақ соның өзінде тамақты шектен тыс көп ішуге болмайтынын ескерген жөн. Сондықтан да түскі асты, әдетте, күшті тамақ пен жеңіл тамақ ұштастырылады: мәселен, егер сұйық аста ет сорпасы (борщ т.б.) болса, онда қою тағамға пісірілген балық, көкөніс немесе арпа жармасы қосылған котлет жесе жеткілікті. Сонымен қатар, жаз айларында жас көкөніс, сүт тағамдарын, жеміс-жидекті көбірек жеген жөн.
- Кешкі ас уақыты
Ал кешкі сағат 18.00-ден кейін тамақтанбағаныңыз жақсы. Ертерек ішкен тамақ бойға тарап, ағза қорытып үлгереді. Соңғы кездері жасөспірімдер тамақтанып отырып, қолындағы телефонына шұқшиып отырады. Бұл миға әсер етуді тежейтіндіктен, не жеп отырғанын баланың өзі де білмейді. Бұл да дұрыс емес. Сондай-ақ, арықтаудың жолы осы екен деп тамақты дұрыс ішпей жүргендер де бар. Олар соңында ауырып, емханаға қалай түскенін білмей қалады. Немесе қаны азайып, анемияға ұшырап құлап жатады. Осы қағиданы ұстамағандардың басым бөлігі ауруға ерте ұшырайды. Құнарлы тағамдар ретінде теңіз өнімдері, балық пен ет-сүт өнімдерін, жеміс-жидекті қолданған және таза суды көбірек ішкен абзал. Мәселен, қызыл және жасыл алма ағзаға өте пайдалы екен. Ағылшындарда «Жатарға алма жесеңіз, дәрігердің қажеті болмай қалады» деген мағына беретін тәмсіл бар. Расында, саламатты өмір салтын ұстанған жан ауырмайды.
5. БІЛІМ УАҚЫТЫ
"Ой, мынау кімнің баласы? Тілі жатық, сөзге шешен екен!" - деп, балаңыз атағыңызды жақсы жағынан шығарып жүрсе, қандай керемет, иә?! Бірақ, кез келген жетістік еңбекпен келеді. Ол үшін балаңыздың тыңдау қабілеті қалыптасқан сәттен бастап-ақ батырлар жырын қызықтырып айтып беріп, ал тілі бал болып шыға бастаған уақытта қазақтың би-шешендері мен ақындарының нақыл сөздері мен өлеңдерін жаттатқызыңыз. Сонымен қатар, тек жаттатқызып қана қоймай, үйіңізге келген қонақтардың алдында айтқызып үйретіңіз. Нәтижесінде балаңыз көптің алдында өз ойын бүкпесіз, анық, ашық, жинақы жеткізе алатын болады. Өз ойын анық жеткізе білу де үлкен өнер емес пе?! Ата-ана үшін бұдан асқан қандай зор қуаныш болсын?! Бұл - көптеген әкенің тәжірибесінде оң нәтижесін берген амал.
Сондай-ақ, сіз балаңыздың жанында 24 сағат жүре алмайтыныңыз ақиқат. Сол себепті, балаңызды тіл-көзден, бәле-жаладан сақтап жүретін күнделікті айтылатын дұғалар мен қысқа сүрелерді де жаттатқызыңыз. Құран сүресін жаттаған болса, қайталатыңыз. Қайталау - білім анасы!
Ата-анаға лайфках! Көбінде бұйрық бере беру баланы жалықтырып жібереді. Сол себепті, "Егер бір жыр жаттасаң,балмұздақ алып берем, мына сүрені жаттасаң, кешкісін қыдыртамын, т.б. дүниелермен жігерлендіріп отырыңыз. Бұл сіз үшін ештеңе емес болар, бірақ балалар үшін үлкен мотивация.
6. ОЙЫН УАҚЫТЫ
Бала мен ойынды бөлек алып қарау мүмкін емес. Екеуі егіз ұғым іспетті. Ауылда болса жақсы, әрине, іш пыстырмайтын түрлі ойындар ойнауға болады. Ал қалада болса ше? Бұл кезде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар" - деген сүннеті көмектеседі. Балаңыздың көп баламен достасуына мүмкіндік беріп, олармен бірге аулаға шығып, аз уақытқа ойнап келуіне жағдай жасаңыз. Нәтижесінде миы сергіп, ынтасы артады.
Балаңыз демалыста болған кездерінде міндетті түрде қызық ойындар ұсыныңыз. Бірақ, бүгінде ойынның да ойыны бар. Сол себепті, атыс-шабыс емес, логикалық, ойлау қабілетін дамытатын ойындарды өзіңіз ойнап көріп барып балаңызға ұсыныңыз.
7. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ
Баланы сүйіншілей отырып, жұмыс тапсыру. Мейлі, балаңыз ол жұмысты білмейтін болса да беріңіз. Істесе, мақтаңыз, марапаттаңыз. Ал істей алмаса оқасы жоқ екендігін айтып, ол істің жөнін түсіндіріңіз. Әр баланың қабылдау қабілеті әртүрлі болып келеді. Сол себепті балаңыздың ыңғайына қарай жұмыс тапсырып, ол істің маңызды екенін сезіндіріп, арнайы есебін сұраңыз.
Халқымызда "Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер" деп бекер айтылмаған ғой. Кез келген жұмыс басында әкесі ұлын, анасы қызын жанында ертіп жүрсе, бала оны өз қолымен жасамаса да, сол іске бейімделетін болады.
8. ДЕМАЛУ УАҚЫТЫ
Балабақшада, ауруханада не жазғы лагерьлерде балаларды міндетті түрде түстен кейін ұйықтатады. Себебі бұл - ғылыми негізде адам ағзасына пайдалы екендігі дәлелденген тәсіл. Пайбамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бесін намазынан кейін ұйықтауды құп көрген. Ең берекелі ұйқы да осы. Бұл уақытта балаңыздың да ұйықтап алғаны дұрыс. Балаңыз ұйықтамайтын болса да, осы уақытта үйге кіргізіп, өзінің көңілі қалаған ісімен айналысуына мүмкіндік беру керек.
9. СЕРУЕНДЕУ УАҚЫТЫ
Уақыт тауып, балалармен жиі серуендеуге тырысыңыз. Таза ауада немесе табиғат аясында қозғалыста болу, серуендеу әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баланың ағзасына орасан зор пайдасын тигізіп қана қоймай, ересектердің де денсаулығының жақсаруына септігін тигізеді. Жуырда ғалымдар семіздіктен зардап шегетін жасөспірімдерге зерттеу жүргізді. Тәжірибеге қатысатындар екі топқа бөлінді. Бірінші тобы жаз мезгілін ашық аспан астында қимыл-қозғалысты талап ететін түрлі ойындармен өткізіп, таңертеңгі және күндіз спортпен шұғылданса, екінші тобы қозғалысты аз қажет ететін демалысты таңдаған. Екі топтағы жасөспірімдер де бірдей тамақтанған, яғни, күніне 1600-ден 2000-ға дейін калория тұтынған. Зерттеу нәтижесі ғалымдардың жағасын ұстатқан. Демалысын белсенді әрекетпен, қозғалыспен өткізген бірінші топтағылар алты апта ішінде 6-8 келі салмақ тастаған көрінеді, ал екінші топтағылардың қан қысымы әрі қандағы инсулиннің деңгейі артқан.
10. ҚАДАҒАЛАУ УАҚЫТЫ
Иә, түсінеміз, ата-ананың бір күнге сыймас шаруасы онсыз да бастан асады. Бірақ баланы қадағалауды сондай маңызды шарулардың қатарында қоса ала жүру керек. Егер ата-ана жастайынан баласының не істеп жүргеніне мән бермей, сабағын қадағаламай, оны қараусыз әрі елеусіз қалдырса, мұның арты баланың өзіне сенімсіз, жауапкершілігі жоқ, білімсіз болып өсуіне әкеп соғары түсінікті. Баланың кішкентай кезінде алып жатқан тәрбиесі, білімі ертең өзіне азық боларын ойлауға өресі жетпейді. Сондықтан бала ес біліп, жұмысқа бейімделіп, білім алудың керек екендігін түйсініп өзімен-өзі болғанша оның әр ісін қадағалауда ұстау керек. Бұл істі жауапты әрі салмақты санаған әке-шеше баласының болашағынан зор үміт күте алады.
Жақында елімізде сабақ басталды. Бала сабақтан келгенде бүгін қандай тақырып өткендігін, мұғалімнің қандай ескертпе айтып, қандай баға қойғандығын сұрап тұру керек. Баланы бастан баға үшін емес, сауатты болу үшін оқытсаңыз, өзінің босқа ауыр сөмке арқалап мектеп пен үйдің арасында салпақтап жүргендігінің де бір мәні бар екендігін ұғады. Сондықтан баланың сабағын қадағалаусыз қалдырмауға тырысқан жөн. Қадағалаусыз қалған баланың бағасы төмендеп, сабағы нашарлап қалуы ғажап емес. Бала әрдайым сіздің жол көрсетуіңізге мұқтаж екенін естен шығармаңыз.
11. БАЛАНЫҢ ДАЛАҒА ШЫҒУЫНА БОЛМАЙТЫН УАҚЫТ
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күн тәртібінде кешқұрым далаға ойынға шыққан балалардан ақшам намазының уақыты кіргенде қайтадан үйге кіру талап етілетін. Себебін Пайғамбарымыз: «Күн батып, айналадағы ала көлеңкеліктің орнын түннің қараңғылығы басқанға дейін балаларыңды сыртқа шығармаңдар. Себебі, бұл уақытта айналаға шайтандар жайылады. Қараңғылық әбден орнағаннан кейін оларды шығарсаңдар болады» (Мүслим), − деп түсіндіретін.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл уақытта шайтандар көп болатындықтан, олардың жас балаларға зиян тигізуінен қауіптенген. Ибн әл-Жәузи: «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы уақытта балалар үшін қауіптену себебі, олар (балалар) көбінесе шайтаннан қорғану дұғаларын біле бермейді. Ал шайтандар таралған кезінде мүмкін болғанның бәріне жабысады» - деген.
12. ҚҰЛШЫЛЫҚ УАҚЫТЫ
"Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім" - дейді Абай Құнанбайұлы. Қазақтың бас ақыны балаларының сауатын әуелі медреседен ашқызған. Ал мына бір өлеңінде бұл ойын әрі қарай былай жалғастырады:
"Ақылды адамға иман парыз,
Иманды адамға құлшылық парыз".
Байқап қарасақ, қазақтың ілгерідегі зиялыларының барлығы алдымен медреседен тәлім алып, білім үйренген. Содан кейін барып қана басқа салаларды меңгерген. Алғаш қазақ балалары үшін мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин атамыз да білім алуды "Бір Аллаға сыйынып" бастау керек екенін айтып кетті емес пе?!
Дәл сол секілді, балаңыздың жастайынан Алла Тағаланы тануына жағдай жасаңыз. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын насихаттай отырып, ата-бабаларымыздың тәлімін бойына сіңіргеніңіз жөн. Балаңыз ересек болса, таң намазына міндетті түрде тұрғызыңыз. "Балам әлі кішкентай ғой, ештеңе етпейді, ұйықтай берсін" - демеңіз. "Сүтпен біткен, сүйекпен кетеді" демекші, балаңыз сәл өсіп кетсе "өзім білемдікке" салынып, сіздің сөзіңізді мүлдем ескерусіз қалдыратын болады. Намазды әлі жаттамаған болса да, өзіңізбен бірге тұрып, іс-қимылыңызды қайталағаны дұрыс. Уақыты жеткенде өзі де қиналмай бастап кететін болады. Егер балаңыз кішкентай болса, тұрғызбасаңыз болады. Міне, бұл қазақ зиялыларының салған сара жолы. Қасиетті Құран Кәрімде де: "(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды", - деген ("Анкабут" сүресі, 45-аят).
Жалпы Ислам дінінде бес уақыт намаздың әмір етілуінің өзі мұсылмандарды уақытты дұрыс қолдануға үйретеді. Осыған орай Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күнін осы бес уақыт намазға қарай бөліп, күнделікті жұмыстарына арнайы уақыттарды белгілеген. Пайғамбарымыздың өмір жолы – тек қана үлкендер үшін емес, сонымен қатар балаларға да үлгі-өнеге. Себебі, адамның бала кезінен сүннет амалдарға дағдыланғаны абзал.
13. ҰЙЫҚТАУ УАҚЫТЫ
Кеш жатып, түсте оянатын кез келген адамның ас қорыту жүйесіндегі ферменттер дұрыс жұмыс істемей, ағзаға салмақ түсіріп, көптеген ауруға себеп болады, сол себепті ерте ұйықтаудың рөлі өте жоғары, дейді мамандар. Сонымен қатар, ұйқы сағаттарын ретке келтіру күндізгі сергектік әрі уақытты тиімді пайдалану тұрғысынан өте маңызды. Егер адам баласы белгілі бір уақыттарда ғана ұйықтауға дағдыланбаса, бойдағы шаршау сезімін жеңе алмайды. Ал қалаған уақытында ұйықтай салу күннің берекесін қашырады. Сол үшін балалардың да күн тәртібінде ұйқы сағаттарын дұрыс реттей білген абзал. Өйткені олардың бойында өсу, қалыптасу жүйесі орын алып жатыр. Байқайсыздар ма, қазіргі балалардың барлығы дерлік ашушаң, күйгелек. Бірнәрсеге қолы жетпей қалса, жасай алмаса, өз дегені орындалмай жатса, бірден жер тепкілеп, жылай бастайды. Оған көп нәрсе әсер етуі мүмкін. Соның бірден бір басты себебі - ұйқы.
Сондықтан балаңыздың ұйқысын бір ретке келтіріп, ерте ұйықтап, ерте тұруын әдетіне айналдырыңыз.
Айтпақшы, жатар алдында ұялы телефонын өзіңіз алып, басқа жерге қоюды да ұмытпаңыз.
Ата-аналар балалары үшін күн тәртібін белгілеп қана қоймай, оның орындалуын жіті бақылап отыруы керек. Егер ата-ана күн тәртібінің орындалуын баладан ғана талап етсе әрі өздері қалай болса солай жүріп, ешқандай тәртіпке мойынсұнбаса, онда ол отбасының берекесі кетеді. Сондықтан отбасындағы ортақ ережелер (ерте тұру, жуыну, ұйықтау, тамақ ішу секілді т.б.) ол шаңырақтың әрбір мүшесі үшін міндетті түрде орындалатын іске айналуы керек.
Қазақта "Ұлды тәрбиелегенің - ұлтты тәрбиелегенің, қызды тәрбиелегенің - ұрпақты тәрбиелегенің" - деген сөз бар.
БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ БІР КҮНДІК ЖОСПАРЫ
№ | Уақыт | Атқарылатын іс |
1 | 7:00 | Ұйқыдан тұру |
2 | 7:00 - 7:15 | Төсек орнын жинап, киіну, жуыну |
3 | 7:15 - 7: 30 | Спорт уақыты |
4 | 7:30 - 8:00 | Таңғы ас |
5 | 8:00 - 10:00 | Жаттау уақыты |
6 | 10:00 - 11:00 | Ойнау уақыты |
7 | 11:00 - 13:00 | Жұмыс уақыты |
8 | 13:00 - 14:00 | Түскі ас |
9 | 14:00 - 15:00 | Өнер-шығармашылық |
10 | 15:00 - 16:00 | Тынығу уақыты |
11 | 16:00 - 17:00 | Ойнау уақыты (Отбасылық серуен) |
12 | 17:00 - 18:00 | Жұмыс уақыты |
13 | 18:00 - 19:00 | Кешкі ас уақыты |
14 | 19:00 - 20:00 | Қадағалау уақыты (Баламен сөйлесу, әңгімелесу) |
15 | 20:00 - 21:30 | Білім іздену, сабақ оқу немесе қайталау |
16 | 21:30 - 22:00 | Ұйқыға дайындық |
17 | 22:00 | Ұйықтау уақыты |