20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
Руханият 2019-08-08 (0) (16322)

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚАЖЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҒАНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМДЕР

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚАЖЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҒАНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМДЕР

 

1. Қажылық амалдарын орындауға және қажылыққа барып-қайтуға денсаулығының жарамды болуы.

2. Қажылыққа баруға кедергі келтіретін жайлардың болмауы. Мысалы, түрме, қажылық визасын ала алмау, кеденнен өткізбей қою және т.б.

3. Жолдың сенімді болуы. Яғни қажылыққа баратын жолда соғыс немесе басқа да адамның өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың орын алмауы. Егер Меккеге баратын басқадай жол табылмаса, қажылық міндеті адамның мойнынан түседі.

4. Қажылықты өтеуді ниет еткен адамның көмегіне өте мұқтаж адамдардың болмауы. Егер қажылыққа барғысы келген адамның үйінде қария немесе сырқат ата-аналары болып, оларға қарайтын басқа адам жоқ болса, оның қажылыққа бармауына рұқсат етіледі. Сол секілді бір елді мекендегі аурулардың өмірі қажылықты ниет еткен дәрігердің көмегіне өте зәру болса, ол дәрігердің де қажылыққа бармауына болады.

5. Ханафи мен ханбали мазһабтарында әйелге қажылық жасау үшін қасында махрамы болуы керек. Махрам – әйелдің күйеуі және үйленуге болмайтын еркек туысқандары. Олар: әкесі, атасы, ұлдары, немерелері, туған аға-інілері, олардың ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдары, әкесінің туған аға-інілері, туған нағашы аға-інілері, күйеуінің әкесі (қайын атасы), атасы, күйеуінің басқа әйелдерінен туған ұлдары, сүт анасының күйеуі, аға-інілері, ұлдары және сүт анасынан емген басқа еркектің ұлдары. Себебі шариғатта бір анадан емген екі адамның ұл-қыздарына да бір-біріне үйленуге болмайды.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел махрамсыз қажылық жасамасын», – деген кезде, бір кісі өзінің соғысқа баруға жазылып қойғандығын, ал әйелінің қажылық жасауды ниет еткендігін айтады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кері қайт та (яғни соғысқа барма), әйеліңмен бірге қажылық жаса», – деген. (Ибн Әбу Шәйбә)

Бұл хадис және жалпы әйел заты үш күннен артық махрамсыз жол жүруге тыйым салынғандығын білдіретін сахих хадистер, әйел адамның махрамсыз қажылық жасауға болмайтындығының тағы бір дәлелі.

Мәлики мен шафиғи мазһабтарында қасында біреуінің не бірнешеуінің махрамы бар бір топ сенімді әйелдермен бірге махрамы жоқ әйел қажылыққа бара алады. Егер олар сенімсіз болса, баруға болмайды.

Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдеріне қажылық жасауға рұқсат береді. Сонда олардың әрқайсысының қасында махрамы болмайды. Омар олармен бірге қажылыққа Осман ибн Аффанды және Абдур-Рахман ибн Ауфты (Алла ол екеуіне разы болсын) қосып жібереді. (Сунән әл-Бәйһақи әл-Кубра)

Мәликилер мен шафиғилер Омардың осы ісін және басқа да хадистерді дәлел етіп, жол аман да сенімді адамдармен бірге әйел махрамсыз да қажылық сапарға шыға алады деген пікірге келген. (Әл-Муғни фи фиқһ әл-хажжи уа әл-умра)

6. Қажылық уақытында әйелдің иддада болмауы қажет. Идда – күйеуі қайтыс болғаннан немесе ажырасқаннан кейін әйелдің үйінен шықпай, күтетін мерзімі. Міне, осы мезгілде әйелдерге қажылық жасау парыз емес.

Егер қажылық жасаудың парыздары мен оны өтеудің шарттары орындалса, үш мазһабта сол жылдан кешіктірмей қажылық жасау қажет. Қажылықты үзірсіз кешіктірген кісілер күнәкар болады. Шафиғи мазһабында және Әбу Ханифаның шәкірті Мұхаммедтің пікірінше, қажылықты алдағы жылдарға кешіктіруге болады. (Фатх бәб әл-ғиная би шарх ән-нуқая)

 

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық жасауды қаласа, асықсын», – деді», – деген. ( Әбу Дауд)

Көпшілік ғалымдар «аталған хадиспен мағыналас басқа да хадистерді басшылыққа ала отырып, қажылықты кешіктірмей орындау – міндет» деген. Ал имам Шафиғи мен Мұхаммед әш-Шәйбәни «қажылық 6-жылы парыз болғанымен, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тек 10-жылы ғана қажылық жасаған» дейді. Сондықтан қажылық жасауды келесі жылдарға қалдыруға болады, бірақ көп ұзатпай қажылық парыз болған жылы жасаған абзал деген.

7. Әйелдердің арнайы ихрам (қажылық немесе умраға барған адамның киімі) киімдері жоқ, олардың ихрамы жүзін және екі қолын білезікке дейін ашу арқылы жүзеге асады. Яғни әйелдерге қажылық кезінде жүзін және қолдарын жабуға рұқсат етілмейді.

8. Қажылық сапарға шыққан әйелге ихрамға кіргенге дейін не кіргеннен кейін хайыз (етеккір) немесе нифас (босанғаннан кейінгі тазару) қаны келсе, ол қажылығын жалғастыра береді. Тек хайыздан немесе нифастан тазарғанға дейін тауап жасамайды.

9. Әйел адам иіссуді сыртқа себуге болмаған сияқты, ихрам кезінде киген киіміне ихрам халіне өткенге дейін және одан кейін иіссу сеппейді және тәлбияны (ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта молынан қайталанып айтылатын сүннет дұға) даусын көтеріп айтпайды.

10. Тауаптың алғашқы үш айналымында және сағида (Сафа мен Мәруаның арасында жүріп өту)  екі жасыл белгі арасында ерлер секілді жылдам жүрмейді, баяу жүріспен өтеді.

11. Қажылықтың барлық уақытында, мүмкіндігінше адамдар тығыз жерден алшағырақ жүреді.

12. Әйелге Муздалифада (Муздалифа жазығында түнеу қажылық амалдарының бірі) түнемеуге рұқсат етіледі.

13. Әйелдер шашын толық алдырмайды, олар тек шаштарының ұшынан аз ғана қысқартады.

14. Егер қажылық аяқталып, әйелдің қасындағы күйеуі немесе махрамы қайтатын болса, әйелге қоштасу тауабын жасау міндет емес. Мұндай кезде қоштасу тауабы оның мойнынан түседі және ол үшін ешқандай жаза өтемейді.

15. Әйел өзінің жеке байлығынан қажылық жасайды, оны қажылыққа алып баруды шариғатымыз күйеуіне міндеттемеген. Тек күйеуі өз қалауымен оны қажылыққа алып баратын болса, өте жақсы.

 

16322 рет оқылды