2017-04-05 (0) (7657)

БІТІМГЕ ШАҚЫРҒАН БІР АУЫЗ СӨЗ

БІТІМГЕ ШАҚЫРҒАН БІР АУЫЗ СӨЗ

 

Ырысы мен бақытының кілтін тек ынтымақтан іздеген қазақ халқы бір ауыз сөзбен де бірлікке шақыра білген. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар...» – деген еді (Муслим).  Сондай бауырмалдыққа шақырған мына ғибратты оқиғаны назарларыңызға ұсынамыз.

Бірде іргелес отырған Жаңту мен Жантас деп аталатын екі ауылдың жігіттері шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі де ат кекілін кесіседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне де мойынсұнбайды. Осыны естіген би араздасқан жігіттерді шақыртады. Төле бидің үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір қазыққа байлап үйге кіреді. Би ләм-мим демей екі жігітпен сыртқа шықса, екеуінің аттары бір-біріне сүйеніп, қасысып тұр дейді.

– Қандай керемет, мына екеуінің татуын қарашы? – дейді Төле би қасынып тұрған аттарды көріп. – кекілдері де келісті екен! Бидің тұспалдап айтқан сөзінің мәнін ұққан екі жігіт дереу сол жерде қол алысып, татуласқан деседі.

Сонда Төле:

Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,

Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.

Ағайынға ала көз бола қалсаң,

Аузыңнан несібеңді біреу жемек! – деп өлеңдете жөнелеген екен. Осылай жүгенсіз кеткенді ым-ишарамен-ақ жөнге салатын қазақтың тектілігі, даналығы деген, міне, осы!  Біз бұл ғибратты оқиғадан бір ауыз сөздің қадір-қасиетін және адамдармен дауласудың дұрыс емес екендігін аңғарамыз. Дауласу демекші, ілгеріде бір кісі ұзақ өмір сүрген екен. Бір кісі келіп «сіздің ұзақ өмір сүруіңіздің сыры неде?» – десе, «мен өмірімде ешкіммен дауласқан емеспін» деген екен. Сонда сұрақ қойған кісі:«қалай сонда, өмірде дауласапай жүру мүмкін емес қой?», десе, «иә, сіздікі де дұрыс» деген екен.

 

7657 рет оқылды