08:30 | asylarna.kz
2017-07-19 (0) (18124)

Құрбыма хат (ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАЛЫ ОТЫРҒАН ҚЫЗДАРДЫҢ НАЗАРЫНА...)

Құрбыма хат (ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАЛЫ ОТЫРҒАН ҚЫЗДАРДЫҢ НАЗАРЫНА...)

 

Аяулы құрбым! Бүгін сенің алдыңнан жаңа бір үйдің есігі ашылмақ. Сен өзің қалаған адаммен мүлде өзге бір әлемге жол тартпақсың. Мынаны біл, бұл табалдырықтан аттаған соң саған артқа қарай шегіну жоқ.

 

ü Ең алдымен, саған айтар кеңесім мынау: қыз бала жаңа өмірге қадам басқан кезде эмоция, ностальгия деген нәрселер болады. «Бұрын түске дейін ұйықтайтын едім», «бұрын қыдыратын едім», «бұрын киімді көбірек алатын едім», «осы да проблема ма? Онда тұрған не бар?» деген секілді сұрақтар да туады. Анаңның айтқаны басқа, ал енеңнің айтқаны мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан бұрынғы әдеттеріңді өз үйіңе қалдыр. Бұдан былай қандай жағдайға тап болсаң да, оны бұрынғы жағдаймен салыстырма. «Біз солай жасайтын едік...»,  «мен сөйтетін едім...» Оның барлығы бұрын болған. Енді оның барлығы өзгеретініне дайын бол.

 

ü Біз күйеуге бағыну, оған бойұсыну туралы көп айтамыз да, көп нәрсені күйеуіміз үшін деп жасап жүріп, Алланың разылығы туралы есімізден шығарып аламыз. Ал шын мәнінде, Алланың разылығы жоғары орында тұруы керек. Бұдан былай не істесең де, күйеуіңе дәмді тамақ әзірлесең де, оның киімін дайындап, аяқ киімін тазаласаң да, жұмысқа күлімдеп шығарып салсаң да, телефонына хат жазып, сыйлық жасасаң да – бәрін тек Алланың разылығы үшін жаса.

 

 

ü Білесің бе, психолог мамандардың айтуынша, ажырасудың бірден-бір себебі – әйел затының салақтығы екен. Ондай нәрсені ер адамдар көп айта бермеуі мүмкін, бірақ бәрін байқап, қарап жүретін көрінеді. Жас келіннің қаперіне алуы тиіс тағы бір маңызды дүние бар. Біл, олар саған келмейді, сен олардың отбасына барасың. Демек, ол жерде сенің емес, олардың үкімі мен ережесі жүруі керек. Яғни олар саған емес, сен олардың жағдайына қарай икемделуің керек. Алдымен, олардың отбасын зерттеп ал. Нешеде тұрады, қандай тамақты сүйіп жейді, нені ұнатпайды, тіпті, кім қандай шай ішеді, қандай әңгіме айтады, қай жерге отырады, т.б.

 

ü Мен алғаш келін болып түскенде бір нәрсеге қатты таң қалатынмын. Кейде ренжіп қалатынмын. Мәселен, тұзды, қантты не бір кесені дәл сол орнына қоймасам, енем жанамалап болса да, жұмсақ түрде ескерту жасайтын. Сол кезде ішімнен «туф, қай жерде тұрғанының не айырмашылығы бар?!» деп іштей ренжитінмін де қоятынмын.  Сөйтсем, оның да өзіндік себептері бар екен. Оның сыры – әлгі нәрсені адам жарық сөніп, қараңғы болып қалса да, еш қиналмастан тауып алуы керек екен. Және енең – сенен гөрі біраз өмір көрген, тәжірибе көрген адам. Жасы да біразға келіп қалған адамдар артық нәрсеге басын қатырғысы келмейді. Сондықтан барлық нәрсе бұрын қалай, қайда тұрса, дәл солай болғаны абзал.

 

 

ü Үйдегі кейбір адамдардың дастархан басында отыратын өз орны болуы мүмкін. Сен келмей тұрып, 20-30 жыл бұрын қалыптасып, қатып қалған бұл ережелерге сенің бойұсынуың керек. Үйдегілер кімді қалай атаса, сен де оларды солай ата. Олардан бөлектенуге болмайды. Мәселен, ол үйдегілер анасын «апа» десе, сен де солай айтып үйренгенің жақсы. Сол кезде ғана олар сені бөтен емес, өзінің баласы секілді қабылдайды.

 

ü Егер енең бірдеңе деп қайтты айтып жататын болса, оның ескертпелері мен сынына түсіністікпен қара. Бірден қара аспанды төндіріп, жылап шығудың қажеті жоқ. Айтшы, егер сол сөзді сенің өз анаң айтса, дәл солай ренжір ме едің? Жоооқ. Анаң саған жаман болсын деп ұрыспайды. Дәл сол секілді енең де сенің пісіп жетілгеніңді, үй шаруасына үйреніп кеткеніңді қалайды. Енеңе түсіністікпен қара. Себебі, ана үшін өз баласы, мейлі ол қырыққа, елуге келсе де, бала болып қала бермек. Жасы біразға келіп қалғандықтан, кез-келген ананы «Мен осы балаларымды, осы әулетті кімнің қолына қалдырып бара жатырмын? Бұл әйел менің балама қарай ала ма? Ол немерелеріме жақсы ана бола ма? Олар аш қалып қалмай ма?» деген сұрақ мазалайды. Яғни олардың жүрегінде қорқыныш болады. Сондықтан сен қандай «супер келін» болсаң да, оның жүрегінде бір қорқыныш бар екенін ұмытпағайсың. Сондықтан ененің бір ауыз сөзін көңілге алып, оған кек сақтап қалудың қажеті жоқ. Керісінше, сонымен күресіп, қорқынышты сейілту үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану керек!

 

 

ü Аяғың ауыр кезде... Аяғың ауыр кезде не істеп, не қоятыныңды денсаулығыңды ескере отырып, дәрігерің айта жатар. Алайда, мына нәрсені білгенің жөн: аяғы ауыр адам көп жыламауы керек. Мұндай кезде ағзада көп өзгерістер болатындықтан, көңіл-күй тез өзгеретін кездер болады. Болмашы нәрсеге бола жылап қалуың мүмкін. «Ол маған қарамай өтіп кетті», «ол бетімнен сүймеді», «ол ана адамға қарады», т.б. секілді бітпейтін кінәласулар. Міне, сондай кезде қыз бала барынша сабырлы болуы керек. Себебі, жылаған сайын құрсақтағы баланың жолдасы төмен түсе береді. Сондықтан өзіңе: «ренжимін, жылаймын, өкпелеймін, айғайлаймын – бәрін жасаймын, тек бала туған соң!» деген шарт қойып ал! Себебі, отбасын құрудың негізгі мақсаты – ұрпақ өрбіту.

 

ü Үйде сен басшылыққа шығып, билеп-төстеп кетсең, күйеуің құл болып қалады. Сондықтан өзің кішірейіп, алдымен өзің кешірім сұрап, өзің жүгіре сал. Бұдан ештеңең кетпейді. Күйеуің де, оның туыстары да бұл жақсылығыңды әйтеуір бір күні түсініп, сені құрметтейтіні анық.

 

 

ü «Тіпті болмай» бара жатса...» Көп әйелді осы «тіпті болмай бара жатса...» деген жаман ой құртады. Сондықтан «тіпті болмай бара жатса, сөйте салам ғой, болмай бара жатса, кете саламын» деген ой басыңа кіріп те шықпасын. Азғырушы шайтанның ең жақсы көретін нәрсесі – ерлі-зайыптыларды ажырастыру екенін ұмытпағайсың.

 

ü Қалатын адам – қалатын себеп іздейді, кететін адам – кететін себеп іздейді. Осыны есіңнен шығарма. Егер сенің ниетің шынында да қалу болса, осы жерде өсіп-өніп, көгеру болса, сол мақсатыңа қарай талпыныс жаса. Қиындыққа сынып кетпе. Егер көңілің қалып, ренжіп қалсаң, олардың осы уақытқа дейін жасаған барлық жақсылықтарын, олармен өткізген қызықты күндеріңді, олардың жақсы істерін, мінездерін ойыңа ал. Тек жақсы нәрселерді ғана ойыңда сақта. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Мен сенен ешқашан жақсылық көрмедім» дейтін әйелдерге ескерту жасап, оның түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан.

 

 

ü Құрбым! Отбасы болған соң қыз баланың да, ер жігіттің де бойынан неше түрлі мінездер шығып жатады. Өзің де білмейтін алуан түрлі сезімдер пайда болады. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін біл. Қазір у-шу болып ажырасайын деп жатсаң, ертең мүлде басқаша, сендерден асқан тату-тәтті отбасы жоқтай бақыттан бал-бұл жанып отырасың. Бұл өзі ежелден солай. Бұлқан-талқан болып ашуланып, «бәрін біттіге» санап тастаған талай әйелдің ертең «Менің күйеуімнен артық адам жоқ!» деп отырғанын талай рет көргенбіз. Сондықтан сабыр, сабыр және де сабыр!

 

ü Сіңлім, өзімнің аз күндік өмір тәжірибеме сүйеніп саған айтар соңғы ақылым, сен ол үйге ең төменгі деңгейді елестетіп бар. Яғни «олардың жағдайлары нашар», «күйеуімнің мінезі қаттылау», «енем мін таққыш», «қайын апамның қырсық мінезі бар», т.б  - осының барлығына өз-өзіңізді іштей дайында. Міне, сонда ғана қандай жағдай болса да, төтеп беру өзіңе оңай болып кетеді. Егер олардың жағдайы одан, яғни сен елестеткеннен жақсырақ болса, қуанасың. Ал сондай болса, еш қиналмай сіңісіп кетесің. Себебі, бұған алдын-ала дайындалып барған болатынсың. Қандай жағдай болса да, ұтылмайсың.

 

Жаңа өмірге аяқ басқан жан құрбым! Сенің алдыңда екі-ақ таңдау тұр:

1. Сен олардың заңына бағынып, сол ортаға сіңісіп кетесің;

2. Немесе олардың әдет-салттарын сіңіре алмай, шыдамсыздық танытасың. Бірінші жолды таңдасаң, ұтылмайтының анық. Ендеше, сыртыңнан дұға жасайтын тілекшің ретінде мен бұл маңызды істе саған тек сәттілік тілеймін!

 

PhD доктор, психолог Әлия Төлегенованың тренинг-семинарынан

Әзірлеген: Зерде Қадырбекқызы

 

 

 

 

18124 рет оқылды