«Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты» деген жолдар ауыз әдебиетіміздің келісті тұздығына айналғаны рас. Эпостық жырлардағы Тәңірінен жалбарынып жүріп сұрап алған перзенттеріне деген аста-төк көңілдің думанды мерекесіне не жетсін?! «Шілдехана», «Бесік той», «Сүндет той» сынды ұлттық салт-дәстүр жоралғыларының өзі күнді күнге, таңды таңға жалғастырған. Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі болған. Бұрындары әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын бақ сынайтын кез той үстінде өткен. Ал бүгінгі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн, маңызы да өзгеше. Той болған жерде той мәдениеті, асаба әдебі туралы ойтолғамдар таусылмақ емес. Дегенмен, әр жанның өмір бойы көрсем деп жеткен тойына, армандаған қызығына әр беру, нәр беру, адамдардың сол тойдан көңілі марқайып, рухани азық арқалап қайтуына не жетсін?!
ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ САЛТ-САНАСЫН СІҢІРЕТІН ҚҰРАЛҒА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?!
Қазақ халқының мәдениетін, тарихи жолын бағамдар болсақ, жиын-той – ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан өмір салты десек, қателеспейміз. Үлкендер бата бергенде «Жиған-тергенің тойға бұйырсын», – дейді. Той мақсаты ішіп-жеп, қарын тойғызу емес. Жан-жақты ойластырылған жақсы тойдан ғибрат алып, рухани байып қайтсаң, соның өзі көп олжа.
«Адам өмiрiнде ерекше есте қалатын той өз мағынасында өтіп жүр ме?» - деген сұраққа бір сарынды жауаптың болуы мүмкін емес. «Дәстүрімізді дәріптеуге, салтымызды сақтауға бүгінгі сауық қаншалықты қызмет етіп келеді» деген мәселе төңірегінде сан түрлі пікір бар.Қазіргі «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Сүндет той», тағы да басқа жоралғылар ата-баба дәстүрінен едәуір алшақтап кеткен сияқты. Мысалы, кей тойларда қалыңдық туфлиін ұрлау, үйлену тойының соңына қарай «гүл лақтыру» тәріздіэлементтерді кездестіріп жатамыз. Сөз өнерін зерттеуші ғалымдарымыз «сұлу сөйлеу міндет емес, мағыналы сөйлеу шарт» дейді. Жалпы тойдың екі түрі елдің есінде қалады. Біріншісі – арзан әзіл-қалжың, түрлі ойын-сауық сипатында өрбіп, той барысы басынан аяғына дейін көпшілікті күлдіру мақсатында жүргізілсе, екіншісі – терең ой, тартымды тағылым, асқақ рух, өнегелі сөз, мағыналы да мазмұнды тұрғыдағы мәдениетті тойлар санатына жатады.
ТОЙ ТІЗГІНІН ҰСТАҒАН АСАБАҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП ҚАНДАЙ?
Соңғы кезде тойларымыз өзінің мән-мағынасын жоғалта бастағандай. Думанға арналған уақытты қызықты өткізу үшін қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып, әртүрлі танымдық сөз сайыстарын өткізіп, жақсы демалысқа айналдыру қажет сияқты.Кез келген тойдың жақсы өтуі, ең алдымен, асабаға қатысты деген пікір қалыптасқан. Бекер айтылмаған. Ұшқыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме қонақтарды жалықтырмайтыны белгілі. Бүгінде сөзі мәнді, тәжірибелі асабалар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүріне қанық, оны бүгінгі заманның талабымен ұштастыра білетін той жүргізушілер аз. Ондай асабаның аузынан қазақы тәлiм-тәрбиеге бастайтын даналық сөздер, мақал-мәтелдер, қазыналық нақылдарды есту қиын...Бір қуанарлығы, тойларда ішімдік мәселесін шектеп, дұрыс жолға икемделудеміз. Құптарлық жайт. Кеңестік дәуірдің дертінен арылу – өзімізге пайдалы.
Біз ежелден тойқұмар елміз.Ел болып, әулет болып жиі бас қосып тұру бауырмалдықты арттырады. Тек, осы бас қосуда ысырапшылдыққа жол берілмесе, берекенің артары белгілі.