(II бөлім)
Алла разылығы үшін ниет еткен қажылық парызыңызды дұрыс орындау жолында Раббымыздан сізге жеңілдік беруін сұрай отырып, қажыларымызға арналған пайдалы кеңестерімізді ұсынуды жалғастырмақпыз.
Кеңестеріміздің екінші бөлімінде қалаңыздағы әуежайдан ұшу рәсімінен кейінгі маңызды оқиғалар мен қажының өзін ұстау әдебі туралы айтып өткіміз келеді.
1. Қолыңыздағы билетте ұшақтың аттану мерзімі 16.00-ді көрсетіп тұр дейік. Сіз мұндай жағдайда кем дегенде екі сағат бұрын қалалық әуежайда болуыңыз керек. Бұлай дейтініміз, ұшуға дейінгі тіркелу рәсімі бір сағат бұрын аяқталады. Бауырлар, бұл уақытта міндетті түрде өзіңіздің көшбасшы гидіңізбен кездесу керектігін естеріңізге саламыз! Ол – діттелген жерге дейінгі барлық бағыттарға, өзгерістерге нұсқау беріп отыратын адам. Онымен тіл табысуды үйреніп, сенім артуға дағдыланыңыз. Дәл осы сәтте виза алу үшін берген төлқұжатыңызды алуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ, құжаттың өзіңізге тиесілі екендігіне көз жеткізіңіз. Себебі, жыл сайын ұқсас есімдер мен тектердің әсерінен төлқұжаттардың ауысып кетіп, келеңсіз жағдайларға ұшыраған қажылардың күйзеліске түсіп жататындығы байқалып жатады.
2. Мінеки, бауырым! Дәл осы секундтан бастап қажының бойында ұлы сынақтар басталады. Себебі, қажылық – сіздің нәпсіңізді тәрбиелеуші. Қажылық – кіші ақырет. Яғни, бұл сапарда адамның шынайы бейнесі көрінеді, ақыретте ішіңіздегіні жасыра алмайтыныңыз секілді, Алла үйіне жасаған сапарыңызда да ниетті жасырып қалу қиын. Алла Тағаланың алдындағы бойұсынуыңызды нәпсімен күрес арқылы көрсетуге шақырамыз. Күрес кішкентай ғана әрекеттен басталады. Мәселен, ешкімге залал тигізбеу, балағаттамау, сырттан тілдемеу. Жүйкеңізге ерік беріп, басқалармен дауласпаңыз, өтірік айтпаңыз. Қаншалықты асығыс болсаңыз да, балалы әйелдерге, қарт адамдарға, мүгедектерге жол беріңіз.
3. Жол сөмкеңізде сынғыш заттар болса, мұқият орап қойыңыз. Ұшаққа отырған сәттен бастап белгілі бір көлікке отырғанда айтылатын Дұғаларды жиі ауызға алыңыз. Жатқа білмеген болсаңыз, алдын-ала қағазға жазып қойыңыз. Сапарда айтылатын дұғаны да ұмытпаған жөн.
4. Әуежай қабырғасында тұрғанда қолжүкте ихрамның бар-жоғына тағы да көз жеткізіңіз. Әсіресе, үлкен жүктерді тапсырғанда қадағалаумен болыңыз. Ихраммен бірге жабық аяқ киім кие алмайсыз. Мейлі ол кроссовка, мейлі қымбат туфли болсын, жалаң аяқ қалуға тура келеді. Сол себепті, алғашқы бөлімде айтылған аяқ киімді қол жүкке орналастырыңыз. Бұл өте маңызды!
5. Уақыт – алтын. Оның қадірі қажылық сапарында тіптен арта түспек. Ұшақта уақытты барынша бағалай біліңіз. Өзіңізді қажы сезініп, мүмкін болған барлық құлшылықты жасап үлгеріңіз. Қажыға лайықты іс-әрекет, мінез-құлық көрсетуге тырысыңыз. Бос сөз, жалған күлкіні жайына қалдырып, Құран оқуға, зікір айтуға, дұға жасауға көңіл бөліңіз. Қажылыққа байланысты дұғаларды қайталап, Ихрамға кіру ережелерін есіңізге түсіріңіз. Жолаушы бауырларыңызға қарайласып, дұрыстыққа бұйырып, теріс істерден қайтару секілді сауапты іс-амалдарды көбейтіңіз.
6. Алматы әуежайында ихрам киюіңіз керек. Алайда, бұл бар болғаны киім екенін біліңіз. Ихрам халіне ниетпен кіреді, бұл рәсім Миқат шекарасынан өткеннен кейін ұшақта атқарылады. Саспаңыз, сізге бұл туралы ұшақ командирі міндетті түрде хабарлайды. Не себепті әуежайда ихрам кию керек екендігін түсінген боларсыз. Сіз бұл арқылы ұшақта қысылып киіну келеңсіздігінің алдын аласыз. Кеңестер топтамасының алғашқы бөлімінде ұсынылған «Қажылық анықтамалығы» кітабынан Ихрамға өту нұсқаулықтарын табуға мүмкіндік бар. Көшбасшы гидіңіз де қосымша ақпараттарды беруі керек. Біздің қосып айтарымыз, қалаңыздан шықпас бұрын ғұсыл алып үлгеріңіз.
7. Иіссу мәселесін де қалыс қалдырмағанымыз жөн сияқты. Құрметті Қажылар! Ихрамға дейін денеге иіссу жағуды естен шығармаңыздар. Себебі, ихрамға өткеннен кейін мұндай әрекетке тыйым салынады. Ихрам кезінде екі бөлек ақ матадан басқа (мысалы, көйлек, шалбар, іш киімдер, сол сияқты тобықты жауып тұратын аяқ киім) киімдерді киюге болмайды.
Ихрам киімі екі бөлек таза ақ матадан тұрады:
1) Белден жоғары киілетіні- Рида
2) Белден төмен киілетіні – Изар деп аталады. Әйел адамның арнайы ихрам киімі болмайды. Кез келген шариғатқа сай киімдерді киюлеріне рұқсат беріледі.
Ихрам халінде тиым салынатын нәрселер. Сізге:
1) Әтір себуге;
2) Аңшылыққа;
3) Жәндіктерді өлтіруге;
4) Әйеліңізбен жақындасуға;
5) Ағаштарды, бұталарды сындыруға, жапырақтарды жұлуға;
6) Хош иісті сабындар мен су сабындарды пайдалануға;
7) Денедегі түктерді жұлуға;
8) Ер кісілерге бас киім киюге, беторамалмен немесе басқалай матамен басын жабуға;
9) Жол бойында кездескен алтын, күміс, ақша т.б бағалы заттарды алуға тыйым салынады.
Мұның бәрі де умра біткенге дейін жалғасады. Умраның біткенін қалай білуге болады? Бұл кезде қажылар умраның соңғы шартын орындайды. Яғни, шашты қысқарту немесе түкті қыру рәсіміне көшеді.
8. Джидда әуежайына түскен соң фирманың жетекшілерімен (гидтармен) ақылдаса отырып, жергілікті Сауд Арабия мемлекетінің сим картасын (mobile) бірден сатып алып, ұялы телефоныңызға салыңыз әрі фирманың жетекшілерімен, гидттармен міндетті түрде номер алмасыңыз. Себебі, умра өтегенде тобыңыздан адасып қалуыңыз мүмкін;
9. Мінеки, қаншама уақыт бойы Алладан дұға тілеп, күндіз-түні арман еткен қасиетті жердесіз. Аллаға айтылар шүкіршіліктер мен мақтау-мадақтарыңыз көп болсын! Абай болыңыз, айналаңызда адам да, жүк те көп. Абайсызда адасып немесе жүгіңізден айырылып қалу мүмкіндігі жоғары. Осындай олқылықтың алдын-алу үшін жүгіңізге аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді жазып қойыңыз.
10. Алла қонақтары Жидда әуежайынан арнайы автобустарға отырғызылады. Қайда бара жатқаныңызды білесіз бе? Аз уақыттан кейін нұр сәулелі Мекке жеріне аяқ басасыз. Алайда, дәл осы тұста сізге үлкен сабыр керек болады. Елестетіңізші, сіз секілді мың-мыңдаған қажылар Меккеге қарай асығып барады. Бұл – сіздің көлігіңіз туралы емес, сіз мінетін автобус секілді мың көлік, сіз секілді жүз мың адам бар деген сөз. Қажылар автобустарға бөлінгенше бірнеше сағат уақыт кетеді. Әрбір секунд, әрбір минутты тиімді өткізуді естен шығармаңыз.
11. Мекке мен Жидда аралығында жол 5-6 сағатқа созылады. Автобус бірнеше аялдамаға тоқтайтын болғандықтан, салқын су мен тіске басарлар алуға мүмкіндік беріледі. Бұл сапардағы сусындар мен тағамдарды қайырымдылық ұйымдары ұсынатындығын айта кетейік.
12. Меккеге жетер уақыт та таяп келеді. Миқатқа Ихрам халінде кірген едіңіз, алайда тағы да харам аймақтар бар екендігін ескеріңіз. Қасиетті Меккеге кіре берісте хабарландыру айтылады. Сол мезетте Харам аймағының белгісін көресіз. Осы тұстан аңшылыққа, ағаштарды, бұталарды сындыруға, жапырақтарды жұлуға тыйым салынатындығын қаперіңізде ұстаңыз.
13. Қалаға кірер кезде қажетті дұғаларды оқу керек екендігін де еске салайық. Сондай-ақ, кіретін және шығатын уақытта намаз оқылады. Барлық дұғаларды «Мұсылман қорғаны» кітапшасынан таба аласыз. Аталған кітапта өмірдің әрбір сәтіне қажетті дұғалар жазылғандықтан жадыңыздан тастамағаныңыз жөн. Қорғансыз мұсылман шайтанға жем болмай ма?
14. Қаланың шекарасын кесіп өткен автобус сіздің қонақ үйіңізге қарай бет алады. Жолшыбай көшбасшы гид Қасиетті қала мен Харам аймағы туралы қосымша ақпараттар беруі керек. Қонақ үйге келісімен, дәлізде қонақтарды бөлу, орналастыру рәсімі басталады. Сабырыңыздың сыналатын сәті болғандықтан, өзіңізді жоғалтып алмауды қадағалаңыз. Орналаспас бұрын, көшбасшыңыздан Умраның басталар уақытын нақтылап алыңыз. Қонақ үй бөлмесіне кіріп, өзіңізді ретке келтіруге, демалуға рұқсат беріледі. Өзіңіздің Ихрам халіңізде екендігіңізді бір секундқа да естен шығармаңыз. Иіс сабын, су сабын, хош иісті майларды пайдалануға тыйым салынады!
15. Көптеген мұсылман бауырымыз жолдан шаршағандықтан бұл қағиданы естен шығарып алуы әбден мүмкін. Есіңізге саламыз, Ихрам халінде болғандықтан басыңызды көрпе немесе басқа да жамылғымен жабуға болмайды. Сондай-ақ, өз тарапымыздан күш жинап алуға кеңес берген болар едік. Қажылық тарихында Меккеге келе салысымен Умра жасауға асығатын адамдар болған, бола да бермек. Сіздің де сондай ниетіңіз болса, өзіңізді тоқтатыңыз. Біріншіден, бұл рәсімді жамағатпен жасау керек, екіншіден, Аллаға деген құлшылықты тән хақысын бермей тұрып, күш жинап алмастан орындауға болмайды.
Сіз бақытты мұсылмансыз! Қаншама ғасыр бойында Аллаға қонақ болуды арман еткен, сол арманға қол жетпеген адамдар саны көп болды. Алла сізді өз үйіне қонақ шақырған екен, лайықты қонақ болыңыз! Бұл жерді адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), оның жұлдыздары болған сахабалар басқан. Жүрек те, тән де құрмет көрсетуден шаршамасын! Бәлкім бұл сіздің алғашқы әрі соңғы қажылығыңыз болар...
Бойыңызды күнә атаулыдан аулақ ұстаңыз. Барлық парыздарға, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөліңіз. Құран оқыңыз. Зікір, дұға қылудан босамаңыз. Адамдарға шын көңілмен қарайласыңыз. Мұқтаждарға көмек көрсетіп, кедей-кепшікке садақа таратыңыз. Бір құрмамен болсын өзіңізді тозақ отынан құтқарыңыз. Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық және ұялшақтық сынды көркем мінезден айнымаңыз!
Ей, Ұлы Алланың қонағы! Сөз соңында тағы да Әл-Харам мешітінде Алланың разылығы үшін көбірек ғибадат жасауыңызды, намаз оқуыңызды, оған кедергі болатын істердің бәрін тастауыңызды және дүние істерін ойлаудан аулақ болуыңызды есіңізге саламыз! Қажылық сапарыңыз қайырлы болғай! Алла ізгі амалдарыңызға сауап жазсын және күнәларыңызды кешірсін!