08:30 | Өнегелі өмір
2017-02-16 (0) (7014)

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ, ӨНЕГЕСІ

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ, ӨНЕГЕСІ

 

Көшбасшылығы

Оның бойында Алла Тағаланың өзі жігер беретін көшбасшыға тән қасиеттер мен сипаттар болды. Дұрыс сенім, білім, Аллаға деген берік иман, үлгілі әдеп, батылдық, ерлік, қызылды-жасылды қызықтарға қызықпау, тәуекел ете білу, өзіне көмекшілерді дұрыс таңдай білу қабілеті, қарапайымдылық, берілген кеңесті қабылдай алу, сабыр, терең ой, шешімталдық, қиындықтарға қарсы тұра білу, көшбасшыларды тәрбиелей алушылық, өзгелерді соңынан ерте алу т.б. мақтауға тұрарлық қасиеттер оның өмір жолындағы әрбір оқиғадан көрініс тауып отырады. Алла Тағаланың жәрдемі, өзінің осы бір ерекшеліктері арқылы мұсылман үмбетін діттеген мақсатқа алып барар иірімі мен қатпары мол жолдармен жүргізе білген Османға Алла разы болсын!

 

 

Білімі, басқарушылық, үйретушілік қабілеті

 Осман (р.а) ғалым-сахабалардың қатарында болды. Құран мен сүннет білгірі еді. Алла Елшісінің () және одан кейінгі екі мұрагердің сүннетінен бір сәтке де айныған жоқ. Өзінің айналасындағыларға міндеттері мен өмірлеріне қажетті білімді оларға қолжетімді формада үйретіп шықты. Рухани, тұлғалық, білім тұрғысынан өсіп, Алла жолында қасқайып тұра білу қасиеттерін меңгеруге, Алламен кездесу дайындықтарын жүргізуге көмектесті.

Мұсылмандарды тәрбиелеу мақсатында айтқан мына бір өсиет-уағызына үңіліп көрейік: «Ақиқатында, сендер жоғалып кететін бір тіршілік иесісіңдер және өздеріңнің мерзімдеріңді күтудесіңдер. Өлім келмей тұрып қолдарыңнан келетін ең жақсы істерді жасап қалуға асығыңдар. Ақиқатында, ол сендерге міндетті түрде келеді. Таңертең немесе кешке... келмеске кеткендер сендерге ғибрат болсын, табандылық танытыңдар да, бейғам болмаңдар. Бұл әлемді бітпестей кейіпте көріп, ұзақ уақыт бойы рахатқа батқан адамдар қайда? Оларды жұтып қоймады ма? Бұл әлемнің азғыруына ең көркем істермен қарсы тұра біліңдер. Ұлы Алла айтты: « Оларға осы өмір жайлы бір мысал келтір. Ол бейне бір Біз аспаннан түсірген су секілді. Онымен жердің өсімдіктері араласып (өніп-өскеннен) кейін ол, жел ұшыратын құрғақ үгіндіге айналды, Алланың барлық нәрсеге күші жетеді. Байлық пен балалар  – осы өмірдің сәні. Ал (ақиретке) қалатын ізгі амалдар болса, Раббыңның қасында қайтарым сый ретінде қайырлы бір үміт тұрғысынан да қайырлы» («Кәһф» сүресі, 45-46-аяттар).

Бұл тарихи кезеңде Ислам үшін көптеген бай аймақтар ашылып, дүние-мүлік өзен секілді ағып келе бастады. Сондықтан, адамдар олардың соңынан түсуден жарысқа түсе бастады. Мұны түсінген Осман (р.а) адамдарды осы тұрғыда тәрбиелеу керектігін түсінді.

Осман ибн Аффан (р.а) Алла Елшісінен () мұсылман үмбетіне үлкен пайдасын тигізген хадистерді жеткізді. Оның ішінде кіші дәреттің артықшылығы, дәрет алуда Алла Елшісіне () ілесу, кіші дәрет арқылы күнәдан тазару, ықылас пен тақуалық сөздері, Жәннатқа кіргізетін білім туралы хадистер бар. Мәселен, Бұхариде Осман ибн Аффан (р.а) жеткізген мына бір хадис келтіріледі: Осман (р.а) (бірде) ыдыспен су алдырып, үш рет екі қолына су құйып, оларды (білезікке дейін) жуған. Сосын оң қолын ыдысқа батырып (су алып), аузын шайған және мұрнына су алып қағып тастаған. Сонан соң бетін үш рет, қолдарын шынтағымен қосып үш рет жуған. Сосын (сулы қолдарымен) басына мәсіх тартқан. Сосын аяқтарын тобығымен қосып үш рет жуып: «Алла Елшісі (): «Кім осы дәрет алғанымдай дәрет алып, сосын көңіліне басқа ешнәрсені келтірмей екі ракағат намаз оқыса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі»,—деп айтты»,—деген.Осы хадистің басқа риуаятында Османның (р.а): «Сендерге бір хадис айтайын ба? Егер де Алланың кітабындағы бір аят болмағанда мұны айтпас едім. Мен Пайғамбардың (): «Кісі жақсылап дәрет алып, намаз оқыса, ол намазды оқып болғанша оған дейінгі күнәлары кешіріледі»,—деп айтқанын естігенмін»,—дегені баяндалған.

Сондай-ақ: «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» деген хадис көптеген адамға үлкен пайда әкелді. Әбу Абдуррахман (р.а) Османның (р.а)  билік еткен уақытынан бастап Хажаждың (залым патша) шыққан кезіне дейін Құран үйретуімен айналысқан. Және бұл қызметіне Осман (р.а) жеткізген жоғарыдағы хадистің себеп болғандығын айтады.

 

 Ұстамдылық даналықтың  бір тірегі. Алла Тағала Құранның бірнеше аятында осы сипаттың өзіне тән екендігін айтқан: «Ақиқатында, екі топ бетпе-бет келген күні сендерден артқа бұрылғандарды, кейбір істеп өткендері (күнәлары) себебінен шайтан сүріндірген еді. Алла оларды кешірді. Сөзсіз, Алла – өте Кешірімді, аса Ұстамды» («Әли Имран» сүресі, 155-аят).

Пайғамбар () ұстамдылық пен байсалдылықтың шыңына жетті, ал оның шәкірті Осман (р.а) оған ісінде, сөзінде, әдебінде барынша ұқсауға тырысты. Тарихта қалған Осман (р.а) туралы оқиғаларда оның ұстамдылығының көркем үлгілері көрініс береді. Соның бірі – бүлікшілердің Османның (р.а)    үйін қоршап алу оқиғасы кезінде оның көрсеткен іс-әрекеті. Ол өзін қорғауға күш-қабілеті жеткілікті мұхажирлер мен ансарларды таратып жіберіп, өзі сабыр сақтады. Оның ұстамдылығының негізінде Құдаймен кездесуге деген ұмтылыс, өзі себепті мұсылмандардың бір тамшы қанының төгілмеуі үшін алаңдаушылық жатқан еді.

 

Қамқорлық, кішіпейілділік

Құрайыштардың жақтастарының бірі Ата ибн Фарух Османның (р.а) бір адамнан жер сатып алғандығы туралы оқиғаны жеткізеді. Жер иесі Османнан ақшаны алуға асықпай жүріп алады. Бір күні жолықтырып қалып: «Саған өзіңнің ақшаңды алып кетуге не кедергі?» деп сұрайды. Ол: «Сенің маған жер үшін ұсынғаның мен оның әдеттегі бағасының арасында сәйкес келмеушіліктер бар. Кімді кездестірсем де барлығы мені осы келісім үшін сөгеді» деп жауап береді. Осман (р.а): «Сонда сені тосып жүрген осы ма?» деп сұрады. Ол: «Иә» деді. Осман (р.а): «Ендеше өз жерің мен өз ақшаңның бірін таңда» деп жауап береді де, Алла Елшісінің () мына бір хадисін қосады: «Алла Тағала онымен сатып алушы ретінде де, сатушы ретінде де, сот ретінде де, сотталушы ретінде де істес болу жеңіл болғанды Жәннатқа кіргізсін!» (Ахмад). Бұл оның сату-сатып алу ісіндегі кеңдігі мен жұмсақтығының және мал-мүлікке байланбағандығының, жомарттығының лайықты мысалы. Ол өзінің дүниелік игіліктерін көркем мінез-құлығына қызмет еткізіп қойған. Осылайша, өзгені ұмытып, өзінің халін ғана күзететін өзімшілдіктен алыс болды.

 

Жұмсақтық

Алла Тағала Өзінің Пайғамбары ()  мен құлдарына жұмсақтық секілді қасиет нәсіп етіп, үлкен рақымшылық жасады. «Сен оларға Алланың мейірімімен жұмсақтық таныттың. Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда олар маңайыңнан тарап кетер еді» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) деген аяттан бұл Оның таңдаулы құлдарына ғана беретін артықшылығы екендігін аңғаруға болады. Адамдар мұндай адамды жақсы көреді, оның айналасына жиналады, бұйрықтары мен тыйымдарын қабылдайды. Жұмсақтық Алланың құлы Османға (р.а) да тән еді. Ол өзінің халқына жұмсақ болды, әрдайым жанашырлық білдірді. Оның білуінсіз адамдардың біріне қиындық туып, көмектесе алмай қаламын ба деген қорқынышта болған. Кейбір деректерде халықтың Османды (р.а) Омардан да (р.а) артық жақсы көргендігі айтылады. Себебі, Омар (р.а) халыққа қатал еді, ал Осман (р.а) барынша жұмсақтық танытып, адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатты (имам аз-Зухри).

 

Кешірімділік

Имран ибн Абдуллаһ ибн Талха (р.а) жеткізеді: Бірде Осман ибн Аффан (р.а) үйінен таң намазына шығып, мешітке әдеттегі есікпен кіреді, алайда, тура есіктің кіре берісіне адамдар топталып қалыпты. Ол: «Не болғанын көріңдерші!» деп дауыстайды. Анықтап қараса, қанжар немесе қылыш ұстаған адам тұр екен. Осман (р.а) одан мұның мәнісін сұрағанда: «Мен сені өлтіргім келді» дейді. Осман: «Алла пәк! Саған қасірет болсын, мені не үшін өлтіргің келді?» деді түсінбестік танытып. «Сенің Йеменнен зекет жинауға сайлаған адамың маған әділетсіздік жасады» деді ол. «Онда сен неге маған келіп арыз айтпадың, сонда мен әділетсіздік жасасам немесе дұшпандық көзқарас танытсам ғана қазір жасағың келгенді жасамадың ба?» деді де, адамдардан ол туралы не айтатындарын сұрады. Бәрі де: «Бұл Алла сенің қолыңа түсірген дұшпан» десті. Сонда Осман (р.а): «Бұл күнә жасауға ниеттенген Алланың құлы, алайда, Алла оның қолын менен алыстатты. Маған сен үшін кепіл болатын адамды алып кел де, мен мұсылмандардың ісін жайғағанымша Мединеге кіруші болма» деді. Өзіне кепіл болатын тайпаласын ертіп келгенде Осман (р.а) оны босатып жібереді.

 

Қарапайымдылық.

Жаратушы Құранда: «Әрі әр-Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен сыпайы болып жүріп, оларға надандар тіл тигізсе: «Сәлем (Тыныштық болсын)!» деп айтатындар» («Фұрқан» сүресі, 63-аят) деу арқылы өзіне иман келтірген құлдардың бойындағы қарапайымдылықты оң қасиеттерге жатқызды.

Қарапайымдылығымен танылған Осман (р.а) түнгі намазға тұрып, дәрет суын өзі дайындайтын. Оған: «Мұны қызметшіңе бұйрғаның дұрыс болар еді» дегендерге: «Жоқ, түн олардың өздеріне тиесілі, олар түнде демалады» деп жауап берген. Осман (р.а) өзінің қарттығына және қоғамдағы орнына қарамастан қажеттілігі үшін қызметші жұмсамады.

Әсіресе Османның (р.а) Алла Елшісінің () көкесі әл-Аббасқа деген қарым-қатынасы ерекше еді. Оның жанынан өте қалса, әл-Аббас көзге көрінбей кеткенше бір қалыпта қатып қалатын немесе бәйек болып қызмет көрсетуге асығатын.

 

Ұялшақтығы және пәктігі.

Ұялшақтық онымен егіз аталатын ұғым. Хасан әл-Басри бірде Осман (р.а) мен оның ұялшақтығын еске алып: «Ол тіпті есігі құлыпталған үйінде ғұсыл алу үшін толықтай шешінбеген, ұялшақтығы оған тырдай жалаңаш тұруға жібермеді» деген екен.

Османның (р.а) қызметшісі болған Банан: «Осман ғұсыл алғанда, мен оған киімдерін дайындайтынмын, сонда алыстан келе жатқанымды сезіп: «Маған қараушы болма, бұл саған рұқсат етілмеген» деп дауыстайтын» деп айтқан. Жоғарыда Алла Елшісінің () оның ұялшақтығы туралы айтылған хадистерін келтірген болатынбыз. Оның бұзақылық мен тыйым салынған атаулыдан қашық болуы да бірнеше еңбектерде жоғары бағаланған. Осман (р.а) бір сөзінде: «Мен ән салмадым, тыйым салынған нәрселерден алыс болдым, Алла Елшісіне () ант бергеннен кейін оң қолымен ұятты жерлерімді ұстамадым, Исламға дейін де, кейін де шарап ішпедім, Исламға дейін де, кейін де зина жасамадым» деген.

 

Әділдігі

Османның (р.а) өліміне себеп болған бүлік күшейе түскен уақытта оған тіпті мешітке барып намаз оқуға мүмкіндік бермейді. Ал адамдармен намазды бүлікшілердің бірі өткізді. Сонда Убайдуллаһ ибн Ади келіп: «Саған не болып жатқаны белгілі... Қазір адамдармен намазды бүлікшілердің бірі өткізуде, намаздан кейін мен онымен бірге шығып қаламын... Бізге не істеуді бұйырасың?» дейді. Сонда Осман (р.а) жауап ретінде: «Намаз – адамның ең ұлы ісі, егер адамдар игілік жасап жатса, сенде олармен жаса, егер олар жамандық жасаса, олардың жаман істерінен аулақ бол» деген (Бұхари).

Ибн Шабан жеткізеді: «Бірде Осман боталардың біріне жем беріп жатқан қызметшісінің жанына келеді. Жемде өзі ұнатпайтын бірнәрсені байқап, әлгі қызметшінің құлағынан шертіп жібереді. Кейін бұл ісі үшін өкініп: «Маған да тура солай жаса» дейді. Алайда, ол бас тартады. Кейін Осман (р.а) қызметші өзінің құлағынан шерткенше соңынан қалмай қояды. Алғаш шерткенде Осман (р.а) оған: «Қаттырақ!» деп, тең болды деген сенімде болғанша шерткізеді. Осыдан кейін: «Мәңгілік өмірде тең қайтарғанша, осы өмірде тең қайтарған абзал» деген екен.

 

Шешім қабылдай білуі, өзін құрбан етуі

Осман ибн Аффанның (р.а)    бойындағы сұлу қасиеттердің бірі – шешім қабылдай білу қабілеті еді. Әу баста Османды (р.а) Исламға шақырған Әбу Бәкір (р.а) бұл туралы: «Қасірет болсын саған, Осман! Сен шешім қабылдай білетін жансың және ақиқат пен жалғанды еш қиындықсыз ажырата аласың. Біздің тайпаластарымыз құлшылық ететін бұл қандай пұттар?...» деген болатын.

Хижраның 26 жылы Осман (р.а) Меккедегі әл-Харам мешітін кеңейтті. Ол үшін мешіт айналасындағы кейбір жерлер мен үйлерді сатып алады, ал кейбірі қырсығып, сатудан бас тартады. Сонда Осман (р.а) қожайындарының келісімінсіз-ақ құрылыс жұмысына кедергі келтірген ғимараттарды бұзуға бұйрық береді де, бұл мүліктің құнын қазынаға салып қояды. Қожайындары Османды жерден алып жерге салып, сөге бастайды. Сонда Осман (р.а) оларды тұтқынға алғызып: «Маған қарым-қатынаста өздеріңді осылай ұстауға ерік берген не нәрсе екендігін білесіңдер ме? Менің ұстамдылығым. Омар сендерге дәл осыны жасаған болатын, алайда сендер оны сөккен жоқсыңдар!» деп орындарына қояды.

     Мұсылмандардың үшінші әмірінің шешімталдылығы мен өзін құрбан ете білу қасиетін өмірінің соңғы жылдарындағы оқиғалардан анық байқаймыз. Бүлікшілер одан биліктен бас тартуын талап еткенде, бұйрықтарына бағынудан бас тартады. Егер ол биліктен бас тартса, бүлікшілер елде хаос орнатып, қалыптасқан тәртіпті бұзып, орынбасарларды ауыстырып, ойларына келгенді жасаған болар еді. Ол өзінің көрегенділігімен, егер осы жолы биліктен өз еркімен кетсе, бұл адамдар қалаған уақытында аз ғана көңіліне жақпаған басшысын орнынан алып тастай беретін әдетке айналып кететіндігін де сезді. Нәтижесінде азаматтық соғыс тұтанып, сыртқы жауға жем болып, әлсіреу мен құлау пайда болушы еді. Осылайша, үмбетінің тұтастығы мен мұсылмандардың қаны төгілмес үшін намысы тапталса да өзін құрбан етті. Өзін қорғау үшін шайқастың болуына жол бермеді. Ақтық демі шыққанша берілмеді.

(Бұл оқиға туралы келесі бөлімде толығырақ мәлімет берілетін болады).

 

 

7014 рет оқылды