23:45 | По душам
2017-09-19 (0) (7550)

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫСТЫРҒАН ҒАЛЫМ

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫСТЫРҒАН ҒАЛЫМ

ХІ ғасырда бүкiл дүние жүзi ғылымында күтпеген үлкен жаңалық болды. Себебі, Түркияның Стамбул қаласында Махмұд Қашқаридың аса жоғары ғылыми дәрежеде жазған атақты еңбегi «Диуани лұғат ат-түрк» кiтабы жарыққа шықты. Кітаптың жарыққа шығуының жаңалық болатыны – түркi халықтарының өкiлi сол дәуiрде осыншалық бiлiмдар болады дегенге батыс ғылымы сенбейтiн. Өйткенi, олардың ойынша, түркi халықтары тек көшпендiлер, сондықтан олардың арасында ғылымға бейiмдiлiк болуы мүмкiн емес. Оларды өркениетпен таныстырып, сауаттылық iзiн салған тек қана батыс деп есептелетiн. Сөйтiп, «Диуани лұғат ат-түрктiң» жарыққа шығуы ғылым дүниесiнде аса үлкен оқиға болып бағаланды.

М. Қашқаридың тарихи ғылымдағы орнын оның сол еңбегінен, оның мәні мен маңызынан, ондағы сөз болған мәселелерден бөлек алып қарастыруға  болмайды. Осы екеуiн бiрлiкте алып, бұдан 900 жылдай бұрын өмiр сүрiп, еңбек еткен ұлы ғалымның нағыз бейнесiн көз алдымызға әкеліп көрейік:

1.      Махмұд Қашқари араб филологиясын жетiк бiлген және өз бiлiмiн туған халқының тiлi мен әдебиетi, тарихы мен этнографиясы, географиясы жайында зерттеулер жүргiзуге жұмсаған.

2.      Махмұд Қашқари еңбегіне ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерінен, өзі өмір сүрген орта ғасырдағы поэзиялық шығармалардан аса құнды материалдар – түрлі өлең-жырлар, ертегі-аңыздар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер т.б. көркем сөз үлгілерін енгізген.

3.      Оның еңбегiнде қай халықтың қандай тiлде сөйлейтiнi жайында ғана емес, орналасу тәртiбi, қай тайпаның қайдан келгендiгi, қандай территорияны мекендейтiнi, әдет-ғұрыптық ерекшелiктерi жайында мол мағлұматтар берілген.

4.      Махмұд Қашқари филолог және оның еңбегi де осы филологиялық тұрғыдан жазылған.  Еңбекте сан ғасырлар бұрын өмірге келген халықтық мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, көркем тенеулердің, фразеологиялық тіркестердің, т.б. ғажайып үлгілері бар.

5.      Осы еңбекті жазу мақсатында ол бір жағы Жетісу, екінші жағы Римге дейін ұлан ғайыр жерді мекен еткен көптеген түркі текті рулар мен тайпалар жерін аралап, олардың тұрмыс-салты, тілі, ауыз және жазба әдебиетінің тілі бойынша мол материал жинаған.

Махмұд Қашқари және «Диуани луғат ат-түрк» жайындағы қысқаша мәлiмет осындай. Мақалада оның еңбегiнiң басты-басты мәселелерi ғана атап көрсетiлдi. Махмұд Қашқари өз заманының аса бiлiмдар перзентi болған. Оның ғылыми мұрасы «Диуани луғат ат-түрк» – соның айқын куәсi.

М. Қашқари «Диуани луғат ат-түрк», яғни «Түрк тiлдерi сөздерiнiң сөздiгiн» жинап жазу үшiн қаншама күш-жiгер жұмсағаны жайында былай деп жазады: «Мен қырғыздардың қалаларын, қыстаулары мен жайлауларын көп жылдар бойында аралап шықтым, сөздерiн жинап, түрлi-түрлi сөз қисындарын үйренiп, айқындап отырдым. Мен бұл iсiмдi тiл бiлмегендiгiмнен жасаған жоқпын, сол тiлдердегi сөздердiң көп байқалмайтын мәселелерiн айқындап, аңғару үшiн жасадым. Әйтпесе мен тiлге олардың ең жетiк, ең бiлiмдар, жүйрiк, ұрыста найзагерлерiнен, ең ескi тайпадан едiм. Оларға осынша назар аударған себебiм, түрiктер, түрiкмендер, оғыздар, чығылдар, яғмалар мен қырғыз тайпаларының тiлдерi бүтiндей көңiлiме орнады. Оларды бiр жүйеге келтiрiп, тәртiпке салдым». Бұл шығарманы мәңгi ескерткiш болсын деп, Құдайға сыйынып, кiтапты жаздым. Кiтап «Диуани луғат ат-түрк» деп аталады. Атақты ғалым өз еңбегiнiң қанша күшке түскендiгiн, мақсатын осылайша баяндайды.

«Бақыттың белгісі – білім» (М. Қашқари)

«Мен бұл кітапты алмас пен жақұтқа да айырбастамас едім...»

Талайлардың қолы жетпей, көзбенен бір көрудің өзі арман болған асыл мұра Түркияның бұрынғы экономика министрі Нафыз бейдің кітап сөрелерінің бірінде көп кітаптың бірі ретінде шаң басып жатқан болатын. Күндердің бірінде Нафыз бей жақындарынан бір әйелді шақырып алып:

-        Саған бір кітап беремін. Жақсылап сақта. Қалтаң жұқарып қиналған шақта алтын ақшамен 30 лираға сат. Одан төмен беруші болма, - деп тапсырады. Көп өтпестен-ақ ақшаға зәру болған әлгі әйел кітап жаймасындағы Бурхан бей деген саудагерді тауып, 30 лираға сататындығын айтады. Әрине «Диуани лұғат ат-түрік» секілді еңбекті ақшамен бағалау әсте мүмкін емес. Алайда асылдың қадірін білмейтіндер үшін бір ескі кітапқа мұндай баға сұрау ақымақтың ғана ісі болып көрінері хақ. Бурхан бей мұндай ескі кітаптардың қадірін бір білсе, солар білер деген оймен «Энжумен илмия» деп аталатын ғалымдар кеңесі кеңсесіне алып барады. Кітапты мұқият қарап шығу үшін 1 апта мұрсат сұраған кеңсе қызметкері, 1 аптадан соң кітаптың құнын 10 лираға бағалайды. Бурхан бей кітаптың өзінікі емес екенін, иесі 30 лирадан төмен бермеуін тапсырғанын айтады. Әлгі кісі: «Мен 30 лираға бір кітапхана сатып аламын, кітабың өзіңе», - деп қайтарып береді. Міне, осы кезде өмір бойы жиған-тергенін кітап сатып алумен-ақ тауысқан, кітапқұмар, ізденімпаз Әли Әмри Ефенди әдеттегісінше жаймаға жаңа кітаптардың түскенін білмек болып Бурхан бейдің дүкеніне бас сұғады. Бурхан бей: «Бір кітап бар, бірақ иесі 30 лира сұрап отыр» - деп мән жайды тегіс баяндап береді. Кітапты қолына алған Әли Әмір есінен танып қала жаздайды. Қолында анау-мынау емес, түркі тілдерінің інжуі, талайлар бір көрудің өзін арман еткен «Диуани лұғат» қой. Өз көзіне өзі сенер емес. Отыз емес, отыз мың лира да аз бұл кітапқа... Тез есін жинап, таңқалысын сездіріп, саудагерді есіртпейін деген оймен:

-      Тым шашыраңқы екен. Беттері түгел ме өзінің? Авторы да Қашқарлы біреу екен. Жарайды, не болса да кітап қой, «Энжүмен илмия» саған 10 лира берген екен, мен 15 лира берейін, - дейді ішкі сезімін білдіргісі келмей. Себебі қалтасында 15 лира ғана бар болатын.

-        Менікі болса, қуана-қуана ұстата салар едім. Иесі бір байғұс әйел. Алсаңыз бір әйелге жақсылық жасаған боласыз. Алмасаңыз өзіне қайтарып берем, - дейді Бұрхан бей.

 

-        Бағанадан солай демейсің бе! Енді әңгіме басқа. Байғұс әйелге көмектесу керек. Жарайды алдым мен бұл кітапты, - дейді. Алайда қалтасындағы 15 лираны ұстатып, қалғанын кейін алып келіп берем дегеніне саудагер көнсін бе! Асылдың қадірін білер біреу кездейсоқ кіріп қалып, алып кете ме деген үрей де қатты састырады. Ақыры саудагердің кілтін алып, дүкенді сыртынан құлыптап үйіне жүгіреді. Жолда «Дарүлфунунда» әдебиет оқытушысы Фаик Решат ұшырасады. Дереу 20 лира қарыз сұрайды. Фаик Решат қалтасында 10 лира ғана бар екенін, қаласа қалғанын үйден алып келіп беретінін айтқанда қуана келісе кетеді де, өзі дереу қайта Бурхан бейдің дүкеніне оралады. Әли Әмірдің мына қылығына таңданған Бурхан бей де кітаптың құндылығын сезіп қойған-ды. 30 лираны ұстатқанда ол да үстеме ақы сұрайды. Оның қолына 3 лира қыстырған Әли Әмір үйіне қарай зыта жөнеледі. Артына қарай-қарай кетіп барады. Бұрхан бей айнып қалып кітапты қайта алып қоя ма деген үрей үйіне жеткенше басылмайды. Үйіне келіп кітапты парақтап оқи бастағаннан-ақ қандай асыл қазынаға қол жеткізгенін ұғады. Кейін Әли Әмір «Диуанның» құндылығы жайында достарына былайша баяндайды: «Бұл жай ғана кітап емес, ұлы Түркістан өлкесі! Тек Түркістан емес-ау, бүкіл жихан десек болады. Түркілік, түркі тілі осы кітап арқылы мүлдем басқа қырынан танылып, жарқырайтын болады. Араб тілі үшін Сәййибуйиһин кітабы қандай болса, бұл оның түркі тіліндегі бауыры. Осы күнге дейін түркі тілінде дәл мұндай кітап жазылмаған. Бұл кітаптың шын бағасы берілер болса, бүкіл әлемнің қазынасын жинаса да жетпек емес. Бұл кітап пен Жүсіп пайғамбар арасында бір ұқсастық көрем. Достары Жүсіпті болмайтын тиын-тебенге сатқан жоқ па еді? Кейін Жүсіпті алып барып, Мысырда өз салмағындай жауһарға сатқан-ды. Ал мен бұл кітапты бұдан бірнеше есе ауыр алмас пен жақұтқа да айырбастамас едім...»

7550 рет оқылды