2017-08-18 (0) (5619)

Қажылыққа аттанар кісіге 15 кеңес

Қажылыққа аттанар кісіге 15 кеңес

(I бөлім)

 

Санаулы күндерден кейін Зул-хижжа айы патшалығын құрмақ, бұл – ислам парыздарының бірі қажылық құлшылығының атқарылар мерзімі келіп жетті дегенді білдіреді. Жыл сайын осы уақытта Алласын шексіз сүйетін, Құдіретінен қорқатын, Мейірімінен үміт ететін миллиондаған жүректер ең алғаш Ислам қазығы қағылған, Құран түсірілген, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңдайы сәждеге тиген мекенге қарай асығады. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың Қағбаға деген аңсары Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) дәуірінен бері сөнген емес. Қағба – Жаратқанға құлшылық қылулары үшін адамдарға арнап тұрғызылған алғашқы үй. 

Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Умра умраға дейінгі аралықтағы (кіші) күнәларды шаяды, ал хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы – тек Жәннат», (Бұхари, Муслим), сондай-ақ «Қажылық – судың ласты тазалағанындай күнәларды тазалайды», - деген. (Табарани)

Хаж мабрур дегеніміз – мұсылманның қажылық рәсімдерін аса ұқыптылықпен, күнә-кемшіліктерге бой алдырмай орындауы. Бұл – Алла қабыл еткен қажылық. Оның белгісі адамның тәубеге келуі мен қайтып күнә жасамауға деген тоқтамы. Хаж мабрур – жалғандықтан аулақ шынайы қажылық. Ал оның сыйлығы – тек қана Жәннат. 

Биыл елімізден 2500-ден астам адам Алла үйіне қарай сапарға аттанбақ. Олардың арасында аталған құлшылықты алғаш рет атқарушылар қатары көп. Біздің арнайы бағдарламамыз да дәл осы бауырларымызға бағытталады. Зул-хижжа айы қарсаңында көгілдір экраннан қажылық рәсімдеріне қатысты түрлі жобалар беріліп жатады. Алайда, қажылық сапарында қажының өзін ұстау әдебі, негізгі қағидалары туралы түсініктер көпшілікті қанағаттандырмайды. Біз бүгін дәл осы мәселенің жібін тарқатып көрелік.

Жолаушыларымызға ең бірінші қойылатын талап – қажының руһани дайындығын жан-жақты пысықтау. Біз бұл мәселеге міндетті түрде ораламыз. Ең алдымен, сапарға керекті дүниелермен таныстырмақпыз:

1.     «Қажылық анықтамалығы» кітапшасын қолыңызға алыңыз. Сіз бұл анықтамадан қажылыққа қатысты көптеген сұраққа оңай жауап таба аласыз.

2.     Қажылық хақындағы видео нұсқауды мұқият тамашалаңыз. Мұндай видеоны біздің телеарнамыздың «asylarna.kz» сайтынан көруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға, youtube.com видео-порталына қойылған.

3.     Ерекше атап өтетін жайт, «қажылық анықтамалығы» кітапшасының алғашқы бетінде Тәлбия, яғни, Ләббәйкә дұғасы жазылған. Бұл дұға қажылық барысында үнемі қайталанып айтылады.

Транскрипциясы: Ләббай-кә, Аллахумма, ләббай-кә, ләббай-кә лә шарикә ләә, ләббай-кә; инна-л-хамда, уа-н-ни’мата лә-ка уа-л-мулк, лә шәрикә лә-к!

Аудармасы: Уа, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында, мадақ та, нығмет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ».

4.     Сондай-ақ, аталған кітапшадан Сафа және Мәруа аралығында ауызға алынатын дұғаларды көре аласыздар. Мұнан басқа, әл-Харам мешітіне аяқ басқанда айтылатын дұғаны да естеріңізге саламыз. Ескертілген дұғаларды жаттап алғаныңыз абзал. Бұлай дейтініміз, көпшілік арасында кітапқа деген назарыңыз ауып, өз тобыңыздан қалып кету я болмаса адасып қалу қаупі бар. «Қайталау – білімнің анасы», бір ай бұрын жаттаған болсаңыз да, бұл дұғаларды үнемі қайталап жүруді әдетке айналдырыңыз.

5.     Аяқ басар жолдың ұзақ екенін ескере отырып, өзіңізбен бірге аса ыңғайлы әрі жеңіл аяқ киім алыңыз. Халқымызда «Аяқ киім тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген аталы сөз бар емес пе?

Оның үстіне жеңіл әрі тобығыңызды жаппайтын аяқ киім ер кісілерге ихрам халіне ену үшін керек болады. Сондықтан да ол ұшаққа өзіңізбен бірге алып кіретін қол жүгіңіздің ішінде болуы тиіс. Себебі сіз ихрам халіне ұшақтың ішінен кіруіңіз мүмкін.

6.     Қажы үшін аса маңызды тағы да бір дүние – ихрам жайлы айтпауға болмайды. Егер сіздің саяхат операторыңыз қажыларға арналған ихрамды тегін тарататын болса, компания кеңсесіне алдын-ала бас сұғып, өз ихрамыңызды алып қойыңыз. Қанымызда түбіне келгенде қол ұшын қимылдататын әдет бар. Әуежайда алармын деген ойды ұмытыңыз. Ихрамның жетпей қалуы әбден мүмкін, мұндай сәтте бұл мәселенің шешімін табу қиын.

7.     Әдетте саяхат операторлары қажыларды фирма логотипі қойылған арнайы сөмкелермен қамтамасыз етеді. Олай болмаған жағдайда, аяқ киіміңіз, құжаттарыңыз, діни кітаптарыңыз, құрғақ жемістер немесе су құтысы сиятын шағын сөмке дайындаңыз. Сондай-ақ, қол жүгіңіз болуы керек. Бұл – ихрам секілді ең негізгі қажетіңіз салынатын шағын сөмке. Дәл осында сіздің дәрі қобдишаңыз болуы тиіс. Қобдишаға салыну керек дәрі-дәрмектер климаттық жағдайлар ескеріле отырып саяхат операторларымен келісілген.

8.     Шай ішуді жаны сүйетін қазақстандық бауырларымызға термос алыңыз деп кеңес бергіміз келеді. Себебі, Минада, Арафатта және Мұздалифада шай табу оңай шаруа емес. Екінші жағынан, шай іздеу себебімен, өз жамағатыңыздан адасып қалуыңыз мүмкін. Үшінші жағынан, денсаулығыңыздың жағдайы құлшылығыңызға кедергі болып жатса, өкінішті болмақ.

9.     Келесі мәселе – әрбір саяхат операторы өз клиенттеріне бейдж береді. Мұнда сіздің аты-жөніңіз, тегіңіз, тұрғылықты мекенжайыңыз, қонақ үй атауы, қабылдау бөлімінің, фирма директорының, топбасшылар гидінің (жолнұсқаушы) телефон нөмірі жазылады. Бейджді қолыңызға алғаннан кейін, көрсетілген ақпаратты шамаңыз жеткенше жаттап алыңыз. Алыс аймақта әртүрлі жағдайдың болатынын ескерген абзал.

10.     Саяхат операторларының мына бір тапқырлығы да мақтауға тұрарлық дер едік. Сапарға аттанбас бұрын, қажыларға өз саяхат фирмаңыздың түсіне сәйкес желеткелер (көкірекше) таратылады. Бұл амал үлкен қауымның арасынан өз жамағатыңызды оңай тауып алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, алғаш рет жолға шыққалы отырған мұсылмандар үшін тиімді әдіс саналады.

11.     Қажылардың бірі Стамбул арқылы, екіншілері Біріккен Араб Әмірлігі арқылы ұшады. Алайда, мақсат – бір, яғни, Михатқа Ихрамда кіру. Олай болмаған жағдайда, құрбандыққа қой союға тура келеді. Әрине, ең бірінші ниеттің түзу болуы талап етіледі. Себебі, сауап ниетке қарай беріледі. Ниетіңіз дұрыс болмаған екен, сапарды қайта жасауға тиіссіз. Сондықтан да, ихрам әрдайым қол жүкте болып, қолыңыздан бір сәтке де түспеуі керек.

12.      Отандастарымызға Сауд Арабиясының климаты ыстық екені мәлім деп ойлаймыз. Дегенмен, мұны ескертіп жату артықтық болмас, оған қоса, жеңіл, жазғы киімдерді алуға кеңес бере кетейік. Бірер жылы киімнен де бас тартпаңыздар. Медине қаласындағы таң намазында болатын салқын самалдың залалынан сақтанған жөн. Сондай-ақ, барлық мешіттерде салқындатқыштың жұмыс істейтіндігін ескеріңіз.

13.     Ихрамға дейін қажеттілігіңізге қарай, бір рет қана қолданатын денедегі артық түкті қыру құралы да артықтық етпейді. Мұндай рәсімді өз қалаңыздан ұшпай тұрып орындағаныңыз абзал.

14.     Бұқара халықтың көпшілігі ақша мәселесіне байланысты сұрақтар жолдап жатады. Әрине, ақша мәселесін де тыңғылықты шешіп алған жөн. Ақшаңызды АҚШ долларында немесе Еуро қалпында ұстаңыз. Өйткені, Мекке-Мәдинада теңгеңізді айырбастай алмайсыз. Бауырларымыз қалтасында кем дегенде 300 АҚШ долларын ұстасын. Неге десеңіз, онда құрбандыққа шалынатын малды 100-150 долларға сатып ала аласыз. Қосымша азық-түлікке, Сауд Арабиясындағы жол қозғалысына қалған қаржыны жұмсай аласыз.

15.                        Құрметті бауырлар! Құлақтарыңызға алтын сырға! Бұл ескерту аса маңызды! Мемлекеттік «e-GOV» электрондық порталынан өз атыңызға салынған айыппұлдың бар-жоғын тексеруді ұмытпаңыздар. Сайтта ҚР шекарасынан шығуға тиым салынған борышкерлердің тізімінде есіміңіз көрсетілген болса, Қазақстаннан ұшу мүмкін емес. Сізді мүлде өткізбейді! Ал айыппұл себебі әртүрлі болуы мүмкін, жол ережесі, коммуналдық қызметтерге байланысты айыппұлдар да сіздің жолыңызға тосқауыл болады. Осы себепті, дәл қазір «e-GOV.kz» электронды порталына бас сұғып көріңіз. Және қарыздарыңызды өтеп тізімнен алып тастауға әрекет жасаңыз.

Ниет туралы:

Ей, Қажылықты ниет еткен бауыр! Жомарт та, Ұлы Жаратушының қонағы! Қажылығыңызда Аллаға жақындауды және оның ризалығын табуды ниет етіп, рияға, атаққұмарлыққа жол бермеңіз! Сауаптар ниетке қарап беріледі. Амал дұрыс болу үшін ықыласты түзеу ләзім. Қағбаның қожайыны қажылық туралы аятта: «... Нендей жақсылық істесеңдер де Алла оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы – тақуалық» деп өсиет етеді. Тақуалыққа ұмтылыңыз, жүрегіңізді тазартыңыз, Аллаға адал қонақ болуға дайындалыңыз!

Жолаушылардың әр тобында жетекші, әр сапарда жолбасшы болатыны белгілі. Қажылық өтеушілердің жетекшісі – Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), ал жол көрсетушісі оның өнегесі мен сүннеті болып табылады. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қажылық рәсімдерін менен үйреніңдер» деген (Ахмад).  Олай болса, мүмкіндік барда Алланың қасиетті үйіне қажылық жасағысы келген әрбір мұсылман амалым дұрыс әрі қабыл болсын десе, Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), қажылығын мұқият үйренуге міндетті.

Алла қажылықтарыңызды қабыл етіп, амалдарыңызға сауап жазсын және күнәларамызды кешірсін!

Жалғасы бар...

 

 

5619 рет оқылды