Жұмыстан келгенімде жұбайым Жанар кешкі ас дайындап жатыр еді. Жақындап барып: «Маңызды нәрсе айтуым керек…» - дедім. Қасыма отырды. Айтар сөзім оның жүрегін ауыртатынын түсініп тұрдым. Бірақ, қанша қиын болса да айтуым керек. «Ажырасайық…» - дедім. Ашуланбады, қарсы сөз де айтпады. Себебін сұрады. Ешнәрсе айта алмағаныма ашуланды. Басқа әйелді жақсы көретінімді айта алмадым…
Ол түнімен жылап шықты. Бірге өткізген жиырма жылдан кейін ажырасу қиын болатыны түсінікті. Оның алдында өзімді кінәлі сезінгенім үшін оған көлік, үй және компаниямның 30% үлесін беретін келісімшарт дайындап қойдым. Бірақ ол қағазға бір қарады да, жыртып тастады. Екеуіміз мүлдем бейтаныс адамға айналдық. Оның маған жұмсаған уақыты мен күш жігеріне жаным ашыды. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді, қазір басқа жанды, Ләззатты жақсы көремін…
Келесі күні үйге кеш келдім. Әйелім үстел басында бір нәрсе жазып отыр екен. Ешнәрсе айтпай, бөлмеме барып ұйықтадым. Ертеңіне маған өз шартын ұсынды. Менен ешқандай материалдық зат қаламайтынын, тек ажырасатынымызды бір айға дейін ешкімге айтпай, жасырын ұстауымды сұрады. Осы уақыт ішінде жақсы отбасына ұқсап өмір сүруімізді өтінді. Бұған себеп — жалғыз ұлымыз Асқар бір айдан соң университетке түсетіндіктен, қабылдау емтиханы кезінде отбасы ішіндегі мәселелер оған кедергі болмасын деген ниет екен. Келістім. Екінші шарты да бар. Үйленген күні, есіктен үйге оны қолыма алып кіргенімізді есіне түсіріп, бір ай бойы оны қолыма алып, бөлмемізден есікке дейін апарып жүруімді сұрады. Басында «Есінен ауысқан ба?» деп ойладым. Бірақ өткен жылдардың құрметіне келістім…
Бұл туралы сүйіктім Ләззатқа айтып едім, бір күлді де «Әйелің — қияли жан екен» деп мазақ етті. Ақыры әйеліммен ажырасатыныма сенімді болғандықтан, ол да бұл шартты орындауыма келісті.
Бірінші күні еш сезімім қалмаған әйелімді құшағыма алу қиын болды. Көтергенімде, қасымда тұрған ұлым бізге қарап «Бір-біріңізге деген сезімдеріңіз қандай күшті!» деп қуанышын жасыра алмады. Бұл сөздер ішімді күйдірсе де, келіскеніміздей әйелімді үйдің есігіне дейін құшағымда апардым. Ол болса көздерін жұмып, құлағыма «Ұлымызға ажырасатынымызды айтушы болма!» деді. Мен үндемедім. Оны есікке дейін апарып, үйден бірге шықтық. Ол аялдамаға барып, жұмысына баратын автобусты күтті. Мен өз жұмысыма кеттім.
Екінші күні бұл ойынды ойнау оңай болды. Оған көптен бері назар аудармай, оның бетіне түскен майда әжімді де байқамаппын. Шашына сәл ақ түсіпті. Өткен жылдардың ізін көріп қатты ойландым.
Үшінші күні оны құшағыма алғанымда, ішімде бір сезім пайда болды. Өмірінің жиырма жылын маған арнаған әйелге деген керемет бір сезім…
Келесі күні ішімдегі сезім күшейе бастады. Болашақ жарым Ләззатқа бұл туралы айтқан жоқпын. Әйелімді күннен-күнге көтеріп жүру — Жанар екеумізді бақытқа бөлей бастады.
Бір күні оның «Не кисем екен?» деп ойланып тұрғанын көрдім. Бұрынғы киімдері өзіне кеңейіп бара жатқанын айтты. Расында да, соңғы күндері қатты арықтап кеткенін енді байқадым. Ажырасатынымызды ойлап, соның уайымымен арықтағанын түсіндім. Еріксіз басынан сипадым. Осы кезде келіп қалған ұлымыз «Әке, анамды құшағыңда тасуың керек…» деді. Жанарды құшағыма алып жүру — үйіміздің бір дәстүріне айналды. Әйелім ұлымды қасына шақырып, күлімсіреп құшақтады. Оны құшағыма алып тасығанымда дәл сол үйленген жылдарымыздағыдай сезім кештім.
Сезімім еріксіз өзгере бастады. Соңғы, яғни отызыншы күні оны есікке дейін апара жатып, одан барлығы үшін кешірім сұрадым… Үйден шығып, Ләззатқа барып, әйеліммен ажыраспайтынымды айттым. Отбасымыздың әлсірегені, сезімнің жоқтығынан емес, бір-бірімізді бағалай алмағанымыздан екенін енді түсіндім. Үйге қайта жетуге асықтым. Жолдан гүлдер алып, арасына «Сені өмірімнің соныңа дейін құшағымда таситын боламын!» - деп жаздым.
Үйге бара салып, бөлмемізге қарай жүгірдім. Әйелім төсекте жатыр екен. Қасына бардым. Әйелім демалмай жатыр екен… Жедел-жәрдем шақырдым. Дәрігер:
- Әйеліңіз 4 айдан бері обыр ауруымен ауырған екен. Өкінішке орай, ауруы асқынып кетіпті. Содан көз жұмды. Қайғыңызға ортақпын,-деді.
Қатты өкініп, жыладым. Басқамен жүріп, әйелімнің обыр ауруымен арпаласқанын білмей де қалыппын. Ал ол менің қамымды ойлап, өміріне санаулы күндер қалғанын білгені үшін, ұлымыздың алдында мені Анасын тастап кеткен жаман Әке ретінде көрсетпеуге тырысыпты. Ең болмағанда ұлымыздың есінде мені жақсы Әке, жақсы жұбай болуымды қалапты.
«Қадірімді білмеген қадірлім-ау, Қабірімді құшақтап жылап қалма...» деген сөз осы тұста айтылуы тиіс. Жаныңызда жүрген жандарды жоғалтқан соң емес, тірі кезінде бағалаңыз!