2017-04-21 (0) (11661)

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ(ﷺ) АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ КЕШІРГЕН?!

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ(ﷺ) АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ КЕШІРГЕН?!

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне жамандық ойлап, қастандық жасаған жандарды қалай кешірген еді? Оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кешірімділігі жайында сөз еткенде ойға мына оқиғалар оралады.

Ол () жамандық жасағанға жымия салатын еді

Әнәс ибн Мәлик (оған Алла разы болсын): «Мен бірде үстіне дөрекі (қатқыл) жимекті Нажранда (тоқылған) шапанды жамылған Алланың Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жерге  кетіп бара жатқанымда, бір бәдәуи оны қуып жетіп, шапанының жиегінен қатты тартты. Оның қатты тартқаны соншалық, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иығында шапанның астарының ізі қалғанын көрдім, ал бәдәуи болса: «Ей, Мұхаммед, өзіңдегі Алланың байлығынан маған бір нәрсе беруін бұйыр», – деді. Мұны естіген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұрылып қарап күлді де, оған бір нәрсе беруге әмір етті (Бұхари, Муслим).

 

Ол () дөрекі сөйлегенге сабырлық танытты

Тағы бірде Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарыз беріп, бірақ, қайтару уақыты келмеген яһудилердің бірі үй көлеңкесінде отырған Алла Елшісінің  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жағасынан ұстап: «Ей, Мұхаммед, қарызымды қайтар! Мен сендер секілді қарыздарын қайтаруды тастап қойған адамдарды көрмедім!» деп дөрекі сөздер айтады. Сонда Омар (оған Алла разы болсын) мұны көріп ашуға беріледі: «Сен осы нәрсені Алланың Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалай ғана жасадың? Және осы сөздеріңді қалай айттың? Қажет болса, қолымдағы қылышыммен басыңды шабар едім» дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Омар, сен одан да маған қарызымды көркем қайтаруға кеңес берсең қайтті? Және мына кісіге қарызды дұрыс сұрауды үйретсең болмай ма? Бұл кісіге қарызымды қайтар да, әлгі сөздеріңмен үрей сыйлағаның үшін оған қосымша құрма бер» деген екен. Мұны көрген яһуди Ислам дінін қабылдайды (Тирмизи).

 

Ол () ақиқатты жеткізу жолында бәріне шыдады

Ол – дұшпанына дұға жасап, игілік тілей білетін жан. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ақиқатты жеткізу жолында бәріне шыдады. Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбада намаз оқып, сәждеге барған кезінде меккелік мүшріктер оны бір күн бұрын сойылған түйенің ішек-қарны, қан-жынымен бастырып қояды. Сөйтіп барлығы Пайғамбарды әжуалап күледі. Ибн Масғуд: «Егер менде (мүшріктерге) қарсы тұрар қауқар болғанда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)   үстінен оны алып тастар едім», – деп қынжылған. Ол біреу барып қызы Фатимаға хабар беріп, ол келіп үстінен түйенің қан-жыны мен ішек-қарнын алып тастағанша сәждеден басын көтере алмай сол қалпында жатқан (Бұхари, Муслим).

 

Ол () қиналған сәтінде Алладан ғана жәрдем тіледі

Сақиф тайпасынан дағуат жолында жәрдем сұрап барғанда, олардың көмектесуден бас тартып,  есерсоқтарына таспен атқызғанын есімізге алайықшы. Олардан бас сауғалап қашқан Пайғамбар  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  рабиға әулетінің бағына келіп паналады. Оның мүбәрак аяқтарынан қан сорғалады. Ол бір жүзім ағашына арқасын сүйеп тұрып Раббысына: «Уа, Алла! Өзіңе күшімнің әлсіздігінен, айла-шарамның аздығынан және адамдардың қорлығынан шағым жасаймын. Уа, рақымдылардың Рақымдысы! Сен – әлсіздердің Раббысысың әрі менің Раббымсың. Мені кімге тапсырасың?! Жақтырмайтын жатқа ма әлде ісімнің билігін беріп дұшпанға  ма? Маған ашулы болмасаң, (көрген қиындығыма) көңіл де аудармаймын. Риза болуың үшін Саған ғана шағым айтамын. Сенікінен өзге күш те, қуат та жоқ», – деп дұға жасайды (Ибн Һишам).

 

Ол () қастандық жасағандарға Алладан дұға етті

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен үшін Ухуд күнінен ауыр күн болды ма?» – деп сұраған. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ухуд шайқасында күрек тісі сынып, басы жарылып қанға малынып қайтқан-ды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің қауымыңнан (құрайыштардан) мен көресімді көрдім. Олардан көргенімнің ең ауыры – Ақаба (Таифтың іргесіндегі мекен) күні. (Сол күні) Ибн Абдуялил ибн Абдукуләлға өзіме (ілесуді) ұсынғанымда, ол менің өтінішіме жауап қатпады. Сонда мен жүзім салыңқы қайтып, Қарн әс-Сағалибқа (Мекке мен Таифтың арасындағы, Меккеден бір күншілік жердегі тау) жеткенше өз-өзіме келе алмадым. Басымды көтерсем, мені бір бұлт көлеңкелеп тұр екен, қарасам, оның ішінде Жәбірейіл тұр. Ол маған: «Расында, Алла қауымыңның саған айтқанын және қайтарған жауабын естіді де, оларға қатысты қалағаныңды бұйыруың үшін саған тау періштесін жіберді», – деп үн қатты. Сонда тау періштесі тіл қатып, менімен сәлемдесті де, сосын: «Ей, Мұхаммед! Қалағаныңды (бұйыр), егер қаласаң, олардың үстіне Ахшабайнды (сол кезде Меккенің қос қапталында орналасқан екі тау) төңкеремін!» – деді», – деп айтқан. Бірақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Керісінше, олардың үрім-бұтағынан Алла Тағаланың жалғыз Өзіне, ештеңені серік қоспай ғибадат ететіндерді шығаруын Алладан үміт етемін», – деген (Бұхари, Муслим).

 

Оның () кешірімділігі басқаларға үлгі еді

Әбу Суфиан Мекке кезеңінде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күн көрсетпеген еді. Жасалған қастандықтардың бәрінің басы-қасында осы Әбу Суфиан жүрді.Құрайыш мүшріктерін мұсылмандарға қарсы айдап салып, оларды жер бетінен жойып жібермекке әскер де жасақтады. Көптеген мұсылмандардың қаны аққан Ұхұд пен Хәндәк шайқастарын да тікелей басқарған осы Әбу Суфиан еді. Міне, осындай өмір бойы өзімен алысып келе жатқан қанқұйлы жау алдына әкелінгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) не істеді?Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өзіне тән кешірімділікпен оған да рақымшылық жасады. Тіпті кешіріп қана қоймай, «Әбу Суфианның үйіне бас сауғалағандарға қауіп жоқ» деп оған ілтипат жасады. Ізгі жанның кең жүректілігі Әбу Суфиянның көңілін жібітіп, артынша ол да Ислам дінін қабылдады.

 

Ол () ең ауыр қастандық жасағанды да кешті

Енді мына қызықты қараңыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)ең жақын туысы әрі Исламның баһадүрі Хамзаны өлтіру үшін арнайы адам жалдап, ол шейіт болған кезде денесін кескілетіп, бойын кернеген ыза-кегін баса алмай, Хамзаның өкпесін суырып алып, құшырлана шайнаған Әбу Суфианның әйелі Һинд те кешірім сұрап келді.Сонда Пайғамбарымыз(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)жасағандарын салық қып бетіне басып жатпай, оны да кешірді. Иә, Хамзаның өлімі мен оның кескіленген денесі көз алдында болатын. Бірақ, бәрібір, оның кешірімділігі ашуынан асып түсті. Бұндайды күтпеген Һиндтің жүрегі бірден еріп сала беріп, «Бүгінге дейін сенің мәжілісіңнен артық мәжіліс көрген емеспін» деп дұшпандығы сүйіспеншілікке ауысты. Алланың арыстаны атанған Хамзаны Һиндтің тапсыры бойынша кім өлтірген еді?Ол Уахши есімді құл еді. Басының бостандығы үшін амалсыз осындай қадамға барған болатын. Меккеден қашып, елдің арасына жасырынған ол қауіпсіз жер таба алмай аласұрды. Біреу келіп оған «сен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)қасынан ғана пана табасың, барып кешірім сұра!» деп кеңес берді. Уахши қысыла-қымтырыла Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)құзырына келді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)оны көргенде бетіне тіктеп қарамай, жанарын тайдырып әкетті. Өйткені, есіне Хамза түсіп, мылжа-мылжа мәйіт елестеген-ді. Іле көңілі босап, көзіне жас алды. Қарсы алдында қанды қол дұшпан тұр. Қаласа, қысастық жасап оны өлтіруіне де болар еді. Ешкім бұған бөгет жасамасы да белгілі. Бірақ Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да айнымас әдетіне салып, оны да кешті.

Міне, мұның бәрі Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кешірімдік сипаттарынан еді. Біз адамдарға осылай кешірімділік таныта білеміз бе? Болмашы нәрселерге бола жаға жыртысып, бір-біріміздің қанымызды жүктеуге дейін барамыз. Тіпті, жолда келе жатып көлікпен біріміздің алдын кесіп кетсек, абыройы айрандай төгілгендей нәпсіге бой алдырып, есесін қалай да қайтаруға тырысамыз. Нағыз мұсылман адам сын сағатта сабыр ете білетін адам екенін ардақты Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)жоғарыдағы оқиғаларынан үйренсек екен.

 

Алла Тағала ізгі амалдарымызды көбейтіп,бізді Өзінің кешірген құлдарынан болуды нәсіп еткей!

11661 рет оқылды