2017-04-20 (0) (7345)

ӘЛИ (Р.А) МЕН ФАТИМА АНАМЫЗДЫҢ БАЛАЛАРЫ - ХАСАН МЕН ХУСЕЙН ТУРАЛЫ

ӘЛИ (Р.А) МЕН ФАТИМА АНАМЫЗДЫҢ БАЛАЛАРЫ - ХАСАН  МЕН ХУСЕЙН   ТУРАЛЫ

 

1.     Әл-Хасан ибн Әли (р.а) – Хижраның 3-жылы рамазан айының ортасында дүниеге келіп, 50-жылы қайтыс болған. Әли мен Фатиманың (р.а) ұлы, Алла Елшісінің бұл дүниеде көз қуанышы болған сүйікті немересі.

   Оған «Әл-Хасан» есімін Алла Елшісі өзі берген. Алғаш туылғанда Әли (р.а) оны Харб (Соғыс) деп атайды. Кейін Алла Елшісі келіп: «Маған ұрпағымды көрсетіңдер... Атын кім қойдыңдар?» деп сұрайды. Харб деген есімді естіп: «Жоқ... Ол – Хасан» деген екен (Бұхари). Осылайша қатігез есімді жүрекке қуаныш себетін есімге алмастырады.

    Фатима (р.а) Хасанды (р.а) дүниеге әкелгенде Пайғамбардан құрбан шалу керектігі туралы сұрайды. Сонда Алла Елшісі : «Жоқ. Бірақ оның басын қырып, шаштарының салмағына тең келетіндей етіп кедей, мұқтаж сахабаларға күміспен садақа бер» дейді. Ол солай жасады (Табақат).

    Әбу Һурайрадан (р.а): «(Бірде) күндіз Алла Елшісімен бірге шықтым. Бәну Қайнуқағ базарына жеткенше ол да маған сөйлемеді, мен де оған тіл қатқан жоқпын. Сосын ол бұрылып, Фатиманың үйіне келді де: «Кішкентай сонда ма? Кішкентай сонда ма?» – деп Хасанды меңзеді. Біз оны анасы (Фатима) жуындыру үшін және оған хош иісті алқасын тағу үшін жібермей жатқан болар деп ойладық. Көп ұзамай (Хасан үйден) жүгіріп шықты да, (Пайғамбар ) екеуі құшақтаса кетті. Сонда Алла Елшісі : «Уа, Алла! Ақиқатында, мен оны жақсы көремін, оны Сен де жақсы көргейсің және оны жақсы көргендерді жақсы көргейсің», – деп айтты» (Муслим).

   Әбу Бәкір (р.а) жеткізеді: «Мен Пайғамбардың мінберде Хасанмен бірге тұрып, біресе адамдарға, біресе оған қарап: «Бұл менің ұрпағым – мырза және мен оның себебімен Алла Тағала бір-бірімен жауласқан мұсылмандардың екі үлкен тобын татуластырады деп үміттенемін» деп айтқанын естідім (Бұхари).

    Мырза! Бұл Алла Елшісінің аузынан шыққан абыройлы лауазым әрі Хасан онымен мақтана да алады. Алла Елшісінің ақиқаттығы тағы бір рет асқақтап, бірнеше жылдан кейін айтқаны орындалды. Хасан (р.а)    өзінің әлсіздігі себепті емес, мұсылмандардың бірлігі, қантөгістің болмауы үшін биліктен бас тартып, Мұғауияның (р.а) пайдасына шешім қабылдайды. Бар болғаны алты ай билікте болды. Нәтижесінде, біршама уақыт жауласқан мұсылмандар татуласып, береке орнайды.

   Сағид әл-Мақруби (р.а) айтады: «Бірде Әбу Һурайра (р.а) екеуміз отырғанбыз, бізге Хасан ибн Әли (р.а) келді. Ол бізге сәлем берді, біз де жауап қайтардық. Әбу Һурайра (р.а) оның Хасан (р.а) екенін байқамады. Сонда мен: «Уа, Әбу Һурайра, бізге Хасан ибн Әли келіп, сәлем берді» дедім. Ол Хасанның соңынан қуып жетіп: «Саған да Алланың сәлемі болсын, мырзам менің!» деді. Кейіннен тағы да: «Шын мәнінде, ол – мырза» деді (Хаким).

    Әнәс ибн Мәлик (р.а) айтады: «Пайғамбарға Хасан ибн Әли секілді ұқсайтын ешбір адам болған жоқ» деген.

   Укба ибн әл-Харис (р.а) айтады: «Мен Әбу Бәкірдің Хасанды қолына ұстап: Алламен ант етейін, сен Пайғамбарға ұқсайсың, бірақ Әлиге ұқсамайсың» деп айтып бара жатқанын көрдім. Ал Әли (р.а) күліп кетіп бара жатты» (Бұхари).

  Сөзсіз, Пайғамбарға ұқсау – бұл кереметтей ерекшелік...

 

 

2.     Әл-Хусейн ибн Әли ибн әбу Талиб (р.а)

 

Хижраның 4-жылы Мединеде дүниеге келіп, 61-жылы Алла жолында қайтыс болады.

Яғлә әл-Әмири (р.а) Хусейннің бір күні Алла Елшісімен бірге шақырылған дастарханға еріп барғандығын жеткізеді. Алла Елшісі адамдардың алдына тұрғанда, Хусейн (р.а) балалармен ойнап жүреді. Алла Елшісі  оны қолына алғысы келеді, алайда, бала біресе бір тұсқа, біресе екінші тұсқа қашып кете береді. Алла Елшісі оны ұстап алғанша күлдіртумен болды. Сонда бір қолын оның желкесіне, екіншісін иегіне қойып: «Әл-Хусейн – менен, ал мен – әл-Хусейннанмын. Уа, Алла, әл-Хусейнді жақсы көргендерді жақсы көре гөр! Әл-Хусейн – менің немерелерімнің бірі» дейді.

Бұл – Хусейннің (р.а) үлкен артықшылықтарының бірі. Алланың ең сүйікті құлы өзге адамдарды Хусейнді (р.а) жақсы көруге ынталандырып жатыр.

Сахабалардың сөзінен Хусейннің де (р.а) Алла Елшісіне қатты ұқсайтын болғандығы жеткізіледі. Әрине, Хасан (р.а) көбірек ұқсаған. Ал кейбір деректерде Хасанның (р.а) көкірек (үстіңгі) бөлігі, ал Хусейннің (р.а)    белден төмен бөлігі ұқсағандығы айтылады.

Алла Елшісі Хасан мен Хусейн (р.а) туралы: «Уа, Алла, мен бұл екеуін жақсы көремін, Сен де оларды жақсы көр» (Бұхари); «Ол екеуі – менің бұл дүниедегі қос райханым» (Бұхари); «Кім оларды жақсы көрсе, мені жақсы көреді, кім оларды жек көрсе, мені жек көреді» (Әбу Дәуд) деген болатын.

Әбу Сайд әл-Худри(р.а) Пайғамбардың : «Хасан мен Хусейн – Жәннатты мекендеуші бозбалалардың көшбасшысы» деп айтқандығын жеткізеді.

Бурайда (р.а) жеткізеді: «Алла Елшісі уағыз жүргізіп жатқан, сол уақытта қызыл көйлек киген Хасан мен Хусейн сүрініп-құлап жүгіріп келді, ол түсіп екеуін қолына алды да, мінберге көтеріліп: «Алла ақиқатты айтты: «Ақиқатында, мал-мүліктерің мен балаларың – азғырушы (сынақ мағынасында) !» Мен сүрініп жүрген мына екі балақайды көрдім де, шыдай алмадым, сөзімді тоқтатып, оларды көтердім» дейді.

Ибн Аббастан (р.а): «Пайғамбар Хасан мен Хусейнді (яғни, немерелерін) пана сұратып: «Шын мәнінде сендердің бабаларың (Ибраһим Пайғамбар) мұнымен Исмаил мен Исхақты пана сұрататын: «Әъузу би кәлимәтилләһит тәммә, мин кулли шайтанин уә һәммәһ, уә мин кулли ъайнил-ләммәһ (Әрбір шайтаннан және улы жәндіктерден, сондай-ақ әрбір сұқ көзден Алланың кәміл сөздерімен пана сұраймын)» деп айтатын (Бұхари).

 

7345 рет оқылды