2017-02-28 (0) (6188)

Османның (р.а) соңғы күні

Османның (р.а) соңғы күні

 

Осман (р.а) қайтыс болатын күні түнде оянып: «Түсімде Алла Елшісін көрдім және онымен бірге Әбу Бәкір мен Омар болды. Және Пайғамбар маған: «Уа, Осман! Бізбен бірге аузыңды аш!» деп айтты» деген екен. Және ол сол күні ораза ұстайды. Сол күні өлтіріледі. Бүлікшілер Османның (р.а) үйін басып алды. Сол кезде оның жанында болған Абдуллаһ аз-Зубайр, Мұхаммед ибн Талха, Хасан ибн Әли, Сағид ибн әл-Ас (оларға Алла разы болсын) оны қорғап, бүлікшілерге қылыштарын көтереді. Кейін бұлардың қатарына  қажылық жасап үлгеріп келген әл-Мугира ибн әл-Ахнас (р.а) келіп қосылды. Алайда, Осман (р.а): «Алла разылығы үшін! Мен сендерді өзімді қорғау міндетінен босаттым! Өзін маған бағынуға міндеттімін деп санайтын әрбіріңе қаруларыңды тастауға бұйрық беремін!» дейді.

Бүлікшілер үйдің есігі мен пердесін өртегенде Осман (р.а) намаз оқып тұрған еді. Үйдегілер абдырап қалды. Жоғарыда аталған сахабалар қолдары келгенше қарсы тұруға тырысты. Осман (р.а) оларға шайқасуды доғару бұйрығын жеткізуді тапсырады да, өзі келіп «Та ха» сүресін оқи бастады. Тез оқығаны соншалықты, бүлікшілер жақтан шыққан дыбыстар оны алаңдатпады. Оқуын аяқтап, Аллаға дұға жасап үлгереді.

Осман (р.а) жарақаттанған сахабаларды қайтуға көндіреді. Алайда, әл-Муғира ибн әл-Ахнас, Нияр ибн Абдуллаһ әл-Әсләми, Зияд әл-Фихри (р.а) қаза болады. Осман (р.а) үйінде отбасымен ғана қалады. Құран оқуын жалғастыра берді. Үйге бүлікшілердің бірі басып кіргенде әмірші оған: «Сенімен мен менің арамда – Алланың Кітабы тұр» дейді. Оның қастандық жасауға дәті бармады. Оның артынан «Қара өлім» аталып кеткен Мәут әл-Асуад басып кіріп, Османды (р.а) тұншықтыруға кірісті. Кейіннен қылышын сермеді, Осман соққыдан қорғану үшін қолын алға көтеріп еді, залым қолын қылышпен кесіп алды. Осман (р.а) ах ұрып: «Бұл Құранның қысқа сүрелерін жазған ең алғашқы қол» деді (Осман бір кездері Алла Елшісі () оқыған аяттарды ең алғашқы адам болып жазбаша нұсқада түсірген еді). Осман (р.а) Құран оқу үстінде өлтірілді және жарақатынан аққан қан оның алдында жатқан Құран жазбасындағы: «... Алла Сені олардан құтқарады. Ол барлық нәрсені Естуші, бәрін Білуші» («Бақара» сүресі, 137-аят) деген аяттың үстіне төгілді. Бұл кезде Осман ибн Аффан 82 жаста еді.

Мұнымен тоқтамаған опасыз бүлікшілер Османның (р.а) үйін тонап, әйелдердің әшекейіне дейін шешіп алды. Сабаиттер түпкі мақсатына жетті. Алайда, осыдан кейін олардың соңынан ерген халық тоқтап, ойланып қалды. Олар өздерінің әрекеттері осыншалықты терең кететіндіктерін бағамдамады. Сабаиттер оларды өз мақсаттарына аяусыз пайдаланғанымен, көпшілігі Османның (р.а) дәл осылай өлтірілетінін білмей қалды. Тек бәрі кеш болғанда ғана әрекеттерінің қаншалықты жиіркенішті екендіктерін ұқты. Османның (р.а) өліміне Алла Елшісінің () бірде-бір сахабасының қатысы жоқ болғандығын нық сеніммен айта аламыз. Өкініштісі, абзал сахабаның өлімімен аяқталған бұл бүлік мұсылман үмбетінің бүгінге дейін кезеңіне дейін өшпес із қалдырып, қаншама ылаңдар мен дау-дамайларға жол ашып береді. Әлі күнге дейін жалғасып та келеді...Ал Медине тұрғындары «Біз Алладан келдік, Аллаға қайтамыз» десіп, көз жастарын тыя алмады.

 

Соңғы сөз

 

Алғашқылардың бірі болып Алланың ақиқи дініне шынайы иман келтірген және сол сәттен бастап 82 жастық ғұмырына дейін Исламға адал болып, тек қана Алланың разылығына, адамдардың хақысын орындауға ұмтылған Осман ибн Аффан (р.а) дін дұшпандарының қолынан қаза болды. Ғұмыры қандай мәнді әрі мағыналы болса, соңғы сәттері де намаз, Құран оқумен, ораза ұстаумен безендірілді. Сол күні Осман (р.а) өзінің сүйікті Елшісі әрі жолдастарымен бірге ауыз ашты деп үміт етеміз. Алла Тағала мұсылмандар үмбеті үшін қасық қаны қалғанша қызмет еткен құлына разы болсын!

6188 рет оқылды