22:30 | Автопортрет
22:30 | Ой-талқы
2017-08-09 (0) (11030)

БАЛА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТКЕН ӘДІСТЕРІ

БАЛА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТКЕН ӘДІСТЕРІ

 

 

Қазақта «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген сөз бар. Иә, бала – ең үлкен нығмет әрі сынақ. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біліңдер! Шын мәнінде, мал-дүниелерің мен балаларың – бір сынақ. Ал Аллада ұлы сый бар», - деген. («Әнфал» сүресі, 28-аят) Сол себепті, балаға жақсы мен жаманның, обал мен сауаптың не екенін ұғындырып, оны жақсы адам қылып қалыптастыру, тұшымды тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс.

Осы ретте ата-ана бала тәрбиесінде нені ескеруі керек, қай кезде қалай қарым-қатынас жасағаны дұрыс деген мәселелердің төңірегіндегі психолог мамандардың аз-кем кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Бала тәрбиесінің баспалдағы

Баланы жамандықтан, бәле-жаладан, шайтанның кесірінен сақтағысы келген ата-ана бала пайда болмаған кезден-ақ амал жасауы қажет. Бала тәрбиесі, ең алдымен, оның анасын таңдаудан басталатыны белгілі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйленген адамға (отағасына): «Иә, Алла, расында, мен Өзіңнен оның игілігін, оны не үшін жаратқан болсаң, соның игілігін сұраймын және оның кесірінен Өзіңе сыйынамын»  (Аллаһуммә инни әс-әлукә хайраһә уә хайра мә жәбәлтәһә ъаләйһи уә әъузу бикә мин шәрриһә уә шәрри мә жәбәлтәһә ъаләйһ) - деп дұға жасауды өсиет еткен. Және де Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендерден әлдебіреуің әйелімен қосылғысы келіп: «Алланың атымен. Иә, Алла, бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет», - деп айтса, әрі (сол) ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, шайтан ешқашан оған зиян тигізе алмайды», - деген. Демек, адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткендей, бала тәрбиесіне ол пайда болмай тұрып-ақ мән беру – аса маңызды іс. Дұғаның арабша оқылуы: «Бисми Лләһи, Аллаһуммә, жәнниб-на-ш-шайтана уа жәнниби-ш-шайтана ма разақта-на».

 

Егер сіз жас ана болсаңыз...

Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең – оның өмірінің алғашқы он жылдығы. Педагог, психологтардың айтуынша, баланың интеллектуалдық қабілетінің сексен пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі екен. Сондай-ақ, адамдық тұлғасының жан-жақты әрі үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді. Қандай да бір жемістің піскендегі пішінінің қандай болатынын оның алғашқы кезеңінде-ақ байқауға болады. Сәби де сол секілді. Бұл жаста ол өзінің талабы мен сезімдерін жылау мен күлу арқылы ғана білдіреді. 1 мен 3 жас аралығындағы балалар көбінесе  «Мен өзім істеймін», «Мен өзім жасаймын», «Өзім ішемін», «Өзім жеймін» деген пікірді қатты ұстанады. Байқап отырсаңыз, бұл жастағы балалар қасыққа таласады, ойыншықтарды өзі құрастырғысы келеді. Өзгелердің араласқанын ұнатпайды. Айтқаныңды керісінше жасайды. Ол бәрін дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Міне, дәл осы кезде барынша оның  ығына жығылып, дегеніне көне отырып, өзіңізге көндірсеңіз – ұтасыз. «Болмайды» деп мүлде тыйып тастау емес, оның орнын алмастыратын бірдеңе ұсынуыңыз керек. Мәселен, бала қабырғаны сызайын деп жатса, оған қағаз беріп, қағазға жазуын сұраңыз.

3 пен 7 жас аралығында, яғни мектепке дейінгі аралықта баланы өте қатты бақылау керек. Бұл жастағы балалар жақсы мен жаманды ажыратып жатпастан көрген-түйгенін бірден бойына сіңіріп алады. Жаман сөздерді тез үйренеді. Және дәл осы кезеңде баланың неге бейім екенін аңғаруға болады. Сондықтан балаға уақытты көбірек бөліп, бақылауда ұстау аса маңызды.

 

Баланы күніне кем дегенде 14 рет құшақтау керек!

Кейбір ата-аналар «күні бойы жұмыста боламын, балама көп көңіл аудара алмай жүрмін», «баламның тәрбиесі ақсап кеткен сияқты», «ол өзгеріп кетті», «балам менен алыстап кетті» деп жатады. Иә, күн ұзақ жұмыста жүріп, баламыздың нені сіңіріп, кімнен үлгі алып жүргенінен бейхабар болып жататынымыз жасырын емес. Ал психологтар мұндай жағдайда баланы құшақтаудың пайдасы өте көп екенін алға тартады. Бала жылы құшаққа, мейірімге мұқтаж. Ол өзі жақтырмай, «түүу, анашым, болды» деп итергенше оны құшақтап тұру керек, яғни бала «құшаққа тойынуы» керек. Содан кейін өзі-ақ ары қарай ойнап кетеді немесе өз бетімен басқа бір жұмыстарына бет алады. Ата-ана үнемі жұмыста болып, кешке келгенде балаға дүрсе қойып, ұрсатын болса, бала өзін керексіз сезініп, санасында «мен неге тудым екен?» деген ойлар пайда болуы мүмкін.  Керісінше, баланың ойында «Мен қауіпсізбін», «Мен жалғыз емеспін», «Менің жанашырларым бар» деген сезім дұрыс орнықса, бәрі біртіндеп қалыптаса береді. Мамандар: «Балаға бөлінбеген уақыт ыстық құшақпен толтырылады»,  - деген. 

 

Балаңыз шектен тыс еркелеп кетсе...

Кейде балаға көңіл аудару қажет болғанда өздері сұранып, жылап, еркелеп, сіздің назарыңызды аударуға тырысады. Бала шектен тыс қатты еркелеп кетсе, ештеңе болмағандай бейқам тұра беру керек. Ал сабасына түсіп, өз-өзіне келгенде оны құшақтап, көңіл аудару керек. Бала біздің назар салғанымызды қалап тұрады. Тып-тыныш отырғанда сізден ешқандай алғыс ала алмаған бала сәлден соң іші пысып сіздің ашуыңызды келтіретін қыңыр әрекеттерді жасай бастайды. Оған да мән бермей қойсаңыз, біраздан кейін өзі-ақ қояды. Мәселен, бір қағазды жыртып отыр делік. Ол үшін шу шығарып, ұрсудың орнына түк болмағандай отыра берсеңіз, біраздан кейін өзі-ақ қояды.

4-5 жастағы балалар ойыншыққа, қасыққа, т.б кез-келген затқа таласқыш, қызғаншақ болып келеді. Осы жастағы балалар бір-бірімен жиі жанжалдасады. Егер балаңыз «апа, Аслан менің қаламымды тартып алды» деп шағым айтып келсе, ешқашан «ештеңе етпейді, басқасын әперем» демеңіз. Дұрысы, балаңыз не айтып тұрса, дәл соны қайталау керек: «Аа, Аслан сенің қаламыңды тартып алды ма?» Ол сізге қарап тұрып: «Иә!» деп жауап береді. Міне, оған керегі де – сол. Оның ойынша, сіз оны түсіндіңіз!

 

Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге қандай қарым-қатынас жасауға болады?

Баланың ағзасында байқалатын кейбір өзгерістер оның мінезіне, өзін-өзі ұстауына әсер етіп, бала белгілі бір кезеңде әке-шешесіне айқайлайды. Сондықтан мұндай кезде ата-ана оның өтініші мен сырын көбірек тыңдауы керек (психологтар мұны «парафраз» деп атайды). Бала кімнен көбірек қолдау тапса, соған қарай бұрылып кетеді. Ол үшін баланы кішкентай кезінен бастап тыңдап үйренген абзал. Себебі, сен тыңдамасаң, ол міндетті түрде өзін тыңдайтын басқа біреуді тауып алады. Кім оны көбірек түсінсе, ол сол адамға немесе нәрсеге жақындай түседі, әрі соған еліктейді. Бас салып, ақыл айтпай, жағдайдың  ішіне кіріп, оның жағдайын өз басыңызға қоя отырып сөйлеу керек. Мысалы, «Мектепте не қызық болды?» деген ұсақ-түйек әңгіменің соңы сырласуға апаруы әбден мүмкін. Мәселен, қолыңыздағы телефоныңызға қараңызшы. Ол сізге бағынышты. Сол телефоныңыз арқылы алыс-жақын ағайыныңыздың хабарын біліп отырасыз, оларға видеошақыру жіберіп, көзбе-көз сөйлесе аласыз. Тіпті, бір күндік жоспарыңызды да сондағы сағатқа қарап отырып жоспарлайсыз. Біраз отырғаннан кейін «менің соткам қайда?» деп іздей бастайсыз. Бір сөзбен айтқанда, ол сізге керек. Ата-ана да балаға дәл сол сотка сияқты керек болуы керек. Бала кез-келген жағдайда басқаға емес, ата-анасына жүгінсе, ең үлкен жетістік – сол.

 

«Мамам айтады да, қояды...»

Балаға бекерге сөз шашпау керек. Егер сіз қанша айтсаңыз да, бала тіліңізді алмай үйренсе, ол үшін бұл үйреншікті болып қалады. Балада «мамам сондай, ол айтады-айтады да, ақыры қояды» деген ой мүлде болмауы керек. Сондықтан жұмсайтын кезде айқайламай, жұмсақ түрде, бірақ табанды болып жұмсау қажет.  Мысалы, ол бірдеңеге өкпелеп, есікті сыртынан тарс жауып кетіп қалды дейік. Не істейсіз? Мұндай жағдайда  «есікті неге жабасың?» деп соңынан қуып, ұрсудың, жазалаудың  еш орны жоқ. Жағдайдың соңын күтіп, ашуы басылған кезде саналы түрде сөйлесіп, мәселенің шешімін шығару керек. Егер оған да көнбесе, жаза қолдануға тура келеді. Баламен қарым-қатынаста ескерілуі тиіс тағы бір маңызды мәселе, кейде сіз де шалыс басып, қателесіп кетуіңіз мүмкін. Сондай кезде өз қателігіңізді оның көзінше мойындауыңыз керек. Бұл балаға қандай жағдайда да әділетті болуды үйретеді.

ü Егер балаңыз бірдеңені дұрыс жасамаса, «сен жамансың» деп оны төмендетудің қажеті жоқ. «Сен жақсысың, бірақ мына іс жаман» деп бала мен оның амалын бір-бірінен ажырата отырып түсіндіру керек;

ü Егер оған бірдеңені үйреткіңіз келсе, өзіңіз жасап кетпей, шыдамдылық танытып, соңына дейін күтіңіз;

ü Егер балаңыз бірдеңе айтқысы келсе, жұмыстың барлығын ысырып қойып, қарама-қарсы отырып, оның екі қолын ұстап отырып тыңдаңыз;

ü Балаңызды өзіңіз істеп жүрген істерге араластырыңыз. Оның көмегіне көбірек жүгініңіз. «Бірге істейік», «мынаны апара сал», «мынаны тазалайық», «сен ананы істей салшы», т.б. Бұл арқылы ол өзінің сізге пайдалы адам екенін сезінеді. Және мақтау мен алғыс естіген сайын елге пайдалы болуға, жақсылық жасауға асығып тұрады;

ü Егер балаңыз үнемі тіліңізді алып, айтқаныңызды екі етпей орындаса, көңіліңізден шығатын әрекеттер жасаса, сіз оған ешқандай қарсылық көрсетпейсіз. Бұл қалыпты жағдай секілді іштей қуанып, балаңызға көңіліңіз толып жүре бересіз. Егер бір күні аяқ астынан бірдеңені дұрыс жасамаса,  бірден ашуланып, ренжіп шыға келесіз. Ата-ананың басты қателігі де осы жерде. Қателік жасаған кезінде ашуланып, ренжігеніңіздей, ол тыңдап, тәртіпті болып жүрген кезінде де қуанып, оған разы екеніңізді көрсетіп тұруыңыз керек. Яғни эмоцияңызды көрсетіп тұрсаңыз, ол сізді көбірек ренжітуге емес, қуантуға асығатын болады.

Сонымен, жоғарыда айтылған ережелерді топтастыра келе мынадай түйін шағаруға болады:

1.     жас ерекшелігі / период (соны ескере отырып қарым-қатынас жасау);

2.     тыңдай білу/ парафраз;

3.     құшақтау;

4.     эмоцияңызды,  көңіл-күйіңізді көбірек көрсету;

5.     жұмысқа оны да араластыру немесе ойынына сіз де кірісу / бірге болу;

6.     Тәртіпсіздік жасаса, сабырмен, саналы түрде түсіндіру.

Бала – ұлт болашағы, бақыттың бастауы, Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған ең үлкен нығметтерінің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланы «жүректің жемісіне», «көздің нұрына» балаған. Ендеше, тізгін ұстар тұлымды ұлдарымыз бен кесте тігер бұрымды қыздарымыз мейлінше тәлімді, ұлт мерейін асқақтатар тәрбиелі болсын деп тілейміз.

 

 

11030 рет оқылды