ИСЛАМ ТАРИХЫНДАҒЫ НАҒЫЗ МАХАББАТ ҮЛГІСІ
(Пайғамбардың (ﷺ) қызы Зейнәб пен Әбул-Астың басынан өткен хикая)
Біз жас отбасыларға "Қыз-Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның махаббатын берсін!" - деп, тілек айтып жатамыз. Бүгін бұл тізімге Пайғамбарымыздың (ﷺ) үлкен қызы Зейнәб пен Әбул-Асты да қосқымыз келіп отыр. Неге деген сұрақ туған болар?! Ендеше мақаланы міндетті түрде оқып шығуға кеңес береміз!
Пайғамбарымыз (ﷺ) Хадиша анамыздан төрт қыз, екі ұл көрген. Өкінішке қарай, ұлдары Қасым мен Абдуллаһ жастай дүниеден өтеді. Ал қыздарының ең үлкені Зәйнәб еді. Сондықтан да ол Зәйнәб Кубра (Үлкен Зәйнәб) деп аталатын. Кейінгі қыздары Руқайя, Умму Кулсум және кенжесі Фатима Заһра, Алла оларға разы болсын!
КҮЙЕУІ ҮШІН МЕККЕДЕ ҚАЛҒАН МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛ
Міне, осылайша Пайғамбардың (ﷺ) тәрбиесінде төрт қыз өсіп жатады. Уақыт өте келе Зәйнәб бойжетіп, оны Пайғамбарымыздың (ﷺ) аталас туысы болып келетін Әбдуманаф әулетінің Әбул-Ас ибн Рабиғ деген жігіті айттырып келеді. Бір жағынан, бұл жігіт Хадиша анамыздың сіңлісі Халәнің ұлы еді. Әбул-Ас пен Зәйнәб бір-біріне бөле болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) келісімін беріп, екеуі шаңырақ көтереді. Бұл жайттың барлығы Алла елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық міндет жүктелместен бұрын болған оқиғалар-тұғын. Отау тіккен жас отбасы Әли деген ұл мен Умама атты қыз перзент сүйеді. Осы кездерде Алла елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық міндет жүктеледі де, Мекке шаһары екіге – иман мен күпірге бөлінеді. Алғашқылардың қатарында болып Зәйнәб та иман келтіреді. Бұл уақытта күйеуі Әбул-Ас сапарда болатын. Сапардан оралған күйеуінен Зәйнәб Исламды қабылдауын сұрағанда, ол бұл мәселені жауапсыз қалдырады. Күн өткен сайын Зәйнәб қайта-қайта иманға келуін талап ете берген соң, Әбул-Ас ақырында:
«Сен менің алдымдағы өзіңе және әкеңе деген қадір-құрметтің зор екенін білесің. Бірақ адамдардың мені ата-бабасының дінін өзгертіпті деп қаралауын қаламаймын. Сондай-ақ әйелінің ықпалымен Исламды қабылдады дегендерін де естігім келмейді», – деген жауап қайтарады.
Осындай себептерді алға тартқан Әбул-Ас сөз болудан қорқып, хақ дінді қабылдаудан бас тартады. Екі оттың арасында қалғандай күй кешкен Зәйнәб сонда да болса күйеуі иманға келер деген үмітін үзбейді. Бұл кезде кәпір күйеу мен мұсылман әйелдің арасын ажырату туралы үкім әлі келмеген-ді. Осылайша, Зәйнәб күйеуімен Меккеде тұрып жатады. Мұсылмандардың саны артқан сайын күннен-күнге құрайыштар оларға қатты қысым көрсете бастайды. Осы кездерде жас сенімдерін қорғап қалу мақсатында Зәйнәбтің сіңлісі Руқайя мен оның күйеуі Осман (Алла ол екеуіне разы болсын) Хабаша (Эфиопия) жеріне қоныс аударады. Ал Зәйнәбтің күйеуі құрайыштың белді өкілдерінің бірі саналғандықтан, оның отбасына дінге қатысты қысым болмаған еді.
ЗЕЙНӘБТІҢ АЛҚАСЫ
Күндер өтіп жатады. Пайғамбарымыз (ﷺ) құрайыштардың көрсеткен зұлымдығынан бой тасалап, Исламға бейбіт мекен іздеп Мәдинаға қоныс аударады және сонда жаңа мемлекеттің негізін қалайды. Осы жылдар ішінде Зәйнәбтің күйеуін Исламға үгіттеуі нәтижесіз аяқталып, Әбул-Ас иманға мойын бұрмаған күйі қала береді. Уақыт өте келе Ислам және оның туын көтерген мүмін мұсылмандар мен серікқосушы кәпірлер, иман мен күпір арасындағы соғыс – Бәдір шайқасы басталады. Бұл соғыста мұсылмандар теңдессіз жеңіске жетеді. Құрайыштардың талабымен бұл шайқасқа Әбул-Аси да қатысып, мұсылмандарға қарсы соғысады. Ұрыста жетпіске жуық меккелік жауынгерлер мұсылмандардың қолына тұтқынға түседі. Осы тұтқындардың ішінде Әбул-Ас та бар еді. Қолға түскен тұтқындарды туыстары келіп, құн төлеп босатып алып жатады. Солардың қатарында Зәйнәб та күйеуінің бостандығы үшін төлем ретінде біраз мал-дүние жіберген-ді. Жіберген дүниенің арасында анасы Хадишаның тойына тарту еткен мойын алқасы да бар болатын. Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзіне іліккен бұл алқа өзі қатты құрметтейтін жары Хадишаны есіне түсіреді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбул-Ас үлесіне тиген сахабаларға:
«Егер қаласаңдар, Зәйнәбтің алқасын, мал-мүлкін және тұтқынын өзіне қайтарып берсеңдер деген едім» (Әл-Хаким) – деп өтініш білдіргендей сыңай танытты. Бірақ Алла елшісі (ﷺ) мұны бұйырмайды да, талап та етпейді. Ал сахабалар:
«Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Алланың елшісі!» – деп Зәйнәбқа оның алқасын, мал-мүлкін және күйеуін ешқандай төлемсіз қайтарып береді. Осылайша Әбул-Аси тұтқыннан босаған соң Меккеге қайтады. Бірақ бұл жолы Алланың жаңа үкімінің (мұсылман әйелдің кәпір күйеумен тұруға болмайтындығы) келуіне байланысты Әбул-Асқа Пайғамбарымыз (ﷺ) Исламды қабылдауын яки Меккеге барғаннан кейін Зәйнәбті қайтаруын талап етіп шарт қояды. Тұтқыннан босап қайтқан Әбул-Ас үйіне келгенде, Зәйнәб қатты қуанады. Алайда көп ұзамай оның қуанышы су сепкендей басылады. Күйеуі Зәйнәбқа:
– Жол жүру керек, – дейді. Зәйнәб:
– Не қайтадан жолға шығуың керек пе? – деп сұрағанда, Әбул-Ас:
– Жоқ, сенің жолға шығуың керек, – деп жауап береді.
– Не үшін? – деп таңданған Зәйнәбқа ол:
– Бұл менің қолымдағы нәрсе емес, мен әкеңе сені қайтаруға уәде беріп келдім, – деп мән-жайды түсіндіреді.
Сөйтіп, Зәйнәб жиналып, Мәдинаға жол тартады. Ерлі-зайыптылық сүйіспеншіліктің иелеріне осылай ақида талабымен айырылысуға тура келеді.
ЗЕЙНӘБТІҢ БАЛАСЫН ӨЛТІРГЕН ҚАРАҚШЫЛАР
Зәйнәб Мәдина сапары барысында жолда қарақшылардың шабуылына ұшырайды. Бұл керуенде Мұхаммедтің қызы бар деп естіген қарақшылар онда едәуір мал-дүние бар деп ойласа керек, керуенді шабады. Қарақшылардың басшысы Зәйнәб отырған күйменің шымылдығын түріп, одан ешқандай мал-дүние таппаған соң, Алланың пайғамбарының қызын Хаббар ибн Әсуәд деген жауыз, сұмпайы азғын найзаның дүмімен ұрады. Дәл сол кезде Зәйнәбтің аяғы ауыр болатын. Кейін іштен тиген соққының ауырлығынан түсік тастап, жатырынан жиі-жиі қан кететін науқасқа шалдығады. Болған жайт Пайғамбарға (ﷺ) жеткенде, ол азғындықтың шыңына шыққан мұндай масқараға не дерін білмей, жан дүниесі күйзеліп кетеді. Ол кісі мұсылмандарға Хаббарды тапқан жағдайда Қағбаның дуалына жабысып тұрса да өлтіруге бұйрық береді. Ал жауыз Хаббар ізін суытып, ұшты-күйлі қарасын батырады.
6 ЖЫЛ КҮТКЕН ҰЛЫ СӘТ
Исламды қабылдаудан бас тартып, сүйікті әйелінен айырылған Әбул-Ас бұл уақытта меккеліктердің есепсіз мал-дүниесін аманатқа алып керуен шығарып, Шам шаһарына жол тартып кетеді. Ұтымды сауда жасап қайтқан Әбул-Астың керуені жолда мұсылмандардың шабуылына тап болады. Бұл мұсылмандар мен құрайыш мүшріктері арасында бейбітшілік келісімі түзілмеген, екі жақ бірін-бірі қандай жолмен болсын тұқыртып қалуға тырысып отырған Худайбия келісімінен бұрынғы уақиға еді. Зәйд ибн Хариса (Алла оған разы болсын) басқарған 170 жауынгерден тұратын жасақ Әбул-Ас керуенінің күзетін тас-талқан етіп, бүкіл керуеннің мал-мүлкін олжалайды. Керуен күзетіндегі адамдардың қашқаны қашып, құтыла алмағандары қолға түседі. Бірақ Әбул-Ас ұстатпай кетеді. Оны қолға түсірмекке ниеттенген мұсылмандар Меккеге қайтар жолды торуылдағанмен, ол қарасын көрсете қоймайды. Ал қолға түскен керуен Мәдинаға әкелінеді.
Сол күні түн ортасында Зәйнәбтің есігі қағылады. Ашып қараса, күйеуі Әбул-Ас. Оны мұсылман боп келді деп ойлаған Зәйнәбтің қуанышында шек жоқ еді. Мән-жайды біле келе, оның мұсылман емес, өлімнен бас сауғалап келгендігін ұғады. Соған қарамай өжеттілік танытып оны тыныштандырып, үйінен пана береді. Таң қылаң бере таң намазына қамат айтылып, мұсылмандар сапқа тұрып жатты. Кенет арт жақтан:
«Мен Әбул-Асиді қорғаныма алдым», – деген әйел даусы естіледі. Бұл Зәйнәб еді. Мұсылмандар аң-таң қалады. Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқып болған соң, сахабалардан:
«Менің құлағым шалған нәрсені сендер де естідіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар:
«Иә, естідік», – деп жауап берді. Пайғамбар (ﷺ) сонда:
«Алланың атымен ант етемін! Менің мұнан хабарым жоқ еді», – дейді. Осылайша Әбул-Ас әйел кісінің қорғанының астында бірде-бір адамның түрткісіне ұшырамай, бүкіл Ислам әскерінің алдында Мәдинада жүреді. Алла елшісі (ﷺ) бұл жолы да сахабаларына өтініш ретінде:
«Егер қаласаңдар, керуенін қайтарып берсеңдер», – деген лебіз танытады. Сахабалар:
«Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Алланың елшісі!» – деп, Әбул-Асқа бүкіл керуенін мал-мүлкімен қоса қайтарып береді. (Әл-Хаким)
Осы күнге дейін мұндай адамгершілік қасиеттері қалыптасқан қоғамның куәсі болмаған Әбул-Ас мұсылмандардың бұл әрекетінен қатты әсер алады. Мұсылмандар тарабынан осыншалықты ізеттілік пен адалдық көрген ол иман келтірмей, мал-дүниесін жиып-теріп, Меккеге аттанып кетеді. Меккеге жетісімен керуендегі аманат мүліктерді бір-бірлеп иелеріне таратып, үстіндегі пайдаларын қоса беріп болған соң: «Енді менде ештеңелерің қалмады ма?» – деп сұрайды. Олар: «Біз саған разымыз», – деп Әбул-Асті біраз мақтайды. Әбул-Ас: «Менде еш ақыларың қалмады ма?» – деп қайта сұрайды. Олар: «Ештеңеміз қалған жоқ», – дейді. Осыдан кейін барып Әбул-Ас: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ (Алладан өзге құдай жоқ екеніне куәлік беремін және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беремін)» деп иман келтіреді де: «Мен бұл нәрсеге Мәдинада ниеттенген едім, бірақ жұрт мал-дүниесін қайтарып алу үшін иман келтірді деп ойлап қалмасын дедім», – дейді (Алла оған разы болсын). Сосын ол Мәдинаға оралып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) алдына келіп, өзінің мұсылмандығын жариялап, Алла елшісінен (ﷺ) өзін Зәйнәбқа қайта қосуын сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбул-Асті қуана қарсы алып, оған Зәйнәбті қайтарып береді. Олар араға алты жыл салып барып қайта табысады. Алайда, өкінішке қарай, көп ұзамай Зәйнәб қарақшы Хаббардың соққысының салдарынан көп азап шегіп дүниеден өтеді. Осы өлімге тікелей себепкер болған Хаббар сол бойы таптырмай кеткен еді.
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) ҚЫЗЫН ӨЛТІРГЕН ҚЫЛМЫСКЕРДІ КЕШІРДІ
Мекке мұсылмандардың қолына өткеннен кейінгі күндердің бірінде Мәдинада Пайғамбарымыз (ﷺ) мешітте отырғанда, алып денелі бір кісі алдына келіп тізерлеп отырып: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ», – деп иман келтіріп, Алла елшісінен (ﷺ) кешірім сұрай бастайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оның Хаббар екенін білген соң, жүрегіндегі қызына деген махаббаты бой көтеріп, ескі жараның аузы тырналып: «Зәйнәбті өлтірген осы, Зәйнәбті өлтірген осы», – деп қайталап отырып қалады. Десе де, бұл орында таразы сезім емес, сенім еді. Ислам иман келтірген кісінің алдыңғы күнәларының бәрін жуады, тіпті ол Пайғамбардың қызын өлтірсе де. Сіздер адамзат тарихында патшаның қызын өлтірген біреуді патша үкіметінің кешіргенін естігенсіздер ме?! Ал Пайғамбарымыз (ﷺ) Хаббарды кешірген. Өйткені Исламның мақсаты – әсте кек қайтару, өш алу, әлдекімге зұлымдық істеу емес. Ислам – бейбітшілік пен кешірімшілдіктің рәмізі! Алла елшісінің (ﷺ) қызы Зәйнәбқа Алла разы болып, оны Өз рақымына алсын!