07:50 | Құран құндылықтары
2017-07-20 (0) (8968)

ЖАРЫҢЫЗДЫ ТӘРБИЕЛЕУ ӘДІСІ

ЖАРЫҢЫЗДЫ ТӘРБИЕЛЕУ ӘДІСІ

 

Қазақта отбасы, ошақ қасы, отағасы деген ұғымдар бар. Байқап қарасақ, бұл айтылғандардың барлығы жылылықпен байланысты болуы тегін емес. Өйткені әркімнің жан жылуына ең көп бөленетін жері өзінің отбасы. Күнкөріс қамымен белгілі бір уақытқа үйден алыстап кеткендер «Өз үйім – өлең төсегім» деп өз шаңырағын аңсап, сағынады. Бүгінгі қоғамда көп мән берілмегенімен, бұл өмірдің ең маңызды байлығының бірі – отбасы.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда еліміздің кейбір отбасыларында жылылықтың, өзара сүйіспеншіліктің, құрметтің азайғанын байқаймыз. Тіпті, бүгінгі қоғамда ер адамның өз әйелін құрметтеп, қадірлеуін қорлық, ұят санайтындар да кездеседі. «Неге сонша әйелжанды болып кеткенсің? Әйелдің ақылын тыңдаған еркек еркек пе?» деген секілді надандықтан ақылсынған сөздер аз айтылмайды. Шынында ақиқат дінімізде әйелді адам қатарынан шығарып тастау бар ма?

           Алдымен айтарымыз, әйеліңіз біреудің тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп отырған қызы екенін, өмірлік серігім болса екен деп өз таңдауыңызбен алғаныңызды ұмытпаңыз. Өзіміздің де қызымыз ертең бір үйге келін болып барады. Ал қызының барған жерінде айтқан сөзі еленбейтін, ойы бағаланбайтын, еңбегі адал, ақылы арам саналып, қор адамдай күн кешкенін қай ата-ана қалайды? Екіншіден, әйел жер бетінде, адамдар нәсілін көбейтудің ең негізгі себепкерлері. Қазақта сөз бар ғой: «Қырық еркек үйді толтыра алмайды, бір әйел толтыра алады» деген. Әйелсіз артымызда ұрпақ қалдыра алмайтынымыз анық. Ендеше, Алланың назарында әйелдің алар орны үлкен. Жаратушы иеміз Адам атадан соң Хауа анамызды текке жаратпаған. Бұл маңызды мәселелер,кішкентай деп қарауға болмайды. Сондықтан болар, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде былай деген: «Сендердің ең жақсыларың, әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін».

           Сонымен қатар, кейбіреулер «әйелді анда-санда ұрып тұрғанның пайдасы бар» деп санайды. Бұл Алланың екі дүниеге қатысты заңдарынан бейхабар, ақыретінен қорықпайтын адамның сөзі. Біріншіден, күштің әлсізді қорлауы сау ақылға сыймайды. Әлімжеттік жасаудың ақыры берекесіздік пен араның сууынан басқа ештеңеге әкелмейтіні белгілі. Әйелге қол көтеру – еркектің рухани осалдығы.

Әйелдің табиғатында ақылдан гөрі сезім басым жаратылған. Сондықтан кейде сезімге беріліп қателік жасауы мүмкін. Бұл, әрине еркекті ашуландырмай қоймайды, сонымен қатар, жоспарлап отырған ісіне кедергі келтіруі де әбден мүмкін. Алайда қанша жерден себебі болғанымен, әйелге жұдырықты ала жүгірудің соңы неге апарады? Қатты ызаланған күні орнынан тұрмастай етіп сабап тастап, аузымызға келген дөрекі сөздердің бірін қалдырмай айтып тастағанмен, ол түзеле қалушы ма еді? Жарайды сөйттіңіз, бірақ, одан кейін сыйластық, сүйіспеншілікпен біргше өмір сүріп кету оңайға соға ма екен? Бұл тұрғыда сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінен аларымыз көп: «Сендердің біреулерің қандай оймен өз әйелін құлды сабағандай ұрып-соғады? Түн болғанда сол әйелмен бір төсекте жатпай ма?» 

Қорқытып-үркіту арқылы адам еш уақытта түзелмейді. Керісінше, ұрыстыс, сөгісті көп естіген әйелдің еті үйреніп, күйеуін мүлдем елемей қоюы ықтимал. Етедегі бабаларымыз, аналарымызды ұрып-соқпай-ақ қабағымен жөн көрсетіп отырған.

 

Әйеліңізді жөнге салу үшін аңдатпа:

 

- Жылы сөйлеу. 

Көрші халықтарда: «Жылы сөз – салқын судан да жақсы сергітеді» деген сөз бар екен. Ал біздің қазақ «Жылы-жылы сөйлесең,  жылан да інінен шығады» демей ме? Әйел де сіздің ізгі, ықыласты сөздеріңізді естісе, шыққан күндей шырайыңызды сезінсе, нөсерлеткен жаңбырдай жақсылығын жасай бастайды. 

- Еркелету. 

Әйелдер сондай халық, еркелеткенді, еркелегенді жаны қалап тұрады. Мұны білген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аиша анамызды (оған Алла разы болсын) "Аише", "Аиш" және "Хумейра" деп еркелеткен екен. (Айша, Аиш деген сөздер "Өміршең", "Өмір сүргіш" деген мағыналар береді. Ал, Хумейра –Айша анамыз қызыл өңді кісі болған соң осылай еркелеткен). Сондай-ақ, ара-тұра дәмді тағамы, тазалық жұмыстары үшін комплименттер айту, шаруада қолдан келгенше көмектесу – әйелдің көңілін табудың бір жолы десек артық емес.

- Әйелмен әзілдесу, ойнау.
Хадисте келгендей, адамның отбасылық ойындарға жұмсаған уақыты сұралмайды. Үкім шығаруда аса қатал, әділеттілікте аса берік Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Еркек адам үй-ішінде, әйелінің алдында сәбидей, ал көпшілікпен болғанда ер болуға тиіс» деп айтқан екен. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) да Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай әрекеттерін баяндайды: «Хайыз кезінде ыдыстан су іштім де, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бердім. Ол аузын мен ішкен жерге қойды да, су ішті. Жілік кеміріп отырып, оған ұсынып едім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді» дейді. (Муслим). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін, тіпті, ойнайтын. Аиша (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  басқа адамдардан алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ, әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан  жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін» деп күлімсіреді». (Ахмад).

 

- Көлеміне қарамастан сыйлық жасау.
    Сыйлық – адамның нәпсісіне жағатын нәрсе. Сондай-ақ, сыйлық беру– сүннетте де аса жоғары құпталатын рәсім. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көреалмаушылық жойылсын» -деген (Муатта). Келесі бір хадисте: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» (Бәйһақи),-деп келеді.

Әйел тәрбиесі ақылмен, мейірмен, даналықпен, хикметпен жүзеге асады. Асыл дініміздің де негізгі тәлімі осы. Мәселенеің бір ұшын алып қарасақ, біз әр күнәні жасаған сайын төбемізден тоқпақтап отыратын бір періште жіберуге Алланың құдіреті жетеді. Бірақ, олай еткен жоқ. Исламды мейірім діні етіп, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірім Пайғамбары етіп жіберді. Ендеше, әр отбасында мейірім мен өзара құрметтің орын алғаны өте қажет. Ерлі-зайыптылардың арасындағы өзара түсіністігі көп түйткілдің таптырмас емі. 

 

 

8968 рет оқылды