Жұлдыз арқылы болашақты болжау қазіргі таңда кең етек алып кеткен. Оны «астрология» деп атайды. Тіпті, оны ғылымға телитіндер де бар. Астрология нақты бір ғылым ба және оның астрономияға қатысы қандай? Қай айдың қай күні туылғаны адамның тағдырына, мінез-құлқына, өмірге деген көзқарасына әсер ете ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Ең алдымен, астрономия мен астрологияның айырмашылығын түсініп алған жөн. Астрономия - ғарыш кеңістігіндегі жекелеген аспан денелерін, оның жүйелерін, құрылысын, пайда болуын және динамикасын, оларда болып жатқан жалпы құбылыстарды зерттейді. Қазіргі таңда "физика және астрономия" атты аспан денелерін зерттейтін ғылым саласы да бар. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарында жекеленген мамандық ретінде де оқытылады.
Ал «астрология» дегеніміз не?
Бәз біреулер «аспан шырақтары мен адамның арасында байланыс бар, міне, астрология соны зерттейді» - деп жүр. Бұл жалған ілім орта ғасырларда таралған, қазірде келешекті болжап, жұлдызнама құрастыру үшін пайдаланылады. Табиғат құбылыстарының шын мәнін түсінбеген ертедегі адамдар аспан шырақтарын да құдай деп қастерлеп, оларға табынатын болған. Міне, сондықтан да ілгергі бақсы-балгерлер планеталарды өздері табынатын құдайларының атымен Юпитер, Марс, Венера деп атайтын болған. Осыдан барып аспан денелері жер бетіндегі оқиғаларға, адамның тағдырына әсерін тигізеді деген жалған сенім қалыптасып кеткен.
АСТРОЛОГИЯ БИЗНЕСТІҢ БІР ТҮРІ
Яғни, астрономияның астрологияға ешқандай да қатысы жоқ, ол - аспан денелерін зерттейтін нақты ғылым. Ендеше астрологияның үкімі қандай болмақ?
Бұл сұраққа ең алдымен, логикаға жүгіну арқылы жауап іздеп көрейік. Астрологтар 12 түрлі жұлдыздық белгіні ойлап тапқан. Ал енді, қараңызшы, әлемнің әр бұрышында бір мезетте мыңдаған сәби дүниеге келеді. Сонда мыңның тағдыры біркелкі болатындығы сау ақылға сыя ма? Қазіргі таңда бүкіл әлемде мінезі, түрі, тәрбиесі әр түрлі 8 млрд-қа жуық адам бар. Барлығының тағдырын 12 түрлі қылып қана шектеп қоюды қалай түсінеміз? Басқаша айтқанда, 670 мыңдай адамның тағдыры бірдей болуы мүмкін бе? Мысалға, әлем бойынша бір күнде 12 түсті (ақ, қызық, жасыл, сары т.б) 670 мың машина өндіріліп шықты делік. Ал мен сізге келіп "сол бір күнде өндірілген 670 мың машинаның барлығының дөгелегі бүгін жарылады екен не жол апатына ұшырайды" десем ақылыңызға сыймайды ғой солай ма?! Олай болса, Алла Тағала жаратқан адамның барлығы бір уақытта қызметте көтеріліп немесе жақындарымен ұрысып қалады дегенге қалай сенуге болады? Бұл мысалымызға да нанбасаңыз, барлық астрологиялық болжамдары бар газеттерді жинап алып, оқып шығыңыз. Әр қайсысындағы жұлдызнама әр түрлі болып келеді. Сонда, әр жұлдызнамашының "арыстан, бикеші" бөлек пе, әлде олар әр кімге әр түрлі болып көрінеді ме?
Психология ғылымдарының докторы Джо Фриддин «Астрологияның қазіргі жетістіктері» атты кітабында: «Астрология адам баласының тәжірибесіне негізделген титтей де дәлелдері жоқ, белгісіз нәрселерге құрылады» - деген тұжырым айтады. Ал бүкіл өмірін астрономия ғылымына сарп еткен ғалым Сергей Эфимов: «Негізінде, астрология – бұл бизнестің бір түрі. Егер оқыған жұлдыз жорамалыңыз ұнамай қалса, қапа болмаңыз, басқа газеттен өзіңізге ұнайтын нұсқасын тауып алыңыз» - дейді.
БҰЛ ТУРАЛЫ ҚҰРАН МЕН ХАДИС НЕ ДЕЙДІ?
Алладан келген хақ дініміз, әрине, жұлдыз жорамалға қарсы. Қасиетті Құранда былай делінген:
"...Сендерге жебемен (және басқа нәрселермен) бал ашу харам етілді" («Мәида» сүресі, 3-аят)
Сондай-ақ, бұған қатысты Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай хадистер жеткен.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім жұлдызбен сәуегейлік етудің бір тармағын үйренетін болса, ол сиқырдың бір тармағын үйренген болады", - дегенін естідім", - деген. (Әбу Дәуд)
Жәбір (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:
"Аспандағы жұлдыздарды болжап білім алушы (болашақта не болтындығын жұлдыздар арқылы астрологиямен айналысып болжайтындар) бақсылықтың бір түрімен айналысып жатыр және ол солай неғұрлым көп білім алса, бақсылыққа (ең ауыр күнәға) соғұрлым еніп жатыр. Ал көріпкелге сенген адамның 40 күндік намазы қабыл болмайды. Кімде-кім балшыға барып, оның айтқанына сенетін болса, Мұхаммедке (ﷺ), түсірілген нәрсесіне (Құранға) күпірлік білдірген болады", - деген. (Әбу Дәуд)
Пайғамбарымызға (ﷺ) Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: "Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ, өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам, еш уақытта шығынға ұшырамай, әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім әрі (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді. Мен бар болғаны иман етуге ниетті қауым үшін ескертуші әрі сүйіншілеуші ғанамын" - деп айт деген. ("Ағраф" сүресі, 188-аят)
Иә, алдағы күні не болатынын, болашағымыз қалай өзгеретінін қарапайым адам түгілі, Алланың ең сүйікті құлы болған Пайғамбар (ﷺ) да білмеген. Ендеше, болашақты болжап жүргендердің айтқаны өтірік болса, олардың өздері өтірікші, ғылым деп жүргендері өтірік ілім болып шығатыны даусыз.
ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖАРАТЫЛУДАҒЫ ҮШ МАҚСАТЫ
Жұлдыздарға қарап бал ашу, болашақты болжау - жалған сенім екенін түсіндік. Енді "сонда жұлдыздардың жаратылу мақсаты неде?"- деген сұрақ туындайды. Әрине, Жаратушымыз ешнәрсені себепсіз жаратпаған. Жалпы Алла Тағала Құранда жұлдыздарды жаратуының үш мақсатын баяндаған екен. Бізге керегі де осы емес пе? Ендеше төменге назар салайық!
БІРІНШІ МАҚСАТ. "Біз сендерге ең жақын аспанды жымыңдаған жұлдыздармен безендірдік" ("Саффат" сүресі, 6-аят) Демек, алғашқы мақсат Алланың құдіретін түсініп, жұлдыздарға қарап тұрып, "Я, Раббым, сен қандай шебер едің!"-деп, Жаратушымызды ұлықтау үшін жаралған.
ЕКІНШІ МАҚСАТ. Жұлдыздардың жаратылуының екінші себебі - ол жол табу мақсатында. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: "Ол - жұлдыздарды сендердің игіліктеріңе, құрлық пен теңіздің қараңғылығында жол тауып адаспай жүрулерің үшін жаратқан Алла..." ("Әнғам" сүресі, 97-аят) Біз өте жақсы білетін жол көрсетуші Темірқазық, Жетіқарақшы, Үркер т.б. жұлдыздары бар. Мысалға, Темірқазық үнемі солтүстікте тұрады, яғни, компассыз осы жұлдыз арқылы жол табуға болады. Ал Жетіқарақшы түні бойы Темірқазықты айналып жүреді, ол арқылы түннің қай бөлігі екенін анықтай аламыз. Үркер болса, қыс мезгілінде оң жақ жарты шарда, ал жаз мезгілдерінде сол жақ жарты шарда анық көрінеді.
ҮШІНШІ МАҚСАТ. Кей кезде біз аспаннан аққан жұлдыз байқаймыз. Бұл - жұлдыз жаратылуының үшінші мақсаты болып табылады. Бұл жайында Құранда: "(Ол шайтандар көктегі) ұлық періштелердің жоғарғы мәжілісіне ұрланып келіп, тың тыңдай алмайды, (тың тыңдауға ұмсынғанда-ақ) жан-жақтан аяусыз атқыланады. Сөйтіп, олар аяусыз қуылады, сондай-ақ бітпейтін азапқа душар болады. Дегенмен, араларынан біреуі бір амалын тауып, ұрланып келіп, тың тыңдап, құлағы шалып қалған бір сөзді ала қашса, оның да соңына бірден жарқыраған ақпа жұлдыз түседі де (адым жерге жібермей көзін жояды.) ("Саффат" сүресі, 7-10 аяттар)