07:10 | Өнер қырандары
07:50 | Құран құндылықтары
Руханият 2020-04-16 (0) (7206)

РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҒЫҢДЫ ТЕКСЕР!

РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҒЫҢДЫ ТЕКСЕР!

 

 

Ей, мұсылман!  Күнәлардан құлан-таза айығуға, жақсылыққа өзгеруге, нәпсіні тәрбиелеуге, тақуалыққа жетуге, зор табысқа ие болуға, сұрағанын алуға, таусылмайтын нығметтер мен мәңгілік бақытқа бөленуге мүмкіндік берілетін ҚАСИЕТТІ АЙҒА санаулы күндер мен сағаттар қалды.

Ал сен қаншалықты дайынсың?

1.Рамазан тек қана таңнан кешке дейін ашығу айы емес. Рамазан – Алла мен құлының арасындағы сыр, үлкен мектеп. Рамазанның құндылықтары мен пайдасын ұғынып үлгердің бе? Және Құнанбайдың баласы бір сөзінде: «Білімсіз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Білімсіз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды» дейді. Ораза туралы біліміңді толықтырдың ба? Білгеніңді жаңарттың ба? Байқаусызда оразаңды бұзатын әрекет жасап қойып, өкінішке өртеніп қалмағың...

2. Хадисте келгендей, әр істі жоспармен атқару – ақылдылықтың көрінісі. Жоспар бар жерде амал бар, амал барда сауап та, есеп те бар... Жоспарыңды бекіттің бе? Бұл Рамазанда құлшылығыңа қандай құлшылық қоспақсың?

3. Сәуір айының жиырма төртінен бастап отыз күнің қалай өтпек? Сабақтарың мен жұмыстарыңның кестесін қарадың ба? Бәлкім саған көшу керек шығар әлде іссапар күтіп тұр ма? Құлшылық науқанында бар уақытыңды Раббыңа арнаудан кеш қалма!

3. Бұл – асқазанның ғана емес, тілдің, ойдың, көздің, құлақтың, жүректің оразасы. Біл, Рамазан табалдырықтан аттағаннан-ақ, барлық жамандықтан тыйылып кетпейсің. Ендеше, өзіңе назар сал! Өсектен алыссың ба? Өтіріктен жиіркенесің бе? Нашар ойларыңмен алысып жүрсің бе? Көзіңді харамнан тыя білесің бе?

4. Құлшылық маусымын қарсы алудағы ең жақсы амал – истиғфарды көп айту (Астағфируллаһ, Алла, мені кешір). Себебі, пенденің күнәлары оны Алланың жәрдемінен мақрұм қалдырады. Истиғфарды әдетке айналдырған адам тек тазарады, әлсіз болса, күшейеді, ауру болса, айығады, қиындықтан құтылады, адасудан туралық табады. Сен күніне қанша рет кешірім тілейсің? Истиғфарың жеткілікті дәрежеде ме?

5. Ережеп – өнім егу айы, Шағбан – суару, көктеу айы, ал Рамазан – жеміс жинау науқаны. Режеп – жел, Шағбан – бұлт, Рамазан – жаңбыр секілді. Режепте егін егіп, оны Шағбанда суармаған, Рамазанда қалайша жеміс жинай алады? Ендеше, өзіңе сұрақ қой! Құлшылықтардың қаншалықты арттырып жүрсің? Соңғы рет түнгі намазға қашан тұрдың? Күніне бір рет болсын нәпіл намаз оқисың ба?

6. Шағбан оразасы – Рамазан оразасына кіріспе іспетті. Бұл айдағы оразалар парыз оразаға нәпсіні, денені, ниетті дайындайды әрі оны жеңілдетеді. Оразаңды жиілеттің бе? Дүйсенбі және бейсенбі күнгі оразаларды қалдырмай ұстап жүрсің бе?

7. Былтырғы Рамазанның оразасында қарыз күндеріңіз бар ма еді? Осы күнге дейін өтеп үлгердіңіз бе?

8. Отбасыңызға, жақындарыңызға, дос-жаранға ораза туралы насихат айттыңыз ба?

9. Рамазан – Құран айы. «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір Рамазанда Жәбірейл (оған Алланың сәлемі болсын) періштеге Құранды толығымен оқып беретін» (Бұхари, Муслим). Сол себептен сахабалар бұл айда Құранды жарыса хатым етуге тырысатын.Құран әріптерін тани алдыңыз ба? Қанша сүре білесіз? Қасиетті кітапқа хатым жасалатын айға қалай дайындалып жүрсіз? Алдын-ала бір рет болсын хатым жасап көрдіңіз бе?

10. Тұла бойы сауаптарға тұнған  Рамазанға жету және осы айда Алла разы болатын амалдарды атқару – мұсылманға берілген нығмет. Нығмет – кез келгенге беріле бермейді. Ал сіз дәл осы кеңшілікті Алладан сұрап жүрсіз бе? Иә, бауырым, Рамазанға аман-есен жетуді, ұлы мүмкіндікке ие болуды, атқаратын құлшылықтарымызды жеңіл әрі жемісті етуін Алладан сұрап, дұғамызға қосайық...

 

 

7206 рет оқылды