06:35 | Әжемнің әңгімесі
2017-03-14 (0) (14859)

ПЕРІШТЕЛЕР КІМГЕ ДҰҒА ЖАСАЙДЫ?!

ПЕРІШТЕЛЕР КІМГЕ ДҰҒА ЖАСАЙДЫ?!

 

 

Періштелер – Алла Тағаланың жаратқан құлдары. Әрқайсысы әрбір қызметте. Олар ішіп-жемейді, күнә жасамайды. Періштелер нұрдан жаралған. Олардың саны өте көп, алайда жалпы санын тек бір Алла ғана біледі. Олар Аллаға қарсы келместен, Оның барлық бұйрықтарын орындайды. Періштелер адамдар үшін кешірім сұрайды. Ал періштелер кімге дұға жасайтынын білесіз бе?!

 

 

АЛЛА ТАҒАЛАНЫ ЕСКЕ АЛУШЫ ҚАУЫМДЫ ПЕРІШТЕЛЕР ҚОРШАЙДЫ!

 

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Алланың еске алушыларды іздеп, жолдарды кезіп жүретін періштелері бар. Олар Алланы еске алып жатқан адамдарды көргенде бір-бірлеріне: «Қанеки, іздегендеріңді көріңдер», – деседі. Одан кейін олардың зікірлерін қоршап, аспан әлеміне бет алады. Сонда Раббы Тағала Өзінің барлық істен хабардар екендігіне қарамастан олардан: «Құлдарым не деп жатыр екен?» – деп сұрайды. Олар: «Олар Өзіңді пәктеп, тәкбір айтып, мақтап, ұлықтап жатыр екен», – деп жауап береді. Сонда Раббы: «Мен оларды кешіргеніме сендерді куә етемін», – дейді. Сонда періштелердің бірі: «Олардың арасында пәлен деген кісі олардан емес, ол басқа мақсатпен келген», – дейді. Сонда Раббы: «Олардың барлығы бірге отыр, олардың қастарында отырғандар ешқашан бақытсыз болып қалмайды», – деп айтады», – деді» (Бұхари). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір қауым Алла Тағаланы еске алып отырса, оларды періштелер қоршап, Алланың рақымы баурап алады және олардың арасында тыныштық орнайды. Алла олар туралы қасындағы періштелеріне айтады», – деген (Муслим). 

 

 

ПЕРІШТЕЛЕР ОЛ ҮШІН ДҰҒА ЖАСАЙТЫН АДАМ!

 

Білім – Жәннатқа жолды жеңілдетуші. Алла игілік қалаған адамына Ислам туралы түсінікті береді. Білімін Алла жолында сарп ететін адамға қызғанышпен қарауға болады. Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаяды, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайды. Білім – қараңғыдағы нұр. Білім иесі – түнгі уақыттағы айдың барлық жарықтан артық тұратыны секілді, басқа адамдардан соншалықты ерекшеленеді.

 

 

ҚҰРАН ОҚЫҒАН АДАМҒА ПЕРІШТЕЛЕР ДҰҒА ЖАСАЙДЫ!

 

«Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады» (Ахмад).

 

 

ОСЫ ДҰҒАНЫ АЙТҚАН АДАМҒА ПЕРІШТЕЛЕР АСЫҒАДЫ!

 

«Әл-хамду лилләһи хамдән кәсиран таййбән мубаракән фиһ! (Аллаға көптеген игі және берекелі дәріптеулер арқылы мақтаулар болсын!)» Тағы бір кісі намазын осы дұғамен бастады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын аяқтап болған соң артына бұрылып: «Жаңағы сөздерді айтушы кім?» – деп сұрады. Жамағат үн қатпады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оны айтушы кім? Шынында ол жаман нәрсе айтқан жоқ», – деп сұрағын қайталады. Сонда бір кісі: «Нәпсім соған итермелеген соң айтып салдым», – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сол дұғаны қайсысы көкке көтеріп апаратындығына он екі періштенің асыққанын көрдім», – деп тіл қатқан (Муслим). Тирмизиде келетін хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дұғаны айтқан адамға: «Мен отыздан астам періштенің сол сөздерді бірінші болып жазып алу үшін асығып жатқандарын көрдім» деп айтқаны келтіріледі.

 

 

ПЕРІШТЕЛЕР САДАҚА ҚЫЛҒАН АДАМ ҮШІН ДҰҒА ЖАСАЙДЫ!

 

Ислам діні әр тиынды харам емес жолмен табуды үйретеді. Әрі Алла Тағала өзіне құлшылық еткені үшін бір тиынына екінші тиынды қосып беріп отырады. Мәселен, әрбір садақа оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді, періштелер садақа қылған адам үшін дұға жасайды. Алланың құлдарының оянатын әрбір күні көктен екі періште түсіп, олардың бірі:   «Я, Алла, Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа берушіге несібеңді арттыр» – деп тілейді екен. (Бұхари) Бұл – садақа беріп, өзгелерге жақсылық жасаған адамның ризығы кеңейіп, несібесі молаятынының, өмірінің берекелі болатынының айқын дәлелі. 

 

 

ОЛАР «САҒАН ДА СҰРАҒАНЫҢ БОЛСЫН!» ДЕУМЕН БОЛАДЫ!

 

Сен өзің үшін періштелер Алладан дұға еткенін қалайсың ба? Онда бауырың үшін Алладан тілек тіле. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Алланың кез-келген құлы жанында жоқ бауыры үшін Аллаға жалбарынып дұға жасаса, жанындағы періште оған әрдайым: Саған да сұрағаның болсын!» деумен болады. (Муслим)

 

 

ҚАДІР ТҮНІНДЕ ДҰҒА ЕТКЕН АДАМҒА ПЕРІШТЕЛЕР ЖАҚЫН!

 

Алла Тағала: «Шындығында Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні періштелер мен Жәбірейіл Раббыларының рұқсатымен Оның барлық әмірлерін орындау үшін төмен түседі. Ол түн таң атқанша бейбіт болады», – деп айтқан («Қадыр» сүресі).

 

 

ӘРБІР ТАҢ САЙЫН БЕРЕКЕ ТІЛЕЙТІН ПЕРІШТЕ БАР!

 

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әрбір таң арайлап атып, Алланың құлдары ұйқыларынан оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр – десе, екіншісі: Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға ұшырат – деп дұға жасайды – деп айтты» – делінген. (Бұхари, зәкәт 27; Муслим, зәкәт 57)

 

 

ТАҢ НАМАЗЫН ОҚЫҒАН АДАМҒА ПЕРІШТЕЛЕР КУӘЛІК ЕТЕДІ!

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен салемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен аср намазында жиналып,  сендермен түнде бірге болғандары (көкке) көтеріледі. Сонда (Алла) Өзі жақсы біліп тұрса да олардан: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», – деседі», – деген. («Сахих Аль-Бухари», 530)

 

 

 

14859 рет оқылды