Сұхбат 2019-07-16 (0) (6183)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Біздің мақсатымыз – ізгілікке шақырып, іріткіден қайтару

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Біздің мақсатымыз – ізгілікке шақырып, іріткіден қайтару

– Мұхамеджан Оразбайұлы, биыл «Асыл арна» телеарнасының құрылғанына 10 жыл толып отыр екен. Мерейтойларыңыз құтты болсын. Ең әуелі арнаның қазіргі қазақ қоғамындағы шығармашылық бағыты, мәдени-рухани маңызы, ақпарат кеңістігіндегі алар орны жайлы айтып берсеңіз...

– «Асыл арна» телеарнасы Елбасымыздың тікелей қолдауымен рухани-ағартушылық бағытта құрылған шығармашылық құрылым. Яғни, идея авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы. Тұңғыш Президентіміз телеарна жұмысын жүйелеп жүргізу жөнінде 2007 жылы тікелей тапсырма берген-ді. Содан екі жыл мерзім эфирлік материал жинауға кетті де, 2009 жылы жұмысты бастадық.

Қазір шығармашылық ұжым мемлекетіміздің рухани бағыттағы саясатына негіздей отырып жұмыс жасауда. Соңғы жылдары қоғамда отбасы құндылықтары және «Рухани жаңғыру» секілді үлкен бағдарламаларға басымдық беріліп жатыр. Осы ретте біз арнамызды негізінен отбасы құндылықтарын насихаттауға бейімдедік. Яғни, «Асыл арнаны» толықтай діни телеарна дегеннен гөрі, дінмен сіңісті қазақы дәстүрлерімізді насихаттайтын отбасылық телеарна десе болады.

Алғашында біз коммерциялық арна ретінде тіркелген едік. Елбасымыздың рухани бағыттағы саясатын ел арасына насихаттаудағы еңбегіміз еленіп, қазір республикалық телеарнаға айналдық. Бұл дегеніміз – қазақстандық хабар таратушы желілердің барлығы «Асыл арнаны» өз аудиториясына ұсынуға мемлекет тарапынан міндеттелетінін білдіреді.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен қоян-қолтық жұмыс атқарудамыз. Министрлік, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және «Асыл арна» арасында үшжақты меморандум бар.

– Сіздердің шығармашылық бағыттарыңыз еліміздегі діни ағартушылық мүддеге сәйкес болғандықтан ҚМДБ тарапынан қолдау бар ма?

– Бар. Мысалы «Маңызды мәселе» бағдарламасы аптасына үш мәрте тікелей эфирге шығады. Яғни, көрермен өздерін алаңдатқан сауалдарға жауап алады. Бағдарлама спикерлері – ҚМДБ имамдары және теолог-ғалымдар. Өткен қасиетті Рамазан айында «Хақтан хабар түскен ай» атты бағдарлама аптасына алты күн тікелей эфирге шықты. Бұл іске де ҚМДБ өкілдері тартылды. Сол сияқты «Қазақстан мешіттері», «Әдеп әліппесі», «Жұма мүбәрак», «Жас қари», «Құран құндылықтары» тәрізді циклдық хабарларға Діни басқарма өкілдері тұрақты қатысып келеді. Осының өзі-ақ қаншалықты тығыз шығармашылық байланыста екенімізді анық көрсетеді. Өткен жылы шығармашылық тұрғыдан «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетімен де екіжақты меморандумға қол қойдық. Иісі қазаққа сәулелі сөз жеткізуде осылайша тізе қосып амал атқарып жатқан жайымыз бар.

Телеарна жыл сайын ҚМДБ қадағалауымен қажылық сапардан елдегі бауырларға хабар таратумен қатар, түрлі шариғи мәселелер талқыланатын конференциялар, Ислам елдері мүфтилерінің басқосуы, шетелдерде діни дәріс алып жүрген қазақстандық жастардың жай-күйі сияқты алуан шаралардың ақпараттық қолдаушысы ретінде арна Діни басқармамен қанаттасып жұмыс атқарып отыр.

– Сізге жол ортадан тосындау сұрақ қойғым келіп отыр. Ислам дінінің ежелгі қазақ қоғамындағы орны қандай болды? Қазір қандай?

– Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуында Ислам орны зор. Яғни, мұсылманшылықты қабылдаған тайпалардың бірігуі негізінде Қазақ хандығы құрылды. Бабаларымыздың алтын басын бір тудың астына біріктірген шариғат шарттары негізінде туыстық қарым-қатынасқа үлкен мән беретін дәстүр қалыптасты. Өткен ғасырларда әдейі ұйымдастырылған аштық, генецид, қасақана жасалған репрессиядан да аман шығып, тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің негізінде де Ислам діні жатыр. Неге? Аталарымыз қыз алып, қыз беруде бірінші шариғат қағидаттарын алға қойды. Діні басқаны өзіне жат тұтып, құдаласудан сақтанды, яғни қан тазалығына мән берді. Бір қолында ғылымы, бір қолында Құраны бар бабаларымыз ғылым туғызды, өркениет жасады, қала мәдениетін қалыптастырды. Қазір әлем тұтынып отырған құндылықтардың авторы кешегі біздің бабаларымыз – әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауилер емес пе?

– Дін дегеніміз құлшылық па, ағартушылық па, әлде қоғамды тұтастыратын рухани күш пе? «Асыл арна» осы бағыттардың қайсысына басымдық беріп отыр?

– Дін дегеніміз – туғаннан өлгенге дейін қатар өріліп келе жатқан құндылық. Ал жеке адам үшін – құлшылық. Қоғам үшін қауымды тұтастырып, берекесін арттыратын ұйытқы. Ғылым үшін – дамудың жолын ашатын ағартушылық.

Мәселен, қазір біздің ұлт ретінде ұтылып жатқан жеріміз – отбасы құндылығы. Ақсақалға мұқтажбыз, қариядан жетімдік көрудеміз, жемқорлықтан қазынамыз кеміп жатыр, қаталдық пен қаныпезерліктен қаншама қыз-келіншек жапа шегуде, сараңдық себепті кедей ағайын қағыс қалып жатыр. Осы проблемалар түбінде не жатыр? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей намысты ұл, ұятты қыз тәрбиелемеудің кемістігі бұл.

«Асыл арна» – қоғамды тыныштыққа, шүкіршілікке, ынтымаққа шақыруымен де танымал. Себебі барынан айырылып, берекесі қашып, тыныштықты түсінде ғана көретін жұрттарды көзіміз көріп отыр. Демек, тыныш елде ырыс табуымыз үшін, осы елде берекелі ғұмыр кешуіміз үшін Елбасымыз айтқандай, «тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек». Осы бағытта да жазылушыларымыздың саны үш миллионға жететін әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда дүркін-дүркін бейнероликтер, фотопостар ұйымдастырып жатырмыз.

Мұны не үшін айтып отырмын? «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке қашады» дейді қазақ. Ал үлкен бүлікті, яғни революцияны Пайғамбарымыз Мұхаммед [с.ғ.с] ұйқыдағы арыстанға теңейді және кімде-кім оның мұртын жұлып оятар болса, яғни ел арасына әдейілеп іріткі салар болса немесе патшасы мен қауымның арасына от жақса, оған Алланың лағынеті болсын дейді. Алла елшісі (с.ғ.с) сондай-ақ қарумен бүлік бастаушылардан гөрі қаламмен әміріне қарсы шығушылардың зияны көптігін айтып, үмбетін сақтандырған. Ендеше, басшыңа бағыну мен бүліктен барынша қашу да – Ислам талабы. Арнамыз эфирінен ең көп насихатталатын тақырып – тыныштықтың қадірін білу, Жаратушың жарылқауды жалғастыратын айтып сүйіншілеу.

– «Асыл арна» Орталық Азия елдерінде Діни – ағартушылар бірден-бір хабар тарататын бірден-бір ақпарат құралы екен. Біздегі билік бұтақтары тарапынан түсіністікпен қабылдау үрдісі қаншалықты?

– Сөз басында айтқанымыздай, «Асыл арна» Елбасымыздың тікелей қолдауымен ашылған. Бұлай болмаса, рухани-ағартушылық тақырып 10 жыл жүйелі жүргізілмес еді. Қаншама сайттар ашыла сала жабылып, журналдар жоқ боп кетіп жатқанда, телеарнаны бабында ұстап тұру – сіз айтып отырған билік бұтақтарының түсіністігі ғана емес, жүйелі шарапатының жемісі. Арнамыз ашыла сала, сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед барлық облыс әкімдеріне ресми хат жазып, Елбасының рухани бағыттағы саясатын насихаттайтын арнаны қолдауды айтқан еді.

Кейінгі жылдары Дін істері министрі Нұрлан Ермекбаев кеңсемізге арнайы келіп, жұмыс барысымен танысып, нақты тапсырмаларын беріп кеткен еді. Қоғамдық даму министрі кезінде Дархан Кәлетаев та оң көзқараста болды. Қазіргі министріміз Дәурен Әскербекұлымен де келісілген уақытта кездесіп, есебімізді тапсырып, жоспарымызды таныстырып тұрамыз.

Сондай-ақ кейінгі жылдары облыс, аудан орталықтарында жастармен кездесулерге жиі шақырады. Ақын деген атымыз бар, сөз ұстаған айтыскер, республикалық арна директоры ретінде шақырған жерден қалмауға тырысамыз. Бес жүз, мың адамдық залдарда өтетін кездесулер аймақ басшыларының рұқсатынсыз, құзырлы орындардың мақұлдауынсыз өтпейді ғой. Сіз сұрап отырған түсіністік деген осы емес пе?

– Шығармашылық ұжым діни-рухани бағытта жұмыс жасайтындықтан, жетекші журналистердің де діни сауаты болғаны жөн. Оның сыртында қазір қоғамда жат ағымдар ықпалы да бар-шылық. Осы іс қалай үйлесім табуда?

– Ұжым жетекшісі ретінде маған телеарна қызметкерінің діни сауатының тереңдігінен гөрі кәсіби шебер, масс-медиа маманы болуы маңыздырақ. «Асыл арнада» жұмыс істеу үшін теологиялық терең білім керек емес. Өйткені иісі қазақ баласының бәрі иманды, мұсылманшылықтың негізгі қағидаттарын қара шаңырақтан-ақ үйренген. Ақын Бекжан Әшірбаев бауырым айтпақшы, қазақтың кез келген баласы «академиялық білімді әкеден алып» өседі.

«Асыл арнаның» мақсаты – елдің бәрін медресеге шақыру емес. Біздің негізгі концепция, домалақтап айтар болсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали айтқандай, генімізде онсыз да бар, бірақ ұйықтап жатқан ұлттық кодтарымызды түртіп ояту. Жәмиғатты жақсылыққа үндеу, жұртшылықты жамандықтан қадари-халімізше қайтару. Ақ пен қараны тап басып, ненің пайда, ненің зиян екенін жүрегімен шын түсінген адам мешітке бара ма, медресеге шәкірт бола ма – өзі біледі. Қоғам діниленбеу керек, мұсылмандануы қажет. Өйткені шын мұсылман айналасына тек пайда әкеледі, етікші бола ма, егінші бола ма, қайда жүріп, қандай орынтақта отырса да өз кәсібінің нағыз білгірі болуға тырысады. Яғни, дүние мен ақырет қамын қатар ұстайды.

Ал жат ағымды анықтау – жүдә қиын шаруа емес. Ағым – белгілі бір адамға немесе бір адамның кітабына шақырады, сан алуан адамды бірдей ойлайтын секта шеңберіне тыққысы келеді. Ал ақиқи дін – Алланың кітабы Құранға және оның елшісі Мұхаммедтің [с.ғ.с] сүннетін орындауға ғана шақырады. Құран мен сүннетке ғана сүйенген адам қос рельске түскен пойыздай зымырайды. Мұны бабаларымыз баяғыда-ақ айтып кеткен ғой – адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады...

Әңгімелескен:   Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ    "Egemen Qazaqstan"

6183 рет оқылды