23:45 | По душам
2017-02-22 (0) (6373)

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) КЕЗІНДЕГІ БҮЛІК ПЕН ОНЫҢ ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) КЕЗІНДЕГІ БҮЛІК ПЕН ОНЫҢ ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ

 

Мұсылман үмбетінің басына қара бұлт төндірген және әлі күнге дейін зардабы білініп келе жатқан бұл Исламдағы тұңғыш үлкен бүлік туралы әңгімелеу ауыр, әрине. Бұған тыйым салған ғалымдар да болған.  Себебі, әңгімелеу барысында сахабаларды сынау, кінәлау, қаралау ағаттықтары кетуі әдбен мүмкін. Екінші жағынан, дін дұшпандары аталған кезеңді барынша бұрмалап, ең абзал буын өкілдерін кейінгі ұрпаққа ұсқынсыз етіп көрсету үшін көп жұмыс істеді. Сондықтан да, шарықтау шегінде Осман ибн Аффан (р.а) өлтірілген бұл ылаңның себептері мен оған қатысты маңызды мәселелерді білу, қоғамға, әсіресе  бүгінгі өскелең ұрпақ үшін қажет. Соның ішінде, Османға қатысты ақиқат айтылуы қажет. Дәл осы пікірде болған ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, ислам тарихының осы бір қиын да қыстау кезеңінен сыр шертіп көрейік.

Айта кетерлік үлкен жәйт, Алла Елшісі () көзі тірісінде мұсылмандардың басына төнетін бұл бүлік туралы бірнеше рет айтып кеткен. Ол хадистердің бірінде бүліктің сипаты айтылса, кейбірінде, оны тудыратын адамдар, басқаларында, мұсылмандардың бүлік кезінде атқару керек әрекеттері айтылады. Пайғамбар () мұны үмбетті дайындау, сақтандыру, тура жол нұсқау мақсатында айтты. Және бұл Пайғамбардың () ақиқаттығын тағы да бір нұсқайтын үлкен мұғжиза.

Себептерді сараптамас бұрын ғалым Хасан әл-Басридің мына бір сөздерін келтіре келтіруді жөн көрдік: «Мен Османның билік жүргізген уақытын және адамдардың аяқтарының таю себептерін көрдім. Ол кезде адамдарға дүние үлестірілмей қалатын күндер аз болды. Оларға: «Уа, мұсылмандар! Келіңдер де, өздеріңе тиесіліні алып кетіңдер!» деп жар салынатын. Олар келіп, қажетін толықтай алатын.  Содан кейін тағы да: «Келіңдер де май мен бал алып кетіңдер!» деген хабар таратылатын. Қаржылай көмек үздіксіз берілді, азық-түлік таратылды, сыртқы дұшпаннан сақтану шаралары жүргізілді, адамдардың арасындағы қатынас тамаша еді – бір сөзбен айтқанда береке көл-көсір болған кезең. Алайда, екінші жағынан мұсылмандарды жарақаттауға әзірленіп жатқан қылыш қойылды, олар оны өздері қынаптан шығарып, өз-өздерін жарақаттап алды. Алламен ант етейін, бүл қылыш әлі де қынабына салынған жоқ және Алламен ант етейін, ол Қиямет күнге дейін жарақтаулы халде бола ма деп қорқамын» (Ибн Касир, Бидайа).

Ал имам аз-Зухри былай деп жазады: «Осман он екі жыл бойы мұсылмандардың әміршісі болды. Алғашқы алты жылда адамдардың оған деген бірде-бір тағар міні болған жоқ, құрайыштар оны Омардан да артық жақсы көрді. Өйткені, Омар оларға қатал еді, ал Осман керісінше, жұмсақтық танытып, олармен тығыз қарым-қатынас жасады. Осыдан кейін ғана бүлік басталды. Османның кезеңіндегі, яғни, хижраның 30-35 жылдарындағы бұл оқиғаны Ислам ғалымдары бүлік  деп атаған».

 

Бүліктің үлкен себептері:

 

1.           Көл-көсір молшылық.

Осман ибн Аффаның (р.а) билігі уақытында Ислам үшін көптеген жер ашылып, байлық қазынаға өзендей ағып келіп жатты. Адамдардың арасында байлық үшін бір-бірімен жарысу, көре алмау, жек көру сезімдері етек алып жатты. Әлі де жүректегі иманы орнықпаған, білімі төмен адамдар негізгі нәрсені ұмытып, абдырап қалды. Тоқшылық пен уайымның жоқтығы адамдардың пайдасыз, бос істермен айналысуына әкеліп соқтырды. Белсенділігі төмендеген адамдар айналысатын шаруа жоқ болғандықтан, басшылықты сынап-мінеу істерімен айналысып кетті. Исламның даму жолын өз көзімен көрмеген, қиындықтарды өткермеген жастар «набиз» аталатын тәтті сусын ішуге көшті. Бұл сусынның масайту қабілеті болғандықтан Осман онымен жедел түрде күрес жүргізді. Тіпті, ішкен адамдарды Мединеден қуып шығу туралы шешім шығарады.

Мұндай өзгерістер үндеместен әсер еткенімен, үлкен қарқынмен жүрді. Тап бір түбінде жарылыс тудыратын химиялық реакция секілді десе де болады. Османның билігінің екінші жартысында басталған үдеріс оның өлімімен аяқталды.

 

2.           Сахабалардың азаюы

Алла Елшісі () қаза болғаннан кейін үмбет тәрбиелеу ісімен оның төл шәкірттері болған сахабалар айналысты. Алайда, жыл өткен сайын олардың қатары азая берді. Көпшілігі майданда қаза болса, кейбірін кәрілік шалды, басқалары әр түрлі қалалар мен облыстарға қоныс аударып, алғашқы кездердегідей бірлесе шешім қабылдау, бірігіп іс атқару артта қала бастады. Жаңадан Ислам дінін қабылдаған адамдарға олардың тәрбиесі ауадай қажет еді.

Омар (р.а) өз тұсында беделді сахабаларға Мединеден қоныс аударуға немесе жорыққа қатысуға тыйым салған болатын. Осман (р.а) оларға жұмсақтық танытып, бұған рұқсат бергеннен кейін олар қоныстанған аймақтарды әрбір сахабаның соңынан ілесуші топтар пайда болды. Сахабалар өздері тұрақтаған аймақтан жер алып, мүліктерін де көбейте бастады. Қарапайым халық «оларға жақын болсақ, ертең қайтыс болғандарында, ел арасында беделге ие боламыз» деп, сахабаларға жағынумен айналысып кетті.

 

3.           Жаңадан ашылған облыс тұрғындары

Олардың көпшілігі ұзақ жылдар бойы біреудің қыспағында болған отар елдердің тұрғындары еді. Сондықтан, кез келген бүлікке оп-оңай берілетін. Дінді әлі терең түсініп үлгермеу, шариғи білім алу үшін тіл білмеу, ұлтшылдық, өзге ұлттарға деген жеккөрініш, жизья төлеуден құтылу үшін тілмен ғана иман келтіріп, Исламды жүрекке кіргізбеу, Исламға деген салқындық, нәпсінің соңынан еру – міне осы секілді себептер олардың дін дұшпандарының азғыруына тез еріп кетулеріне жол ашты.

 

4.           Бәдәуилер (Дала халқы)

Олардың арасында мұсылмандар да, имансыздар да, екіжүзділер де болды. Болмыстарына тән дөрекілік, тас жүректілік Алланың тыйымдарын дұрыс тануға кедергі келтірді. Дінді нашар түсінуі, асығыстық (яғни, біреу аз ғана Құран жаттаса, аз ғана білім меңгерсе, оны ғалым қатарына қосып жіберу), ғалымдарды сыйламау, олардан үлгі алуға ұмтылмау, ру-тайпалық фанатизм, Құран мен хадисті өз ойларымен ғана қорыту, көшбасшыларының надандығы – осы секілді үлкен себептер оларды бүлік қатысушылары болуға итермеледі.

 

5.           Бұрынғы діннен бас тартушылар

Олардың арасында да істегені үшін тәубе етіп, ықыластылар қатарына қосылғандар болды. Алайда, жүректерін ру-тайпалық фанатизм, ұлтшылдық жауалап алған бұл адамдар надандық дәуіріндегі түсініктерінен, әдет-ғұрыптарынан арыла аламады. Исламға деген ыза-кекті ұзақ уақыт сақтап қойды. Османды (р.а) өлтірген адамдардың тізімінде Әбу Бәкірдің (р.а) кезінде діннен бас тартқандардың болғандығы айтылады. Өйткені, Осман (р.а) оларды тәубе жасады деген оймен басшылық орындарға, маңызды қызметтерге тағайындаған болатын. Бұл адамдар Османның (р.а) бұл кеңшілігін өзіне қарсы пайдаланды.

 

6.           Яһудилер мен христиандар (Өзге дін өкілдері немесе кітап иелері)

Көпшілігі Араб түбегінен өз еркімен қоныс аударып, Басра, Куфа секілді үлкен қалаларға тұрақтағанымен діннің өсуіне барынша кедергі келтіріп қалуға тырысты. Яһудилер өздері жаңадан қоныс аударған қалалардың қаржы мәселесін қолға алу үшін көп жұмыс жасады. Мұсылмандарға қарсы түрлі айла-шарғылар ұйымдастырды.

 

7.           Жаңа буын, жаңа мәдениет

Ұлты, тілі, нәсілі, менталитеті әр түрлі адамдардан тұратын жаңа буын қалыптасты. Оларға бүкіл үмбетке ортақ мақсатты түсіндіріп, бір басшыға бағындыру, Алла Елшісінің  () сара жолымен тәрбиелеу оңай шаруа емес еді. Тәжірибелі әрі білімді сахабалардың көпшілігінің қайтыс болып не қауқарсыз болып қалғандығын жоғарыда айттық. Исламды иықтарына көтеріп, алып мемлекетті құрған сахабалармен салыстырғанда жаңа буынның иманы тым әлсіз болды. Сахабалардың өмір салтын, түсінігін қабылдай алмаған немесе өресі жетпеген, оларды көрген қиындықты өткермеген бұл жас буын бүлікшілермен бірге болуды таңдады.

 

8.           Иман әлсіздігі

Әбу Бәкір (р.а) мен Омардың (р.а) қол астындағы халық Алла Елшісін ()  көрген, оның тәрбиесімен сусындағандықтан, имандары мығым, Аллаға деген ұмтылыстары көркем болатын. Кейінгі кезеңде иман әлсіреп, адамдар өсек-өтірікке, сенімсіз сыбысқа тез еріп кететін болды. Шайқалуға, жеңілдің соңына еріп кетуге бейім еді. Жасаған күнәлары олардың жүректерін бүркеп алды. Ізгі істерінен бұзықтықтары көбейді. Алланың бұйрығынан нәпсі қалауын биік қою қалыптасты. Әли ибн әбу Талиб (р.а) пен оның ізбасары арасындағы мына бір сұхбат бұл жағдайды дөп түсіндіреді. Ол адам: «Неге сенің кезіңде мұсылмандар келіспеушіліктерге беріліп, бойұсынудан шықты, ал, Әбу Бәкір мен Омардың (р.а)   кезінде мұндай жағдай неге болмады?» деп сұрайды. Сонда Әли (р.а): «Себебі, Омар мен Әбу Бәкір мен сияқтыларды басқарды, ал мен бүгін сен сияқтыларды басқарудамын» деп жауап береді.

 

9.           Ислам үшін жаңа жер ашуды тоқтату

Османның (р.а) билігінің соңғы жылдарында Ислам үшін жер ашу үдерісі тоқтатылды. Бұл қазынаға түсетін әскери олжа да тоқтады дегенді білдіреді. Бәдәуилер: «бұрын ашылған аймақтардан түскен олжа қайда кетті?» деген сұраққа бастарын қатыра бастады. Олардың ойынша, бұл табыс оларға тиесілі еді. Бір-бірінің арасында Осман (р.а) бұл жерлерді өзінің қалауымен үлестіріп берді деген қауесет таратты. Олар әскери жорықтардан босап, тек қана тамақ ішіп, ұйықтауға ғана емес, мемлекеттік, саяси мәселелерді талқылауға бастарын сұқты. Басшылыққа деген тұманды ойлары пайда болған мұндай адамдарды бүлікшілер өз ұпайларына пайдаланып кетті. Оларды соңдарынан ерту үшін көп күш жұмсау қажеттілігі болмады.

 

10.  Адамдарды Османға (р.а) қарсы айдап салу

Жоғарыда айтқанымыздай, сол кездегі қоғам кез келген сыбысты оңай қабылдауға бейім болды. Бар болғаны дәнді ексең, әрмен қарай қаулап өсе шығатын арамшөп тәрізді еді. Бұл үшін тер төгу де қажет емес. Бүлікшілер алдымен орынбасарларды сынап, қара күйе жағумен айналысса, кейіннен Османның (р.а)   өзін сынға алды. Төменде олардың Османға таққан айыптары келтіріледі:

               Осман (р.а)  Алла Елшісінің ()  уақытысындағы маңызды шайқастарға қатыспады деп, билікке дейінгі әрекеттерін жазғыру (жоғарыда ибн Омар (р.а)   келтірген хадисте оның Бәдірге де, Ухудқа да қатыспау себебі нақты түсіндіріледі және қатысқан адамның сауабын алатындығы да нақты айтылады);

               Қаржы саясаты: кейбір аймақтарды тыйым салынған деп жариялауын сынға алу (зекет ретінде алынған түйелер жайылатын мұндай аймақтарды бөлу Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) кезінде басталған, зекет берушілер көбейе түскен соң Осман (р.а) бар болғаны аймақтардың көлемін де ұлғайтады);

                Әкімшілік саясат: туыстарын жауапкершілік қызметке тағайындады деп айыптау, әкімдерді тағайындау әдістеріне келіспеу (ол өзіне және туыстарының қажеттелігі үшін қазынадан бірде-бір тиын алмайды және туыстарына деген қамқорлығы өзге мұсылмандарға әділетсіздік, қатыгездік жасауына себеп болмаған, бұған ең беделді деген сахабалардың барлығы куәлік береді);

               Минада толық намаз оқуын, мешітті кеңейтуін, Құранды бір әдіске біріктіруін айыптау (Османның (р.а) Меккеде намазды толықтырып оқу себебі оның отбасы Меккеде болғандықтан, сапар намаз оқымайды, мешітті кеңейту және Құранды бір әдіске біріктіру туралы жоғарыда мәлімет берілді).

Ибн Касир, ат-Табари секілді ғалымдар көрсетілген айыптарды толықтай ақтап шығатын еңбектер жазған. Яғни, Османға (р.а) жасалған қастандыққа бұл айыптың бірі де себеп бола алмайды.

 

11.  Халықтық толқулар немесе Әлиді (р.а) билікке лайықты деп санау

Бүлікті ұйымдастырушылар адамдарды көтеру үшін түрлі әдістерді ойлап тапты. Алдымен бұзық ниетті қауесет таратты, әміршіні ашық айыптады, әкімдермен ашық талас жүргізді, Айша, Талха, аз-Зубайр (р.а) секілді сахабалардың атынан жазылған жалған хаттарды таратты т.б.

Сондай-ақ, Әли ибн әбу Талиб (р.а) – Алла Елшісінің ()  шынайы мұрагері, Әли (р.а) бұл орынға Османға (р.а) қарағанда лайықты деген сенімді таратты. Бүлікшілер Басрада, Куфада, Египетте төрт топты дайындап, саясаттарын ұйымдасқан түрде жүргізді. Кейіннен бізді сахабалар шақырды деген жалған мақсатпен Мединеге жетіп келеді де, ақыры соңында Османды (р.а) өлтіріп тынады.

 

12.  Абдуллаһ ибн Сабаның тарих саханасына шығуы

Абдулла ибн Саба – елдің көзінше Ислам дінін қабылдадым деп, өзінің шынайы сенімін жасырған яһуди. Ибн ас-Сауда деген лақап аты болған. Ислам ғұламаларының ең сенімді, ең танымал деген кітаптарында ол туралы нақты деректер беріледі. Сабаиттер аталып кеткен немесе шиттер мен рафидиттер тобының негізін қалаушы ретінде де аталады. Осман ибн Аффан (р.а) өлтірілген бүліктің де негізгі қозғаушысы – Абдуллаһ ибн Саба. Ең алғашқы әрекеттері – мұсылмандардың сенімін шайқалтып, үмбетте алауыздық орнатудан басталды. Ол өз бетінше Құранды тәпісірлеп: «Мені Исаның бұл дүниеге қайтып келетіндігіне сеніп, Мұхаммедтің тірілетіндіге сенбейтіндер таңғалдырады. Өйткені Ұлы Алла: «(Ей, Мұхаммед) Кім саған Құранды (жеткізуді) міндеттесе, Сол сені қайтар орынға қайтарады» («Қасас» сүресі, 85-аят) деп айтты емес пе? Ал Мұхаммед Исаға қарағанда қайтуға лайықтырақ» деген пікірді таратады. Сондай-ақ, «Ертеден бері мың пайғамбар болған және әр пайғамбардың өзінің мұрагері болды, ал Әли – Мұхаммед Пайғамбардың мұрагері»; «Мұхаммед – пайғамбарлардың мөрі, ал Әли – мұрагерлердің мөрі» деген дәйексіз баламаларды халыққа сіңірумен айналысады.

Осындай түсініктерді адамдар қабылдай бастағанда Абдуллаһ ибн Саба басты мақсаты Османға (р.а) қарсы шығуға кіріседі. Ол Осман (р.а) туралы: «Алла Елшісінің өсиетін орындаудан бас тартқаннан әділетсіз кім бар? Ол Алла Елшісінің шынайы мұрагерін ысырып, үмбеттегі билікті өз қолына алды. Османның билікке құқығы жоқ, міне Алла Елшісінің мұрагері!» деген сыбысты жаршылары арқылы таратты. Яғни, Османды (р.а) озбыр, Әлиді (р.а) жәбір көруші ретінде таныстырды. Әр облыстағы жақтастарына хаттар жолдай бастады. Оларға алдымен облыс әкімдерін жамандап, сынаудан бастаңдар деген тапсырма береді. Әр аймақтағы Абдуллаһтың соңынан ерушілер әкімдерінің кемшіліктері жазылған хатты бір-біріне толассыз жазуға кірісті. Басшыларын жамандау халықтың тұрақты ісіне айналып бара жатты. Ең сорақысы – олардың арасында әкімдері туралы бұл қауесеттерге сенгендер болды. Абдуллаһ ибн Саба өз жоспары үшін бәдәуилерді асқан шеберлікпен пайдаланып кетті.  Жоғарыда тізіп көрсетілген Османға (р.а)  тағылған айыптарды енді тек қана бүлік ұйымдастырушылары емес, қарапайым халықта ауыздарына алатын болды. Әу баста әкімдер мен Османға (р.а) тағылған айыптар құпия түрде таратылса, кейіннен бүлікшілер ашық әрекет етіп, елдің көзінше әкімдермен салғыласатынды шығарды.

Мұның бәрінің басында мұсылман қауымының Қияметке дейінгі қас дұшпаны шайтан тұр еді. Бүлікшілерді барынша тәрбиелеп, басу айтпақ болған Шам әкімі Мұғауия: «Алламен ант етемін, Ол сый береді және жазалайды. Мен осы беттеріңмен шайтанға ерулеріңді жалғастыра бересіңдер ме деп қорқамын. Өйткені, шайтанға бағыну және аса Мейірімдінің бұйрығынан бас тарту қорлық пен масқараға ұшыратады. Алла Тағала мұндай құлдарды бұл дүниеде де жазалайды, мәңгілік өмірде мәңгілік азапқа салады» деген болатын. Алайда, шайтан бүлікшілердің өзінің ырқынан шығармай, дегеніне жету үшін түрлі амалдарын пайдалана берді.

Абдуллаһ ибн Саба мен оның соңынан ерушілердің негізгі орталығы – Египет болатын. Османға қарсы алғашқы әрекеттер осы жерден басталды.  Кейіннен Куфада, Басрада арнайы топтар құрып, бұл аймақтардан да айла-шарғыларын жүрігізді. Айша, Талха, аз-Зубайр секілді сахабалардың атынан жазылған Османды (р.а) қаралайтын хаттарды тарату да етек алды. Алайда, кейін бүлікшілер Мединеге келгенде сахабалар Османға (р.а) жағылған күйеге мүлде қатыстары жоқ екендігін және ондай пікірде еместіктерін айтып, шайқалмай тұрып алады.

Бүлікшілердің тағы бір көшбасшысы Язид ибн Қайс бастаған топ Куфадағы үлкен мешіттердің біріне кіріп сол кездегі Куфа әкімі Сағид ибн әл-Асты жамандай бастайды. Шу көтеріп, халықты басшыларға, тіпті, мұсылмандардың әміршісіне қатысты теріс ойларын туызғатын әңгімелер айтады. Куфада тұратын Әбу Масғұд, Хузайфа (р.а)  секілді сахабалар оларға басу айтқанымен еш нәтиже шықпады. Соңында, Сағид ибн әл-Асты (р.а) орнынан түсіріп, орнына Әбу Мұса әл-Ашғариды (р.а)  қойғызады.

 

 

Османның бүлікшілерге қарсы ұстанған саясаты

Әрине, мемлекеттегі осындай құйынды дауылдар Османның (р.а)  құлағына жетпей қоймады. Абдуллаһ ибн Саба облыс әкімдері туралы қаралауларды тарата бастағаннан-ақ, сахабалар мұны Османға (р.а) жеткізді. Осман (р.а) облыстардың жағдайын бағамдау үшін құрметті деген сахабаларды жібереді. Осылайша, Куфаға Мұхаммед ибн Мәсләм, Басраға Усама ибн Зейд, Египетке Аммар, Шамға ибн Омар (оларға Алла разы болсын) аттанады. Төрт сахабада біршама уақыт облыстарда болып, әкімдерге қатысты ешбір нашар ақпарат әкелмеді. Қарапайым халықпен тілдескенде олардың әкімдеріне риза екендіктерін де байқайды. Сонда ғана бәрі де бүлікшілердің тарапынан болған әрекет екендігі анықталады. Осман (р.а) осыдан кейін орынбасарларын жинап, ақылдасу отырысын өткізеді. Әркім өзінің пікірін, кеңесін айтады. Соңында Осман (р.а): «Ақиқатында, әрбір істің сол арқылы кіру керек есігі бар. Үмбет үшін қауіптенген нәрсеміз босағада тұр. Бізді олардан бөліп тұрған есік әзірге жабық, алайда, ол міндетті түрде ашылады. Сондықта да, бұл мәселеге сабырмен, байсалдылықпен, жұмсақтықпен қарайық, Алла бекіткен шекараны бұзбайық. Егер есік ашыла кетсе, ешкімнің маған қарсы нақты айғағы болмайды. Себебі, Алла Тағала менің бұл үмбетке тек игілік қалайтынымды біледі. Адамдарды тынышталдырыңдар және олардың хақтарын орындаңдар» деген қорытынды сөзін айтады. Барлық аймақтарға әміршіге, әкімге немесе қандайда бір лауазымды адамға, қарапайым адамға арызы бар, жәбір көрген адамдар болса, тікелей өзіне келу туралы жарлық таратады. Міндетті түрде істі жеке өзі қарап, барынша әділ шешім шығаруға рұқсат береді. Бүлікшілерді ушықтырмау үшін олардың кейбір аса қауіпсіз талаптарын орындап, барынша олардың ашуын тудырмау саясатын да ұстанады. Ол мұнымен тоқтаған жоқ. Көрегенділігімен танылған Осман (р.а) арнайы адамдар жалдап, бүлікшілердің түпкі мақсатын да анықтап алады. Яғни, мұсылмандардың әміршісін өлтіруді көздеп отырғандығы анықталады. Осман (р.а) мұны ашық түрде Куфа мен Басра мешітттерінде жиналған халыққа айтады. Сонда сахабалар оларды өлім жазасына кесу керектігін ұсынады. Алайда, ол халықтың: «Осман мұсылмандарды қырып жатыр» деген сөзінен қауіптеніп, олармен тәрбие жұмыстарын жүргізіп, жұмсақтық таныту туралы шешім шығарады.Осыдан кейін сабаиттерді алдына жинап, олардың тағатын айыптарын тыңдайды. Және әрбір тағылған айыпқа нақты жауаптар айтып (жоғарыда 10-шы себепте толығырақ айтылған), ешбірінің де дәйексіз екендігін, өзінің халық алдында жазықсыз екендігін ақтап шығады. Оның айтқандарына ең құрметті сахабалар куәлік береді. Қарапайым халық та осы кездесуді тамашалайды. Олардың Османға (р.а) деген махаббаттары мен құрметтері арта түседі. Ал өзіндік мақсаты бар сабаиттерге бұл мүлде әсер етпеді. Өйткені, оларға ақиқат маңызды емес еді. Бұл кездесу олардың Османға (р.а) деген өшпенділігін онан сайын арттырды.

Мұсылмандардың әміршісі мен сабаиттер арасында болған кездесуден кейін аз уақыт өтісімен, яғни, хижраның 35 жылы қажылық маусымына жақын кезеңде бүлікшілер Мединеге қарай ағыла бастайды. Олар үш аймақтан, Куфадан, Басрадан, Египеттен үш топқа бөлініп келеді. Әрқайсысының өз көшбасшысы бар еді. Әрине, өзінің шайтани жоспарының іске асқанына қуанған Абдуллаһ ибн Саба да осылардың арасында болды. Куфадан келген бүлікшілер әмір ретінде Зубайр ибн әл-Аууамды (р.а), басралықтар Талха ибн Убайдуллаһты (р.а), египеттіктер Әли ибн Әбу Талибті (р.а)  көргісі келеді.

Бұл кезде Осман (р.а) Мединеге жақын ауылдардың бірінде болған. Ол бүлікшілермен кездесіп, олардың таққан айыптарына тағы да дәлелді түрде жауап береді. Бүлікшілер асқан даналықпен жауап берген әмірге қарсы ешнәрсе істей алмай қалады. Кездесу өзара түсіністікпен аяқталып, Осман (р.а) олардан бағыну туралы уәде алады. Бүлікшілер Мединеден қайтады. Жоқ, бүлік мұнымен аяқталмады. Қайтар жолда олардың алдарынан бет-жүзін жасырған атты шабарман шығып, қайта-қайта көздеріне түсумен болады. Ешқайда қашуға әрекеттенбеген аттыны қолға түсіру қиындық соқтырмады. Қолға түскенде оның қалтасынан Османның (р.а) аймақ әкімдеріне жазылған хаты табылады. Онда бүлікшілерді өлім жазасына кесу туралы бұйрық бар болады. Әрине, бұл бүлікшілердің көшбасшыларының бірі ұйымдастырған әрекет болатын. Өйткені, әлгі атты олардың қолына әдейі түседі. Ал, Осман (р.а) ешқандай хат жазбағандығына ант етіп, екі куәгер келтірулерін талап етеді. Сыныққа сылтау болған бұл жағдай бүлікшілерді тоқтатсын ба? Олар қаһарларына мініп, Османнан (р.а) биліктен кетуді табанды түрде талап ете бастайды. Осман (р.а) Алла Елшісінің (): «Олар сенен талап етсе де, көйлекті шешуші болма» деген өсиетін орындап, сабыр сақтайды. Өз орнынан бас тартпайды. Екінші жағынан, Осман (р.а) мұны жасаған болса, одан кейін келген басшы халықтың ойыншығына айналып, қалаған уақыттарында орнынан алып тастауына жол ашылатын еді. Сондай-ақ, Осман (р.а): «Мен мұсылмандардың қанын төгуге себеп болған Алла Елшісінің ()  алғашқы мұрагері болғым келмейді» деп бүлікшілерге қарсы әскери басу жасауға тыйым салады. Өз көмегін ұсынған сахабалар мен әкімдерді шеттетіп, өзін қорғамауды, өзі үшін қан төкпеуді талап етеді. Өйткені, бүлікшілерге тек өзінің ғана керектігін білді.

Әрмен қарай жағдай ушыға түсті. Бүлікшілер Османның (р.а) үйін қоршап, мешітке барып намаз оқуына мүмкіндік бермеді. Есесіне, мұсылмандармен намазды бүлікшілер көшбасшысы әл-Ғафики жүргізеді. Османның (р.а) дәл есігін түбінде тұрған бүлікшілер оны өлтіретіндіктерін айтып бопсалауды жалғастырады.  Осман (р.а) Алладан жәрдем сұрап, бүлікшілермен сөйлесуге шығады да, өзінің Исламдағы артықшылықтарын, Алла Елшісінің ол туралы айтқандарын естеріне салады. Бәрі де нәтижесіз еді.

Әли ибн әбу Талиб, Зубайр ибн әл-Аууам, әл-Мугира ибн Шуғба,  Абдуллаһ аз-Зубайр, Кағб ибн Мәлик, Зейд ибн Сәбит, Хасан ибн Әли ибн Әбу Талиб, Абдуллаһ ибн Омар, Әбу Һурайра, Салит ибн  Салит (оларға Алла разы болсын) секілді сахабалар Османға (р.а) арнайы келіп, қорғаныс көрсетуге ұсыныс білдіреді. Осман (р.а) барлық сахабаның көмегінен бас тартып, ешқандай қантөгістің болмауын тапсырады. Айта кетейік, бұл уақытта Абдуллаһ ибн Аббас (р.а)  бастаған сахабалар, оның ішінде Айша анамыз (р.а) Меккеде қажылық парызын атқарып жүрген болатын. Осман (р.а) Абдуллаһ ибн Аббасқа (р.а) қажылық өткізуді өзі тапсырады.

 

 

 

6373 рет оқылды