22:30 | Автопортрет
22:30 | Ой-талқы
2017-07-25 (0) (6509)

ТОЙЛАЙ ДА БІЛЕЙІК, АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫН ОЙЛАЙ ДА БІЛЕЙІК!

ТОЙЛАЙ ДА БІЛЕЙІК, АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫН ОЙЛАЙ ДА БІЛЕЙІК!

 

Той – ұлттық болмысымыз бен рухани мәдениетіміз паш етілетін салтанатты бас қосу. Той – тәрбие алаңы, өзінше бір насихат. Той арқылы  адамдардың мәдениетіне, тіпті, керек десеңіз, наным-сеніміне де ықпал етуге болатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, осындай салтанатты бас қосулардан кейде той тойлап қана емес, ой ойлап қайтатын кездеріміз де жиі болады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Алайда, соңғы кездері көп адамдардың тойдан демалып, рухани нәр алып қайтудың орнына шаршап-шалдығып келетіні жиі кездеседі. Мұның себебі неде?  Тойшылдығымыз тоғышарлыққа, дархандығымыз дарақылыққа ұласып жатқан жоқ па?

Бұл сұраққа жауап табу өте оңай. Ең алдымен, той жасап жатқан адамның әу бастағы мақсаты дұрыс болуы керек. «Өзімді көрсетсем», «ешкімнен қалыс қалмасам, керісінше олардан асып түссем» деген арам ойдың түбі өкінішке жиі ұрындырады. Әрине, «қуаныш бөліссең, көбейеді» дегендей, Алланың берген нығметіне шүкірлік етіп, оны ағайын-туыспен бірге тойлағанға не жетсін? Алайда, осы тұста «тойдың тамашасымен қатар тағылымын да бақ» деген бабалар өсиетін естен шығармағанымыз абзал.

 

«Аттыға ілесемін деп...»

Қазақта «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» деген әдемі сөз бар. Бұл - шамасы жоқ бола тұра көштен қалмайын деп тыраштанған ағайынына дана халықтың жұмсақ қана ескертуі. Шынында да, жағдайы жоқ адамды қарызданып, қауғаланып той жасауға ешкім міндеттемейді. Өйткені, әркім жалған намыстан бойын аулақ ұстап, көрпесіне қарай көсілсе, дағдарыс пен күйзелістің ауылы тым қашықта болар еді. Несие алып, той жасау бұл – бір-екі сағаттық қуаныштан кейін былық пен батпаққа бату деген сөз. Себебі, шариғат құптамаған арам істе береке болмайтыны анық. Алла Құранда несие алуға тыйым салып: «Алла саудаға рұқсат етіп, өсімге тыйым салды... Алла өсімді жойып, садақаларды өсіреді (берекелі етеді)» («Бақара» сүресі, 275,276-аяттар), - деген. Ал айтыскер ақын Мұхтар Ниязов бұл туралы:

Кредитсіз той да тұл, құдалық тұл.

Мойныңа түсіп тұрған бұғалық бұл.

Батпан құйрық екен деп алған елдің,

Жегені желкесінен сұралып тұр.

«Кредит» деген сөзің қарап тұрсақ,

 «Кіреді ит» деген сөзден құралып тұр.

 Атына заты сай боп осы бәле,

 Кіріп алып итіңді шығарып тұр, - деген екен.

 

«Тілегіміз періштелердің құлағына шалынсын!»

Тойда «тілектеріміз періштенің құлағына шалынсын», «періштелер әмин десін» дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда, айтылған тілектің қабыл болуының да өзіндік шарттары бар. Ол үшін, ең алдымен, тойдағы асыңыз адалынан болуы керек. Яғни «ата-бабамыз ішпек түгілі, ауызын да шаймаған» арақ-шарапты дастарханға жолатпағаныңыз дұрыс. Себебі, арақ-шарап тұрған жерге береке әкелетін Алланың рахмет періштелері келмейді. Және ондай жерге Алланың алғысы да жаумайды.

Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев:
Қазекең аузына алмас арақ еді,

Аузына алса-дағы харам еді.

Бұл күнде өзге түгіл орыс ағаң,

Қазаққа ілесе алса жарар еді, - деген екен.  Сондықтан болашағын аппақ парақтан бастайын деп отырған екі жастың өмірі арам аспен лайланбаса екен дейсің. Халықтың санасына «арақсыз той қызық болмайды» деген түсінік әбден сіңісіп қалған. Бұл да Кеңес үкіметінің салқыны. Әйтпесе, арғы-бергі тарихымызды қалай ақтарсаңыз да, қазақтың арам аспен той жасағанын еш жерден кездестіре алмайсыз. Алды бес мыңнан жылқы айдап, қымызды көл қылып ағызған қазақ ауылы қандай жиын-той болмасын, бәрін қымыз-қымыран, шұбатымен-ақ қыздырып, тойын естен кетпестей қызықты етіп өткізген. Қанша жерден заманға ілесеміз десек те, қазақ үшін ет пен қымыздан артық қуатты ас болған емес. Абайдың

Осы қымыз қазаққа,

Мақтаның ба, асың ба?

Қымызды басар артынан,

Ет даяр ма қасында?  – деуі содан.

Көп адамдардың: «Арақ-шарапсыз той өзі қалай болады екен?» деп жүрексініп барған ек. Алайда той біткен соң «шіркін-ай, мен де өстіп жасасам болады екен» деп сүйсініп қайттық», - дегенін жиі естіп жатамыз. Иә, Алланың үкімінен аттамаған жиынға Алланың мейірімі жауып, береке төгілетіні рас.  

 

Күлдірем деп бүлдіріп алатындар да бар...

Кейде тойда адам қарауға ұяларлық небір ұятсыз ойындар мен дарақы әзілдер де айтылып жатады. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, асабаға еш тыйым айта алмай, былайғы жұрттың еріксіз тілін тістеп, басы салбырап қалатын кездері де аз емес.  Кейбір көріністен көз ұялады. Өзіңіз ойлаңызшы, тойға тек желпінген жастар ғана емес, ой тоқтатқан ата-әжелер, атынан ат үріккен асқар тау әкелер келеді. Дәл сондай ортада кейбір ұятсыз ойындардың ойналуы ешқандай қазақшылыққа сыймайды. Бұл – шешімі жоқ қиын шаруа емес. Мұның бәріне өзіміз, өз қолымызбен тосқауыл қоя аламыз. Алла да риза болатындай, адамдар да риза болатындай, дінге де, заманның талабына да қайшы келмейтін тойдың үлгісін жасау әркімнің-ақ қолынан келеді. Мәселен, бұрынғы тойлар несімен қызықты еді? Бұрынғы тойлар көкпар, аударыспақ, арқан тартыс, айтыс, жұмбақ жасыру секілді ұлттық ойындарымен қызықты болатын. Бүгінгі кейбір ұятсыз орындардың орнын осы секілді интеллектуалдық, тарихи-тағылымдық сұрақтармен, жарыстармен алмастыруға әбден болады. Бізге ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, тек кешегі жақсы мен бүгінгі жаңаның басын құрап, тәлімді кеш өткізе алсақ болғаны.

Осы тұста айта кетерлік тағы бір жайт, кейде тілек айтуға шыққан адамдар «әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» кейпіне еніп, не айтып, не қойғанын өзі де білмей абдырап қалады. Мұндай істің алдын алу үшін екі жасқа айтар ақыл-кеңесіңіз бен өсиетіңізді алдын-ала дайындап барғаныңыз еш артықтық етпейді. Себебі, жақсы сөз – жарым ырыс. Сіздің сөзіңізден жастар тағылым алып, ой түйіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?

Ендеше, қазақ елінің азаматы ретінде  әрқайсысымыз «менде тұрған не бар дейсің?» «ұлттың ұяты бізге қарап қалып па?» деп емес, өзімізден бастасақ,  ұлтты жер қылатын емес, ел қылатын әрекеттерге барсақ, ұтылмайтынымыз анық!

6509 рет оқылды