2017-04-06 (0) (31486)

ТІЛДЕН КЕЛЕТІН ТОҒЫЗ КҮНӘ

ТІЛДЕН КЕЛЕТІН ТОҒЫЗ КҮНӘ

 

«Он күнәнің тоғызы – тілден» деген аталы сөзді талай рет естідіңіз. Естідіңіз-ау, бірақ сол тоғыз күнәнің не екенін біле алдыңыз ба? Ендеше тіліңіз арқылы зиян келтіретін төмендегі тоғыз күнәға назар салыңыз.

 

Ерлі-зайыптылардың арасына түсу. Мұсылман адамға әйелін күйеуіне қарсы қоюға рұқсат етілмейді. Тіпті, олардың арасындағы келіспеушілік шектен шыққан жағдайда да оларды бір-біріне айдап салуға болмайды, өйткені бұл отбасының ажырауына апаруы мүмкін. Кейбір ғалымдар ер мен әйелдің арасына түсуді үлкен күнәға жатқызады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелі мен ерінің арасына түсіп, жалған сөйлеген әрі әйелді күйеуіне қарсы қойған адам бізден емес» деген (Әбу Дәуід). Ер мен әйел тату болса, олардың арасына қандай да кірбің түсірер әрекет болмайды. Ал, жанұя бақытын бұзу үлкен күнә. Олай болса, әсіресе жас қыз-келіншектер, құрбы қыздарына олардың күйеуілері туралы ешқашан ешқандай жақсы не жаман сөз айтпағаны дұрыс.Ерлі-зайыптылардың істері мен байланысына туысқандардың араласуы. Бұл – мәселенің шешімін шешу оңай болса да, арадағы жағдайлар шиеленістіріп жібереді. Өйткені күйеудің немесе әйелдің шешесінің ұсақ-түйек нәрселерге араласуы келіспеушілік пен таласқа алып барады. Халықта мына данышпандық ой-түйін бар: «ерлі-зайыптының арасына тек есі кеткен адамға ғана араласады», – деген. Сол үшін ерлі-зайыптылар өз-ара түсінісуі керек.

 

Сөзінде тұрмау, уәдені орындамау. Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Дініміз Ислам да мұсылманнан уәдесіне берік болуды талап етеді. Уәдесінде тұрмауды екіжүзділікке балап,  ондай  адамның тозаққа баратынын ескертеді. Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Мәселен:

«Екі сөйлеу – ерге сын».

«Айтылған сөз – атылған оқпен тең».

«Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені».

Мұсылманның арманы Жәннат болса, жәннатқа жетелейтін  амал көп-ақ. Сол амалдың ішінен алты амалды орындаған мұсылманға Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жәннатты сүйіншілеп әрі жәннатқа кіретіні жайында кепілдік беремін деп айтқан болатын. Сол алты амалдың бірі – уәдеде тұру. Олай болса, қадірлі бауырым, жәннатқа жетелейтін осы амалдарды толық орындап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кепілдігімен Жәннатқа кіруге асыққан жөн болады. Құранда Алла Тағала: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», («Исра» сүресі, 34-аят).

 

Өсек айту. Өсек дегеніміз – екі адамның арасын араздастыру үшін айтылатын опасыз сөз. Қазақ: «Әңгіме бұзау емізеді, ал бұзау таяқ жегізеді» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын халқымыз: Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз (Абай), – деп, өсек айтуды дұшпанына, қас-жауына балаған. Ал Хузәйфадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өсекші жәннатқа кірмейді» деген (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Ойлардан (күмәнді ойлардан) сақ болыңдар! Расында ой (яғни, оймен долбарлап айту)– әңгіменің ең жалғаны», – делінген (Бұхари). Құраннан дәлел іздейтін болсаңыз, Алла Тағала «Һумәзә» сүресінің 1-аятында: «Әрбір жамандаушы мен жәбірлеушіге қандай өкініш!» деп өзгелерге тілімен зарар беретіндерге қатаң ескерту жасаған. Қазақ өсек айтуды ең жек көрінішті, жаман әдетке жатқызған. Оған дәлел ретінде жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы  қолынан гөрі аузы көп қимылдайтын Судыр Ахмет пен Қарақатын дейтін кейіпкерлердің ең бір жағымсыз, ұнамсыз образда сомдалуын айтуға болады. «Өтірік пен өсекті жүндей сабаған» бұл екеуі адамның азып-тозуы қайдан, неден басталатынын көрсететін типтік образ ретінде оқырман жадында мәңгілікке сақталып қалған. «Расында, шыншылдық тақуалыққа апарады, ал тақуалық Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Шындығында, өтірікшілік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт өтірікші деп жазылады». (Бұхари, Муслим).

 

Келемеждеу, кемшілік іздеу. Мұсылмандардың кемшіліктерін табуға ұмтылу – бұл мұнафық (екіжүзді) адамдарға тән белгі. Олардың мұндай әрекеті, яғни адамдардың кемістігін тауып, оны басқалардың алдында жариялауды жақсы көруі иманының әлсіздігін көрсетеді. Құранда айтылған «лумәзәнің» (тілімен келемеждеуші адамның) сипаттарына жиіркенішпен жауап қатқан. Жалпы, Құдайдан қорыққан кез келген мұсылманның, ең алдымен, сөзіне, одан кейін көзіне ие болуға тырысатыны анық. Жақсы сөз сөйлеу де – адамның иманының, ақыл-парасатының көрсеткіші. Сондықтан да Шортанбай Қанайұлы:   Иманы бардың белгісі – Тілінен тамар шырасы, – деп тілдің шырайлы болмағы ойдың құнарлылығынан екенін дөп басып айтқан. Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек ағамыздың да бір кездері:

Ақын намаз оқыса Хақты танып,

Алдымен аузындағы сөз түзелер.

«Он күнәнің тоғызы – тілден» екен,

Сөз түзелсе, ин ша Алла, ел түзелер, – деп ел боп ұйысудың бірден-бір жолын тілмен байланыстыруы да осыны көрсетсе керек. Өзіне пайда келтіретін нәрсеге ұмтылмай, бекер іспен шұғылданушылар туралы Хасан әл-Басри(оған Алла разы болсын): «Алла Тағаланың Өз құлынан теріс бұрылуының белгісі: Ол оны өзіне қатысы жоқ істермен айналыстырып қояды», ‒ деген. Бауырының кемшілігі туралы өзге біреуге әңгімелемеу керек. Себебі, бауырының кемшілігін басқа біреуге әңгімелеу ‒ ғайбат болып саналады. Алла Тағала, бауырының айыбын ашушы құлын жақсы көрмейді. Кім біреудің айыбын жасырса, ол адамның айыбын Алла Тағала дүние-ақыретте жасыратын болады.

 

Жала жабу. Әйелдерді зина жасады деп айыптау. Асыл дінімізде бір кісіге негізсіз жала жабуға тыйым салынған. Әсіресе, зина жасады деп бейкүнә, әйелдерге жала жабу үлкен күнәлардың қатарына жатады. Егер бір әйелді не ерді зинада айыптаушы адам төрт куәгер келтіре алмаса, ол дереу жала жабушы болып есептеледі де, оған жон арқасына жаланың жазасы – сексен дүре соғылады. Содан кейін ондай адамның куәлігі қабыл алынбайды. Алла Тағала былай дейді: «Абыройлы әйелдерге жала жауып, сосын төрт куәгер келтіре алмағандарға сексен дүре соғыңдар. Содан кейін олардың куәліктерін ешқашан да қабыл алмаңдар. Олар нағыз пасықтар. Алайда одан кейін тәубе жасап, түзелгендердің жөні басқа. Расында Алла өте Кешірімді һәм өте Рахымды» («Нұр» сүресі, 4-5 аяттар). Шариғат бойынша біреуді бір қателікте не қылмыста айыптау үшін алдымен оған айғақтар, куәгерлер келтіру қажет. Мұның өзін адамдардың арасында тыныштықтың, әділ үкімнің сақталуы үшін, жала жабу үрдісінің жайылып кетпесі үшін жасалынған шара деп ұғу керек. Әйтпесе, ақиқат пен жалғандықты айыру қиынға соғады. Мүмін, мұсылман әйелдерге зинақорлыққа барды деп нақақтан айып тағып, жала жабу күнәнің ең үлкендерінің бірі. Өйткені мұндай жаланың ол әйелге, жанұясына, қоршаған ортаға тигізетін зардабы орасан зор. Алла Тағала ондай жала жапқыштарға дүниеде де, ақыретте де қарғыс айтып, рахымынан шығарады.

 

Жалған айту. Көрмегенін көрдім деп айту. «Төрт түрлі белгісімен ерекшеленетіндер (толығымен) екіжүзді есептеледі, ал кімнің бойында осылардың бірі болса, одан құтылмайынша оның бойында екіжүзділіктің бір белгісі болады. Мұндай белгілер мына адамдарда болады: оған сеніп тапсырылса опасыздық жасайды, әңгіме айтса өтірік айтады, шарттасса шартын орындамайды, ал егер біреумен бір істе ортақ шешім таппаса заңсыз түрде шектен шығады». (Бұхари, Муслим). Бұл хадистің басқа нұсқасында былай делінеді: «…керек десеңіз ол ораза ұстап, намаз оқып және өзін мұсылманмын, деп есептесе де». Өтірік айту – ең ауыр күнәлардың қатарында  «Алла Тағала Ақыретте үшеумен сөйлеспейді, оларды тазартпайды және оларға қарамайды, олар:  зинақор қарт, суайт өтірікші басшы және көкірек кедей» (Муслим). Абу Бакр Нуфайъ ибн аль-Харис (оған Алла разы болсын) былай дейді: Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардан: «Сендерге ауыр күнәләрға не жататынын айтайын ба?» – деп үш рет сұрады. Біз: «Әрине, иә Алла Елшісі!» – дедік. Сонда ол: «Бұл – көпқұдайшылық және әке-шешеге құрметсіздік таныту», – деді, осыны айтқанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынтағына жантайып жатқан, сосын (шынтағын алып) отырды да: «Және де, расында, ол – өтірік айту және жалған куәлік беру!» – деп, қайталап айта бергені соншалық, біз: «Айтуын қойса екен!» – дегенше айта берді. (Бұхари, Муслим). Алла Тағала Құран аяттарында өтірік айту туралы былай дейді: «Сондай-ақ өтірік сөзден сақтаныңдар» («Хаж» сүресі, 30-аят), «Негізінде Раббың әлбетте бақылаушы» («Фәжір» сүресі, 14-аят), «Олар өтірікке айғақ болмайды да, бос пайдасыз сөздерге кездессе маңғазданып өтеді.» («Фұрқан» сүресі, 72-аят).«Расында, өтірік айтудың ішіндегі ұлығына адамның өзінің әкесі емес адамның баласымын, деп жариялауы, не болмаса көрмеген түсін көрдім деп айтуы, не Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтпаған сөздерін айтты деп хабарлауы жатады». (Бұхари). Сондай-ақ, Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Расында, түсінде көрмегенін көрдім, деп (көрмеген түсін) айтып беру, өтірік айтудың ең жаман түрлерінің біріне жатады» делінген (Бұхари).

 

Пайғамбардың (с.ғ.с) атынан жалған сөйлеу. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлейтін болса, жаһаннамдағы орнын дайындай берсін» немесе басқа бір риуаятта: «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін» деген  (Бухари). Табаны күректей он жыл бойы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қызмет жасаған Әнәс ибн Мәлік те (оған Алла разы болсын): «Егер қате жіберем деп қорықпасам, Алла Елшісінен мұнан да көп хадис жеткізер едім», – деген (Дарими).Хадис пен сүннеттің маңыздылығын жете түсінген әрі хадисте баяндалғандай, періштелердің ілім иелерінің жолына қанаттарын төсеп, құрмет қылатынын жақсы білетін сахабалар әр хадисті сөзбе-сөз жаттап, оның мағынасын түсіну үшін өз араларында пікір таластырып, содан кейін ғана басқаларға айтатын (Тирмизи). Тағы бір хадисінде: «Маған өзі өтірік санайтын нәрсені жеткізуші, өтірікшілердің бірі саналады» делінген (Муслим). Сондықтан да, өзіңізге жеткен ақпаратқа амал етпес немесе өзгеге жеткізбес бұрын міндетті түрде рас-өтірігін анықтап алыңыз.

 

Дінмен әзілдеу. Дінді қалжыңға себеп ету сенімге селкеу түсіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмағанын талап ететін. Мәселен, қазір көпшілігіміз қалжың сөз (анекдот) айтатын болсақ, дінді қосып айтатын болдық. Бұлай жасау тіпті күннен-күнге сәнге айналып барады. «Алла Тағала айтыпты», «періштелер солай депті», «қабірге түскенде мына құжаттарды сұрайды екен» деген сыңды жалған, ойдан құрастырылған қисынсыз сөздерді айту – ең ауыр күнәлардың бірінен. Әзілді де айта білу керек. Алайда, оған Жаратушы Алланы араластыру – ең үлкен қателік. Құранда Алла Тағала: «Негізінде Раббың әлбетте бақылаушы» («Фәжір» сүресі, 14-аят) деп ескертеді.

 

Болашақты болжау. Құмалақ, карта, алақанға қарап бал ашу секілді амалдар діннің ісінен емес, жынның ісінен екенін елдің бәрі түсіне бермейді.  Өйткені, көптеген балгерлер мен көріпкелдер Исламның атын жамылып жұмыс жүргізеді. Ал шындығында ғайыпты болжаған адам, Алланың алдында айыпты болады, тозаққа лайықты болады. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 188-аятында:  «(Мұхаммед с.ғ.с): «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі (ғайыпты) білген болсам, әрине жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді, қорқытушы, қуандырушы ғанамын» де», - деген. Мінеки, Алла Тағала берген айырықша мұғжизаларға ие Пайғамбарымыздың да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болашақты болжай білмегенін осы асыл аяттардан-ақ аңғарамыз. Ол кісі тек Алла Тағаланың уахиын ғана айтып отырған. Шәкәрім бабамыз «Мұсылмандық шарты» кітабында болжағыш бақсылар мен сәуегейлер туралы: «Күпірлікке итермелейтін және бір нәрсе бақсы құшынашқа бал аштырудан сақ болу керек. Оның үшін нансаң күпірлікке ұрынасың нанбасаң оның керегі не? Онан басқа ермек жоқ па? Аятта «Құдайдан басқаға сиынған, Арақ, ұтыс ойын һәм бал ашқан бұлардың бәрі харам шайтанның істерінен» деген. Осы аятты ести тұра бақсы-балгерге бал аштырып, аластатып баққызған жарай ма? Ондай адамды анық мұсылман деп айта  алмаймыз. Нанбағаны рас болса аулақ жүрсін Онан да ауру болса оқыған білген дәрігерге қаралып, Алладан шипа сұрасын» деген. Алла Тағала «Лұқман» сүресінде: «Ешбiр адам ертең не болатынын бiлмейдi. Ешбiр адам өзiнiң қай жерде өлетiнiн бiлмейдi», – деген (34-аят). Балшылардың көпшілігі жоқ іздегендерге дәл мекен жайларын айта алмайды. Мәселен: «Жоғалған малыңыз пәлен көшенің 134 үйінде тұр, ұрының аты пәлеңкес» – деп анық айтқан көріпкел болған емес. Ұры, ұрының көзін шұқымаса керек.  Әйтпесе базар жағалап тиын тергенше тергеу орындарына жұмысқа кіріп бұлақтан су ішер еді ғой. Немесе жер асты байлықтарын тауып тізеден кенге кенеліп отырамын десе ешкім бөгет болмас еді. Әрине бұлар  шариғаттың білгірлері  емес. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім көріпкелге барып, одан бір жайт жайлы сұрап, оған сенетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды» – деген (Муслим).

 

Міне, бұл бізге тіліміз арқылы келетін тоғыз күнә. Оқып шықтыңыз, енді тоғыз күнәні болдырмауға ертерек амал жасағаныңыз абзал. Осы күнге дейін ойланбай айтылған сөзден, өсек пен ғайбаттан қанша адамды ренжітіп, қанша достан айырылып қалғаныңызды санап көріңізші. Ауыздан шыққан зиян сөзден кейін ұйықтай алмай шыққан түндеріңіз көп болды ма? Немесе өзгенің әділетсіз сөзінен жүрегіңіз ауырған сәттерді еске түсіріңіз. Иә, пәле – тілден... 

 

31486 рет оқылды