18:30 | Семейный доктор
Отбасы 2015-11-25 (0) (192197)

Бәле-жаладан қорғайтын дұғалар топтамасы

Бәле-жаладан қорғайтын дұғалар топтамасы

 

АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУДЫҢ ЖЕМІСІ МЕН ДАНАЛЫҒЫ

Алла Тағала Құранда құлдарына:       

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де, күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят);

«...Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер үшін Алла жарылқау және ұлы сый (Жәннатты) әзірледі» («Ахзаб» сүресі, 35-аят);

«Раббыңа құпия жалбарынып, қорыққан түрде (қатты дауыстамай) ертелі- кеш іштей (дауыстау мен іштей айту арасындағы үнмен) Оны есіңе ал! Әрі қаперсіздерден болма» («Ағраф» сүресі, 205-аят) деп насихат айтады.

Сондай-ақ, «Жумуъа» сүресінің 10-шы аятында «..мұраттарыңа жету үшін Алланы көп еске алыңдар» немесе «Ниса» сүресінің 103-аятында: «... Қашан намазды орындап болсаңдар, Алланы тұрған, отырған және жамбасымен жатқан халде еске алыңдар...», - делінген.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Өзгелерді жалғыз қалғандар басып озды»,- деген екен. Одан: «Жалғыз қалғандар кімдер?»,-деп сұралғанда: «Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер», - деп жауап берген (Муслим). «Адамдар Алланы еске алып отырғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады және оларды мейірім қоршайды, оларға тыныштық түседі және Алла Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында еске алады» (Муслим).

 «Раббысын (зікір етіп) еске алатын адам мен Оны (зікір етіп) еске алмайтын адамның айырмашылығы тірі мен өлінің айырмашылығындай» (Бұхари).

Сен Алланы еске алсаң, Ол сені еске алады! Зікірдің құндылығын жеткізу үшін осы сөздің өзі әбден жеткілікті! Әлемдердің Раббысының есінде болудан артық қандай дәреже бар?!

      Алланы еске алу – Оның дана шешімдерін мақтау, Оның мінсіз сипаттарын мадақтау, Оның көркем есімдерімен дұға тілеу.

      Алланы еске алу – Оның бұйрықтарын орындау, тыйғанынан алыс болу.

      Алланы еске алу – Оның сансыз мейіріміне жүрекпен, сөзбен, іспен алғыс айту. 

      Алланы еске алу – жүректі тірілтеді, Аллаға деген қорқынышты оятады, жанның саулығын және тәннің физикалық саулығын сақтайды.  Адам тәні су мен тамақсыз қалай өлсе,  Алланы лайықты түрде еске алмаудан жан да дәл солай өлім татады. 

      Алланы еске алу – білім есіктерін ашады. Адам еске алуды көбейткен сайын білімі артады.

      Алланы еске алу – мақсатқа жеткізеді, күнәларды өшіреді, Раббысы мен құл арасындағы бөтендікті жояды.

      Алланы еске алу – Жәннаттағы көшеттер, Алла еске алынатын орталар – жердегі Жәннат бағы.

 

Алайда, осындай артықшылықтарды біле тұра, ұмытшақтықтан, уақыттың тапшылығынан немесе жалқаулықтан таңғы және кешкі зікірлерді ұмыт қалдырып, салғырттық танытып жатамыз. Шын мәнінде, бұл зікірлер – адамдарды жамандықтан сақтайды әрі оның маңыздылығын Алла Тағаланың Құранда бірнеше жерде бұйыруынан-ақ аңғаруға болады.

 

ТАҢҒЫ ЖӘНЕ КЕШКІ ЗІКІРЛЕР ҚАЙ УАҚЫТТА АЙТЫЛАДЫ?

Бұл туралы бірнеше пікір бар. Алайда, соның ең көп келісілгені: таңғы зікірдің уақыты – күн шыққанға дейін (кешіккен адам дұха намазының уақыты біткенше оқи береді), кешкі зікірдің уақыты – екінті намазынан ақшам намазына дейін (кешіккен адам түннің үшінші бөлігіне дейін оқи береді).  Ғалымдар бұл уақытты Алла Тағалының Құрандағы мына бұйрығына орай белгілеген: «...Әрі күн шығардан алдын және күн батардан бұрын Раббыңды мақтап, (барлық кемшіліктен) пәк деп дәріпте» («Қаф» сүресі, 39-аят).

 

ТАҢҒЫ ЖӘНЕ КЕШКІ ЗІКІРЛЕР

АЛЛАДАН ПАНА ТІЛЕУШІЛЕР ҮШІН!

1 «Аятул Курсиді» оқу («Бақара» сүресі, 255-аят).

ü  «Парыз намаздан кейін «Аятул Күрсіні» оқыған адам келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады» (Табарани). Және оның Жәннатқа кіруіне өлім ғана кедергі болады. Табараниден жеткен хадисте «Аятул Курсиді» таңертең оқыған адам кешке дейін жын-шайтаннан қорғаулы болатындығы, кешке оқыған адамның таңға дейін жын-шайтаннан қорғаулы болатындығы айтылады.

 

2.«Ықылас», «Фаләқ», «Нәс» сүрелерін үш реттен оқу керек.

-  Әбу Хабис (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!. Ол: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...» («Фалақ» сүресі, 1-аят) және «Айт: «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін» («Нас» сүресі, 1-аят) – осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге» деді». (Нәсаи).

-  Әбу Саид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. Кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи). Тирмизиден жеткен басқа хадисте осы үшеуін таңертең және кешке оқу барлық нәрседен құтылу үшін жеткілікті делінген.

 

БҮКІЛ ЖАМАН НӘРСЕДЕН ҚОРҒАНУҒА ЖЕТКІЛІКТІ БОЛҒАН ДҰҒА!

 

3. «Асбахнә уә асбәхәл-мулку ли-Лләһи (ал егер дұға кешке оқылса, онда: Әмсәйнә уә әмсәл мульку ли-Лләһиуәлхамду ли-Лләһи, лә иләһа иллә-Ллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһу-л-мулку уә ләһу-л-хамду уә һууә ‘алә кулли шәй-ин қадир. Рабби, әс-әлукә хайра мә фи һәзәл йәуми уә хайра мә бә’дәһу, уә ә’узу бика мин шәрри мә фи һәзәл йауми уә шәрри ма бә’дәһу! (ал егер дұға кешке оқылса, онда: Рабби әс-әлукә хайра ма фи һәзиһи-л-ләйләти уә хайра мә бә’дәһа, уә а’узу бикә мин шәрри мә фи һәзиһи-л- ләйләти уә шәрри ма бә’дәһа). Рабби, ә’узу бикә минәл-кәсәли уә су-ил-кибәри, Рабби ә’узу бикә мин ‘азәбин фи-н-нәри уә ‘азәбин фи-л-қабр!» («Бұхари).

Аудармасы: Таңертең: «Біз таң атырдық, әрі осы таңда бүкіл үстемдік Аллаға тән (Ән-Науауидің түсіндірмелерінде бұл сөздер оларды айтып тұрған кісінің бүкіл үстемдік әрдайым Аллаһқа тән болғандай, осы таңда да Оған тән екеніне көз жеткізген күйін түсіндіреді деп айтылады)».

Кешкісін: «Біз күн батырдық әрі осы кеште бүкіл үстемдік Аллаға тән».

«Барлық мақтау-мадақтар Аллаға лайық, Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз, әрі Оның серігі жоқ. Билік Оған тән, әрі мақтау-мадақ Оған лайық, Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді».

Таңертең: «Я, Раббым! Мен Сенен осы күнгі және одан кейінгі жақсылықты сұраймын, әрі осы күнгі және одан кейінгі жамандықтан сақтауыңды тілеймін».

Кешкісін: «Я, Раббым! Мен Сенен осы түнгі және одан кейінгі жаксылықты сұраймын, әрі осы түнгі және одан кейінгі жамандықтардан сақтауынды тілеймін». «Я, Раббым! Мен жалқаулықтан әрі қаусап қартаюдан Өзіңе сиынамын. Я, Раббым! Мен Тозақ азабынан және қабір азабынан Өзіңе сиынамын!»

-  «Кім оны таңертең оқыса – сол кешке дейін жындардан қорғалған болады, ал кім оны кешке оқыса – сол азанға дейін жындардан қорғалған болады». (Хаким)

-  «Оларды таңертең және кешке үш реттен оқитын адам үшін бұл бүкіл (жаман) нәрседен (қорғануға) жеткілікті болады». (Әбу Дауд)

 

4. Таңертең: «Аллаһуммә, бикә асбәхнә, уә бикә әмсәйнә, уә бикә нәхйа, уә бикә нәмуту уә иләйкә-н-нушуру».

Аудармасы: «Я, Алла! Сенімен таң атырдық және Сенімен кеш батырдық. Сенімен өмір сүреміз, әрі Сенімен көз жұмамыз, және қайтар жеріміз Сен жақ».

Кешке: "Аллаһуммә, бикә әмсайнә, уә бикә асбахнә, уә бикә нәхйа, уә бикә нәмуту, уә иләйкәл мәсыйр".

«Я, Алла! Сенімен күн батырдық және Сенімен таң атырдық, Сенімен өмір сүреміз, Сенімен (қалауыңмен) өлеміз, және қайтуымыз Сен жақ» (Муслим).

 

МЫНА ДҰҒАНЫ ОҚЫП ЖАН ТАПСЫРҒАН ЖӘННАТТЫҚ!

 

5. Бұл Алладан кешірім сұрау дұғаларының төресі:

 «Аллаһуммә, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә ‘абдукә, уә әнә ‘алә ‘аһдикә уә уә’дикә мә-стәтағту, ә’узу бикә мин шәрри мә санә’ту әбу-у ләкә би-ни’мәтикә ‘әләййа уә әбу-у би-занби, фәғфир ли, фә иннәһу лә яғфиру-з-зунубә иллә Әнта!»

Аудармасы: «Я, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күналарымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ!» (Бұхари).

 

-  «Кім (осы сөздерді) күндіз қайта-қайта айтатын болса әрі (өзінің айтып жатқан сөздеріне) кәміл сенсе, және сол күні кеш батқанға дейін қайтыс болса, сол Жәннат тұрғындарының арасында болады, ал кім (өзінің айтқан сөздеріне) кәміл сенген күйде (осы сөздерді) түнде айтатын болса, әрі таң атқанға дейін қайтыс болса, сол Жәннат тұрғындарының арасында болады» (Бұхари).

 

ТОЗАҚ ОТЫНАН ҚҰТЫЛУҒА ЖЕТКІЛІКТІ БОЛҒАН ДҰҒА!

 

6. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таңертең және кешке айтып жүретін дұға үйретуін сұрағанды, осы дұғаны айтқан екен:

«Аллаһумма, инни асбахту (егер кешке оқыса: "Инни әмсәйту", – дейді) ушһидукә уә ушһиду хәмәләтә ‘әршикә, уә мәләикәтәкә уә жәми’а халқикә, әннәкә Әнтә-Ллаһу, лә иләһа иллә Әнтә, уәхдәкә лә шәрикә ләкә, уә әннә Мухаммәдан ‘абдукә уә расулук» (4 рет).

Аудармасы: «Я, Алла! Осы таңда (егер кешке айтылса: «Осы кеште») мен Өзіңді және ‘Аршыңды көтеріп тұрушыларды, періштелеріңді және бүкіл жаратылыстарыңды ақиқатында Сен – Алла, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ, Сен Жалғыз, Сенің серігің жоқ екеніне, әрі шын мәнінде, Мұхаммед – Сенің құлың әрі елшің екендігіне куә етемін». (Бұл сөздерді төрт рет айту керек.

 

-  Кімде-кім бұны таңертең және кешке істесе, Алла оны Тозақ отынан құтқарады) (Тирмизи).

 

7. «Аллаһуммә, ‘афини фи бәдәни, Аллаһуммә, ‘афини фи сәм’и, Аллаһуммә, ‘афини фи бәсари, лә иләһа иллә Әнтә, Аллаһуммә, инни ә’узу бикә минәл-куфри, уәл-фәқри, уә ә’узу бикә мин ‘азәбил-қабри, лә иләһа иллә Әнта!» (3 рет).

Аудармасы: «Я, Алла! Тәнімді сау-саламат ет! Я, Алла! Құлағымды сау-саламат ет. Я, Алла! Жанарымды сау-саламат ет! Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Я, Алла! Мен күпірлік пен пақырлықтан Өзіңе сиынамын. Сондай-ақ қабір азабынан Өзіңе сиынамын. Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» (бұл сөздерді үш рет айту керек)

 

АЛЛАҒА БАРЛЫҚ ІСІҢДІ ТАПСЫРҒЫҢ КЕЛСЕ ОСЫ ДҰҒАНЫ ОҚЫ!

 

8. «Хәсбия-Ллаһу, лә иләһа иллә һууә, ‘аләйһи тәуәккәлту уә һууә Раббул ‘Аршил-’Азыйм» (7 рет).

Маған Алла жетіп артады. Одан басқа құлшылыққа лайықты құдай (ешкім) жоқ. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ Ол ұлы ‘Аршының Раббысы» (бұл сөздерді жеті рет айту керек).

 

9. «Аллаһуммә, инни әс-әлукә-л-‘афуа уә-л-’афиятә фи-д-дунйа уә-л-әхираһ, Аллаһуммә, инни әс-әлукә-л-‘афуа уә-л-’афияһ: фи дини, уә дунйа-йа, уә әһли, уә мәли. Аллаһуммә-стур ‘әурати уә ә-мин рау’ати. Аллаһуммә-хфазни мин бәйни ядәййа, уә мин холфи, уә ‘ан ями-ни, уә ‘ан шимәли, уә мин фәуқи, уә ә’узу би-’азомәтикә ән уғтә-лә мин тәхти».

Аудармасы: «Я, Алла! Мен Сенен дүние мен Ақыретте жарылқау мен есен-амандықты тілеймін. Я, Алла! Мен Сенен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, жанұям мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Я, Алла! Менің ұятты жерлерімді жасыр, мені корқыныштан аман ет. Я, Алла! Мені алдымнан да, артымнан да, оң жағымнан да, сол жағымнан да, және төбемнен де Өзің қорғай гөр! Сондай-ақ маған (аяқ) астымнан да қиянат жасалып, өлтірілуімнен Сенің ұлылығыңа сиынамын!».

 

БАРЛЫҚ ЗИЯННАН АМАН БОЛҒЫСЫ КЕЛГЕН ОСЫ ДҰҒАНЫ ОҚЫСЫН!

 

10. «Аллаһуммә, ‘Aлимәл-ғайби уә-ш-шәһәдәти, Фәтира-с-сәмәуәти уәл-арды, Раббә кулли шәй-ин уә Мәликәһу, әшһәду әл-лә иләһа иллә Әнтә, ә’узу бикә мин шәрри нәфси, уә мин шәрри-ш-шәйтани уә ширкиһи, уә ән әқтәрифә ‘алә нәфси су-ән әу әжурра-һу илә муслимин».

Аудармасы: «Я, Алла, көмес пен көрнеуді Білуші, көктер мен жердің Жаратушысы, барлық нәрселердің Раббысы әрі Патшасы. Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екендігіне куәлік беремін және өз нәпсімнің кесірінен әрі шайтанның жамандығы мен көпқұдайшылығынан Өзіңе сиынамын. Әрі өзіме немесе басқа бір мұсылманға жамандық жасап қоюдан Өзіңе сиынамын».

 

 

11. «Бисми-Лләһи-лләзи лә ядурру мә’а-смиһи шәи ун фи-л-әрды уә лә фи-с-сәмә-и уә һууә-с-Сәми’ул-’Алим» (3 рет).

Аудармасы: «Алланың атымен. Оның есімімен көктер мен жерде ешбір нәрсе зиян тигізе алмайды, өйткені Ол – Толық Естуші, Аса Білуші!»

-  Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дұғаны кешке 3 рет айтса, таңға дейін күтпеген жамандық орнамайды, кім оны таңертең айтса, кешке дейін күтпеген жамандық орнамайды» деген (Тирмизи).

12. «Радыйту би-Лләһи Раббән, уә бил-Исләми динән, уә би-Мухаммәдин, саллә-Ллаhу ‘аләйhи уә сәлләма, нәбийян» (3 рет).

Аудармасы: «Мен Аллаға Раббы ретінде, Исламға дін ретінде және Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар ретінде разымын» (Бұл дұғаны таңертең және кешке үш қайтара айтып жүрген кісіге Қиямет Күнінде Аллаһ міндетті түрде рақымын танытады).

 

13.  «Йа Хайю, йа Қайюму, би-рахмәтикә әстәғису, аслих ли шә`ни кулләһу уә лә тәкил-ни илә нәфси тарфәтә ‘айн!»

Аудармасы: «Я, (мәңгі) Тірі! Я, мәңгі Жасаушы (Алла)! Өз рахметіңмен менің барлық істерімді онда. Сондай-ақ мені өз нәпсіме қасқағым сәтке болса да беріп қойма!».

 

ЕШБІР АМАЛДЫҢ САУАБЫ ТЕҢ КЕЛМЕЙТІН СӨЗ!

 

14. «Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ!» (100 рет)

Аудармасы: «Алла (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән» (100 рет).

-  «Егер адам бұл сөздерді таңертең және кешке жүз рет қайталайтын болса, онда Ақырет Күні  осы үшін берілген сауаптан лайықтырақ нәрсені осы сөздерді сонша рет, немесе одан да көбірек рет қайталаған адам ғана әкеле алады». Муслим

 

ЖҮЗ КҮНӘНІ ӨШІРІП, ЖҮЗ ИГІ ІС ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗ!

 

15. «Лә иләһа иллә-Ллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһу-л-мулку уә ләһу-л-хамду уә һууә ‘алә кулли шәй-ин қадир».

Аудармасы: «Алладан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ. Ол Жалғыз, әрі Оның серігі жоқ. (Бүкіл) Билік Онікі, әрі (барлық) мақтау-мадақ Оған лайық, әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді». (Бұл сөздерді күнделікті таңертең 100 рет қайталау керек немесе адамды жалқаулық басқан кезде 1 рет айту керек).

 

-  Оларды күні бойы жүз рет айтқан адам он құлды босатқанмен тең болады және оған жүз iзгiлiктi істер жазылып, ал жазылған жүз жаман істері өшіріледі. Бұл сөздер оған күні бойы кешке дейін шайтаннан қалқан болады, әрі оларды жүз реттен көбірек қайталаған адамды санамағанда, ешкім осыдан лайықтырақ іс істей алмайды». (Бұхари)

16.    «Аллаһуммә, инни әс-әлукә ‘илмән нәфи’ан, уә ризқан тай-ибән, уә ‘амәлән мутәқаббәлән!»

Аудармасы: «Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (өз құзырында) қабыл болатын амал сұраймын!» (Таңертең айтылады.)

 

17.   «ӘстәҒфиру-Ллаһа уә әтубу иләйһи».

Аудармасы: «Мен Алладан жарылқау тілеймін әрі Оған тәубе етемін» (Күніне 100 рет айтылады).

 

ОСЫНЫ АЙТҚАН АДАМ ӨЗІН ЗИЯННАН САҚТАЙДЫ!

 

18.    «Ә’узу би-кәлимәти-Лләһи-т-тәммәти мин шәрри мә халәқ».

Аудармасы: «Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын» (Бұл сөздерді кешке үш рет айту керек).

-  Муслимнің жинағында бір адамның Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Сен кеше менің сарышаянның шағуынан қандай қиындық көргенімді білсең ғой!» дегендігі айтылады. Сонда ол: «Егер сен түнде жатарда: «Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын деп айтқаныңда саған зиян тимейтін еді» деген екен. 

192197 рет оқылды