Руханият 2019-04-05 (0) (90853)

ДУАЛАНҒАН АДАМҒА ДЕМ САЛУ

ДУАЛАНҒАН АДАМҒА ДЕМ САЛУ


Арамызда «дуалау», «сиқырлау», «магия», «көз байлау» сияқты сөздерді құлағы шалмаған адам жоқ шығар. Дегенмен, бұл ұғымның мағынасы мен астарында қандай құпия жатқанын біле бермейміз. Сиқыр - адамды біреуге ессіз ғашық ету үшін немесе ерлі-зайыптыларды ажырату, тіпті, кісінің жолын жауып, бизнесін тартып алуға әрі өзін өлтіру мақсатында жасалуы мүмкін.   Араб тілінен тікелей аударғанда «сиқыр» (cихp) сөзі – заттың ақиқи болмысының өзгеруі дегенді білдіреді. Ал дінімізде бұл ұғым сиқыршы (магия, дуамен айналысушы) мен жын-шайтандар арасында болатын одақ деп  түсіндіріледі.  «Дуа» сөзі негізі араб тілінен аударғанда Алладан дұға ету, жалбарыну, Алланың жәрдеміне жүгіну деген мағынадан туады. Ал сиқыр – жын-шайтанның көмегіне жүгіну. Жоғарыдағы іс-амалдарды  Аллаға емес, жын-шайтанға арнау. Бірақ, өкінішке орай, дуа сөзі қазіргі қоғамда дұға сөзінің антонимі, яғни сиқыр (адамның көзін байлау) мағынасын беретін сөз ретінде қолданысқа еніп кетті.     

Сиқыр мына екі көріністе жүзеге асады:  

1)    Сиқыр немесе магия (дуа) жасаушы, ақыға біреуге дуа жасатуға келген кісінің өтініші бойынша өзі тыйым салынған рәсімдерді жасап, күнә істейді.  Көп жағдайда Аллаға серік қосып, күнәнің ең ауырына бас ұрады. Сиқыр жасатуға келген адамға да  күнә істетеді. 

2)    Осыдан кейін шайтан оның талаптарын орындау жолында қызмет етеді. Себебі, Алла Құранда келтіргендей, шайтанның  негізгі мақсаты – адамды тозаққа алып кету. Сиқыршы имансыз болған сайын жындардан болған шайтан оның айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ, магиямен айналысушы тәуіптің сиқырының күші оның имансыздығы тереңдеген сайын арта түседі.  Сиқыршы егер істеп жүрген ауыр күнәсін тоқтатса, олар да бағынудан бас тартады.  

Сиқыршының жүзіне үңілген адам оның  өте ұсқынсыз әрі нұрсыз екенін аңғарады. Ол жарымен, балаларымен қатынаста бақытсыз, жалғыз қалғанда тыныштық таба алмайды. Дұрыс ұйықтай алмайды, қорқынышты түстер көріп оянады. Өйткені, Аса Ұлы Раббымыз: «Ал кім Менің еске салуымнан (Құраннан) теріс бұрылса, оған тар өмір болады» деп ескерткен. («Та һа» сүресі, 124-аят)      

ПАЙҒАМБАРДЫ (ﷺ)  ол кісінің шашына түйін жасап сиқырлаған.

Айша анамыз (р.а) айтады: «Бір күні Лубейд ибн әл-А’сам есімді Бану Зурайқ тайпасының адамы Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сиқыр жасайды. Нәтижесінде, Пайғамбарға істеп қойған істері істемегендей болып көріне бастайды. Бір күні күндіз (немесе кешке) менің жанымда болған кезінде, ол Аллаға қатты дұға жасады. Содан кейін: «Уа, Айша! Алланың өзім сұраған ілімді маған дарытқанын байқадың ба? Маған екі ер кісі келді, бірі бас жағыма, екіншісі аяқ жағыма отырды. Бірі екіншісінен: «Бұл адам неге қиналып жүр?» деп сұрады. Әлгі: «Ол сиқырланған» деп жауап берді. Тағы да: «Оны кім сиқырлады?» деп сұралды. Екіншісі: «Лубейд ибн әл-А’сам» деді. Біріншісі: «Сиқыр ненің ішінде?» деп сұрап еді, екіншісі: «Кепкен пальма жапырақтарына оралған тарақта» деп жауап қатты. «Сонда олар қайда?» «Заруан құдығында». Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше сахабаларымен сонда аттанды. Келгеннен кейін: «Уа, Айша, оның суы қына тұнбасындай, ал пальма бояуы шайтанның бастары секілді болды» деді. Мен: «Иә, Алланың Елшісі, сен оны қуып жібермейсің бе?» дедім. Ол: «Алла маған амандық нәсіп етті және мен оны адамдарға қатысты зұлымдыққа айналдырғым келмейді», - деді. Кейін сиқырды көміп тастауға бұйрық берді» (Бұхари, Муслим). 

Яһудилер өздерінің араларындағы ең үздік деген сиқыршы Лубейд ибн әл-А’саммен келісім шартқа отырып, Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сиқыр жасағаны үшін үш динар төлейді. Ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне келіп жүретін күң қыз әкелген шаш қалдықтары бар тараққа сиқыр жасайды. Сөйтіп сиқыр күшейе түсу үшін оны кепкен пальма жапырағына орап, Заруан құдығындағы тас астына көміп тастайды. Еврейлер бұл жолы сиқырдың ең қауіпті түрін нысанаға алды. Мақсаттары Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіру еді.  Алайда, Алла оны айладан қорғап, сиқырды әлсіретті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 40 күн бойы ауырды (ауырған күндерінің санына байланысты бірнеше нұсқа бар), тіпті, әйелдерінің бірімен жақындаспақ болғанда қауқарсыз болып қалады. Алланың рақымымен, сырқат оның қылықтары мен ақыл-санасына зарарын тигізе алмады.   

Дуа немесе магия әлемдегі ең ауыр жеті күнәнің біріне жатады әрі оны жасаған және жасатқан адамның намаз-құлшылықтары қабыл емес.

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең ауыр жеті күнәдан сақтаныңдар!» деді.  Одан: «Уа, Алланың Елшісі, ол қандай күнәлар?» деп сұралғанда: «Аллаға серік қосу, сиқыр, жазықсыз жанды өлтіру, өсімқорлық, жетімнің мүлкін жеу, (елдің басшысы бұйырған) соғыстан қашу, ары таза пәк әйелді ойнас жасады деп айыптау» деп жауап берді. (Бұхари, Муслим) Басқа хадисте «Кімде-кім балгерді шақырып, оның айтқандарын растаса, ол Мұхаммедке түскен нәрсеге қарсы шығып, жоққа шығарған болады» - делінген.  (Ахмад, Әбу Дәуд, Тирмизи). «Егер адам сиқыршыға келіп, одан бір нәрсе сұраса және айтқандарына сенсе, оның намазы қырық күн бойы қабыл болмайды» (Муслим, Ахмад)  

СИҚЫРДЫ (дуаланған адамды) ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

Асылында, жынмен байланысты болған мұндай ауруларды тек шариғатымызда келген емдік шаралармен ғана  емдеуге мүмкіндік бар. Ең сорақысы, жындардан болған ауруға медицина саласында дәл диагноз қоя алмайды. Бұхари мен Муслимнің жинақтарында: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, науқас Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады», «Алла Тағала қандай ауру жаратса, оның шипасын бірге жаратады» делінген. Осы орайда шариғат рұқсат еткен емделудің екі түрін айта кетейік: 

Біріншісі – дәрі-дәрмекпен емделу. Бұған медицина және шөп дәрілер арқылы, массаж, сынықшылық жолымен емделу жатады. 

Екіншісі – шариғат жолымен емделу. Оған Алла Тағалаға Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен шипа дұғаларымен жалбарыну, Құран сүрелерін оқып дем салу, хиджама жасату (қан алдыру) сияқты нәрселер жатады. Бұдан бөлек, шариғатқа қарама-қайшы болатын емдеу тәсілдері бар. Әдетте, олар жындардың көмегін  пайдалану арқылы жүзеге асады: 

- Алладан өзге нәрселерге сыйындыру, 

- "ем болады" деп молаларды аралату, 

- өзі ауырып тұрған адамды олардың басына түнету, 

- бал ашып, не адамның суретіне қарап ауруын болжау, 

- қасқырдың тісін ілу, түсініксіз дұғалар, тағы басқа нәрселерді шипа мақсатымен оқып беру, 

- қанмен шомылдыру, 

- апталап жуындырмау, 

- қамшымен сабау, 

- пышақпен, отпен аластау  сияқты  емделу түрлері жатады. Бұларды шариғатта «тыйым салынған емдеу түрлері» деп атаймыз. Мұндай емдік шараларынан кейін кей адамдар шынымен де дертіне шипа тапқандай болуы мүмкін.  Бірақ бұл – уақытша ғана құбылыс. Себебі, жындар адамдардың шипа табуына емес, адасуына мүдделі. Сондықтан, адасқан тәуіпке келген адам уақытша шипа тапқанымен, жүректеріне дерт қосып, ішіне жын кіргізіп, ең бастысы, Аллаға серік қосу күнәсін арқалап, барлық сауапты амалдары жойылып қайтады. Бұл – адамның ойсырай жеңілуі, шайтанның шаттана жеңіске жетуі. 

Сиқыр немесе адамның жолын байлайтын дуалау процесі қалай жүзеге асады?

Сиқыр жасаушы арқан, жіпті және басқа нәрселерді түйіп, сол түйіндерге шайтандардың (жынның шайтандарының) аттарын қамтыған түсініксіз сөздерді айтып үрлейді, сөйтіп, сол арқылы адамға зиян келтіруді мақсат етеді. Жаратушы жаратылыстарының Одан пана сұрағанын жақсы көреді және дұғаларына жауап береді. Ол: «Алла Өзінің құлына жеткілікті емес пе? Ал, олар сені Одан өзгелермен қорқытады» («Зумәр» сүресі, 36-аят), - деген.  Ендеше, мұсылман сиқыр, дуа секілді нәрселерден қорықпауы керек, өйткені, бұл әлсіз шайтанның айла-тәсілі. Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оны сиқырдан да, көз тиюден де, шайтанның басқа да тұзағынан да, имансыздардың зұлымдығынан да сақтайды. Пенде де өз тарапынан Алланың алдындағы міндеттерін орындап, намазына бекем, оразасына тиянақты, садақада жомарт, ізгі істерде озық, мал-мүлік те, бала да көмектеспейтін Ақыретке деген қорқынышы басым болуы тиіс. Ал Аллаға бойұсынбағанды шайтан өзіне оп-оңай құл етіп алмақ. Мұндай жағдай кейде Алла бекіткен парыздарды орындап жүргенімен, Алланы көп еске алмайтын, құлшылығына ыждағатсыз мұсылманның басына да түсуі мүмкін. Ендеше, төмендегі шайтанның әрекеттерін, сиқыршыдан қорғанудың жолдарын ӘРБІР ЖАН білуі тиіс.

1. Алланың есімін айтып, үнемі шайтаннан пана тілеп жүру (Әьузубилләһи минаш шайтаани раджиим)

Жын адам денесіне: 

- адам қатты ашуға берілген кезінде, 

- тым қатты сасқалақтағанда, қатты қорыққанда, 

- қатты қуанғанда, пенде Алланы ұмытқанда кіреді. Мұндай қалыпқа түскенде бірден ауызға Алланың есімін алып, дұға жинақтарында келетін зікір (Алланы еске алу) сөздерін айтуы тиіс. Өйткені, жындар Алланың есімі еске алынғанда қысылып қалады, бұл сәт олардың өмірі үшін ең қауіпті саналады. Адам есінегенде міндетті түрде қолымен аузын жабуы тиіс, себебі, шайтан адам денесіне ауыз арқылы енеді. Бұл туралы хадисте: «Егер кімде-кім намаз уақытында есінесе, мүмкін болғанша аузын қалқаласын (қолымен), әйтпегенде (ауыз арқылы) шайтан кіріп кетуі мүмкін», - делінген. (Муслим)

2. Тазалықтан шайтан шошиды.

Мұсылман үнемі таза жүргенді, дәрет алуды әдетке айналдырғаны дұрыс. Мұндайда оны періштелер қорғайды. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Тәндеріңді тазалаңдар, сонда Алла сендерді тазалайды. Расында, құл дәрет алып ұйықтаса, оның жейдесіне періште түнейді және түнде оның: «Иә, Алла, бұл құлыңды кешір, өйткені, ол тазаланған күйде ұйықтады» демеген бірде-бір сағаты болмайды» (Табарани).

3. Таңертең құрма жеу.

Мүмкіндігінше таңертең аш қарынға жеті аджуа құрмасын жеген дұрыс. Ғалымдар егер аджуа құрмасын табу қиын болса, кез келген Мәдина қаласының құрмасымен алмастыруға болатындығын айтады. Себебі xадисте: «Кім таңда жеті сығымдалған аджуа құрмасын жесе, оған күні бойы у да, сиқыр да зиянын тигізе алмайды», - делінген. (Бұхари)   

4. Намазға ыждағаттылық таныту.

Мұсылман таң намазын қалдырмай оқуы тиіс.  Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше бір адам туралы: «Ол күн шыққанша ұйықтады» деп айтылды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шайтан оның құлағына дәрет сындырды» деген (Бұхари). Сондай-ақ, түнгі намаздың рахатын сезініп, жамбасын жылы төсектен көтеруді әдетіне айналдырған адам да үлкен жетістікке жетеді. Ұйқы алдында үтір намазын оқыған адам да сый-сауапсыз қалмайды: «Егер адам таң атқанша үтір намазын оқымаса, оның мойнында жетпіс шынтақтың ұзындығындай ноқта пайда болады» («Фатх-әл-Бәри»).      

5. Намаз бастаудан бұрын истифтах дұғаларын айтуды әдетке айналдырған жөн.

Жубейр (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқығанда: «Аллаhу әкбару кәбиран, уәл-хамду лилләhи кәсиран, уа субханәл-ләһи букратәу уә әсыйлә (Алла аса ұлы! Аллаға сансыз мақтау-мадақ! Алланы ертелі-кеш кемшілік атаулыдан пәктеймін)» (3 рет), Әъузу бил-ләhи минәш – шайтан:  уә нәфхиhи, уә нәфсиhи уа hәмзиh (Шайтанның (дем салып) үрлеуінен және оның тәкаппарлығынан және оның зиянынан Аллаға сыйынамын)"  деп 3 рет  айтатындығын жеткізеді.    

6. Үйге кіргенде және шыққанда айтылатын дұғаны тастамау.

Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилләһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ» дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық» дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық» дейді. (Муслим). 

«Үйге кіргенде айтылатын дұға: «Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік» («Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уа ъалә раббинә тәуәккәлнә» (Кейін үй ішіндегілерге сәлем берсін делінген). 

Үйден шыққанда айтылатын дұға: «Алланың атымен Аллаға тәуекел еттім. Алланың күш қуатынан асқан ешқандай күш қуат жоқ» (БисмиЛләһ, тауаккальту ‘әлә-Ллаһ, ла хаулә уә лә қуууата иллә биЛләх) Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Кімде-кім осы дұғаны айтса, оған: «Сен тура жолдасың, құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей  аласың?» деп айтады» деген. Осы xадистегі "құтылды" деген сөз туралы ғалымдар: «Ол адам осы дүниеде де, Ақыретте де уайым салатын нәрсенің барлығынан құтылады», - деген. (Әбу Дәуд)

7. Баланы барлық жамандықтан сақтауды сұрайтын дұға.

Бұл дұғаны дем салудан кейін, бала сыртқа шығарда, қонаққа барғанда, кез келген уақытта жамандықтан Алладан пана сұрау үшін оқыңыз: «Әъузу би кәлимәтилләһит-тәммәһ, мин кулли шайтанин уә һәммәһ, уә мин кулли ъайнил-ләммәһ (Әрбір шайтаннан және улы жәндіктерден, сондай-ақ әрбір сұқ көзден Алланың кәміл сөздерімен пана сұраймын)»  (Бұхари).   

8. Құрандағы соңғы 3 сүреге бекем болу.

Әбу Хабис (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!. Ол: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...» («Фалақ» сүресі, 1-аят) және «Айт: «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін» («Нас» сүресі, 1-аят) – осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге» деді». (Нәсаи). -  Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын, кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи). Тирмизиден жеткен басқа хадисте «осы үшеуін таңертең және кешке оқу барлық нәрседен құтылу үшін жеткілікті» делінген.    

9. Таңғы-кешкі зікірлерді тастамау.

Мәселен, таңда және кешке айтылатын мына екі дұғаның мағынасына назар аударсаңыз, расында, дұғаның мұсылманның үлкен қорғаны екендігіне көз жеткізесіз: «Бисми-Лләһи-лләзи лә ядурру мә’а-смиһи шәи ун фил-әрды уә лә фис-сәмәәи уә һууәс-Сәми’ул-’Алим» (3 рет). 

(«Алланың атымен. Оның есімімен көктер мен жерде ешбір нәрсе зиян тигізе алмайды, өйткені Ол – Толық Естуші, Аса Білуші!») Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дұғаны кешке 3 рет айтса, таңға дейін еш жамандық орнамайды, кім оны таңертең айтса, кешке дейін еш жамандық орнамайды» деген (Тирмизи). «Ә’узу би-кәлимәти-Лләһит-тәммәти мин шәрри мә халәқ». («Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын» (Бұл сөздерді кешке үш рет айту керек). Муслимнің жинағында бір адамның Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Сен кеше мені сарышаян шаққанда қандай қиындық көргенімді білсең ғой!» дегендігі айтылады. Сонда ол: «Егер сен түнде жатарда: «Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын деп айтқаныңда саған зиян тимейтін еді» деген екен.    

Сөз соңында сырқаттанған, сиқырланған не көз тиген адамға оқылатын шипа аяттарын (РУҚИИЯ) назарларыңызға ұсынамыз: 

1. «Фатиха» сүресі; (7рет) 

2. «Бақара» сүресінің 1-5 аяттары; 

3. «Бақара» сүресі, 163-165 аяттар; 

4. «Аятул-Курсі» («Бақара» сүресі, 255-аят); 3 рет 

5. «Бақара» сүресі, 284-286-аяттар; 

6. «Әли Имран» сүресінің 1-5 –аяттары; 

7. «Әли Имран» сүресінің 18-аяты; 

8. «Әли Имран» сүресі, 26, 27-аяттар; 

9. «Аъраф» сүресі, 54, 55, 56-аяттар; 

10. «Аъраф» сүресі, 117, 118, 119-аяттар; 

11. «Юнус» сүресі, 79, 80, 81, 82 –аяттар; 

12. «Та һа» сүресінің 65, 66, 67, 68, 69-аяттары; 

13. «Му’минун» сүресі, 115, 116, 117, 118-аяттар; 

14. «Хашр» сүресінің 21, 22, 23, 24-аяттары; 

15. «Саффат» сүресі, 1-5-аяттар; 

16. «Рахман» сүресі, 31, 32, 33, 34-аяттар; 

17. «Мүлк» сүресінің 3, 4-аяттары; 

18. «Қалам» сүресі, 51, 52-аяттар; 

19. «Жын» сүресі, 3-аят 

20. «Кәфирун» сүресі; (1 рет) 

21. «Ықылас» сүресі; (3 рет) 

22. «Фәлақ» сүресі; (3 рет) 

23. «Нас» сүресі. (3 рет) 

Қашқанның да, қуғанның да, әлсіздің де, күштінің де, зұлымның да, ізгінің де Раббысы болған, барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші Алла Тағаладан пана сұраймыз! Өйткені, Ол қаламаса, күллі әлем жиылып келсе де, бізге ешкім зиян тигізе алмайды. Ал егер, ол бізді бір жамандыққа ұрындырса, оны Одан өзге ешкім кетіре алмайды. Мейірімді Жаратушы тілі зікірден құрғамайтын, иманы мығым, тәуекелі тастай құлдардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін!

90853 рет оқылды