2017-10-07 (0) (5685)

НӘПСІСІНЕ ЖҮРЕГІН БИ ҚЫЛҒАН АНА!

НӘПСІСІНЕ ЖҮРЕГІН БИ ҚЫЛҒАН АНА!

Досым айтады: «Малды жайғап болған соң, әдеттегідей бәріміз шәй ішіп отырғанбыз. Ол кезде біздің отау құрғанымызға бір жылдай ғана болған. Содан сөзден сөз шығып, келіншегім екеуміз сөзге келіп қалдық. Қызды-қыздымен дауысымыз қатты шығып, ашуымды тежей алмаған соң, атып тұрып далаға шығып кеттім. Қора жаққа барып, шөп-шаламды жинағансып жүргеніммен, ішім қыз-қыз қайнайды. Ашудың оты сөнгенмен, ұяттың оты тұтанған. Үйдің есігінің ашылған дауысын естіп, қарасам: анашым шығып келеді. Бірден маған қарай беттеді. Ішім қылп ете қалды. «Не десем екен? Қап, ұят болды-ау!..» Тура алдыма келіп тоқтады.

- Балам, не жағдай болды өзі? Сендер бүйтіп ұрыспаушы едіңдер ғой... – Мейірлі үнінің ар жағында өкпе араласқан діріл бар. Не айтарымды білмей, айырмен жер шұқылап мен тұрмын. – Әлде... Әлде бұған менің бір қатысым бар ма? Менің бір қателігімнің, кесірімнің себебінен туындаған жоқ па бұл ұрыс? Олай болса, мені кешіріп қойыңдар, құлыным...

Ақай, бар ғой, тура сол кезде жердің тесігі болса, кіріп-ақ кететін едім! Ұялғаным-ай! Өкінгенім-ай!

- Жо-жоқ, мама! Сіздің ешқандай қатысыңыз да, кінәңіз да жоқ! Бұл менің ақымақтығым ғой, маматай! Кешіріңіз! Кешіріңіз бізді!.. – Өңешім қызып кетті. Ағып бара жатқан сорамды көрсетпеу үшін анашымды құшақтап бетінен сүйдім де, - Мен қазір Кәмшаттан кешірім сұрап, татуласып шығам! Тек сіз ренжімеңізші! – деп, үйге қарай тарттым. Кірдім де, келіншегімнен кешірім сұрадым... Әй, иттік-ай десеңші! «Жастық – ақымақтықтың бір бұтағы» деген сол! Есіме түссе, әлі күнге дейін өзегім ашиды... Сол кезде деймін да, шыға салып:««Үлкен-кіші отыр, әке-шеше отыр» деп көзге ілмейтін болдыңдар! Кісілігің қайда сенің?!..» - деп, әкемді танытып тұрып ұрысса да болады ғой! Ұрысқан жоқ! Анашымның даналығын қара: біздің татулығымыз үшін өзін төменшіктетіп тұр ғой!.. Нәпсісіне жүрегін би қылған» деген осы емес пе, достым?!.. Біз ол кісілер сияқты бола алар ма екенбіз?!..»


Алғадай Әбілғазыұлы,

 

«Қасиетпен қауышу» кітабынан

5685 рет оқылды