Бүгінде ел-жұртты шулатып жүрген емші-тәуіптердің аузынан: «Түсімізде аталарымыз аян береді, олар келіп неге емшілік қасиетті қабылдамай жүрсің деп сөгеді, түсімде ақ сақалды, ақ киімді кісі сөйлесті» деген сөздерді жиі естиміз. Өмірде ондайдың куәгері болмағандықтан, «аян берсе бұл бір қасиетті кісі екен ғой» деген күдікті ойларға да бой алдыратындар бар арамызда. Бұл сонда қандай құбылыс? Түстегі аян беру деген не? Және аян берушілер кімдер?
Аян беру деген не?
Шариғатта «уахи» сөзі «аян беру» деген мағынаны білдіреді. Бұл – Алла Тағаланың Өз пайғамбарларына, Өзі жеткізуді қалаған, тікелей яки періштелер арқылы, шариғаттан (заңдардан) немесе кітаптан жіберген хабары. Уахи – арнайы ғылым саналады. Пайғамбарларға Алла тарапынан уахи әр түрлі жолмен келген:
Алла Тағаланың адам жүрегіне салған кәдімгі аяны: «Алла бір адам баласымен көкейіне (ой) салып не перде артынан ғана сөйлеседі немесе бір елші (періште) жіберіп, Өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді. Күдіксіз, Ол өте Биік, хикмет Иесі» («Шура» сүресі, 51-аят).
Пайғамбарлардың түсі. Ибраһим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Өзінің түсі туралы: «Ұлына (Исмаилға): «Балақайым, Анығында, сені түсімде бауыздағанымды көремін» («Саффат» сүресі, 102-аят). Ал Мұхаммед Пайғамбар ﷺ алғашқы жылдары көрген түстері туралы Аиша анамыз (р.а): «Алла тарапынан Пайғамбарымызға ﷺ келген алғашқы уахи, ол игі түс арқылы басталды. Қайсыбір түс көрмесін сол түстері таң шапағындай (анық) болып келетін» дейді. (Бұхари).
Ешбір делдалсыз, перде артынан болатын сұхбат. Құранда Алла Тағаланың мұндай сұхбатты Мұса, Адам, Мұхаммед Пайғамбарлармен жүргізгендігіне дәлел бар.
Періште арқылы жеткізілетін уахи. Пайғамбарлар мен елшілерге уахиды Жәбірейіл періштенің жеткізгендігін білеміз: «немесе бір елші (періште) жіберіп, Өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді»(«Шура» сүресі, 51-аят).
Түстің 3 түрі
Жоғарыда келтірілген уахи түрлері тек пайғамбарларға қатысты. Ал біз адамдар мен Алла таңдаған пайғамбарларды салыстыра алмаймыз. Алла адаммен сұхбат жасамайды, періштелер адамға уахи жеткізбейді. Дегенмен, тәуіптер түстерінде аян алатындығын айтады емес пе? Бұл қалай? Жалпы түс дегеніміз не?
Уахи – ғылым болғанымен, түс арнайы ғылым саналмайды. Адам баласының түс көруі үш түрлі сипатта болады. Біріншісі – ақиқат (рахмани) түс. Екіншісі – адамның әлденені көп ойлауы себепті көрген түсі. Бұл әдеттегі табиғи түске жатады. Үшіншісі – «хулм» деп аталатын шым-шытырық (шайтани) түс. Бұл шайтан тарабынан енеді. Адамның түсінде жағымсыз жайттарды көруі осыған жатады.
Мұнда түстің бірінші түрі, яғни, ақиқат түс пайғамбарларға қатысты уахи болып табылады. Ал адамдардың көрген ақиқат түсі «қуанышты хабар» саналады. Пенде ақиқат түс көріп, ол арқылы шариғат үкімдерін шығара алмайды. «Біреуің өзіне ұнайтын түс көрсе, ол – Алладан, ол үшін Аллаға мадақ айтып, (көрген түсін басқаларға) айтып берсін, ал басқа өзіне ұнамайтын (түс) көрсе, ол – шайтаннан, оның жамандығынан (Алладан) пана сұрап, ешкімге айтпасын, сонда ол оған зиян келтірмейді» (Бұхари).
Ақиқат түс бойынша үкім шығару – пайғамбарлардың ғана қолынан келетін іс. Бұған мысал ретінде Ибраһим пайғамбардың көрген түсі негізінде баласы Исмаилды құрбандыққа шалмақ болған әрекетін айтуға болады. Олар шайтаннан қорғалған ардақты құл болғандықтан, түстеріне амал жасаған. Ақиқат түсті ізгі адам ғана емес, кәпір де көреді. Кәпір адамның ақиқат түс көруінде де бір даналықтың жатуы мүмкін. Мәселен, Юсуф пайғамбардың қиссасында Мысыр патшасының көрген түсі арқылы Алла Тағала Юсуфты абақтыдан босатқан.
Және жақсы түстерді тек шыншыл, харамнан тыйылушы, Алла бұйрықтарын орындаушы, ұйқыға дәрет алып, Аллаға зікір айтып жатқан адамдар ғана көре алады. Хадисте «Ең шыншыл түстерді араларыңдағы сөзінде шыншылдарың көретін болады» делінген. (Муслим). Және тағы бір хадисте ақырзаман жақындағанда иманды, амалдары құран-сүннетке қайшы келмейтін ізгі адамдар шыншыл түстер көретіндігі және олпайғамбарлықтың қырық алты белгісінің біріне жататыны айтылады. (Бұхари). Дегенмен, бұл шыншыл түстердің 100 пайыз орындалатындығын, әрі оған арқа сүйеуге болады дегенді білдірмейді.
Көрген түсіңе амал жасау қаншалықты дұрыс?
Бұрынғы кездері сахабалар да осындай жақсы түстер көрген, бірақ, иманы берік олар бұл нәрсеге терең енбейтін. Ал қазіргі уақытта адамдар түстерге тым қатты мән береді. Оны әйтеуір бір нәрсемен байланыстырғысы келіп тұрады. Жоруға асығады. Ал біздің жоруымыз қаншалықты дұрыс?
«Бір күні Пайғамбарға ﷺ бір адам келді де: «Уа, Алла Елшісі, шынында, мен бүгін түсімде май мен бал жауған бұлт көрдім және мен жауғандарды алақандарына жинаған адамдарды да көрдім, олардың кейбірінің қолында май мен бал көп болды, ал кейбірінде аз болды. Содан кейін мен аспаннан жерге дейін салбырған арқанды көрдім және мен сенің сол арқанды ұстап, жоғары көтерілгеніңді көрдім. Сенің артыңнан ол арқанды басқа адам ұстады да, жоғары көтерілді, содан кейін тағы да бір адам ұстап, жоғары көтерілді, одан кейін тағы бір адам ұстап еді, үзіліп кетті. Кейін оны қайта жалғап берді, содан кейін ұстап еді, жоғары көтеріле алды» деп айтты. Сонда қасында отырған Әбу Бәкір (р.а): «Уа, Алла Елшісі, Алламен ант етейін, менің әкем мен анам сен үшін өтеу болсын, егер сен рұқсат берсең, мен бұл түсті жориын» деді. Пайғамбар ﷺ: «Жоры» деп жауап қатты. Осыдан кейін Әбу Бәкір (р.а): «Бұлтқа қатысты айтатын болсам, ол – ислам, ал одан жауған май мен бал – Құранның тәттілігі мен жұмсақтығы. Адамдар қолдарына жинаған май мен бал – біреулерге оның аз, ал басқаларға көп бұйыратындығын білдіреді. Аспаннан жерге дейін жеткен арқанға қатысты айтар болсам, бұл – сен ұстанатын шындық, осы арқылы Алла сені жоғары көтереді. Сенен кейін бұл жолды басқа адам ұстанады, осы арқылы ол да жоғары көтеріледі, одан кейін тағы біреу ұстанады, ол да жоғарылайды. Осыдан кейін оны тағы бір адам ұстауға бекінеді, алайда, ол дұрыс жолды үзіп алады, кейін ол үшін жалғап береді. Ал енді, Алла Елшісі, өзің айтшы, мен дұрыс айттым ба, әлде, қателестім бе?» деді. Пайғамбар ﷺ оған: «Сен бірін дұрыс айттың, ал кейбірінде қателестің» деді. Әбу Бәкір (р.а): «Алламен ант етейін, сен менің қателескен тұсымды айтуың керек» деп еді, оған: «Ант етпе» деп жауап қатылды. (Бұхари, Муслим).
Бұдан шығатын қорытынды, Мұхаммед үмбетінің ең абзал адамы, барлық мұсылманның иманының таразысын басып өтетін иманға ие Әбу Бәкір (р.а) түсті дұрыс жоруда қателіктерге бой алдырған болса, одан басқа адамның дұрыс түс жоруға мүмкіндігі бар екендігіне талас бар. Сондай-ақ, Құран мен сүннетте көрген түске сай амал етуге, оған арқа сүйеуге, түс арқылы жоспар құруға, түске сеніп, сапарға шықпай қалуға қатысты ешбір нұсқау жоқ. Жоғарыдағы хадисте жақсы түс үшін тек қана Аллаға мадақ айту керектігі меңзеледі. Яғни, тәуіптің өз сөзінің ақиқатын дәлелдеу үшін көрген түсін айтуы да бекершілік болып шығады.
Жә, тәуіп түс көрсін делік. Сонда оның түсінде аян берген кім? Қария болып көрініп, ем жасап жатқан кім? Періште ме, әруақ па? Әлде...
«Екі жағымда екі періште отыр»
Періштелер табиғи бейнесінде адамдарға көрінбейді. Жәбірейіл періште Мұхаммед Пайғамбарға ﷺ сахабалардың жанында отырғанда да уахи әкелген болатын, алайда, ешбірі Жәбірейіл періштені көрмеген. Тіпті, Әбу Сәләмнан жеткен хадисте Аиша анамыз (р.а) Пайғамбар ﷺ арқылы өзіне сәлем жолдаған Жәбірейілді көре алмағандығын айтады. Алайда, періштелерді кейбір жануарлар көреді. Әбу Һурайра (р.а): «Егер сендер, әтештің шақырғанын естісеңдер, Алланың рақымын сұраңдар, себебі, әтеш періштені көреді» деген хадисті жеткізген. Яғни, өздігінен ешнәрсе жасамай, Алланың ғана бұйрығын орындайтын, күнә жасаудан пәк періштелерді қарапайым адамның көруі мүмкін емес екен.
«Дүниеден озған аталарым айтып тұр»
Ал, ендігі нұсқа – аян берушілер әруақтар шығар... «Әруах» – «рух» сөзінің көпше түрі. Ал рух – дегеніміз адам қайтыс болғаннан кейін шыққан жан. Өлген адамның рухы тірі адамдарға келіп көмектеседі, сөйлеседі деген ұғым – қате саналады. Себебі, біз Құран мен сүннеттен қайтыс болған адамдардың рухының «Барзах» аталатын әлемде болатындығын жақсы білеміз. Өлгеннен кейін адамдардың барлық амалдары тоқтайды, бұдан кейін тек есеп қана бар. Өйткені, «Муминун» сүресінің 99-100 аяттарында: «ол: Раббым! Мені артқа қайтар. Мүмкін, кезінде қалдырған ізгі амалдарды істермін» дейді. Жоқ, олай емес! Шын мәнінде, бұл ол айтқан жай сөз ғана. Олардың алдында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар» делінген. Неге қайтаруды сұрайды? Себебі, «барзах» әлеміндегілер артқа қайта алмайды, яғни біздің өмірге өте алмайды. Ал Алладан артық сөз айтамын деген адам шынында да қателеседі.Аяттағы "кезінде қалдырған ізгі амалдарды істермін" деген сөзінен дүниеден озған адам ешқандай адам емдеп, оларға жәрдем ететін ізгі амалдарды атқара алмайтындығын түсінеміз.
Тәуіптің «жан досы»
Бізде айтылмаған соңғы бір әлем қалды. Ол – жындар әлемі. Бұл әлемнің иелері адамдардың тіршілігіне араласа алады. Құранда «негізінде, ол және оның тектестері (жын тайпасы) сендерді, сендер оларды көре алмайтын жерден көреді» делінген. («Аъраф» сүресі, 27-аят). Ал адамдар оларды түрлі бейнелерде: жылан, жолбарыс, адам т.б қалпында көре алады. Яғни, біз мұның бәрі жынның ісі екендігін анық білеміз. Сахих хадисте үш түстің бірінің шайтани түс екендігі де атап өтілді. Сондай-ақ хадисте: «Кімде-кім мені түсінде көрсе, расымен де көрді, себебі, шайтан менің бейнеме ене алмайды» делінген. (Бұхари). Лағынеті шайтан тек қана Пайғамбарымыздың ﷺ бейнесіне ғана ене алмайды, қалған кез келген жаратылыс кейпінде сөйлесе береді деген тұжырым шығып тұр. Құранда Алла Тағала бұл аянды: «Анығында шайтандар, сендермен тартысулары үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды» деп түсіндіреді. («Әнғам» сүресі, 121-аят). Адамға ең ауыр күнә серік қосуды жасату – лағынеті шайтанға үлкен жеңіс. «Шайтандардың кімге түсетіні туралы сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікшіге, күнәһарға түседі. Олар естігендерін (адамдарға) тастайды (жеткізеді), ал олардың көбі өтірікші» («Шуъара» сүресі, 221-223-аяттар).
Мінеки, тәуіпке түсінде де, ісінде де бұйрық берушінің шайтан екендігін анық білсек те, көкейде «Сонда олар қалай емдейді?», «Адамға билігін қалай жүргізеді?» сынды сауалдардың тұрғандығы белгілі. Алла қаласа, бұл тақырыптарды келесі мақаламызға арқау етсек деген ниетіміз бар...