Руханият 2019-04-24 (0) (5676)

БІРЕУГЕ НАСИХАТ АЙТУДЫҢ ӘДЕПТЕРІ

БІРЕУГЕ НАСИХАТ АЙТУДЫҢ ӘДЕПТЕРІ



1) НИЕТТІҢ ДҰРЫС БОЛУЫ.

Яғни өзінің одан артық білетінін, ақылдырақ екенін, жоғары тұрғанын сездірту, көрсету үшін емес, шын жанашырлықпен, Алладан сауап үміт ете отырып айту.


2) ОЛ СІЗДІҢ НАСИХАТЫҢЫЗДЫ СҰРАМАСА ДА, ОНЫҢ СОҒАН МҰҚТАЖ ЕКЕНІН СЕЗЕ ОТЫРЫП АЙТУ.

Ол адам сізден ақыл-кеңес сұрамауы мүмкін. Алайда, «сырт көз – сыншы» дегендей, бауырыңыздың бір қателікке ұрынып жүргенін көрсеңіз, бұған бей-жай қарамай, қолдан келгенше көмектескеніңіз абзал. Себебі, ол «дұрыс жасап жүрмін», «менің істеп жүрген әрекетім дұрыс» деп ойлап жүрген болуы мүмкін.


3) НАСИХАТ КЕЗІНДЕ ЕҢ КӨРКЕМ ӘРІ ЖҰМСАҚ ТӘСІЛДІ ТАҢДАУ.

Бұл әдептің өзін бірнеше пунктқа бөліп қарастыруға болады:

а) Насихатты жеке өзіне ғана, жасырын айту. Өйткені, біреудің кемшілігін ел алдында айту жанашырлық емес, керісінше масқаралау, айыбын бетке басу болып қалады. Ал ондай тәсіл сіздің сонша қиналып, орайлы сәтті күтіп, сөз теріп жүріп айтқан насихатыңыздың далаға кетуіне, ешқандай жеміс бермей, нәтижесіз қалуына себеп болады.


ә) Жеке насихат айтқаннан кейін оны жарияламау, мақтанбау. «Мен осыны айтып едім, содан кейін дұрысталды ғой», «Оған солай істе деп мен айтқанмын негізі» деген секілді сөздер адамдардың қошеметіне бөлегенімен, Алланың разылығынан құр алақан қалдырады.


б) Өзіне тікелей емес, өзге біреуге бағыттап тұрғандай қылып айту. Яғни кейде осыны айтсам, көңіліне тиіп қалады-ау деп алдын-ала сезіп тұрған болсаңыз, оны басқа біреудің басынан өткендей қылып тұспалдап жеткізуге болады. Мысалы, «ана үйдің келіні сөйтеді екен, бұл негізі дұрыс емес, оны былай істеу керек» десеңіз, бір кесе шаймен әңгіме айтып отырып-ақ, келініңізге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіре аласыз. Қазақтың «Қызым саған айтам, келінім, сен тыңда» дейтін дәстүрі – әдебін сақтай отырып насихат айтудың ең көркем үлгісі! Тағылымды тәлімгер Пайғамбарымыз да ﷺ сахабаларына насихат айтқанда бұрынғы өткендерді не басқа адамдарды есіне алып, «бір қауымдар былай айтатын еді, бір қауымдар былай істейтін» деп ишара жасап түсіндіретін болған.


в) Адамның өзін емес, істі ғана айыптау. Яғни «неге өйтесің?» дегеннен гөрі «Мына іс дұрыс емес», «мына нәрсе біздің тәрбиемізге жат» деп, амалдарын ғана айыптау – оның өзін емес, ісін ғана ұнатпай тұрғаныңызды білдіреді. 

Бірде бір бәдәуи мешітке келіп, кіші дәретке отырады. Мұны көрген мешіттегілер әлгі адамның әдепсіздігіне ашуланып, оған бас салмақ болғанда Пайғамбар ﷺ: «Оған тиіспеңдер және оның несебіне бір шелек суды құйыңдар, өйткені, расында, сендер адамдарға ауырлату үшін емес, тек жеңілдету үшін жіберілдіңдер», - дейді. Кейін әлгі адамды шақырып, оған мешіттің таза жер екенін әрі құлшылық орны екенін айтып түсіндіреді. Яғни Пайғамбар ﷺ әлгі адамды сол үшін жек көріп кеткен жоқ. Тек оның бұл ісінің дұрыс емес екенін айтып түсіндірді. Осыдан кейін әлгі адам: «Иә, Алла, мені және Алла Елшісін кешір! Қалғандарын кешірме!» – деп айтып жібереді. Ол Пайғамбарды ﷺ жақсы көріп қалғандықтан, аузынан осындай сөз шығып кеткен еді. (Бұхари)


г) амалмен, іспен көрсетіп насихат айту. Кейде бір адамның қателігін мың рет айтып түсіндіре бергеннен гөрі, бір рет өзің дұрысын істеп көрсеткенің өтімдірек болады.


4) БАРЛЫҚ АДАМНЫҢ ҚАТЕЛІККЕ ҰРЫНУЫ МҮМКІН ЕКЕНІН ЕСКЕРТУ 

Кез-келген адамға насихат айтар алдында өзіңіздің де осындай қателікке ұрынуыңыз мүмкін пенде екеніңізді ескеріңіз. Сонда ғана ол адамға барынша жұмсақ әрі көркем түрде кеңес айта аласыз. Өзіңізді оның орнына қойып, оның жағдайына кіруді де ұмытпаңыз. Сөзіңіз арқылы қаталдықты, қаттылықты емес, мейірім мен қамқорлықты, жанашырлықты, оған жақсылық қалап тұрғаныңызды сездіртіңіз.


5) ҰРЫСПАУ, СӨКПЕУ, ЗЕКІМЕУ, АШУЛАНБАУ. 

Алла Тағала неге «Аср» сүресінде бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиет етуден кейін бірден сабырды айтады? Яғни тыйым салынған нәрселерден тыю - үлкен сабырлықты талап ететін дүние.


6) ОЛ АДАМНЫҢ ЖАҒЫМСЫЗ ІСТЕН БІРДЕН БАС ТАРТУЫН ТАЛАП ЕТУ

Яғни ол адамның бірден өзгеріп кетуін талап етіп, өз насихатыңыздың жемісін артынша күтпегеніңіз абзал. «Мұсылман болу әсте-әсте» деген сөз бар. Кез келген жақсы іс ақырын-ақырын, бірте-бірте жүзеге асады.

Міне, бұл - бауырларға насихат айтудың ең маңызды әдептері. «Есті адамның сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді Абай. Ендеше, жамандықтан тыйып, жақсылыққа бұйыратын үлкендер де, оны ескеретін есті адамдар да аман болсын демекпіз.

5676 рет оқылды